Заявка на посещение и экскурсию - 8 (7182) 61-81-59

             Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ

ҚАПАСТАҒЫ ҚОЖАЙЫН

(деректі хикаят)

I

«Ауылдағы Қаби молда мен Дәмелі әжем күбірлеп қана сыйынып отыратын Құдай деген құдірет иесі расында бар ма, жоқ па? Бар болса неге бізді азапқа салып, біреудің табанына таптатып қояды?».

Есен ауыр күрсінді. Қалтасынан «Беломорканал» папиросын алып тұтатты да, ішіне тарта терең демалып, қою көк түтінді будақтата үрледі. Желтоқсанның шыңылтыр аязымен араласқан түтін қора ішінде ауа жайылып кетпей, бірер сәт әжесі жаңа түткен жүндей ұйысып тұрып алды.

Тұлабойын кернеген азу-ызаның ізі де қалмапты. Көңілінде қобалжу ма, қорқыныш па, әйтеуір бір мағынасыздық пайда болған. Ауыр ойларды сілкіп тастап, айқайлағысы келді.

Кенет көз алдына көлдей болып жайылған қызыл қан елестеді.

«Өлтірді, өлтірді! Құтқарыңдар!» деп бөксесі бөлек-салақ шыңғыра жүгірген орыс мәткесінің ащы дауысы құлағына талып естілді.

Есен бос қораның төбесін жапқан жуан белағаштың белін орай байланған арқанның ұшын ырғай тартып көрді де, сырттан әкелген кеспелтек томарды аяғымен итеріп, ортаға, дәл арқанның астына жақындатып қойды.

Дар ағашы дайын.

Ендігі әрекет кеспелтек үстіне шығып, мойнына арқанды іледі де, ырғалып барып томарды құлата салады.

«Үһ. Бәрі бітті. Азап пен мазақ, қорлық пен қорқыныштың бәрі артта қалды».

Жағынан біреу жуан шапалақпен тартып жібергендей Есеннің бойы бірден суынып кетті. Осы ойға қайдан, қалай бекіді? Ол мойнына оралуға асыға тербелген салбыраулы арқан мен тепкішек болуға жонын тосып, кел-кел деп шақырып тұрған кеспелтек тұрған қораның ортасынаншошына шегініп, есікке таяды.

Есен қорадан сыртқа шығуға жүзі шыдамағандай кері бұрылған. Арқан мен ағаш бұны күтіп үнсіз тұр. «Болсаңшы, бастаған істі аяғына тезірек жеткізіп тынышталайық» дейтіндей. Ол қабырғаға арқасын төсеп, шарасыз қалыпта отыра кетті.

«Табиғат пен адам баласын жаратқан бір құдірет бар болса неге ол пенде баласын өзара қырық пышақ қырылыстырып қояды? Адамдар арасындағы теңдік қайда? Орыс неге қазақты кемсітеді? Әлде сол Құдайға адамдардың бірін-бірі өлтіріп, қырып жатқаны ұнай ма? Онда оның несі Құдай? Қай жері әділетті? Құдайға адамдар керек пе, жоқ, адамдар Құдайға мұқтаж ба? Кім-кімге тәуелді өзі?».

«Қой, құлыным, өйдеме, Құдай сенің құрдасың емес, – дейтін марқұм адуынды әжесі бала кезінде соңғы сұрақты қойғанда ерінін бір сылп еткізіп. – Құдай тағала бар деген момынға бар, жоқ деген имансызға жоқ».

Көзін жұмса болды жаңағы қанды қырғын қайта басталып, пышақ ала жүгірген төрт жігіт жерде жатқан бұның кеудесіне мініп алып, қанжарларымен оңды-солды осқылайтындай.

Сансыраған санасының түпкірінде осының бәрі түсім емес пе деген ойдың ұшқыны жылт етті. Қалтасынан сіріңкесін алып тұтатты да, сол қолын білегіне дейін түріп, түктерін күйдіре бастады. Сіріңке жанып біткенше білегіндегі қылтиған түк атаулыны көңірсітіп, терісін бырыстырып тастады.

Жоқ, ешқандай да түсі емес екен.

Миы зыңылдап, басы солқ-солқ етті.

***

Жетпіс бесінші жылдың он екінші қыркүйегінде табан астындағы топырағы бұрқ-сарқ қайнап, таулары лава құсатын Петропавловск-Камчаткада әскери борышын өтеп жатқан Есен Омбыға ұшып келіп, Баянауылға такси жалдап суыт жетті. Әскери міндетінің аяқталуына бар-жоғы екі ай ғана қалған. Алайда бұл келісінің мәнісі бөлек.

– Жолдас сержант! Сізді дереу штабқа шақырып жатыр, – деген бұйрықты естігенде бір сұмдықты сезгендей Есеннің жүрегі атқақтап кеткен.

«Тыныштық болғай» деп ішінен күбір етті де, штабқа қарай құстай ұшты. Штаб командирі мұны көңілсіздеу қарсы алды.

– Сержант, сен осы қай жақтансың?

– Павлодар облысынан.

– А-а-а, Павлодар. Мен Екібастұзда болғам, Майқайыңды көргем. Баянауыл деген керемет жерлеріңді аралағанмын. Сары... не деуші едіңдер өз жерлеріңді?

– Сарыарқа дейді, жолдас командир.

– Ә, ия-ия, Сарыарқа, қандай керемет жер, – деді елуді еңсерген жігіт ағасы алдына қырлы стақан қойып, суырмадан бір коньякты шығарды да, лақылдатып құя бастады. – Есен, айналайын, сен жақсы жігітсің. Көп сөйлемейсің. Бәрін ісіңмен көрсетесің. Біздің Совет одағын сен секілді нағыз жігіттер қорғайды.

«Ішесің бе?» дегендей подполковник стақанды нұсқады. Есен басын шайқаған. Подполковник стақанды басынан асыра көтере салды. Артынша жуан жұдырығын иіскеп, терең тыныстады.

Есен подполковниктің не айтпағын ұға алмай ойланып отыр. Подполковник көп күттірмей екінші айналымға кеттім дегендей коньякты қолына алды.

– Мен осы жердің тумасымын, Есен. Әкем қарапайым орманшы болды. Анам үй шаруасындағы әйел дегендей. Балалық шағымның бәрі осы от шашқан таулар, ыстық гейзерлер, аю мен суыр жайлаған жабайы өлкеде өтті. Әкем өте мейірімді адам еді. Ағайынды үшеумізді өте бауырмал қылып өсірді. Тек әлі күнге өзегімді өртейтін үлкен өкініш бар. Білесің бе, Есен, мен неге әскери жолды таңдадым?

– Жоқ, жолдас подполковник, – деді Есен самарқау.

– Мен бала кезден қолыма қару ұстағым келді. Қару болғанда да, орманшының ойыншық мылтығын емес, кәдімгі «Калашников» автоматын, немесе одан да мықтысын.

– Не үшін деп ойлайсың, жолдас сержант?

Есен «мен сізді түсінбедім подполковник» дегендей оған таңырқай қарап, иығын қиқаң еткізді.

– Өйткені, – деді подполковник стақан тола коньякты тартып жіберді. Аз-маз үнсіз отырды да папиросын тұтатты. – Менің бала кезімде, екі інім өте кішкентай, әкем екеуміз орман аралап жүріп қоңыр аюға кездесіп қалдық. Әкемнің белінен келетін қабаған екі итіміз бар еді, бір түнде жоқ болды да кетті. Соларды іздеп шыққан түріміз. Қонжығын ерткен қорбаңбай қорғанам деді ме, әлде аш болды ма, бізге тура шабуылдады. Сонда әкемнің сорлы мылтығы тырс еткен үн шығармай қойды. Әкемнің маған қарап «үйге қарай қаш, ұлым» деп айқайлауға ғана шамасы жетті. Қонышынан қанжарын суырып, тақап қалған аюға тұра ұмтылды.

Подполковник папиросын құмарлана тартты да, көз шарасына толып қалған жасты саусағымен сылып түсті.

– Алып неме қоя ма, әкемнің екі-үш мәрте қанжар сілтегеніне қарамай ары да лақтырды, бері де лақтырды. Баламын ғой, шарасыздықтан қарағай артына тығылып алып алыстан қарадым да тұрдым. Ең соңында аю неме әкемді тірідей шыңғыртып талай бастады. Әкемнің құлындаған дауысы шықты. Сол үн әлі күнге құлағымнан кетпейді. Ойласам болды әлі күнге жүрегім жұлым-жұлым болады. Сол сәттен бастап қарудың мықтысын ұстаймын, өз балаларымды қорғау үшін әскери адам болам деп бекідім.

Подполковник орнынан тұрып, орындықта отырған Есенді екі иығынан қапсыра құшақтады.

– Бекем бол сержант, әкей қайтыпты өмірден, – деді дауысы дірілдеп.

Есен подполковниктің бағанадан бері әкесі туралы әңгімені тегіннен-тегін айтып отырмағанын енді ұққандай, бірер сәт әлгі аю өзінің әкесін тірідей талап жатқандай жаны түршігіп кетті.

«Әкем қайтыпты, – деп күбірледі. – Әкем өтіпті өмірден».

Сержант Есен мең-зең болып орнынан тұрды да, есікке беттеген.

– Жолға дайындал, сержант. Әкелер қашан да үлкен құрметке лайықты. Ақырғы сапарына дұрыстап шығарып сал.

Омбыға ұшақ үш күннен кейін ғана ұшады екен. Есен үш күн бойы казармада ұзақты күн ойланумен жатты.

...Есен үйде алты ағайынды. Екі ағасы – Ғайниден мен Амангелді, қарындасы – Сәуле және екі інісі бар – Бауыржан мен Баянбек. Әкесі Қабиден ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Павлодардағы педагогикалық училищенің ең алғашқы түлегі. Одан кейін Семейден институт тауысқан. Ауылдағы мектепте мұғалім жетіспей жатса неміс тілінен де сабақ бере беретін. Немісшесі тәп-тәуір еді. Оны әкесі үш жылға жуық тұтқында жатқанда үйреніп алғам деп айтып отыратын.

Кереку өңірінің Омбымен шекаралас Железин ауданы, Жаңабірлік ауылы атасы Жұман әулетінің өсіп-өнген баба мекені. 1967 жылы Железиннен Баянауыл ауданының «Қырық жылдық» ауылдық орта мектебінің директоры әкесі Қабиденді аттай қалап, өзіне орынбасар етіп алдырған кезде Есен алтыншыны бітірген еді. Арада жыл аунаған соң Қабиденнің білімі мен білігіне, шаруаның жөнін білер іскерлігіне қызыққан мал шаруашылығымен айналысатын «Южный» совхозының директоры «Робкоопқа» бастық етіп шақырып алған. «Южный» совхозы Қабиден отбасына төрт жыл құтты мекен болды. 1971 жылы Баянауылдың Жосалы ауылына тұрақты қоныс теуіп, өзінің сүйікті кәсібі – мұғалімдік қызметке орналасқан.

Әкесі көп сөйлемейтін, біртоға жан еді.

Әскерге кетуге екі күн қалғанда әкесі Есенге салмақты әңгіме айтатындай қайта-қайта қарағыштай берген. Кешкі апақ-сапақта оңаша қалғандығын пайдаланып, әкесі тамағын қырнап, әңгімесін бастаған.

– Балам, бабаларымыз осы қара Ертістің бойын ежелден мекен еткен момын шоғалар. Бірақ ешкімге есесін жібермеген жауынгер болыпты. Жан баласына тіс жармап едім, бірақ саған айтайын. Ақылың бар жігітсің ғой. Санаңа құйып ал, ұлым.

Анасы Нағима күйеуіне бір, ұлына бір қарап алды да:

– Кешірерсіз, Қабеке. Мүмкін басқа бір жолы айтарсыз. Әскерге жол жүргелі отырған балаға оның керегі не? – деді.

Анасы әкесінің не айтпағын әңгіме ауанынан аңдаған секілді. Алайда әкесі оған аса көңіл аудармады.

– Тірлік деген тұрлаусыз, қатын. Бүгін бар адам ертең жоқ. Көзімнің тірісінде өз аузымнан естісін.

Әкесі Қабиден кең-молынан пішілген, батырға тән бітімді, етжеңді кісі еді.

– Есенжан, аталарың ерлігі қазақ-қырғыздың аңыз-дастандарына арқау болған уақ Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Сары, бергі бабаң Абылайдың алдаспаны атанған қандыбалақ батыр Баян ешкімнің мазағына ұшырамаған, қорлығына көнбеген. Қайта қас жауына әмірін жүргізіп, қылыш үстінен үстемдігін көрсеткен. Тебінгілері терге шіріп, ат үстінде ұйықтаған батырлардың сойынан. Батыр Баян жайлы бізге жиен болып келетін Мағжан ақын үлкен поэма жазған.

Есен мына әңгімені естігенде тұла бойын мақтаныш кернеп, бір алапат рух күш бергендей алып-ұшқан көңілі аспан мен жердің арасында қалықтап тұрды.

Қабиден баласының әңгімеге құлықтылығын анықтағысы келгендей жүзіне барлай қарады. Жоқ, ұлының жүзі бал-бұл жанып, «айта түсіңіз, әке» дегендей еміне қалыпты.

– Маған да оңай тағдыр бұйырмады, балам. Тоғыз жылым от пен оқтың ортасында өтті. 1938 жылы он тоғыз жасымда әскер қатарына іліктім де, бірден фин соғысына тап болдым. Одан енді ес жия бергенде немістер шабуылдады. Қан-қасаптың арасына қойдық та кеттік. Екі адамға бір қару, екі адамға бір тамақ. Екпіні қатты, мұздай қаруланған жау қоя ма, әп дегеннен-ақ тұтқынға түстік.

Осы сәтте шай құйып отырған анасы орнынан атып тұрып, сыртқы есіктің ілгегін бекітті.

– Тұтқында өткізген үш жылым, адам баласына тілемейтін тірі тозақ. Қолға түсіп қамауға алынған он мыңға жуық тұтқынның бір қыстан соң аман қалғаны мыңға жетер жетпес еді. Сол кездегі тұтқындардың түрі тірі әруақтан аумайтын. Сүйекке теріні қаптап қойғандай қорқынышты. Бір күні бізді «Түркістан легионына» шақырып, Мұстафа Шоқайдеген қазақ келді. Өзі өңді, шырайлы жігіт екен. Келе мұсылман солдаттарды «Түркістан легионына» өтуге, сол арқылы мына азаптан құтылып, денсаулықтарын дұрыстауға, әскери ұрыс-қимылдарды үйренуге шақырды.

– Сонда сіздерді Советке қарсы соғысуға үгіттемек болды мафашист Мұстафа?

Есен көкейіне келген сауалды ірікпеді.

– Басында біз де солай шошынған едік. Әр қайсымызбен жеке-жеке сөйлесіп, менің оқығандығымды, мұғалім екенімді білген соң, ең соңынан екінші мәрте қабылдады.

Қабиден алдындағы кесені алып, шәйді ұзақ сораптап ішті.

– Содан мені Мұстафа Шоқай ең соңынан қайтадан шақыртты. Бұл жолы Мұстафа менің жаныма жақынырақ отырып, бейресми әңгімеге көшті.

«Қабиден, елдің жайы қалай? Қазақ өзгерді ме? Ашаршылық нәубеті қазаққа қиын тиді. Ел еңсесін тіктей алды ма?» деп сұрады.

Мен шамамның жеткенінше жауап бердім.

«Большевиктерден ешқашан жақсылық күтуге болмайды, Қабиден. Олар мені атажауы санайды. Совет одағына тайлы-тұяғымен қарсы тұрған молдаларды да, көзі ашық азаматтарды да «шоқайшылдар» деп айыптап, қуғын-сүргінге ұшыратты. Менің бар арманым елімнің азаттығы, қазақтың бостандығы еді. Тұран топырағын түлетіп, Түркістан төңірегіне иісі мұсылман баласын топтастырсам деп едім. Әттең...»

Мұстафа осыны айтты да, орнынан тұрып, кеңсе ішінде әрлі-берлі теңселе басып жүріп алды. Ой желісін үзіп алам ба деп сөйлемедім. Әлден соң ғана:

– Менің мұсылман тұтқындарды «Түркістан легионына» шақыруымда не мән бар деп ойлайсың, Қабиден? – деп сұрады.

– Советтен шығып, Советке қарсы соғысу – Отаныңа қару кезену екені анық. Ертеңгі күні заман алағай да бұлағай болып кетсе бұл тірлігіміз үшін большевиктер біздің басымыздан сипамайды. Тоғыз грамм қорғасын шешер тағдырымызды. Мұны сіз де бізден жақсы білесіз деп ойлаймын. Бірақ түпкі ойыңыз маған беймәлім, Мұстафа мырза, – дедім.

– Ия, Қабиден, дұрыс айтасың. Мен мұның бәрін ой елегінен өткіздім. Соғыстың әлі қанша уақытқа созылары белгісіз. Менің бар ойым, түркістандықтарды, мұқым мұсылман баласын мына бит пен бүрге талаған, аштық пен ауру жайлаған лагерьден алып шығып, тамағын дұрыстап, киімін бүтіндеп, Советке қарсы легион дайындаймын, оларға соғыстың әдіс-тәсілін үйретемін деген сылтаумен тірі сақтап қалу ғана. Олардың әрқайсысының өз отбасына, шаңырағына аман қайтқанын тілеймін. Соғыс болған жерде адамның құны құмырысқаның құнындай сұраусыз екеніне өзіңнің де көзің жетті. Мен осы мақсатпен ғана Гитлерге «Түркістан легионы» жобасын ұсынғам. Мүмкіндігімше он, жүз, мың адамның болса да өмірін сақтап қалсам деген ой. Лагерьдегі өзге де тұтқындарға менің осы сөзімді жеткізерсің, Қабиден. Мен ешкімді қинамаймын, өздерің ақылға салып, ойланып көріңдер. Бірақ Қабиден, есіңде болсын, күндердің күні болғанда бұл соғыс та аяқталар. Еліңе аман-есен жетерсің. Түбі қазақтың өз тізгіні өз қолында болуы керек. Кеудесін ешкімге бастырмайтын өр рухты ұрпақ тәрбиелеңдер. Сен мұғалім екенсің. Бұл саған аманат сөзім, әрі сенің парызың болсын. Тұтқыннан шыққан соң Совет билігі саған тиісе қоймас, бағалы кадрсың өйткені. Және бір айтарым, мүмкін болса немістің тілін үйреніп ал. Өзің үшін керек болады.

Мұстафа осыны айтты да маған сынай қарады. Мен сонда ғана Мұстафаның шынында да ұлы адам, халқын шексіз сүйген көшелікісі екеніне көз жеткіздім.

Әкесі алдындағы кесеге қол соза бергенде Есен манағы «фашист Мұстафа» деген айыптауына өзі ыңғайсызданып, мектеп қабырғасында тарих пәнінің мұғалімдері неге Мұстафа Шоқай есімін соншалықты қорқынышпен, жеккөрінішпен айтатынын бағамдай бастады.

– Мұстафа Шоқаймен кездескен сол күн менің көзімді ашты. Бірақ жасырып қайтем, бойымда бәрібір қорқыныш пен сенімсіздік басым еді. Қазір ойлап қарасам елдің қамын ойлап қайғырған қайран азамат құсадан кеткен секілді.

Біздің лагердегі аздаған мұсылман сарбаздар «Түркістан легионы» қатарына өтіп үлгермедік. Қырық бірдің күзінде Мұстафа қайтыс болыпты, орнына басқа біреулер таласып жатыр екен деген қауесет тарады. Ары қарай қыс басталды, жер астынан қазылған топырақ түрмеде сыз бен балшыққа илектеніп, бит пен бүргенің талауында жаттық. Сорымыз қайнағанда тұтқындар арасында сүзек басталды. Күніне жүздеген адамды сирағынан сүйреп шығарып жатты. Ол күндер тозақ деген расында бар болса, нақ соның өзі еді.

Осындай тозақтан тірі шығып, келер көктемге іліккен он мың тұтқыннан саусақпен санарлық қана адам қалды. Араға және бір жыл салып барып біздің әскерлер жетті. Немістер бізді тастай қашты. Мен сол Мұстафаның ақылымен шала-пұла немісше үйреніп қалғам. Соным кәдеге асты. Қызыл әскер бізді бірден күтімге алып, емханаға жатқызып, қайтадан ұрыс даласына кірдік. Мен енді барлаушы, тіл алып келуші болдым. Осылай қырық бесте Берлиннің ортасына кірдік.

Совет әскері немістерді жеңіп, жерін азат еткенмен, соғыс кезінде қираған қалаларды қайта қалпына келтіруге күш салды. Менің тіл білетіндігім енді өзіме сор болды. Елдің бәрі үйлеріне қайтып, батыр атанып жатқанда мені Польшаның Краков қаласына комендант қылып бекітті те тастады. Отыз сегізінші жылы кеткен үйіме қырық жетінің күзінде әрең оралдым. Міне, балам, тағдыр жолы бұралаң деген осы.

Есен әкесін жаңа көргендей аңтарыла қарап қалыпты. Алдында күнде көріп жүретін өз әкесі емес, мүлде танымайтын, бөтен, батыр адам отырғандай әсерленді. «Осы кезге дейін бұның бәрін ішінде қалай сақтап келген?» деп ойлады.

– Ал, балам, – деген әкесі Есеннің иығынан құшақтап, бауырына тартып. – Ер азаматсың – басыңа қандай іс түссе де еңсеңді түсірме. Намысыңды алдырма. Мұстафа сенген, Мұстафа аманаттаған өр рухты жастар – сендерсіңдер. Әскеріңе аман-есен барып кел де оқуға түс, ұлым.

Есен ертесі күні қалың достарының ортасында «шығарып салу» кешін өткізіп, сәрсенбінің таңында военкоматқа қарай жол тартқан...

Петропавловск-Камчаткадан көтерілген күміс қанатты алып құс араға жеті сағат салып Омск әуежайына тұмсық тіреген.

Есен Баянауылға жеткенде қаралы топ Есенді күтсек мүрде иістеніп кетеді деп бір күн бұрын мәйітті жерлеп қойған екен. Үрпиісіп-үрпиісіп отырған есік алдындағыторғайдай топқа жақындағанда Есен «асқар тауым-ау, әкем-аулап» дауыс салды.

Әкесінің жетісін өткеріп, ағайын-жұртпен көріскеннен кейін Есен Камчаткаға кері аттанды.

***

– Сен өзі нағыз қанішер екенсің!

Есен найзағай соққандай тіл-аузын жұтып, мелшиді де қалды. Әл-әзір ғана тұтатып, саусағының арасына қыстырған шылымы жансыз қалған қолынансусып түсіп кетіпті. Ұйқысырап кеткен бе, әлде қаумалаған қалың ой тереңіне тартып кетті ме әйтеуір құлағының жарғағын жарып жібере жаздаған алапат дауыстың қайдан шыққанын ажырата алар емес.

Арқаның аязынан қуырдақ пісірім қимылсыз бүрісіп қалған денесі құсеттеніп, бойын суық билеп алыпты.

– Жауыңды жайратқандай масаттанып, мәз болып отырған шығарсың?!

Дауыс тым жақыннан, дәл алдынан естілді.

– Жо-жоқ, – деді Есен бойын билеген үрейден арыла алмай дір-дір етіп.

– Атың кім өзі?

– Есен... Жұманов Есен Қабиденұлы.

Есен қораның есікке қарсы қабырғасындағы ескі-құсқы киіммен қымталған кішкентай терезенің саңылауынан түскен әлсіз ай жарығынан жаңағы өзі ілген арқанда екі қолымен асылып тұрған орыс геологты көрген.

– Қорықпай-ақ қой, – деді елес-геолог екі қолын арқаннан шығарып. – Мен сенімен сөйлескелі келдім.

Саманнан соғылған қабырғаға арқасы жабысып қалған Есен орнынан тұра қашпақ болған. Бірақ ұйып қалған екі аяғы ырқына көнер емес. Қос жауырының арасы да сыздап қоя берді. Қолын жерге тірей екі мәрте ұмтылып барып, тұра алмасына көзі анық жеткен соң қайтадан сылқ етіп отыра кетті. Енді бойындағы ұсақ үрейді жеңіп, елеске тура қарады.

– Тыңда, Есен, – деді елес-геолог сөзін нығарлай. – Сенің бұл әрекетің тәрбиелі Совет адамына тән қылық емес. Күллі адамзат асыға күткен коммунизмді жеделдету, жақындату жолында жердің астын қопарып, Отан үшін қызмет етіп жүрген геологтарды сұлатып салғаның масқара іс болды.

Сөзі тұп-тұнық, ап-анық естіліп тұр. Есен жаңағыдай емес, батылданайын деді.

– Х-м-м, – деп тамағын қырнап қойды. – Өздеріңнен де бар ғой.

Геологтың елесі салмақсыз отырған ағаш кеспелтегінен зу етіп Есеннің тап алдына ағызып келді. Есеннің жүрегі тас төбесіне шықты.

– Не өздеріңнен де бар?! Өздеріңнен де бар екен деп бір ауыз сөзге бола оңды-солды сілейтіп өлтіре беруің керек пе? Кім берді саған ондай правоны?

«Осы мен жындана бастаған жоқпын ба?» деген ұры ой қылт етіп бас көтерген еді, артынша сап басылды.

– Сен жынданған да жоқсың, түс те көріп отырған жоқсың. Саусың, ояусың, – деді елес бұның ойын оқып қойғандай зірк-зірк етіп. Зу-зу етіп біресе оң жағына, біресе сол жағына шығады.

– Сен сияқты кертартпалардың кесірінен капиталистік елдердің мазағына ұшырап жүрміз.

Елес ағызып барып қабырғаға тірелді де, лып етіп Есенге қарама-қарсы отыра қалды.

Ауа ма, сағым ба, әлде түтін бе... Есен анығын ажырата алмады. Тек әлсіз жарықтан буалдыр бозамықтанып, бұлдырап көрінеді.

– Менің атым Константин. Петров Константин Аркадиевич. Геологпын. Сендердің Баянауылда алтын кен орны бар деп, соған әдейіЛенинградтан жіберген.

Елестің дауысы бәсең, әлсіз шықты.

– Өкінгенмен амал жоқ. Сен мені қапыда өлтірдің. Енді екеуміз бір адамбыз, калбит.

– Мүмкін тірі шығарсың менің тәлейіме орай, – деді Есен сенімсіздеу үн қатып. – Қымбат «Жедел жәрдем» шақырған.

– Тірі болсам сені іздеп мұнда келем бе? Тәнімнен суырылып шығып, мені тірі алып қалу үшін жанталасып жатқан дәрігерлердің төбесінен төне өз денеме қарап тұрдым.

Елес ертегі айтып отырғандай жайбарақат баппен баяндай бастады. Өң мен түстің арасында шыбын жаны қуыс кеудесінен шығандап кеткендей жансыз күй кешкен Есен ықыласты шәкірттей жүзін төмен салып, елестің әңгімесіне ұйи түсті.

– «Өмір саған қарызға берілген, балам. Ал, өлімді тегіннен тегін-ақ еншілейсің» деп үнемі айтып отырушы едіатам. Жас болдық па, оған аса мән бермеппін, – деді геолог Константиннің елесі. – Енді міне сол даталы күн өзімнің де басыма түсті. Сенің кесіріңнен тегін жолдамаға ие болдым, жас бунтарь. Біреудің ажалы астан, біреудің ажалы тастан деген.

Қора ішінде өлі тыныштық орнады. Есен кірпік қақпай елеске қарап отыр.

– Не істеріңді білмей, өз ойыңмен арпалысып отырсың ба, Есен? – деді елес тыныштық бұзып.

– Қарғыс атқан сәтсіз күн болды жексенбі.

Есен екі тізесін құшақтап, айқастырған қолына маңдайын тіреді.

– Ия, екеуміз үшін де. Қаралы жексенбі.

– Кісі қанын жүктеймін деп кім ойлаған. Ендігі орным – тас еден түрме болар.

– Оның рас. Біздің социалистік қоғамда кез-келген прогресшіл адам жасаған күнәсінің жазасын адалынан өтегісі келедіемес пе?

– Солай шығар.

– Ендеше сен үшін жалғыз-ақ жол бар.

– Қандай?

Елес сұқ саусағымен төбеден төмен салбырап тұрған арқанды көрсетті.

– Осыдан басқа жол көріп тұрғам жоқ.

Есен орнынан жеп-жеңіл көтерілді.

Расымен де, манадан бері өзінің бекіген ойы осы емес пе еді. Енді міне елес те соны меңзеп тұр. Оңай жол табылғанына бір шетінен қуанып та кеткен сияқты. Екі аттап қораның ортасына жетті де, кеспелтек ағашқа қарғып шықты. Қолын еркін созып, арқанды өзіне тартты да, сырғымалы шалмасын мойнына кигізе берді.

– Есен, сенсің бе? Кіммен сөйлесіп отырсың?

Сырттан естілген оқыс дауыстан елес-әруақзым-зия жоғалды.

Есен алып бір толқын жартас жағасына жалп еткізіп парша-паршасын шығарған қайықтай қаңғалақтап барып мойнына апарған арқанды серпи сілкіп, кеспелтектен секіріп түсті. Қорадан жүгіріп шыққанда қолына фонарь ұстаған Ғайниден ағасы бұған таңырқай қарап тұр екен.

Жыл бұрын әскери борышын өтеп қайтқан жиырма бір жастағы жұқалтаң жігіт өзінен алты-жеті жас үлкендігі бар ағасының мойнына асыла кетті.

ІІ

Ардақты әкесін жер қойнына табыстап, әскердегі қалған екі айын абыроймен өтеп қайтқан Есен ауылда құр сабылып жүргеннен пайда жоғын ескеріп Целиноградтағы кинотехникумды тауысып келген. Бұл сәтте Новосібірден Алматыға қоныс аударып, түпкілікті орналасып алған орманшы нағашылары жесір қалған қарындастары Нағиманы бала-шағасымен жандарына көшіріп алуға үгіттеп көндірген.

Нағима ағасының сөзін балаларына тәптіштеп түсіндірді. «Алматы – қанша дегенмен ел астанасы. Өркениеттің ошағы. Болашақтың бәрі сол қаламен байланысты. Сондықтан нағашыларыңның тілін алып, көшіп барайық. Бұл жерде де бізді қимай ұстап отырған ешкім жоқ. Ана жақта – қиналсаң демеу болатын нағашыларың бар». Мектепті он күн бұрын бітіріп, институтқа түсем деп кітаптан бас алмай, емтиханға дайындалып жүрген қарындасы Сәуле қуанып кетті. Тоғызыншыны бітіріп, ұзақты күн айна алдында тұрып алып суланған шашын ары да тарап, бері де қайырып, ортасынан қақ жарып, қыздардың көзіне түсуге тырыса бастаған бозбала Бауыржан мен біріншіні әзер түгесіп, демалысқа шыққанына қуанып жүрген Баянбек анасының аузынан Алматы шыққалы әр сөзге елең қағып, дегбірсізденіп жүрген.«Қайда жүрсең де екі қолға бір күрек табылады» деген Амангелді ағасы әу бастан-ақ анасының сөзін құп алып, нағашысы әзірлеп қойған Алматының іргесіндегі «Космос» колхозындағы үй-жайды көріп, кем-кетігін бүтіндеп қайтқан. Енді анасы үйдің үлкені, әулеттің басы саналатын, Алексеевка совхозындағы Ғайниден ұлына бар мән-жайды ұғындырып хат жолдады.

Көп күттірмей Ғайниден де ауыл арасына қатынап жүрген жүк көліктерінің бірінің шопырынан тілдей хат жазып жіберіпті. «Танымайтын, білмейтін ортаға барғым келмейді, мама. Сіздер қарсы болмасаңыздар, мен осында қала берем. Совхоз сеніп тапсырған жұмысты орта жолдан тастап кеткенім жарамас. Аман-есен жетіп, орналасып алған соң хат жолдаңыздар. Ғайниден». Баянауылдың Алексеевка совхозына қарасты Біржанкөл бөлімшесіне зоотехник болып бекітілген Ғайниден социалистік жарыс жолына түскен жаңа жұмысын да қимаған секілді.

Бәрі шешілді. Үлкен ұл үйлі-баранды. Өз алдына жеке отау иесі. Енді тек қалған балаларды алып тартып кету ғана қалды. Анасы таңғы автобуспен ауданға барып, ағасына қоңырау шалып қайтты. Келе балаларын асықтырып, үй ішіндегі азын-аулақ заттарды буып-түйе бастады.

Кешкілік ас үстінде Есен көптен көкейінде жүрген ойын анасына ақыры айтты:

– Сіздер Алматыға барып орналаса беріңіздер. Мен әзірге Біржанкөлдегі Ғайниденнің қасында болайын. Әйтпесе ол жұртта қалғандай жалғызсырап жүрер. Оның үстіне мен де туған жерімді қимай отырмын, мама.

– Ғайниденнің жалғыз қалып бара жатқаны менің де жанымды жабырқатып жүр еді. Мұның да ақыл шығар, – деді анасы байсалды қалпынан танбай. – Сол зоотехниктік жұмысы Алматының айналасынан да табылады ғой. Бәлкім сен қалсаң қара тұтар. Алдағы бір-екі жылда қайткенде біздің қасымызға келуге көндірерсің. Қазақтың бар жері – сендердің туған жерлерің, күнім.

– Мақұл, мама. Әзірге қасыңызда Амангелді бар, Сәуле де бойжетті, қорқа қоймассыз. Ғайниденге де, маған да алаңдамасаңыз болады.

– Сен жұмысты қайтесің, ал?

– Біржанкөлге де бір киномеханик керек шығар. Барып, сөйлесіп көрермін.

– Әкелеріңнің жоқтығын білдірмей, бір-біріңе бас-көз болып жүріңдер, балам.

– Әрине, мама.   

– Сенің мінезің тура әкеңе тартқан. Кісінің көңіліне қарамай, бет-жүзің бар демей турасын айта саласың. Сол мінезіңнен тартпасаң болғаны.

– Енді мама, өтірік көлгірсігеннен, шындықтың бетіне тура қараған әлдеқайда жақсы емес пе?

– Қайдам балам, әділін айтамын деп абыройлы болған адамды әзірге көрген емеспін.

– Жарайды мама, не де болса уақытында көрерміз. Әкеме тартсамжаман болмағаным ғой, а? Сіздің шалыңыз қиқар мінезімен-ақ талай жұмыстың басында жүрді емес пе?

Есен сөзінің соңын қалжыңға сүйеп, анасының көңілін көтермек болған. Алайда Нағима ұлының сөзіне көңілі босап, жанарынан бұрқ етіп төгілген жасты ірікпеді. Мұндайды күтпеген Есен абдырап қалған. Тек жанында отырған Сәуле анасын құшақтай алып:

– Ұлдарыңыздың алды дөкей папа болды, екі баласы бар. Амангелдіңіз әне-міне үйленем деп дайын отыр. Есен ол «бол да бол» деп Амангелдіге қарап асығып жүр. Сізге не болды мама, төбеттей ұлдарыңызды қимай, – деп күлді.

Қарындастарының бұл сөзіне қызарақтап қалған Амангелді мен Есен еріксіз езу тартты. Бауыржан мен Баянбек мәз болып, ағаларын мазақтай күлген. Тіпті жылап отырған аналарының өзі сөз төркінін түсінгенде еріксіз күліп жіберді.

Сонымен көші-қон мәселесі дастархан үстінде шешіліп, үйдіертесі жартылай ақшасын төлеп қойған Сақан шабанға босатып беретін болды.

Есен былтырдан бері Біржанкөлдегі Ғайниден ағасының үйіне жиі барғыштап жүрген.Онысын ағасы да бірден байқапты.

– Жақсы қыз, – деді бірде көрші үйдің шарбағына сүйеніп, ауық-ауық пердесі сырылған терезесіне қарап тұрған бұның қасына келіп. – Жақында оқу бітіріп келіпті. Фельдшер екен. Аты – Қымбат.

Қымбат қыз сол күннен бастап Есеннің жүрегіндегі қымбат қазынаға айналғандай еді. Ғайниденнің қасында қалайын, жалғызсырап қалмасын дегендегі сылтауы да осы болатын.

***

Біржанкөл – бұйығы ауыл. Қырық-елу түтіні бар ауылдың бар қызығы да, әңгімелеріне арқау қылатыны да – ауыл ортасындағы геологтар жатағы. Арысы – советтік елдердің жүрегі саналатын астана – Мәскеуден, Ленинградтан, өзіміздің Майқайыңнан геологтар келіп, Баянауыл топырағын тіміскілене зерттеп, бұрғылап жататын. Біржанкөлдің дәл іргесінен, он екі шақырым жерден табылған алтын кені жер астынан жақұт іздеген жандарды ұйқысынан айырғандай. Енді одақтың түпкір-түпкірінен мамандар ағыла бастаған. Біржанкөлдің топырағын жүк машиналарына тау қылып тиеп, Майқайыңға аттандырып жатты.

Есен шағын ауылға киномеханик болып орналасты. Аптасына бір рет ауданға қатынап, «Мосфильм» мен «Ленфильмнің», соңғы кездері халық жаппай жапырлап келетін үндінің киноларын қоржынына теңдеп алып қайтады.

Жаңа ортаға тез бейімделіп, ауылдағы аз ғана адаммен етене араласып кеткен Есеннің фельдшер қыз Қымбатпен арасында шынайы сезім оты тұтанғандай еді. Күн сайын кешке клубта кино қойып, Қымбат екеуі киномеханиктің бөлмесінде, ешкімге көрінбей сырласып отырады.

Қымбат – бота көз, аққұба өңді, сұлулығы мен сүйкімі, сүйкімі мен сымбаты астасып кететін талдырмаш қыз. Есенге ұнайтыны оның ұяңдығы. Осы ұяңдығы Қымбаттың әйелдік құнын арттырып, өзіне жарасып-ақ тұрады.

...Есеннің Қымбатпен танысуы да қызық-тын. Тынық мұхитымен тыныстап жатқан Камчатка өлкесінен әскери борышын өтеп, елге келген Есен қалыптасқан дәстүрмен әскери киімін шешпестен ағайын-туыс, дос-жарандарды аралап жүрген. Кезек Біржанкөлдегі Ғайниден ағасының үйіне келген.

– Отан алдындағы бір міндетіңді аман-есен өткеріпқайттың. Өмір көрдің.Енді бой жазып, ес жина, – деді ағасы Ғайниден алғашқы амандықтан соң.

– Өжет қайным өзгеріп кетіпті, – деді жеңгесі маңдайынан сүйіп. – Атам қайтқанда есіміз шығып жүгіріп жүріп сәп салмаппын ғой.

Есен ертесіне ауылды аралап шықты. Ақбеттаудың бір сілеміне иек артқан шашыраңқы орналасқан совхоз бөлімшесі. Тау сілемін бойлай қалың қарағай мен шырша бітік өсіпті.

Түс қайта Ғайниденнің есік алдына екі иығынан демалып көк трактор тоқтаған. Есік ашылып, ішінен шымыр денелі қара жігіт секіріп түсті.

– Ғайнеке, барсыз ба?, – деді үй есігін ашқаннан дауыстап.

Есен Ғайниден ағасының үш жастағы ұлының былдырлаған тілін қызықтап ойнатып отырған.

– Ә, Іргебай, сенбісің, кел, төрлет! – деді ағасытөргі бөлмеден шыға бере.

– Әлгі айтып жүретін інің әскерден келіп, көзайым болып отыр екенсің ғой.

Қонақ жігіт дабырлай сөйлеп, Ғайниден екеуі ас үйге беттеді. Есен орнынан көтеріліп, қонақпен амандасты.

– Ой азамат. Ғайнекеңнен аумайды екенсің. Менің атым – Іргебай.

– Есен.

– Ағаң сені аузынан тастамайды әйтеуір.Жаңа трактористерден Ғайниденнің інісі келіпті дегенді құлағым шалып қалды. Бүгіндік жұмыстарды ыңғайлап тастаған соң танысып қайтайын деп әдейі бұрылдым, Ғайнеке.

– Е, Ғайниденнің бір жартысын ішіп қайтайындедім демейсің бе бірден, – деп ағасы жорта күлді.

Екеуі құрдас болса керек. Қалжыңдары жарасымды.

– Ішсек ішерміз. Несі бар. Бір інің келгенде ұлан-асыр той жаса демеймін. Бірақ енді дұрыстап дастархан жайып, жәшіктеп болмаса да екі-үш жарты қоятын жөнің бар ғой.

– Сол да сөз боп па. Неменеге состиып тұрсың. Кел отыр.

Іргебай аңқылдап қалған, ойында арамдығы жоқ жайсаң жігіт екен. Төрге жалп етіп отыра кетті де, Есенді жанына шақырды.

– Кел, інім, отыр. Әңгіме айт. Қайда служит еттің?

– Петропавловск-Камчаткада.

– Міне керемет. Мен Владивосток пен Хабаровск өлкесінде болдым ғой. Қалың тайга де?

– Ия, ағасы, тайгадан келдім.

– Табиғаты аздап біздің Баянауылмен үйлеседі ия. Мәңгі жасыл мекен ғой. Тұмса табиғат.

Ғайниден үстел үстіне бір жартылық пен кешеден қалған тоңазытылған етті, ұсақтап туралған қиярды қойды.

– А, айтпақшы, жеңешем қайда кеткен Ғайнеке? Көрінбейді ғой.

– Қызға өкіл салдырам деп Қымбатқа кеткен.

– А, Қымбатқа ма, дұрыс екен.

Іргебай есіне бірдеңе түсіп кеткендей Есенге бұрылды.

– Сөз байласып жүрген қызың бар ма, Есен?

Есен жүзін төмен салып, әнтек жымиды. Ғайниден алдындағы үш стақанға толтырып құйып қойды.

– Егер көзің түскен қызың жоқ болса, маған бажа бол. Менің Қымбат деген мынандай балдызым бар. Таныстырайын сені. – Іргебай бас бармағын жоғары көтеріп, тамсанған кейіпте басын шайқап қойды. – Өзі жақында ғана медучилищені бітіріп келді. Қазір осы ауылда фельдшер. Қыз біткеннің ажарлысы өзі. Әпкесіне тартып сұлу болған.

– Өй сен де, балдызыңды өткізем деп қатыныңды да мақтап қалдың ғой, – деді Ғайниден қарқылдай күліп.

– Мақтауын асырдыңыз. Алдымен көрейік балдызыңызды, – деді Есенде қулана сөйлеп. – Бажа боп қап жатсақ таңға дейін тайганың таусылмайтын әңгімесін айтамыз.

– О, міне, азамат. Тайганың әңгімесін тоқтамай айтуға бармын. Бірақ саған бірден айтайын, менің балдызымды көрсең ес-ақылдан айырыласың. Әлі-ақ, болашақ бажеке балдызыңды үйіңе оңашалап қонаққа шақыршы деп жалынасың маған, көр де тұр.

Үшеуі үйді басына көтере күліп алды да, алдарындағы стақанға қолдарын соза берген.

Іргебайдың аузының суы құрып мақтаған балдызы Ғайниден ағасының көршісі болып шықты. Әкесі осы Біржанкөл бөлімшесінің бастығы екен. Анасы клубтың меңгерушісі. Қымбат – айтса-айтқандай-ақ, қыз біткеннің ажарлысы екен. Бейне «Мың бір түннен» сұранып келген Шахаризада дерсің. Есен оны алғаш рет үйінен шығып, жұмысына қарай кетіп бара жатқанда көріп қалған. Жүгіріп барып танысуға жүрегі дауаламады.

Арада апта аунағанда ауылдағы брезент палаткі ішінде өткен шағын бір тойда жастар жағына жайғасқан ЕсенҚымбатты тым жақыннан көрді. Өзіне қадала қарап, көзін тайдыра алмай отырған жігітті Қымбат та байқады. Ел-жұрттың көзін ала бере Есенге екі-үш рет ұрлана көз салды. Өткенде Іргебай жездесі үйге қызу келіп, ауық-ауық «мына көршілеріңіз Ғайниденнің інісі әскерден келіпті. Жігіттің сұңқары екен, пай-пой-оу! Неткен сырбаз!» деп мақтап отырған. Қымбат енді Есенге зер салып қарады. Сұңғақ бойлы, ат жақты, батыр болмысты, намысқой жігітке тән сұсы мен мысы басым екен. Ауыл жігіттері де қонақ деп сыйлап, асты-үстіне түсіп жүр.

Тойдың алғашқы дастарханына соң жастар биге беттеді. Осы кезде Есен мен Қымбат бір-біріне жалт қарасты. Есен ақырын басын изеп, қызды биге шақыру ишаратын жасаған. Қыз қарсылық танытпады. Әуелі танго, сосын ча-ча-ча биленді. Алқын-жұлқын төрт-бес биден соң ғана вальс қойылды.

Қыздың аш беліне әрең қолы жеткен Есеннің бойы бір қызынып, бір суынды. «Махаббат, сезім, ғашықтық дегеннің алғашқы симптомдары осы болар» деп іштей күліп қойды.

– Менің атым – Есен, – деді қызды өзіне жақынырақ тартып, құлағына сыбырлады.

– Білем, – деп қыз сыңғыр етті. – Ғайниден ағаның інісісіз.

– Ия, – деді Есен бойына біткен әлдеқандай батылдыққа арқаланғандай. – Сіздің атыңыз Қымбат.Фельдшерсіз. Мен де білем.

Ендігі сәтте екеуі де жадырай күлген. Қымбаттың ақжарқын мінезін ұяңдығы көмкеріп, екі беті алаулай жөнелді.

Содан бері екеуі жұптарын жазбады. Целиноградқа оқуға кеткен Есен ағасының үйіне жиі қатынап, ауыл шетіндегі «Біржанкөл» аталған айдынның жағасында қыдырыстап талай кешті батырды.

Әулеті түп көтеріле Алматыдағы нағашыларына көшіп кеткелі Есен біржолата осы Біржанкөлдегі Ғайниден ағасының қолына келді. Бұл шешімге Қымбат та риза кейіп танытты. Бір-бірін сәл көрмесе сағынып тұратын қыз-жігіт ендігі сәтте айырылмасқа уәде байласқан. Есеннің қақ-соқпен ісі жоқ, біртоға жігіт екеніне көзі жеткен Қымбаттың анасы оны өзі басқарып отырған клубқа киномеханик етіп алды.

Есен бүгін Жаңажол совхозына жол жүрмек болып ерте бастан қамданды. Жаңажол – Біржанкөлден қырық шақырым шалғайда. Ең әуелі машина тауып алу керек деп ойлады. Белесебетпен салып ұрып баратын жақын да емес. Жаздың жөні бір бөлек, ал желтоқсан басталғалы арқаның аждаһа аязы қаһарына мінген. Есен клубтан шығып, конторға қарай бет алды.

Қарашаның аяғын ала бір-ақ түннің ішінде сары әлемнің үстіне ақ көрпесін қымтай жапқан арқаның қысы әлекедей жаланып келеді. Саршұнақ аяз беті-басыңды шымшып ойнап, тынысыңнан өткен суық ауа өкпеңе жетіп жылынады. Есен Жаңажолға тіке баратын автобус болмағандықтан контор алдына келіп, жол-жөнекей көлік болса ілесе кетуді жөн көрген. Контордың есігі ашық екен. Есен екі-үш есікті тартқылап көрді. Тек дәліз соңында шелегін тарсылдатып еден жуушы жүр.

– Күн жексенбі ғой. Конторда ешкім жоқ, – деді еден жуушы толық әйел дауысы дәліз ішінде жаңғырықтанып.

– Жаңажолға баратын шопырлардан ешкім көзіңізге түспеді ме, апай, – деді Есен келесі бір бөлменің есігін тартып көрмекке тұтқасын ұстай беріп.

– Жаңажол дейсің бе? Жоқ, балам, байқамадым.

Есен кері бұрылып сыртқы есікке беттеді. Құлағына жерге шылп етіп тасталған сулы шүберектің дауысы естілді.

– Әй, балам, айтпақшы, сен осы Әбікендікіне барып көрші. Кеше кешке Жаңажолдан келген Найзабек соның үйіне барам деп отырған. Осы кезге дейін кетіп қалмаса сол үйде шығар.

– Рахмет апай! – деді Есен ризашылықпен есікті ақырын жауып.

Табан астына төселген ақ кілемдей үлпілдеп, бір-бірімен жымдаспай жатқан күртік қар басқан сайын табанға жұмсақ сезіледі.

Әбікеннің үйінің алдында тұрған «Газ-53» мәшинесін көргенде Есеннің ішінде қуаныш жетектеген үміт пайда болды. Осыдан ай бұрын Баянауылдың автобекетінде әскерде бірге болған Қасым досын кездейсоқ кездестіріп қалған. Екеуі автобустары келгенше тіктұрма сыраханада әскердің қызық-шыжығын, өздерінің жаңа өмірлеріндегі жаңалықтарын айтып, біраз әңгіменің басын қайырған. Қоштасарда:

– Есен, желтоқсанның он екісі інімнің үйлену тойы. Мен сені арнайы шақырып тұрмын. Кел, көңіл көтерейік, әрі ата-анаммен таныс, – деді Қасым күректей алақанын ұсынып.

– Мен ғой, алдымдағы ағамды күтіп жүрмін. Сен үйдің үлкені бола тұра ініңді бірінші жіберіпсің ғой, Қасеке.Жоқ әлде біздің Қасекеңе қыз қарамай жүр ме? – Есен құшақтап тұрған құрдасын қағытып қалды.

– Менің әйелім мектебін бітіре алмай жатыр әлі. Сендер секілді кәрі-құртаңға үйір емеспін ғой, білесің.

– Өй кетші-ей, жынды неме. Аузынан ана сүті кеппеген...

– Қалжың, қалжың, құрдас. Жеңгең биыл институттың соңғы курсында. Өзім қатарлы. Келер жазда тойға қамданып отырмыз. Ал әзірге інім де, келінім де пісіп-жетіліп қойыпты. Жолына бөгет болып қайтем, а? Үйлене берсін дедім. Оның үстіне жазға дейін ерлі-зайыптылардың өмірін сырттай бақылап, біраз тәжірибе жинап алсам деймін.

– Е, мынауың енді жөнге келеді екен. Жарайды, міндетті түрде барам, дос.

Үш-төрт бокал тобылғы сыраның толқынды лебі тамырларын қуалап, екі дос қимай қоштасқан.

– Жаңажолға өзімнің де баруым керек болып тұр. Бірақ кеше Әбекеңнің шаруаларымен ары-бері шапқылап жүріп бензинді бітіріп алыппын. Сен кешке дейін бензин тапшы, Есен, – деді Найзабек сіріңкенің талымен тісіне кірген етті шұқылап тұрып.

– Сөз емес, – деді Есен екі алақанын шарт еткізіп. – Мына геологтарға барып, Серік деген Майқайыңның жігітін тауып аласың. Мен жіберді десең болды қалағаныңша бензин құйып береді.

– Е, болды ғой онда. Мәселе шешілді, бензин болса Мәскеуге де жеткізем. Бірақ жолға қазір емес, кешірек шықсақ. Біраз жұмыстарымды реттеп алайын оған дейін.

– Кешке күтем ендеше, Найзабек. Мені әйтеуір тойға кешіктірмей жеткізсең болды.

– Саспа, Есен, жеткізем. Айтпақшы, үндінің жаңа кинолары келді ме?

– Алдағы аптаның басында барам Баянға.

– М-м-м. Айтпақшы тойға дедің бе? Кімнің тойы совхозда?

– Қасымның інісі үйленіп жатыр.

– А, ия, есіме түсті. Әбдіхан ағаның анау ұзын баласы екен ғой үйленіп жатқан.Өткенде шақыру таратып жүрген. Жақсы, кешке геологқа жолығып, сосын саған тартам, Есен.

– Ал, кеттім онда. Қоштаспаймыз.

***

Үй сыртына келіп кілт тоқтаған жүк көлігі сигналын ұзақ басып тұрды. Үйден асығыс шыққан Есен жүгіре басып, кабинада отырған Найзабекке қолын көтерді. Сонсоң машинаның есігін жұлқи ашып, қарғып мінді.

– Ал, тарттық па, Найзабек жолдас?

Найзабек үнсіз отыр. Жүзінде ауыр көңілсіздік бар.

– Болмады, Есен.

– Не болмады?

– Бензинің болмады.

– Қалайша? Серікке жолықтың ба өзі?

– Бардым. Серікті таппай, геологтардың барагына кіргем.

Найзабек ашуын тежей алмай рөлді жұдырығымен салып қалды.

– Баракқа кірсем ешкім жоқ. Тек төр жақта орналасқан бөлмеден ғана дабырлаған дауыстар естіледі. Солардан Серікті сұрайын деп есігін қақсам қаптаған қалың орыс. Не дерімді білмей сасып қалдым. «Серик, Серик» дей беріп ем, еңгезердей біреуі тұрды да «Пошел ты, калбит! Қораңнан адасып кеттің бе, баран!» деп былапыт сөзбен боқтап берді.

– Ой әкеңнің аузын ұрайындар, есірген екен.

Есеннің дауысы оқыс шықты. Бойын намыс кернеп, көзі шарасынан шыға ұлғайып бара жатты.

– Сосын сен не дедің оларға?

– Ештеңе демедім. Олар көп, мен жалғыз дегендей. Не істей алам бір өзім?

Найзабекте күндізгі екпін, көтеріңкі кеуде жоқ. Сағы сынып, жүні жығылып қалыпты. Тек бойын кернеген ызамен Есенге салып-ұрып келген беті екен.

– Кеттік ендеше! – деді Есен кенет жұлып алғандай. – Әуселесін көрейік олардың. Басынайын деген екен үндемегенге.

Есен – задында жуас жігіт. Ешкімге өздігінен соқтықпайды. Ал намысына тиіп, басынғысы келген талайды басымен қадаған. Ғайниден мен Амангелді ағаларынан үйренген бокс, күрес тәсілдерінің жеті әдісін, жетпіс тәсілін қаны қызып алғанда көше төбелестерінде талай қолданған. Әскерде жүргенде кеудесі жуандап, жілігі толып, құрыштан құйғандай бұлшық еттері бұлтылдап бабына келген.

Павлодар – ерте орыстанған аймақ. Қазағы сирек өлкеге патша заманындағы переселендер де жатсынбай қоныстанып, осы күнде тамырланып үлгерген. Бертіндегі «тың игеру» бастамасымен ағылған жирен шаштыларда тіптен қисап жоқ. Таразы басын тарта бастаған. Желкілдеген жігіттері тып-тыныш жүрсе бір сәрі, түн баласы топтанып жортып, жер иесі қазақтарды сабап кететінді шығарып, одан қалса ашықтан-ашық қорлауға кіріскен. Есен осындай намысқа шапқан төрт-бес төбелестің көрігін қыздырған.

«Әй, иттер-ай, – деді Есен іштей ширығып. – Совет адамдары бауырмал, мейірімді, достыққа адал деп аласыңдар да өздерің көпе-көрнеу қорлыққа жол бересіңдер. Сендерде ғана ұлт бар, сендерге ғана намыс бар екен. Сендер аға ұлт, біз бала ұлт екенбіз. Бізді басынуға, басымыздан теуіп, үстімізге сиюге бола береді. Ол кезде бәрінің көздері соқыр, құлақтары саңырау. Ал өз ұпайларыңды түгендеуге келгенде алдарыңа жан салмайсыңдар».

«Газ-53» сұлап жатқан таяқтай ұзына бойы салынған геологтар барагына келгенде «ыңқ» етіп тоқтады. Екі жігіт жүк көлігінен атып шықты да, есікке қарай жүгірді.

Тар дәліздің бойымен іркес-тіркес жүгірген екеуі барактың ең соңындағы бөлменің алдына келді. Іштен барылдаған дауыс, қарқылдаған дарақы күлкі естіледі.

– Осында, – деді Найзабек есікті нұсқап.

Есен есікті шалқалай ашты. Төрдегі ұзын сирақты үстел үстінде карта соққан төрт геолог бұған жақтырмай қарады. Сонсоң «мынауың кім тағы да» дегендей бір-біріне жымыңдасып қойды. Бөлме іші көк түтін. Арақ иісімен араласқан қолаңса қолқаны қабады. Бөксесі бөлек салақ орыс мәткесі стақанға толтыра арақ құйып жатып, артына бұрылды.

– Ей, – деді терезе тұсқа арқасын беріп, төрде шалқалай отырған геолог барқ еткен ешкі дауыспен. – Сен не сөз ұқпайсың ба?! Көзіме көрінбей жоғал дедім саған. Табаныңды жалтырат жаныңның барында.

Есен екі аттап үстелдің жанына келді. Мұндай тосын әрекетті күтпегендей геологтар қолдарындағы карталарын тастай салып, созалаңдап орындарынан тұра бастады. Төрдегісі қырма сақал, ұзын мойын – жас шамасы қырықты алқымдап қалған жігіт ағасы. Оң жақ қапталдан еріне көтерілген сырықтай арық жігіт пен оған қарама-қарсы тұрған тапал орыс – отыздың о жақ, бұ жағында болар деп шамалады Есен. Жуан білегіне Кремльдің айшықты күмбезін әдіптеп, оның астына бадырайтып «КАТЯ» деп жазып алған бойшаң геолог – отыздан мол асып жығылғандай. Жалт қарағанда оң жақ қабағының үстіндегі айтаңбасы менмұндалап тұр.

Бір сұмдықтың боларын сезгендей жұмыр келіншек шегіншектей басып, есікке тақау тұрған төсекке қонжия кетті.

– Жігіттер! – Есеннің зілді дауысы тыныштықты тіліп түсті. – Біздің елде, біздің жерде тұрып неге қазақты қорлайсыңдар?Бұларың қалай?

Бұлардың екеуі ғана келгеніне көзі анық жеткендей, төрдегі қырма сақал құтырынып шыға келді.

– Шешеңді сенің...! Досының намысын қорғап келгенін қара мынаның. Саған да қайталап айтам, ей, калбит! Жоғал бұл жерден!

Жағдай бұлай күрт шиеленісіп кетеді деп ойламаған Есеннің бұрқ етіп қаны басына шапшыды. Осы кезге дейін тап бұлай өзін қорлауға бермеген. Ұмтыла түсіп қырма сақалды үстел асырып жұлып алды да іштен екі түйіп төсек астына бүктеп тықты.

– Ах, оңбаған!

– Подлец!

– Нацист!

Тапал бойлысының өзі Есеннен бір бас биік екен. Ендігіде ес жиып үлгерген үшеуі ауыздары мен қолдарын Есенге қатар жұмсады. Бөлме іші қиян-кесті ұрыс алаңына айналды. Ұрымтал сәтте ебедейсіз ұмтылған ұзынтұраны иектің астынан қойып кеп қап еді, анау қалықтап барып үстел үстін сыпырып түсті. Кенет Есеннің омыртқасы опырылып түскендей, қабырғалары қақырап кетті. Аяқ-қол жансызданып, етпетінен құлады.

– Мә, саған, калбит! Мә, саған,найсап! Менің жерім деп қояды ғой есірік. Бұл ел де, жер де біздікі. Советтікі. Сендер ұлтарақтай жерге де еңбек сіңірмедіңдер, оқымаған надандар!

Қырма сақал қолындағы темір қалақпен екінші қайтара жерде сұлқ жатқан Есеннің иығын дәлдей сілтеп қалған. Есен жанұшыра төсек астына аунапүлгерді. Қалақтың жуан арматуралы сабы төсектің бел теміріне сақ ете түсті.

– Біз болмасақ қала салар ма едіңдер, жазу жаза алар ма едіңдер, калбиттер!

Есенге төртеуінің тепкісінен гөрі мына сөз қатты батты. Әбжіл қимылдап орнынан атып тұрды да, сәт-сәтімен екі-үш жұдырық сілтеп жіберіп есікке қарай ұмтылды. Дәлізге шыға бергенде көзі шалып қалды, Найзабек сыртқы есіктен қарап тұр екен. «Ой ит!» деді ішінен.

Қолы үйреніп қалған қалағын тастамай қырма сақал екпіндеп алдыға шықты. Қолындағы ауыр темір оңды-солды ойқастайды. Тым жақындап келген сәтінде Есен қырма сақалды жақтан отырғызып, қолындағы қалақты жұлып алды.

– Ұр, итті!

– Сілейте соқ!

– Аямаңдар, айуанды!

Геологтар сүріне-қабына алдыға жылжып, Есенді тықсырып келеді.

– Тілдері шығайын деген екен тарақандардың, үнін өшіріңдер!

Әйелдің ащы дауысы шаңқ ете қалды. Енді төрт орыс осы сөзден арқаланғандай соққыларын үдете түсті. Әкесінің құны кеткендей өршелене ұмтылған кезінде Есен қолындағы қалақпен әуелі қырма сақалды құлақ-шекеден перді, артынша тапырақтап келген тапал жігітті бастан салып тырапай асырды. Екеуін сұлатып салған соң дәліз бойымен тұра қашқан жуан білегін татуировка көмкерген орысты жауырынынан көздеп ұрды. Ол да екі-үш аттап барып қиралаңдап құлады.

– Өлтірді, өлтірді! Құтқарыңдар!, – деп бөксесі бөлек-салақ шыңғыра жүгірген орыс мәткесі сыртқы есікке қарай ытқыды.

Бұл сәтте төртінші геолог – сырықтай ұзын жігіт асхана бөлмесінің тамақ тарататын тар тесігіне жебедей атылған. Есен де қуып жетпек болып жарты терезеден секіріп түсті. Қашып құтылмасын сезген геолог терезедегі қос қабат шыны әйнекті шашыратып сыртқа бір-ақ қарғыды.

Ымырт үйіріліпті. Есен қараңғыға көзі үйрене алмай біраз абдырап тұрып қалды. Барактың айналасы қаптаған қалың ауыр машиналардан, жүк көліктерінен көрінбейді. Қашқынның «тырп-тырп» еткен аяқ дыбысы сол көліктердің арасында кетіп барады.

Есен баракты айналып, сыртқы есіктен ішке енді. Түпкірге жеті-сегіз адам жиналып қалыпты. Жақындап барғанда көрді, қырма сақал жерде ұзынынан сұлап түсіпті. Тоқымдай жерге қан жайылыпты. Жүрегі шым ете түсті. Бұның келгенін байқаған әйелдің түрі сұрланып шыға келді.

– Ә, калбит, келдің бе ақыры, сен адам өлтірдің! Көр, міне! – деді төбелеске куә жалғыз әйел жерде сұлап жатқан қырма сақалды көрсетіп, шаптыға сөйлеп. – Міне, мына айуан бәрін ұрып жыққан. Ұстаңдар осыны. Байлап тастаңдар, милиция шақырайық.

Не істерлерін білмей, абдырап тұрған жеті-сегіз еркек Есенге жалт қарады. Бірақ шап беріп ұстауға ешкімнің дәті жетпеді. Есен қолындағы қалақты даңғыр еткізіп жерге тастай салып, кері шегінді. Кері шегініп бара жатып көзі түсіп кетті, екінші ұрған адамы басын ұстап, арқасын қабырғаға сүйеп, әудем жерде ыңыранып отыр екен.

Сыртқа атып шыққан Есен алақтап Найзабекті іздеді. Машина тоқтаған жерінде жоқ. Ойына ең әуелі Қымбат оралды. «Тез жеткізу керек Қымбатты».

Есен Қымбатты ертіп ентіге жеткенде кісі қарасы тіптен молая түсіпті.

– Жүрегі соқпайтын секілді.

– Маңдайын айырып жіберіпті тура.

– Қазақпен төбелескен дей ме?

– Тірі қалса жарар еді.

– Бір адамға төртеуінің шамасы жетпеген бе сонда?

– Ой ана жігіттің қолында лом болған деседі.

– Лом емес, доңғалақтың монтировкасы дейді.

– Әрине, қолыңда монтировка болса төрт емес, он адаммен де айқасуға болады.

– Әй, ол үшін де жүрек керек қой.

Әр жерден күбірлей шыққан сыпсың сөздерді Есеннің құлағы шалып қалды. Бұрылып қарауға құлқы соқпады.

Қымбат қырма сақал геологтың қанын тоқтатып, дәкемен шекесін таңды. Дене былқ-сылқ етеді.

Кексе әйел төбелес болған бөлмеден шайнаңдай шығып Қымбаттың жанына келді. Аузынан арақ пен пияз иісі мүңк ете қалды.

– Қызым, шыныңды айтшы, ол тірі ме?

– Тез арада орталыққа қоңырау шалу керек. «Жедел жәрдем» жіберсін, – деді Қымбат. – Мұнда телефон бар ма?

– Бар, бар, бері жүріңіз, – деді орыс әйел кемсең қағып.

ІІІ

– Не болды саған, Есентай? Қорада кіммен әңгімелесіп отырсың? – деді Ғайниден құшағына кіріп солқ-сол етіп өксіп жіберген інісін арқасынан қағып. – Біреумен байланысып қалдың ба әлде?

– Жоқ, көке.

– Тойға кеттім деп едің ғой. Неге бармадың?

Есен ағасынан құшағынан босап, үнсіз үйге қарай ілбіп басып жүре берді. Ғайниден інісіне не болғанын ұқпай, аңтарылып тұрды да, Есен үйге кіріп кеткен соң қораға қарай беттеді.

Есен тас төсекте шалқасынан жатыр. Суық тұла-бойын қарыстырып барады. Көзін ашып, төбеге қарады. Қап-қараңғы дүние. Ендігі өмірі де осындай қараңғы түнекте өтпек пе? Қараңғы әлемде тіршілік бар ма? Жарық сәуле түспеген жерде өмір болушы ма еді. Шуаққа малынбаған әлемде не мән бар?

...Сағат тілі түнгі үшті соққанда Ғайниденнің үйінің алдына екі машина қатарласа тоқтаған. Ішінен топырлап адамдар түсе бастады. Есен бәрін естіп жатты. Кенет сыртқы есік жұлқи ашылып, ішке әскери киімді төрт адам кірді.

– Жұманов Есен осында ма?!

Есен сырт киімін шешпестен төсекке құлаған. Сол күйі орынан атып тұрды. Ғайниден мен әйелі де оянып алыпты. Жеңгесі ештеңеге түсінбей үрпиіп тұр.

– Бізбен бірге аудандық бөлімшеге жүресіз!

Аяқ киімін киіп болған Есеннің қолына кісен салынды.

Жеңгесі дауыстап жылап жіберді.

– Өжет қайным-ау, не бүлдіріп қойдың сен?

– Тәйт қатын! Жамандық шақырма, – деп ақырды көкесі.

Есік алдында бобик «Уаз» көлігі мен тұтқындарды таситын сүйегі сақырлаған кәрі «Воронок» тұр екен.

Қылықты қыздай қылымсып Ай туыпты...

Есен СИЗО-ның ішінде ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Тас төсекте жамбасынан өткен сыз көп жатқызбады. Жанын жегідей жеп, жүрегін сыздатқан жайсыздық көңіліне алаң тудырды.

«Ендігі өмірім не болмақ? Байғұс шешем қан құсатын болды. Қартайған шағында қызық емес азап тартқыздым-ау. Кешір мені, анашым. Сізді жерге қараттым. Қайдан ғана бара қалдым сол жерге».

«Нешауа, – дейді екінші бір ой киіп кетіп. – Әкең де тұтқында болған. Ер-жігіттің басына нелер келіп, не кетпеген, Есен. Ұрлық жасап ұсақталған жоқсың. Өздігіңнен тиіспедің ешкімге. Ұлтыңа ұрынған өздері. Қорлық пен мазақтың шегінен ас деген кім бар оларға? Жоқ, әлде намысыңды жерге таптатып қойып қарап тұрар тексіз бе едің? Рухсыз ба едің?».

Есен өң мен түстің арасында апта өтті ме, ай өтті ме, шатаса бастады. Күнде тергеушілер келеді. Болған оқиғаны мың қайтара сұрайды, алдына ақ парақ тастап «жаз» дейді. «Жазатын несі бар» дейді бұл қырсығып.

– Кісі өлтірген қанішер, сен Ленинградтан келген геологтарды қасақана өлтіруге бардың, – дейді орыс тергеуші.

– Қасақана өлтіргем жоқ, – дейді бұл. – Төбелес болды, аяғы осындай жағдайға әкеп соқтырды. Кінәмді түгел мойындап жазып бердім сіздерге.

– Ол аз, – дейді тергеуші сұрланып алып. – Павлодарда Совет билігіне қарсы жастар бірлесіп астыртын ұйым құрып жатыр екен. Сен сол ұйымның мүшесісің.

– Ағатай-ау, ондайды білмеймін.   

– Мойындай салғаның өзіңе жақсы.

– Жасаған қылмысымды мойындаймын. Төбелес үстінде орын алған жазатайым іс болды.

– Жазатайым іс емес бұл, сен бәлкім сол ұйымның басшысы шығарсың?

– Ұйымы несі, басшысы несі, тергеуші жолдас. Қайталап айтам, жанымда тек Найзабек деген жігіт болды.

– Найзабекті де тергейміз. Мүмкін сол жігіттің ана ұйымға қатысы бар шығар? Сол сені үгіттеген шығар?

– Жо-жоқ, тергеуші жолдас, оның еш қатысы жоқ. Тек әлгі геологтар...

– Егер Найзабекті сол ұйымға қатысы бар, мына төбелесті сол ұйымдастырды деп түсініктеме жазып берсең жазаң жеңілдейді.

– Ағатай-ау, мен қалай біреудің үстінен өтірік арыз жазам? Одан да өлгенім жақсы емес пе?!

– Өлуге асықпа. Ана жақта сені рахат өмір күтіп тұрғаны шамалы.

Айға созылған тергеуден Есеннің де жүйкесі жұқарайын деді. Кезекті екі-үш тергеуде үнсіз отырып алған. Өкімет бекіткен адвокаты да мұрын астынан мыңқылдап, мардымды жол таба алмады.

– Павлодардағы ұлтшыл жастар ұйымына қатысың болса мойындай сал. Мен тергеушіге де, прокурорға да адалынан кінәсін мойындады деп саған жеңілдік сұраймын, – деп иіні түскен адвокаты мүләйімсіп тұр бірде.

– Ешқандай да ұйымды білмеймін, ешкіммен де қатысым жоқ. Жалғыз өзім төбелестім, өзім ғана кінәлімін, – деді Есен көзінен ызғар шашырап.

– Олардың аты-жөндерін атап берсең Совет билігіне үлкен көмек жасаған болар едің. Өкімет те саған рақымшылықпен қарайды.

Есен күйіп кетті.

– Сіз менің қорғаушымсыз ба, әлде мені тағы бір бәлеге ұрындырайын деп жүрсіз бе?

– Мен сені ақтап алудың жолын қарастырып отырған жоқпын ба, – деді адвокат шарасыз кейіп танытып. – Егер солақай жастардың екі-үшеуінің аты-жөнін атап берсең сені бұл тамұқтан жұлып алып шығар едім. Әттең...

Көктем туып, жерден шыққан көк қой тісіне ілінер шақта Баянауылда алғашқы сот болды. Сот залында аңырап отырған анасы мен туыстарын көргенде Есеннің жан-дүниесі құлазып сала берді. Осы кезге дейін көрген азабы мен тозағы анасының көзінен тамған бір тамшы жасқа да татымайды екен. «Енді өз-өзіңе мықты болуың керек» деді іштен бір дауыс. Бас-аяғы жарты сағатқа созылған сот ісін судья жеткіліксіз деп тауып, қайта тергеуге жіберді. Екі конвой Есеннің қолына қайта кісен салып, сыртқа шығарып бара жатқанда анасы тұра ұмтылды.

– Құлыным-ау, жаның жүдемесін. Рухың сынбасын, ботам. Сенің ақ екеніңе мен сенемін балам.

Бұл – 1977 жылдың он төртінші наурызы еді.

***

Павлодардың «Ақ түрмесі» қатын патша Екатеринаның заманында салынған еңселі шіркеу. Шіркеу асты суырдың ініндей қаптаған камера екен. Алғаш көргенде Есен қатты таңқалды. Тергеуі аяқталмаған Есеннің «Ақ түрмені»қоныстанғанына екі аптадан асқан. Күні бойы ой еміп жатады, камераластарымен үзік-үзік сөйлескені болмаса, көбіне томаға-тұйық.

«Ақ түрменің» жерастындағы 25-ші бөлмесі транзиттік камера. Мұнда конвойлар апта сайын тұтқындарды этаппен әкеліп, ертесі уақыты жеткендерін басқа өңірлерге этаппен айдап әкетіп жатады. Есен ең алғаш камераға кіріп келгенде үш қабырғаға бекітілген қос қабатты тақтайдан жасалған нар төсекте қаптаған тұтқындар жатқан еді. Жарық өмір мен бостандықты аңсаған жанарларбұған телміре қарайды. Есен қайда отырарын білмей бірер сәт абдырап тұрды.

– Сотың бітті ме, әлде этаппен «іссапарлатып» жүрсің бе?, – деді нардың екінші қабатында отырған грузин тектес жүнтөс жігіт орысша гүр етіп.

– Кім екенін білмей жатып қолын алып қойып жүрмеңдер, – деп жымың етіп қостап қойды есіктің түбінде жатқан сидам жігіт.

Есен камера ішін тез арада көзімен тінте қарап шықты. Он бес одақтың бар өкілін жинап алғандай. Орысы қалыңдау көрінді.

«Бас көтере қоятын ешкім жоқ секілді» деді ішкі ойы.       

– Сот әлі біткен жоқ, тергеудемін, – деді сосын «сұрақ қойған қайсың едің?» дегендей екінші қабаттағыларға назар аударып.

– Інім, бері кел, – деді осы сәтте төрде отырған жігіт ағасы тап-таза қазақша тіл қатып. – Кел, кел мұнда, қорықпа.

Төрде қазақ-орысы аралас бес жігіт карта ойнап отыр екен. Есен сақтана басып жақындады.

– Маған таратпай-ақ қойыңдар. Өздерің ойнай беріңдер, – деді Есенді шақырған бұйра шашты жігіт қолындағы соңғы картасын ортаға тастай беріп. Сонан соң жанына келген Есенге асықпай бұрылды.

– Мына жерге отыр інім. Бос орын, – деді өзінің қасындағы орынды нұсқап. – Бірінші рет түсуің бе?

– Ия, – деді Есен жанындағыларғаасықпай көз тоқтатып. – Бірінші рет түсуім ағасы.

– Ақылжан, – деді бұйра шаш қолын ұсынып.

– Есен.

Жұп-жұмыр, шымыр қолдарынан қара күштің иесі екенін бірден аңғарды.

– Қай жердің тумасысың?

– Осы өңірден.

– Мен де осы өңірденмін. Май ауданынан.

–Туған жерім – Железин, өскен жерім – Баянауыл.

– Жерлес болдық қой ендеше.

Ақылжан аяғын жинап, малдас құра қабырғаға арқасын сүйеп шалқалай отырды.

– Не үшін түстің, Есен?

– Ұзақ әңгіме, – деді Есен самарқау. – Төбелес, арты кісі өлімі.

– Түсіндім інім, түсіндім. Сенің де біраз ғұмырың түрме ішінде өтеді екен. Тыңдап ал ендеше Есен, бұл саған өмірлік сабақ болады.

Ақылжан «бері жақында» дегенді ұқтырып Есенге басын изей ым қақты. Есен керіле есінеп алды да Ақылжанға тақау кеп, қабырғаға сүйеніп, шалқалай отырды.

– Арестанттардың өз этикасы бар мұнда, – деді Ақылжан естілер-естілмес. – Сот қанша жыл кесетінін білмеймін, бірақ сен ең бастысы қанша жыл отырсаң да түрмеден жүрегі қарайған қатыгез хайуан емес, адам болып шығуға тырысуың керек. Әйтпегенде абақтыға адам боп кіріп, айуан боп шығатындар көп. Мүләйімсіп жүргендерді мұнда мал ғып жібереді.

–Ол үшін не істеуім керек?

– Ол үшін, түрме иерархиясын жақсы білуің керек.

Есен «түсінбедім» дегендей Ақылжанға аңтарыла қарады.

– Былай, мысалы, хатаға кіріп келгенде сенде не ой болды?

– Қай жерде бос орын бар екен деп ойладым.

– Дұрыс, сен бос орын іздедің. Мен сенің өз-өзіне сенімді жігіт екеніңді біліп, бірден осында шақырып алдым. Ал егер анау есіктің жанындағылармен амандасып, солардың жанындағы бос орынға жайғасқаныңда, онда шаруаң бітер еді.

– Неге?

– Неге болғанда былай. Түрменің өз заңы, өз қағидасы бар, інім. Есіктің маңында отырғандар «опущенныйлар»*. Жолаушы болма. Олар түрме заңын сыйлағысы келмей қарсылық танытып, ақыр соңы осындай жазаға тартылғандар. Ал анау «питактың» айналасындағылар, – деді Ақылжан бұрыштағы әжетхананы нұсқап. – Қызтекелер, «обиженныйлар»*. «Вера», «Настялар». – Ақылжан оң қолының алақанымен жұмулы сол қолын сарт еткізді.

– Ұқтың ба?

– Ия, –деді Есен. – Түсіндім, Ақа.

– «Ақа» дедің бе ей? Ауылда інілерім мені «Ақа» деуші еді. Соларды еске түсіріп жібердің ғой, – деді Ақылжан ақтарыла күліп. Дауысы қаттырақ шығып кетті ме, есік жақтан бастап карта ойнап отырған тұтқындарға дейін бәрі бұларға жалт қарасты.

– Жай, өзіміз қазақша әңгімелесіп отырмыз, – деді Ақылжан бәріне естірте орысша. – Көңіл бөлмей-ақ қойыңдар.

– Бәрі этапты күтіп жатқан адамдар, – деді Ақылжан сәл үнсіздіктен соң әңгімесін жалғап. – Мына ортада жатқандар – мұжықтар. Шаруалар десек те болады. Түрменің жұмысына, өндіріске жегілгендер. Капитализмнен аттап коммунизмге жетеміз деген өкіметтің ертегісіне сенетіндер. Сексенінші жыл келсін, көрерміз сонда коммунизмге жетеміз бе, жоқ па. Бірақ ешкімге зияны жоқ, өзімен-өзі жүретіндер. Бұлардан қауіп жоқ. Алайда есіңде сақта, шаруаға жегілген мұжықтардың мұнда қадірі жоқ. Ал төрдегілер – «пацандар». Бұлар таза түрменің өз жүйесімен жүретін, «қызылдарға» бағынбайтын қасқырлар. Түрме басшылары бұлармен санасады, дегенін істейді, айтқандарын орындайды. Мәжбүр соған. «Высшая верхушка»* деп атайды. Сені өзімнің інім деп айтып отырмын, Есен. Қазақтың жігіттері қапаста отырса да «опущенныйлардың», «обиженный» қызтекелердің тобына қосылмауы керек. Өйткенше асылып өлгені абзал. Солай, інім. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» дей ме Абай атаң. Түрме де бір өзінше әлем. Бұл жерден әркім өзі іздеген, өзі қалаған дүниені табады. Бәрі адамның өзіне байланысты.

Ақылжанның алғашқы күні айтқан ақылы Есенді ойландырды. Тұтқындардың бәрі шырт ұйқыда жатқанда да кірпігі айқаспады. Есіне марқұм әжесі түсті. Қатпа қара кемпір еді. Ешкімге есесін жібермейтін шақарлығы да бар-тын. Есесіне тәубесінен жаңылмайтын. Марқұм әжесінің жетпістен асқан шағында да құдық басына су ішуге келген жылқыларды күтіп тұрып, қарыны жер сызған қара биеге жүген-ноқтасыз қарғып мініп алатын қызық мінезі бар еді. Осы әрекетін көрген сайын Есен мен өзге де немерелері сандарын шапаттап мәз болатын. Қара бие де әжесінің ығына көніп, қалай қисайса солай бұрылып, жуасып қалады.

– Қара орыстың қазаққа көрсетпегені бар ма?! – дейтін әжесі пеш түбінде «Батырлар жырын» судыратып отырған немересінің сөзін бөліп. – Әкем де, атам да осылармен алысып өтті ғой. Атам жарықтық батыр кісі еді. «Мына кәпірлермен соғысқанша Баян батырдың уағында туып, дала заңына бағынған қалмақтармен қырлысып өткенім жақсы еді» деп армандайтын. Енді ондай батырлар тумайды ғой, заман-ай. Оқи бер балам, Қобыланды батыр қызылбастарға шапты дедің бе?

Есен бір қырына аунап түсті. Сөйткен әжесі де өтті өмірден. Екі соғысты басынан қатар өткеріп, немістің тұтқынында болған, жеңістің туын желбіреткен әкесі де бес күн жалғанды тастап кете барды.

...Басына іс түсіп, түрме мен тұтқын жайлы ойлары қалыңдай түскелі Есенің көз алдына Совет одағы үлкен түрме болып елестейтінді шығарды. Қыл аяғы жыланбауырлап желіп бара жататын пойыздың өзі этаппен қылмыскерлерді тасып жүреді екен ғой. Бұрын қалай білмеген?

«Бұрын сотталып көріп пе ең?...»

Есен іштей мырс етті.

Баянауылдағы алғашқы сот отырысынан кейін Есенге Павлодар облыстық адвокатурасынан Павел Дмитриев деген жаңа қорғаушы бекітілді. Есенге ұнағаны сөзінің ләмі түзу екен. Алғашқы адвокатпен салыстырғанда көш ілгері. Соғысқа қатысқан ардагер адвокат бірінші кездесуде-ақ мәселені төтесінен қойды.

– Сенің ісіңді ұлтаралық жанжалға жатқызуға болады, Есен.

– Қалайша?

– Олар төртеу, сен – біреу. Солай ғой.

– Ия, солай.

– Олар сенің ұлтыңды қорлады. «Калбит» деп кемсітті.

– Сол үшін төбелестім емес пе.

– Ендеше, балам, бұл таза ұлтаралық жанжал.

Есеннің көкейінде үміт оты пайда болды.

– Бұл жазаны жеңілдете ме?

– Әрине, сен өз-өзіңді қорғадың. Әлемдегі барлық елдің заңында өзіңді қорғауға жол беріледі. Бұларды алдыңғы істе неге тіркемеген? Жақсы, мен іспен, алдыңғы айыптау қорытындысымен толықтай танысып шығайын. Сен тергеушілерге басы артық сөз айтушы болма. Келістік пе?

Есен ертесі адвокатпен болған әңгімені Ақылжанға айтты.

– Тәлейіңе орай жақсы адвокат бұйырған секілді. Енді істі аяғына дейін жеткізе алса болғаны, – деді Ақылжан шылымын ширатып отырып.

Есен келгелі бері байқамаған екен, бұлар жатқан 25-ші хатаның төбесі күмбез тәріздес, басқа камераларға ұқсамайды. Күмбездің дәл ортасында төмен салбыраған темір тұр. Оған дөңгелек шығыршық бекітіліпті.

– Ақа, – деді Есен шалқалап жатып төбеге қараған күйі. – Мына камера неге ерекше.

– Хех, бұл хатаның тарихы өте бай, – деді Ақылжан жымиып. – Мен бұл транзиттік хатаға осымен бесінші мәрте қонақтап жатырмын. Этаппен ары да, бері де айдайды. «СССР-дің жері үлкен, бірақ қылмыскерлер еш жерге сыймайды» деген осы.

Бұл ғимарат әу баста монастырь болған. Кейіннен түрмеге айналдырған. Ал осы біз жатқан транзиттік камера өлім жазасын орындайтын орын болған. Анау шығыршық темірді көрдің бе, сол темірге үлкен балтаны байлап, төмен қарай өз салмағымен тастай салғанда мында мойнын созып жатқан тұтқынның басын шауып түсіретін болған.

Есеннің жүрегі зырқ ете түсті. «Ібір-Сібірге айдалды» деп хат-хабарсыз, дерексіз жоғалып кеткен қаншама қазақтың басы домалады екен бұл бөлмеде...

Көңілсіз өтіп жатқан күндердің бірінде күзетшілер мен конвойлар 25-ші камераның есігін ашып, әмірлі дауыспен зірк ете қалды:

– Шорманов Ақылжан! Заттарыңды алып сыртқа шық! Этап!

Ақылжан орнынан асықпай тұрып, айналасына қарады.

– Ал, жігіттер, мен кеттім. Рухтарың сынбасын. Өздеріңді сақтаңдар.

– Аман жүр, Ақа. Жер – домалақ, мүмкін кездесерміз, – деді Есен Ақылжанның қолын қыса қоштасып тұрып.

– Інім, – деді Ақылжан сабырлы кейіппен. –СССР – қылмыскерлер құрған мемлекет. Демек мұнда өмір сүріп жатқан адамның бәрі қылмыскер. Еркіндікте ешкімге тәуелді болмай өмір сүргісі келген адам, темір тордың ішінде де өз дегенімен жүре алады. Сыртта, бостандықта сен өкіметтің, биліктің дегенімен жүресің. Ал түрмеде – қасқырлардың заңына бағынасың. Аяққа оралар қыңсылаған қаншық болғанша қасқыр болып жүруге тырыс, інім.

Ақылжан балпаң басып есікке беттеді. Сыртқы есіктен шығып бара жатып артқа бұрылмаған күйі оң қолын көтерді.

– Чао, жігіттер!

***

– Айтпақшы, сенің әкең соғысқа қатысқан екен ғой. Маған неге айтпағансың маған басында, – деді Дмитриев үстел үстіндегі қағаздарын жинап, былғары портфеліне салып жатып. – Соғысқа қатысқан майдангердің баласын мен қайткенде құтқаруға тырысам. Біз бұдан да қиын күндерде бір-бірімізді тастамағанбыз. Майдангерлерді айтам. Сендердің жарқын күндерің үшін мына аяқты Берлинде қалдырғам.

Адвокат оң жақ ағаш аяғын тоқылдатып ұрып қойды.

– Сізге көп рахмет, – деді Есен. – Сіз күннен күнге менің сенімімді нығайтып келесіз.

– Еш алаңдама, балам. Ең бастысы маған сен. Ұлтаралық жанжал дегеннен таймасақ басқа мемлекеттер алдында, әсіресе ООН-ның алдында масқара болмауы үшін бұлар біздің ығымызға жығылып, істі оңынан шешеді. Біржолата босатпаса да, тергеуде жатқан уақытыңды есептеп, бір-екі жылмен, ары қарай «условный» беріп босатса да жетіп жатыр емес пе?

– Әрине, Павел Сергеевич.

Шіліңгір шілденің басында Павлодар қаласында өткен екінші сотта адвокат күш алып бара жатқан соң судья істі жіті қарауға жіберіп, үкімді кейінге қалдырды. Әне-міне бостандыққа шығатындай алып-ұшпа көңілмен Есен «ақ түрмесіне» қайта оралды.

Үміт шіркін қашан да мейірбан сипатты ғой. Соңғы кездері Есен де үміттің жып-жылы шуағына шомылғандай, жан-жүниесі жадырап шыға келген. Мына тастан қатты заманда темір түрмеде омалып отырған кімге ұнасын? «Жарайсың, Павел Сергеевич! Бар болса бала-шағаңның, немере-шөбереңнің, жасың жетсе жетінші ұрпағыңның қызығын көр» дейді ішінен риза болған жарқын үн.

Осылай ой сауып, қиял қалықтатып жүргенде қарауыл Есенді асықтыра адвокатымен кездесуге әкелді. Есен бос камераға кіре сала адвокатына қарсы орындыққа жайғасты.

– Саламатсыз ба, Павел Сергеевич!

Адвокат түсін суытып бұрқ ете қалды.

«Павликтің ұйқысы қанбаған ба?» деді Есен іштей таңырқап. «Әлде әйелінің қыбын таба алмаған ба түнімен?»

– Сенің әкең соғыс басталғанда тұтқында болған екен ғой.

Есен адвокатының ызбарлы дауысынан секем алып қалды.

– Ия, екі жыл сегіз ай тұтқында жаттым деп айтатын.

– Ал мен неге білмеймін ол жәйлі?

– Енді сізсұрамаған соң. Қайдан білейін. Оның үстіне...

Дмитриев тамағын қырнады. Артынша жөткірініп қойды.

– Ия, айта бер.

– Ол соғыста Совет әскерінің тең жарымы тұтқында болған жоқ па, өзі.

– Әкең саған тұтқындағы кезі туралы көп айтты ма?

– Жоқ, тек әскерге кетер алдында ғана өз аузынан естідім.

Қарама-қарсы отырған Павел Сергеевич орнынан тұрып, Есеннің жанына келді. Өзі үстелге бір жамбасын артып қойды да, оң қолын Есеннің иығына артты.

– Есен, балам, сен комсомолға өттің бе?

– Жоқ, уақытым болмады.

– Әй, жарайды. Сонда не туралы айтты әкең? Осы жерін тарқатып айта кетші.

– Не туралы болғанда, енді сол, тұтқында болғанын, одан кейін Совет әскері құтқарғандығын. Берлиндегі жеңіс, екі жылдай Краковқа комендант болғанын.

– Жо-жоқ, оның бәрі белгілі ғой, Есен. Әкең саған Мұстафа деген сатқын туралы айтты ма? «Түркістан легионы» дегенді естідің бе аузынан?

Есенге адвокатының қазымырланып, марқұм әкесінің өткенін қазбалап отырғаны ұнамады.

«Бұған не болды екен аяқ-асты?»

– Кім, кім туралы дейсіз?, – деді жорта естімегенсіп.

– Мұстафа Шоқай деген Гитлердің құйыршығы туралы айтпады ма әкең?

– А-а-а, жоқ. Ондай есімді атаған емес.

– Есен сен асықпай, есіңе түсіріп көрші. Сен бала кезіңде дейік, әкең арақ ішетін бе еді?

– Ішпейтін адам бар ма?

– Ә, міне, сол жора-жолдастарымен, таныстарымен ішіп отырғанда соғыс туралы, немістер туралы көп айтатын, ия, әкең?

– Ия, айтып отыратын.

– Сол кезде дауысын бәсеңдетіп, жолдастарының құлағына сыбырлап, «тұтқында жүргенімде Мұстафа деген кісімен...» деп айтатын ба еді? Есіңе түсіріп көрші. Тек, асықпай ойлан, балам.

– Ой, жоқ, ол кісі сыбырлап сөйлеу дегенді атымен білмейтін.

Адвокаттың жүзінде қуаныш сезімі ойнап шыға келді.

– А-а-а, сонда дауыстап-ақ айта беретін бе?

– Ия, дауысы жарқын-жарқын шығатын ішіп алған кезде дарылдап.

– Міне-міне, осы ғой маған да керегі. Сонда Түркістан легионы, Мұстафа жайлы да дауыстап айтатын ба?

– Қайдағы Мұстафа? – деді Есен аңқаусып.

Дмитриев ызадан түтігіп кетті. Қолын Есеннің иығынан жұлып алды. Артынша үстел үстіне жарбитып тастап қойған жарты жамбасын түсіріп, ерсілі-қарсылы жүріп алды. Сарғылт өңі қызара бастады.

«Мына кісінің басы қызыл ләмпішкідей болды-ау, жарылып кетер ме екен, қайтеді».

– Бағанадан бері айтып жатқан Мұстафа Шоқай деген адам туралы ше? Немесе «Түркістан легионы» жайлы. Сол туралы өліп қалған әкең біреу-міреуге айтатын ба еді? Черт побери!

Дмитриев айқайлап жіберді.

– Жоға, онысын естімеппін, Сергеевич, – деді Есен жуасыған кейіппен. – Әйтеуір өздерін немістердің қалай қинағанын, он мың тұтқыннан мың адам ғана қалғанын, Совет әскерінің құтқаруға тезірек келмегендігін айтып отыратын. Ал біздің әскер Берлинге кіріп, Гитлерді тізе бүктірген сәтін бар дауысымен мақтана айтатын. Ондай кезде әкем рухтанып кететін.

– Әй, балақай, балақай, менімен ойнап отырсың ғой, сезем. Дұрыс-дұрыс, ойна. Кім-кімнің тағдырымен ойнайды екен, көреміз әлі.

Дмитриев сыздана басып, шайқала жүріп есікке беттеді.

– Сібірге барсаң ойнатады әлі-ақ сені.

Араға ай аунатып қыркүйектің басында Есенді «Воронокпен» Екібастұзға әкелді. Анасы алғашқыдай емес, безбүйрек биліктің енді аямайтынын анық сезіп, соған бекіп алғандай сұрлана қалыпты. Ғайниден ағасының көзінен «жігітсің ғой, не де болса шыда енді, інім» деген жазуды оқығандай. Алдыңғы екі сотта қарасын көрсетпеген Найзабек те бірінші қатарға жайғасыпты.

Судья айыптау қорытындысын оқи бастады.

«1976 жылдың 12 желтоқсанында Баянауыл ауданы, Алексеевка совхозына қарасты «Біржанкөл» бөлімшесінде кешкі сағат жеті-сегіз шамасында Жұманов Есен Қабиденұлы танысы Жасықов Найзабек Болатбекұлы екеуі геологтардың барагына барады. Содан араққа сылқия тойып алған Жұманов Есен танысы Жасықов Найзабектің куәлік етуінше тып-тыныш жатқан ленинградтық төрт геологқа өздігінен барып тиіскен. Қайтыс болған Петров Константин Аркадиевичті дәлізге сүйреп алып шыққан Есен Қабиденұлы оны басынан қалақпен ұрып...»

Есеннің құлағы тарс бітеліп, миы солқ-солқ ете қалды. Көзі қарауытып барып ашылды.

– Құрметті адвокат мырза, бұл жерде ешқандай да ұлтаралық жанжал белгілері жоқ екеніне келісесіз бе?

– Ваша честь, келісемін құрметті судья.

Есен адвокатына ұрлана көз тастады. Павел Сергеевич ішінен әндетіп отырғандай ара-тұра басын шұлғып қояды. Өзі көңілді.

«Павлик ішіп алғаннан сау ма өзі?»

– Айыпталушы Жұманов Есен Қабиденұлы, соңғы сөзіңіз.

Есен сасқалақтай сөйледі.

– Мен, әуелі, түсінбей қалдым. Мен өзімнің түсініктемемде атап өткендей, ол жерге геологтар Жасықов Найзабекті «Калбит» деп боқтағаны үшін намыстанып барғам. Кейін олар мені де балағаттап, артынша «Калбит» деп қорлады. Сол оқиғаға куәгер Найзабек міне осында отыр. Сенбесеңіздер өзінен сұраңыздар.

Судья көзілдірігін төмен түсіріп, Найзабекке бұрылды.

– Куәгер Жасықов Найзабек Болатбекұлы, марқұм геолог Петров Константин Аркадиевичтің сізді және айыпталушы Жұманов Есен Қабиденұлын «Калбит» деп балағаттамағанына, оларға Жұманов Есеннің өзінің барып соқтыққанына, төбелесті өзі бастап, марқұмды темірмен соққының астына алғанына куәлік етесіз бе?

– Куәлік етемін.

– Ваша честь! – деп Есен тақ ете қалды. – Бұл жерде Жасықов Найзабек өз сөзінен тайқып отыр. Негізінде геолог Константин Петров оны да, артынша мені де «Калбит» деп балағаттағаны рас.

– Кешіріңіз, – деді судья түсін суытып. – Ал сізді «Калбит» деп балағаттасын дедік. Содан не өзгеріп кетті? Соған бола шала бүлініп, темірмен ұрып кісі өлтіресіз бе?

Есен бірер сәт аузына сөз түспей, абдырап тұрып қалды. Судьяның жүзінде масаттанған бейғамдық ойнап шыға келді.

– Ваша честь, «Калбит» деген сөз жалғыз мені емес, Найзабекті емес, бұл – тұтас ұлтты, осы жердің иесі – қазақ халқын қорлау. Оны құқық қорғаушы ретінде сіз жақсы білуге тиіссіз.

– Менің нені біліп, нені білмейтінімде сіздің шаруаңыз болмасын! Сосын есіңізге сақтаңыз, бұл жердің иесі қазақ халқы емес, СССР. Бәріне билік ететін большевиктер құрған коммунистік партия. Және де «Калбитке» қатысты, ол ешқандай қорлауды, мазақтауды білдіретін сөз емес. Оған бола қазақтардың намыстанатын жөні жоқ. «Калбит, Калбит». Десе деген шығар. Жай ғана сөз.

– Ваша честь, онда сізді және сіздің ұлтыңызды «Шошқа» десем бола ма? «Шошқа» жейтіндеріңіз рас қой, несіне намыстанасыз. Бұл да жай ғана сөз сыралғысы.

Зал іші гу ете қалды. Павел Сергеевич артына бұрылып, Есенге алакөзденіп, қоқиланып қарады.

– Тынышталыңыздар! Айыпталушы, сіздің мына сөзіңіз мемлекеттік тұлғаның жеке басына, ар-намысына тіл тигізу болып саналады. Осы жерден тоқтаңыз!

Есен орнына отырды. Судья алдында тұрған стақаннан бір жұтым су ішті де, папкасын қайта ашты.

– Куәгер Жасықов Найзабек, сізге сұрақ: бұл жерде айыпталушы Жұманов Есен өтірік айтып отыр ма?

– Ия, дәл солай, құрметті судья! Есен геологтарға өзі барып тиісті. Мен кетейік, қайтайық деп жалындым. Көнбей қойды ғой өзі.

Есен біреу басына темір шелек кигізіп, оны сыртынан балғамен бір ұрғандай мәңгірді де қалды. Құлағы қаңғыр-құңғыр етіп, жер-әлем теңселіп кетті.

– Құрметті тыңдаушылар, үкім оқылады.

Есеннің жүрегі көтеріліп, басы айналды. Лоблып, құсқысы келгендей тілі кері тартылды. Құлағына судьяның дауысы күңгір-күңгір естілді.

«Жұманов Есен Қабиденұлы... 1955 жылы... геолог... Петров Константин... марқұм... Жасықов Найзабек... ленинградтық... мас күйінде... қастықпен... Біржанкөл... Прокурор... 14 жыл...».

Есен қанша уақыт өткенін пайымдай алмады. Кенет құлағы «пырс» етіп ашылып кетті. Өлі қойдың жанарындай сөніп бара жатқан көзі шырадай жанды. Судьяның шаршаңқы дауысы әлі тоқтамапты.

«Жұманов Есен Қабиденұлы СССР Қылмыстық кодексінің 92-ші бабы, 2-ші тармақшасы «Өлімге әкеп соқтырған ауыр дене жарақаты» айыбымен 12 жылға бас бостандығынан айырылады. Жаза күшейтілген режимде өтелсін».

– Сот аяқталды!

ІV

Түрме – тез ойлануды талап ететін мекен. Азды-көпті темір тор ішінде өткізетін уақытта қалай жүріп-тұруың да тез арада қабылдаған шешіміңе байланысты. Кез-келген тұтқын мұны жақсы түсінеді.

Есен «воронок» тұтқындар көлігіне ең соңғы болып мінді. Шағын жүк көлігінің будкасы бірнеше бөлмеге бөлінген. Кіре беріс – конвойлар отыратын жер. Келесі бір кісілік екі орынды тұтқындар «стаканчик» атап кеткен. Оған – қызтекелер отырады. Одан кейінгі қуықтай камералар жалпы тұтқындар үшін жасалған. Есен түпкірдегі камераға қарайжүрді.

– Тез-тез бас аяғыңды!

Конвой Есенді мылтықтың дүмімен көк желкеден түйіп кеп жіберді.

– Асықпай жүретіндей қалыңдығыңа бара жатқан жоқсын, нахал!

– Шешеңді... сенің!

Есен шалт қимылдап, кері бұрылып, конвойға ызбарлана қарады. Екі көзі қанталап, қақпанға түскен қасқырдай айбатты көрінді.

– Енді маған қолың тисе буындырып өлтірем, шошқа!

Конвой екі-үш адым артқа шегініп барып, мылтығын кезей қалды.

– Дереу камераға кір! Тәртіпке бағынбасаң ескертусіз атып тастаймын.

Есен камераға кіргенде конвой темір есікті құлыптады.

«Ит-ай, – деді ақырын ыңырсып. Көк желкесі дуылдап барады. – Жөні-жоқсыз желкеден ұрғаны несі?»

– Бұларға ренжудің қажеті жоқ, жолдас. Атақты «Вологодский конвой» деген осылар. Жауыздың жауызы деп бекер айтпаған бұларды.

Көрші камерада отырған тұтқын Есенге мүсіркей қарап қалыпты.

– Ерегесудің қажеті жоқ, – деді артынша көп білетіндігін паш етіп.

«Мақұл, мақұл бауырым. Сенің-ақ айтқаның болсын. Оларға ренжіп нем бар» дегенді аңдатып, әрі ақ алғысын білдіріп Есен көршісіне басын изеп қойды.

– Саған қатты шүйлігуіне қарағанда қауіпті тұтқынсың-ау? «Верхушка» жүрген жігітсің ба деп сұрайын десем киімің әлі ауыспапты.

– Үкім кеше шықты, – деді Есен. – Командировка енді басталды.

– Бірден «верхушкаға», жігіттердің қатарына қосыл бауырым. Өзіңді соттаған өкіметке жұмыс істеу – западло, жігіттерге жараспайтын тірлік.

«Рас-ау, – деді Есен іштей толғанып. – Өз өкіметім өзімді қорлайды, қорлыққа көнбедің, бізге қарсы қол көтердің деп соттайды. Сенің қайтып оралмас алтын уақытыңды шектеп, азапқа толы темір торға тоғытады. Сөйтеді де жұмысқа жеккісі келеді. Бостандықта жүрсең де, түрмеде отырсаң да сені құл қылып ұстағысы келеді. Өлсем көнбеспін оларыңа».

Қара басының қамынан қаймана қазақтың намысын артық көрген Есеннің тұтқындағы өмірі осылай басталды.

Қанша таяқтап, карцерға қамаса да қыңбай, я «қызылдар» қатарына өтпей, не жұмыс істеуге шықпай қойған тұтқыннан Өскемен түрмесінің басшысы тезірек құтылуға тырысты.

– Жұмановты этапқа салыңдар да Екібастұзға айдаңдар, – деді шарасыз кейіппен. – Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлуын қоймайды деген. Құлағымыз тыныш болсын.

Екібастұз түрмесіндегі апталық карантиннен кейін лагерьге шыққанда Есенді жүзінен балаңдықтың бейнесі кетпеген, алайда екі иығына екі кісі мінгендей алып ақсары жігіт күтіп алды.

– Есенсің ғой?

– Ия, – деді Есен. – Есенмін.

– Есен болсаң, бері жүр. Сені Алдаш күтіп отыр, – деді алып ақсары.

– Айтпақшы, менің атым – Коля. Гарман Коля дейді бәрі. Украин тілінде «гарман» деген «билеуші, басқарушы» деген мағынаны білдіреді. Бірақ өзім Қарағандының тумасымын.

Коля күректей қолын ұсынды.

– Менің атымды біледі екенсің, – деп күлді Есен.

– Өскеменнен «малява» келген жігіттерден. Сені «өзіміздің жігіт, дұрыстап күтіп алыңдар» депті. Жасың нешеде өзі?

– Шал болдық қой, – деді Есен әзілдеп. – Жиырманың екісіндемін.

– Өскемендегі қасқырлар «малява» жібергенге сені үлкен кісі екен десем, менен бақандай он жасқа кіші екенсің ғой.

– Кіші болсам он жылдан кейін теңесемін.

– Ол кезде мен таза шал болам деші. – Коля екі тізесін жартылай бүгіп, аяқ-қолын қалтыратып, таяқ ұстаған қарт кісінің кейпіне салды.

– Әй, балам, мені мына жолдан өткізіп жіберші. Көзім де көрмейді. Құлағым да естімейді. Тек жас қыздарға ғана «жарап» тұрмын.

Қалжыңдары жарасқан екеу қарқылдай күлді.

Лагерьдің қақ ортасында орналасқан бесінші баракқа жақындағанда Есен Коляға бұрылды.

– Алдаш деген кім?

– Алдаш – осындағы абыройлы жігіт. Негізі білесің бе, білмейсің бе, Екібастұз түрмесі көп уақыт «қызылдардың» ықпалында болған. Алдаш пен Лис бұл жүйеге көнбей өздері түрме ішінен «Алтын орда» деген ұйым құрған.

– Лис дедің бе?

– Ия, Лис. Аты – Валерий. Ол да өте мықты жігіт. Екеуі бірігіп бастаған, қазір «Алдын ордалықтардың» саны бес жүзге жетті. «Қызылдармен» теңестік. Ең бастысы тынысымыз ашылды. Бізде енді мүмкіндіктер көп. Енді түрме әкімшілігі бізбен санасады. Басқа амалдары жоқ олардың.

Алдаш – қырықтың мол ортасына кірген, түксиген қалың қабағы аяушылықты білмейтін қатыгездігін паш етіп тұратын ат жақты жігіт екен.

– Кел, Есен, жайғас. Өзіміздің жігіттерге әрдайым төрден орын дайын, – деді аман-саулықтан соң бос төсекті көрсетіп.

Есен жайғасып болған соң сөмкесіндегі екі қорап махорканы және бір пәшкі шайды ортаға қойды. Сонсоң «әзірге барым осы» дегендей айналасына қарады.

– Ой, азамат! Міне өзіміздің жігіт екені көрініп тұр. Бірден барын ортаға салды. Көпшіл екен өзі.

Сырттан екпіндей кірген жігіт Алдаштың жанына келді.

– Есен танысып қой, Валерий Лис.

Валерий – оқыған-тоқығаны көп, сотталғанға дейін комсомол ұйымында, аудандық атқару комитетінде әжептәуір қызмет атқарған жігіт. Ұйымның жоспарын жасап, түрме басшылығымен болатын әңгіменің сценарийін, қандай талап-тілек қоятынын Алдашқа айтып отыратын осы Лис екен.

– Есіңде тұт Есен, түрмедегі адам тек екі түсті ғана ажырата алады, – деді Алдаш махорканы асықпай орап жатып.

– Ақ және қара.

– Жоқ.

– Енді...

– Қара және қызыл.

Айналасы аз ғана уақыттың ішінде Есен түрменің өз адамы болып шыға келді.

***

Совет одағында бір ғана билеп-төстеуші орган – партия болса, түрмеде абсолютті билікке «жоғарғы элитаның» тіс қаққан қасқыр жігіттері мен түрме басшылығы қатар таласады. Түрме аумағында әркім өз ықпалын сақтап, дегенін жасау үшін барын салады. Екібастұз түрмесінде де бүкіл одақтың түрмелеріндегідей көзге көрінбес, айқайлап айтуға келмес жүйеге таласқан жасырын айқас жүріп жатқан-тын. Екі жақ та жеңіске жету үшін бар амалды жасап, түрлі тетіктерді іске қосуға шебер-ақ. Ықпалды күш билік өкілдерінде болғанмен түрмені өз үйіндей көретін «жоғарғы элита» қара тырнағынан қал кеткенше қасарысып бағады. «Қызылдар» көбейіп, бел алып кетсе бұлардың тынысы тарылып, сыртқы әлеммен алыс-берістері азайып, колония басшылығына сөздерін өткізе алмай қалады.

Кешелі бері Алдаш пен Листің көңіл күйлері нөлге тең. Жарты ғасырдан бері тек «қызылдардың» ықпалында болған Екібастұз түрмесі жылға жуық «қаралармен» санасуға мәжбүр болған. Олардың бар талап-тілегі жүзеге асты. Тіпті темекі, шай, ұсақ-түйек заттар сататын ларек тәулік бойы солар үшін ашық тұратын болды. Түрме басшылығы бұл сорақылыққа қорланып, терісіне симай жүрген.

«Бүкіл Одақ алдында масқара болдым» деп бұрқылдады кабинетінде түрмеге жаңадан тағайындалған Борис Петров. «Қайткен күнде түрмені өз бақылауымда ұстауым керек тырп еткізбей. Анау Алдаш пен Листің көзін құртам».

«Көзін құртам» деген Борис сөзінде тұрған екен. «Ертең Алдаш этаппен Сібірге айдалады» деген суық хабар лагерь ішінде желдей есті. «Алтын ордалық» жігіттердің еңсесі түсіп, көңілдері пәсейіп қалды. Бесінші баракта Алдаш пен Валерий Лис те осы мәселені талқылап отырған.

– Валера, – деді Алдаш айналасындағы жігіттердің ішінен әлдекімді іздегендей. – Жағдай осылай болып тұр. Енді осы жерге өзің бас көз бол. Жаныңа екі жігітті қосып берем. Солар саған көмектеседі. Ешқашан берілмеңдер «қызылдарға». Осы жүйені сақтап қалуға тырысыңдар. Олар сендерді сындыруға, бір-біріңе айдап салуға, араларыңа от жағуға тырысады. Алдаңбаңдар. Коля, Есен барсыңдар ма?

– Бармын, – деді Коля топ ішінен алдыға шығып.

– Мұндамын, – деді Есен екінші қабаттағы төсек үстінде малдас құрып отырған күйі.

– Екеуің де бері келіңдер. Бүгіннен бастап сендер Листің оң қолы мен сол қолы боласыңдар. Жігіттер, бәріңе айтам, бүгіннен бастап бір-біріңді қолдап-қорғаңдар. Басқа баракта тұратындар мүмкін болса жатын орындарыңды жақындатып алыңдар, топтасып жүріңдер.

Сол күні кеште ұйымның жігіттері арқаларын аяз қарығандай, жандары жабырқап жүрді.

Бористің бұларға арнап қойған сыйы бұнымен бітпепті. Листің Коля мен Есенге арқа сүйеп қайтадан абырой жинай бастағанын көрген түрме басшылығы Алматының Заречныйынан Шарый есімді зэкті алдыртыпты. Шарый да келе салып айналасына жуан жұдырық жігіттерді топтап, «қызылдармен» ауыз жаласып, билік үшін «Алтын ордамен» бәсекеге түсе бастады.

Шарыйдың әу бастан-ақ «Алтын орданы» тарату үшін Бористің шақыртуымен келген адам екенін бастапқыда ешкім білмеді. Жөні түзу жігіт боп «жоғарғы элитада» жүрді. Тек Есенге соның тым белсенді болып, көрінген тесікке тұмысығын тығып жүретіні күдік тудыра берді. «Тексеру керек артын» деп ойлады.

Бірде «нөлдік» этаппен Алматыға кетіп бара жатқан тұтқыннан Есен Павлодардың «ақ түрмесінде» бірге отырған Ақылжанға «малява» жіберді. Малявада «Шарый кім?» деген екі сөз ғана жазылған болатын. Көп ұзамай «тоғыздықпен» қайтқан этаптың бір жігіті Есенге Ақылжан жіберген «маляваны» ұстатқан. «Қызыл. Сенбеңдер» деп жазылған хатты Есен Валерий Лис пен Гарман Коляға оқытты.

– Бәсе, бәсе, осының арты таза емес екенін жүрегім сезетін, – деді Лис басын шайқап отырып.

Ертеңінде қызу қанды Коля Шарыйды бесінші баракқа кездесуге шақырды. Барактың төргі бұрышында Лис, Коля, Есен үшеуі жататын. Коля өз төсегінің астына жуан арматураны жасырып қойды.

Шарый кездесуге алқалы топпен келіпті.

– Шарый, жаныңа сенімді екі адамыңды ал да ішке кір. Іште үш адам ғана отыр. Қалған жігіттерің осында күтіп тұрады, – деді Жаңбырбай есіктің алдында талтайып тұрып.

Гарман Коля Шарыйдың алдына «маляваны» тастай салды. Хатты оқып шыққан соң Шарыйды түсі бұзылып, өңі өзгеріп бара жатты.

– Ты кумовка, сука! – деді Коля айқайлап. – Сен екі фронтқа да ойнап жүрсің.

Шарый қашпақ болып бұрыла бергені сол еді, Коля төсек астына жасырып қойған арматурасын суырып алып жіберіп ұрды. Арматура Шарыйдың басын жанай өтіп, иығы мен бұғанасына тиді. Сенімді деп еріп келген екі жігіті Шарыйдың сатқын болып шыққанына сене алмай, қимылсыз тұрып қалған. Орнынан тұра тапырақтай жүгірген Шарый сыртқа шыға «Құтқарыңдар!» деп айқайлады.

Бұл кезде бесінші барактың екі қапталын күзетшілер қоршап, Шарыйды құтқарып алуға даяр тұрған. Қарулы күзет дереу іске араласып, үлкен төбелестің алдын алып үлгерді.

Осы оқиғадан кейін Борис Петров Гарман Коля мен Валерий Листі алты айға камераға қаматты. Одан шықса этап күтіп тұрған еді екеуін. Ал Шарый болса өзінің армандаған «химиясына» шықты, Сібірдің бір колхозына еркін қоныстанушы болып жұмысқа жегілді. Екібастұз түрмесін дірілдетіп, басшылықтың ұйқысын қашырған «Алтын орданың» дәурені осылай аяқталды.

– Жұмановты да осы аптадан қалдырмай этаппен айдаңдар. Ондай басбұзарларға бұл жерде орын жоқ. «Калбит» деген сөзге бола Ленинградтан келген геологты ұрып өлтірген ұлтшыл ол, – деді Борис Петров кабинетінің терезесінен лагер ауласына қарап тұрып. – Қауіпті элементтен ертерек құтылу керек. Оған нацист деп «малява» жазып Сібір мұжықтарының талауына тастайық.

V

«Столыпиннің вагоны» аталып кеткен тұтқындар тиелген вагонды сүйреткен пойыз қос рельстің үстіне жатып алып ысқырып келеді. «Аса қауіпті» қылмыскерлерді арқалаған вагонның бұрышындағы темір тор камерада бір-біріне қарама-қарсы төрт тұтқын тамақтанып отыр.

– Картошкасы сасып кетіпті, – деді Жүнісбай. – Біздің ауылдың иттеріне берсең де жемейді-ау осыны.

Жүнісбай – Талдықорғанның тумасы. «Түрме академиясының академигі». «Кісі өлтіргем. Әкем қайтыс болғанда жаназасын шығарып бер деп колхоз шошқа бақтырып қойған молданы әкеп, абыр-сабыр боп жатсам, «Құдай жоқ, жаназа шығармаңдар» деп бригадир атпен келіп қоқаң-қоқаң етеді. Өлім үстіне атпен келіп қоқаңдап жүргені ұнамай тұрған. Табытқа сап жатқан әкемнің мүрдесін қамшымен бір салғанда мен де жарылдым. Жүгіріп үйге кірдім де, әкемнің қосауыз ескі мылтығын алып шығып, қақ маңдайдан басып салдым. Әлгі молдам ертесі бригадирдің де жаназасын шығарыпты. Өкініштісі, оның жаназасына мен қатыса алмадым. 14 жыл арқаладым. 9-ы бітті, 5-і қалды» деген кеше алғаш болып өзін таныстырғанда.

– Амал жоқ. Ішке ел қондыру керек. Тұздалған балықты жеймін десең жол бойы шөл қысады. Бұлар су бере қоймайды.

Бұны айтқан Аягөздік Кәкен еді. Кәкен 11 жылға сотталып, оның 7 жылын аяқтап қалған.

– Жаппай төбелес қой сол. Жігіттер қажет боп қалар деп наган жасап алған еді. Қызықтап мен де ұстап көрдім. Бірақ кім атқанын білмеймін, содан кісі жарақаттанды. Әке-шешеден тұл едім, детдомда жүрген, содан қарумен шабуылды сен жасадың деп іліп жіберді, – деген кеше таныстық үстінде. – Бұлары да дұрыс болған шығар, детдомнан кейін қайда барып күн көрем деп уайымдап жүр едім өзім де.

Бәрі ду күлген.

«Балқаштан келе жатырмын. Өзім Қызылорданың жігітімін. Колхоздың зоотехнигі баламды бір бөлмеге қамап, әйелімнің қол-аяғын байлап қойып зорлап жатқан кезінде үстінен түстім. Аң аулап, қанжығам қанданып келе жатыр ем оның үстіне. Ондай жарыместі несіне аяйын?! Тоғыз грамм қорғасын болсын жазасы дедім. Атым – Тыныш. 15 жыл алдым. 12-сін отырдым. Қалғанын өздерің есептеп алыңдар».

Үшінші тұтқынның сөз саптауы осылай өрбіген. Өзі тым салмақты, бақа басып кетсе де былқ ете қоймастың нақ өзі. Қазір де үнсіз ғана сасып кеткен картоп пен тұздалған балықты асықпай асап отыр.

Есен де өз басынан кешкендерін баяндап шыққан.

– Сенікі қай жағынан алсаң да ақтап алуға болатын қылмыс екен, – деді Аягөздік Кәкен тамсанып.

– Мен ғой қатынымның ары деп тырапай асырдым айуанды. Ал сен нағыз жігіт екенсің, інім.

– Біз сыртта, еркіндікте жүрген адамдар үшін ғана қылмыскер, маңдайына қара таңба басылған қанішер шығармыз. Ал түрмеде бәріміз бірдей адамбыз, – деді Жүнісбай. – Жігіттер, аталарымыз «Ат жақсысы – кермеде, жігіт жақсысы – түрмеде» дегенді бекер айтпаған. Пешенеге солай жазылған екен, одан асып қайда барамыз. Осы жерден аман-есен шығайық, сосын адам сияқты өмір сүрерміз өз қалауымызбен, өз жүйемізбен.

– Жүйе демекші, осы түрменің системасын кім, қашан шығарған өзі?

Кәкен «әлі жол ұзақ, әңгіме болсын жігіттер» дегендей үшеуіне кезекпен қарап шықты.

– Түрмедегі екі жүйені де СССР-дің билігі құрған. Оған күмәнің болмасын, – деді Жүнісбай жұлып алғандай. – Абақтыға қамалған мыңдаған адамды жеке-жеке басқару, тәртіптке көндіру оңай шаруа емес. Енді не істейді? Осы тұтқындардың ішінен көпке сөзі өтетін, өзі жауыздау, қажет кезде жазалай алатын, ақылы мен айласы қатар жүретін пысық жігіттерді топтап, әлгі қалың тобырды басқаруға қояды. Оларды сосын «верхушка» деді. Сол «верхушка» бүкіл түрмені ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайды. Ал түрме билігі әлгі «верхушканы» басқарып отырады. Рахат емес пе? Бүкіл түрмеге осы жүйе жайылды. Бірақ осы кезде «воровской закон» шықты. Нағыз «ворлар» түрме басшылығына бағынбай, түрме ішінде өзі жеке дара билік жүргізді. Жаңа жүйе орнатты. Басшылықты өздерімен санасуға күштеді. Осылайша бір кездері өз қолдарымен жасаған механизм биліктің өзіне бағынбай, қарсы жұмыс істей бастады. Ал бұны тоқтату мүмкін емес. Тек сұрағанын бер, жағдайын жаса. Ең бастысы түрмең тыныш, ұйқың қанық болсын.

– Е-е-е, мұның тарихы осындай екен ғой. Міне, гәп қайда жатыр, – деді Кәкен басын шайқап. Есен оның шын таңырқап отырғаны ма, әлде Жүнісбайды мазақтап отыр ма, арасын ажырата алмады.

Бірнеше сөткіден соң «Столыпиннің вагоны» Челябинскі қаласына кеп тоқтады. Бұларды баяғы «Воронокқа» тиеп алды да түрме қайдасың деп тартып отырды.

Өскемен мен Екібастұздың түрмесі айналайын екен ғой, Есен құқайдың көкесін Челябіде көрді. Каратиннен шыққанда жиырма бір тұтқынды бір бөлмеге кіргізіп, алдарына ақ парақ қағаз бен қалам тастады.

– Өз еріктеріңмен «ішкі тәртіп секциясына» қабылдауыңызды өтінемін деп түрме бастығының атына арыз жазыңдар. Таяқтан аман қаласыңдар, қарындарың тоқ жүреді, – деді қолына дубинка ұстаған күзетші әр адымын нығырлай басып.

Тұтқындар арасында гу-гу әңгіме басталды. Бір-екеуі қорыққаннан қолдарына қалам ұстай қалып еді жанындағылар оларды түртпектеп, «қажет емес» дегенді ұқтырды.

– Қолыңа қызыл лента тағып жүресің.

– Қызылдардың қатарына өтесің.

– Менттердің.

– Стукач боласың.

– Ешкі дейсің бе? Қой құрысын.

Тұтқындар қозғалмай тұрып алды.

– Жазбайсыңдар ма? Ендеше өз обалдарың өздеріңе. Алып кетіңдер мыналарды «Пентагонға».

Пентагон – ұзын дәліздің тұйықталар тұсындағы соңғы бөлме. Екі қабырғасында екі есігі бар. Біреуі – зонаға шығатын есік болса, екіншісі – «қауіпті аймақтың» қақпасы.

– Есен, – деді карантинде камерада бірге отырған семейдің жігіті сыбырлап. – Пентагоннан зонаға қарай шықсаң – мыналардың арызына қол қойған болып есептелесің. Ал «қауіпті аймақтың» есігінен шықсаң – бәрібір «қызылдарға» сатылғансың деп санайды.

– Сонда қай есіктен шығу керек?

– Өлсең де осында қал. Өздері камераға сүйреп апарып тастайды.

– Одан басқа жол жоқ дейсің ғой.

– Солай десек те болады.

«Пентагонда» қолына резеңке ұр-тоқпақ ұстаған төрт түрме қарауылы бір-бірден қабылдай бастады.

Ыңырсыған, шыңғырған, ойбайлаған дауыстар зәреңді ұшырып, иманыңды үйіртеді. Тап бір тұтқындарды тірідей сойып, еттерін іреп жатқандай. Есен мен семейлік Зұлпыһар ең соңында тұрған. Бір-біріне үрейлене қарап қойды. Сөйлеуге шамалары келмеді. Кірген адамдардардың ешқайсысы кері шықпады. Төрт жендет кезек-кезек, жабыла сабап, ұрып, соғып, бәрін «қауіпті аймақтың» есігінен шығарып жатыр екен.

Әлекедей жаланған күзетші келіп Зұлпыһарды сүйрей жөнелгенде ол Есенге қарап:

– Олармен төбелес, – деп айтып үлгерді.

Үш-төрт минут өткенде екі жендет шекесі жарылып, аузынан қып-қызыл қан аққан Зұлпыһарды дәліз бойымен сүйретіп камераға апара жатты.

Есен «Пентагонға» кірген бойда өзін дәл басынан ұрмақ болып оң қапталынан жақындап келе жатқан қарауылдың тамағынан тепті. Қарауыл сеспей қатты. Кескен теректей ұзынынан сұлап түсті. Бұл сәтте қалған екі жендет те келіп үлгерген екен. Енді үшеуі тұра ұмтылды.

– Аһ, сволоч!

– Сындыр «Калбитті!»

– Жағын айырып, көзін шығарыңдар!

Есен үсті-үстіне жауып кеткен таяқтан құлап бара жатқанын ғана біледі. Басы мен ішіне, қабырғасы мен «жанды жеріне» бірнеше тепкінің тигенін сезгендей болды. Ары қарай ештеңе есінде жоқ. Қап-қараңғы әлемге кірді де ғаламат жылдамдықпен зуылдай жөнелді...

Арада неше уақыт өткенін білмейді. Есен ақырын бір көзін ашты. Зұлпыһар бұның бетінен шапаттап отыр екен.

– Есеннннн.... Есееееееее..... Есіңді жи, Есен.

Екінші көзі қабағынан аққан қанмен қатып, ашылмай қалыпты. Есен қолымен көзін уқалап ұзақ отырды. Басы жарылған сияқты, ақырын қолын тигізіп көріп еді дуылдатып жіберді.

Жанындағы Зұлпыһарға қараған. Оның мұрыны далиып ісіп, бір жақ көзі бетін ала тұтас көгеріп кетіпті.

Есен ақырын жымиды.

– Панда болыпсың ғой, Зұлпыһар.

– Сен де токқа түскен тауықтай әбден жұлмаланып кетіпсің.

Екеуі кеңкілдеп күлді. Есеннің күлген сайын іші-бауыры езіліп, ішектері біртіндеп үзіліп жатқандай қиналды.

– Есен, – сол жақ қапталдағы камерадан бір дауыс. – Есен, мен ғой Жүнісбай. Көнбедіңдер ме?

– А-а-а, Жүнісбай аға, сіз де осындасыз ба?

– Ия, үшеуміз де осы жердеміз.

– Жоқ, көнбедік Зұлпыһар екеуміз. Қалғандарын «Запреткадан» шығарып жіберіпті.

– Жарайсыңдар!

– Ал сіздер ше, сіздерді ұрмады ма?

– Жоқ, Есен, олар бізге тиіспеді. Карантиннен соң бірден камераға қамады. Жігіттер, сендер дұрыс істедіңдер. Дұрыс жолда келе жатсыңдар. Осы беттеріңнен таймасаңдар сендерді кез-келген лагерьде сыйлайтын болады. Құрметке лайықтысыңдар.

Үш күн өткенде «Столыпиннің вагонында» серік болған үш жігітті этапқа салып алып кетті. Ал оның ертеңіне Зұлпыһар мен Есенді зонаға шығарды.

Тұтқындар кешкі тамақтарын ішіп болғаннан кейін жатын орындарына беттеді. Есен төсегіне келіп жайғасып жата қалғаны сол көзі ілініп кетіпті.

...Жасыбай көлдің қақ ортасына дейін малтап барып, қайтар жолда демі жетпей, аяғы тартылып қалыпты. Көл түбіне өзіне қарай тартып, иірімге батып барады екен... «Құтқарыңдар, құт...».

Танымайтын біреу жағасынан жұлқылап жатыр.

– Әй, бауыр, ұйқың неткен қатты еді.

Есен көзін ашып, терең тыныстап демалды.

– Не керек саған?

– Сені екінші баракқа шақырып жатыр. Тез жүр, – деді бейтаныс асықтырып.

Есен екінші баракқа келгенде жиыны қырық-елу жігіт өзара қызу пікір таластырып отыр еді. Есен төрдегі төсекке тіке тартты.

– Жалпыңа саламалейкум!, – деді сосын қолын кеудесіне қойып.

– Кімсің, балақай, қайдансың? – деді көкала мәйкі киген зэк бәкісін айналдырып отырып.

– Есенмін. Қазақстаннан келдім.

– О, атақты Шу алқабы.

– Бауырым, темекің жоқ па?

– Жақсы күлетін шығарсың, ия?

Есенді әңгімеге тартып отырған зэк қолын жоғарыға көтерді.

– Не үшін сотталдың?

– Өкімет кінәлі деп тапты.

– Сенің артыңнан «малява» келіпті. «Малява» болғанда да қызық. Біз бірнеше күннен бері ойланып отырмыз. Ол хатты ондағы «верхушкадағылар» емес, тура түрменің басшылығы жазған сияқты.

– Ол жерде «верхушка» қалмады.

– «Қызылдардың» қолына өтті ме түрме?

– Ия, бас көтерерлердің бәрін этаппен айдады.

– Е-е-е, бәсе, көрдіңдер ме жігіттер, менің де күмәнданғаным сол ғой. «Верхушка» «маляваны» бұлай жазбайды.

Көкала мәйкі киген орыс қолындағы бәкісін терезе жаққа сілтеп қалған. Бәкі ысқырған бойы терезе жақтауына қадалып қалды.

Бәрі ду етіп қол шапалақтады.

– Шалың мерген.

– Пышақ атудан чемпионат болса Арыстанға тең келер ешкім болмас еді.

«Арыстан» деп ішінен түйіп қойды Есен. «Демек, осы лагерьдің баскөтерері сен болдың ғой Ареке».

– Сонда не жазыпты онда?, – деді Есен Арыстанның ығына жығыла қоймай, дауысының өктемдігін сақтап.

– Не дегенде... сені ұлтшыл, орыстарды жек көреді, аямаңдар деп жазыпты. Қай статьямен отырдың? Не үшін?

Есен үнсіз қалды. Түрмеге түскелі бері ешкімге не үшін сотталғанын толық айтпаған екен. Жай ғана сырғақтатып статьясын, оқиғаның долбарын ғана сөз ететін. Ал енді мына жерде оқиғаны бастан-аяқ толық баяндап шығу керек секілді.

– Статьям 92, 2-ші тармақшасы «Өлімге әкеп соқтырған ауыр дене жарақаты», – деп бастады Есен әңгімесін. – Бәріміз өмір сүріп отырған жер шары – адамзаттың ортақ мекені ғой, оған кімнің таласы болсын. Алайда әр халық өзі өмір сүріп жатқан жерді жанын беріп, қанын төгіп қорғап қалды. Ішкі-сыртқы жауларымен шайқасты. Қаншама ғасыр сол мекенді қожайыны болып қызғыштай қорыды. Жылы жар төсегін құшпай, жайдары баласының қылығын көрмей қаншама ер-азамат өмірін ат үстінде өткерді. Мың-миллион бозбала сол бір қасиетті атамекен деп аталатын жерін қорғау жолында шәйіт болды. Оны бәрің де кәрі тарихтан жақсы білесіңдер...

Түрме – ақпараттың тез таралатын ортасы. Қоғамнан бір айырмашылығы, түрмедегі ақпарат түрленбейді. Бастапқы ауыздан қалай шықты, соңғы құлаққа сол күйі жетеді. Есен мұны жақсы біледі. Сондықтан оқиғаны түрлендірмей, өз жанына ештеңе қоспайбәрін баяндап шықты.

– Түрмеде ұлтқа, ұлысқа бөліну жоқ, балақай. Түрмеде бір ғана ұлт бар. Оның аты – адам. Қандай жағдай болмасын біз адам болып қалуымыз керек, жігіттер. Ерте ме, кеш пе бәріміз жасаған кінәміздің жазасын өтеп, бұл тозақтан да құтыламыз. Сонда социалистік ортада адамдығымызды сақтауымыз қажет. Онсыз малдан еш айырмашылығымыз қалмайды.

– Дұрыс айтасың, Арыстан, бірақ мен бұл жігіттің әрекетін қоштаймын өз басым.

– Қайда бармасаң да сол елдің қожайындарын сыйлауға тиістісің.

– Өзін-өзі жоғалтпай, осы кезге дейін өмір сүріп келе жатқан ұлттың бәрі құрметке лайық.

– Тыныш, тыныш, жігіттер. Шуламаңдаршы түге! – деді Арыстан қолын жоғары көтеріп.

Барак іші бір сәтке тынши қалды.

– Көрдің бе, балақай, бәрі сені жақтап жатыр. Демек сенің дұрыс адам болғаның. Сенің әрекетіңді бұрыс дей алмаймын өз басым. Бәлкім сенің орныңда мен болсам да, басқа болса да осылай жасар еді. Ол күмәнсіз. «Погонялоң»* бар ма өзіңнің?

– Жоқ, – деді Есен басын шайқап.

Барак іші тағы да шу ете түсті.

– Моңғол дейік.

– Ия, расымен де моңғолға түрі кеп тұр.

– Жоқ, жігіттер. Мен Мәскеу түбіндегі Бутырка түрмесінен келдім. Қазір Мәскеуді, күллі СССР-ді дірілдетіп тұрған «Монгол» деген жігіт бар. Нағыз «вор». Әкесі – чуваш, анасы – қазақ болса керек. Сондықтын да Есенді Монгол деуге келмес. Басқа лақап ат табыңдар, – деді қолындағы қалайы кружкадан сораптап чифир* ішіп тұрған еңсегей бойлы жігіт.

– Робин Гуд дейік ендеше.

– Қайдағы Робин Гуд. Ол байларды тонап, оны кедейлерге таратып берген ғой.

– Әй, мейлі кімді тонаса да, ең бастысы әділдік үшін күрескен ғой.

– Бунтарь дейік одан да.

– Сендердің бұрынғы билеушілеріңді не деуші еді, сұлтан әлде хан? – деді Арыстанның жанында отырған сары тісті жігіт ағасы.

– Мен қарапайым қазақпын. Еліме еге, жеріме қожайын болғысы келгендерге қарсы шықтым. Білекке көрсеткенге жүрек көрсеттім. Бары сол, – деді Есен.

– Онда сенің погонялоң «Қожайын» болсын. А, Арыстан, қалай ойлайсың? Кезінде осы дала түгелдей Шыңғысханның, «Алтын орданың» қоластында болды ғой. Осылар қожайын болмады ма жер бетіне.

– Тамаша!

– Әдемі ат. Бірақ тарихты араластырмай-ақ қой.

– Несі бар, – деді Арыстан басын қисайтып. – Меніңше жаман емес. Халқыңның намысын қорғаймын, жеріме өзім қожайын болам деп төбелесіпсің. Жарасады. «Қожайын» болсын.

Енді әр жерден жылы лепестер естіле бастады.

– Қош келдің, «Қожайын»!

– Сен енді өзіміздің жігітсің.

– Қай баракта жатырсың, «Қожайын»?

– Жетінші баракта.

– Жетіншіде кімдер бар бізден? – деді Арыстан айналасындағыларға сұраулы жүзбен қарап.

– Мен бар, Таз бар, Керең бар, – деді бір көзі жоқ арық жігіт. – Және «борец» бар.

– Жарайды, жігіттер. «Қожайынға» бас-көз болып жүріңдер. Анау «қызылдар» шайға шақырып алып жүрмесін.

– Түсіндік, Арыстан, – деді дембелше келген құлағы мыжырайған жігіт.

«Борец» деген сен боларсың шамасы» деп ойлады Есен.

– Ал, жақсы тараңдар.

– Арыстан, – деді Есен орнына тұра бере. – Сізге бір өтінішім бар еді.

– Құлағым сенде, айта бер.

Орындарынан көтеріле берген топ жігіт тоқтап қалды.

– Өткенде жиырма бір адамды «Пентагонға» тықты. Ешқайсысы арыз жазған жоқ.

– Бұл жерде мүмкіндігінше абайлап сөйлеу керек, «Қожайын». Әр сөзіңе жауап беруге тура келеді.

– Оған кепілдік бере алам, Арыстан. Сол жиырма бірдің он тоғызын ұрып-соғып «запреткадан» бір-ақ шығарды. Зұлпыһар деген жігіт екеуміз ғана қарсыласып, төбелесіп, қайтадан камераға түстік. Енді қазір сол он тоғыз жігітке көзқарас дұрыс емес мына жерде.

– «Запреткадан» шығу – қызылдармен келіскенмен бірдей, «Қожайын», түсін.

– Олар өз еріктерімен шықпады ғой «запреткадан». Амалсыздан, сүйектеріне таяқ өтіп кеткен соң ғана шықты.

– Енді сенің ұсынысың қандай?

– «Запреткаға» қатысты ұстанымды қайта қарасаңыздар. Олардың бәрін «қызылдармен» келіскен деп қабылдасаңдар, шеттете берсеңдер ертеңгі күні олар амалсыз «қызылдар» жағына өтпей ме? Сөйтіп «қызылдардың» қатары көбейе бермей ме?

– Ойыңды түсіндім. Жарайды, жігіттермен ақылдасайық. Дегенмен жақсы ұсыныс. Естідіңдер ме, жігіттер?! «Запреткадан» шыққандарға әзірге тиіспеңдер. Дұрыс қарым-қатынаста болыңдар. Ойланып көрейік. Ал енді боссыңдар.

Топ тарқай бастады. Арыстан Есенге қолын ұсынып, құшақтады.

– Дегенмен, етің тірі жігіт екенсің. Мінезің нағыз «воровской». Бізге сендей қасқыр жігіттер қажет-ақ, – деді арқасынан қағып.

Есен сыртқа шыққанда оны есік алдында бір көзі жоқ арық жігіт пен бойының ұзындығы мен иығының ені бірдей тапал жігіт күтіп тұр екен.

– Жүр, «Қожайын». Қатарға қосылуыңды атап өтейік сенің, – деді «борец».

– Менің атым – Антон. «Погонялом» – «Мерген». – Бір көзі ағып кеткен арық жігіт таныстық білдірді. Артынша «Борец» қолын ұсынды.

– Мен – Магамедрасулмын. «Борец» дей бер.

Бұлар жетінші баракқа келгенде Зұлпыһар «Правда» газетін оқып жатыр екен.

– Қалай, Есен, «верхушканың» әңгімесі дұрыс па? – деп сұрады Зұлпыһар Есенді көрген бетте. Тағатсыздана күтіп отырғаны сөзінен аңғарылып тұр.

– Алғашқы кездесу үшін жаман емес. Газетті қайдан алдың?

– Жігіттерден.

Зұлпыһар иегін көтеріп, келесі қатарда дуылдасып отырған мұжықтарды нұсқады.

– Газет оқитының бар ма еді?

Есен малақайын шешіп төсегінің үстіне тастай салды.

– Жоға да, махорка орау үшін керек боп қалар дегенім ғой.

Сәлден соң бұлардың жанына қолдарында целлофанға салынған чифирьі бар «Мерген» мен «Борец» келді...

VI

Барак іші тас қараңғы. Әр жерден тұтқындардың ұйқысырап ыңыранған, тістерін қайрап, біреудің атын атап, біреуді балағаттап сөйлеген дауыстары естіліп қалады. Зұлпыһар манағы чифирьдің уытты әсері бойына тарасымен бірден ұйқыға кетті. Есеннің жүрегі қағып, жатса басы айналып, амалсыз төсегінің арқалығына сүйеніп ойланып отырды.

Есен көзі жұмулы болса да түйсігімен сезінді. Төсегінің аяқ жағына біреу келіп жайғасты. Ақырын көзін ашты: сағымдай бұлдыраған баяғы «елес».

«Е-е-е, тағы да келдің бе «елес»? Көптен көрінбей кетіп едің», – деді Есен ойша тіл қатып.

«Жағдайың жаман емес сияқты, жолдас Жұманов», – деді елес бұның санасына кіріп алғандай күңгір-күңгір етіп.

«Түрмеде жатқан тірі өлік, көрге кірген шын өлік. Жағдайдың несін сұрайсың...».

«Вот, мен сені еш түсінбеймін. Түрмеде жатыр екем деп, қол қусырып отыра бермексің бе енді? Ел қатарлы жұмыс істе. Өкімет берген норманы орында. Социализмнің жарқын келешегі үшін сен де еңбек сіңірсеңші. Батыс елдері екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз жүр. Жағдайлары адам төгісіз. Ал сен өкімет беріп тұрған дайын жұмыстан қашасың. Осың дұрыс па енді, айтшы, қане?».

«Қайдағы жарқын келешекті айтып тұрсың, елес?».

«Әлемдегі ең алпауыт елдің, қуатты ядролық қаруы бар СССР-дің келешегі кемел болатынына күмәнің бар ма, сонда сенің?».

«Сен сотталып көрген жоқсың, геолог. Түрменің өмірі социалистік жүйемен еш үйлеспейді. Бұл жердің өз заңы, өз тәртібі, өз ұғым-түсінігі бар».

«Солай-ақ болсын. Сонда қарапайым Совет адамы еңбек етпесе мына жасампаз қоғамды қалай ұстап тұрмақпыз сеніңше?».

«Жасампаз қоғамды әр халық, әр ұлт өз еркімен, өз қалауымен құруы тиіс».

«Совет халқы осының бәрін біреудің зорлауымен істеп отыр демексің бе?».

«Совет халқын білмеймін, ал қазақ елі дәл мұндай зобалаң заманды аңсамағаны анық. Құлдыққа жегіліп жұмыс істегенді армандамаған болар...».

Елес зуылдап ұшып ұйқыда жатқан «промзонада»* жұмыс істейтін бес-алты тұтқынның көрпелерін ашып тастады. Өзі ашуға мініп алғандай.

«Сонда мына жатқан Советтік еңбек азаматтарының бәрі ақымақ па? Жоқ, ең бастысы олар шындыққа сенеді. Көзің көріп тұрған ақиқатқа сене білу керек кеудеңде жүрек болса».

«Әркімнің өз шындығы бар, геолог. Жеке басыңда билігің болмаса шындықтың өзі өтіріктей мың құбылып көрінеді».

«Билікке, абыройға ұмтылып береке таппайсың. Бәрібір партиядан асқан құдірет жоқ».

«Партияң тек бостандықтағылар үшін екен, елес. Бұл жердегілер партиясыз да өмір сүре алады».

«Қателесесің, Есен. Партия қайда болса – жеңіс сонда».

«Жеңіс деген немене, геолог? Жеңіс деген – бар болғаны шартты ұғым. Ол өмірдің мәні емес, бақыт емес».

«Бақыт іздеп жанықпай-ақ қой. Тағдыр өмір кітабын сен сияқты нақұрыстың қолына тапсырып қойған. Өкінішті әрине».

«Өмірді сен сияқты өктемдік құру деп түсінетіндер тағдырының кітабын өзі ертерек жауып тастайды, елес».

«Өкімет болмаса, темірдей қатал тәртіпті партия болмаса бет-бетіңмен бытырап, баяғы жабайы өмірлеріңе қайтып барайын деп тұрсыңдар ғой сендер. Брежнев жолдас иіні жұмсақ адам, сендерге тағы бір Сталин керек».

«Өкімет деген адамдардың тағдырын шахмат тақтасына салып ойнаушы құбыжық. Біз өкімет үшін бар болғаны өз арманын жүзеге асырар құралмыз, геолог».

«Түрмеде сен сияқты қолынан ештеңе келмейтін, қоғамға еш пайдасы жоқ, көзге шыққан сүйелдей сүйкімсіздер жиналған екен».

«Жоқ, елес, қателеспе, түрмеде өмірдің өктемдігіне көнбегендер, тағдыр кітабын өз бетінше жазғысы келгендер отырады».

«Әй... сенің-ақ пәлсапаң таусылмайды екен. Өктемдікке көнгің келмесе сөзің өтетін, бостандық аңсап жүрген жандарды жина да түрмеден қаш...».

«Мазамды алмашы, геолог. Кетші болды!» деді көзі ілініп-салынып.

Келер сәтте Есеннің басы салбырап, кірпіктері желімденіп қалың ұйқы құшағына сүңгіп кетті.

***

Төсегінің жанындағы тумбаға түскі асын қойып жатқан шнырь* Есенге әлдене айтпақ болып жалтақтап қарай берді.

– Айта бер, – деді Есен зілсіз үнмен.

– «Қожайын», саған «мамаша»* келіп тұр.

– Не керек екен оған?

– Білмедім ол жағын. Сөйлескісі келеді шамасы.

«Мамаша» – оныншы барактағы қызтекелердің басшысы.

– Кірсін.

Қасы-көзін қынамен бояған, белі жуан «бұраңбел» Есеннің тап алдына келіп талтайып тұра қалды.

– О-о-о, асың дәмді болсын, «Қожайын»!

– Не керек, тез айт та шығып кет.

– Неткен қатал едіңіз. Әйел қауымына қатты сөйлеуге болмайды.

– Оны маған айтпай-ақ қой.

– А-а-а, сіз азиат екенсіз ғой. Білем-білем, сіздерде әйелді – адам қатарына қоспайды. Сосын күн сайын сабап тұрады емес пе?

– Не шаруамен келдің, бір минут уақытың бар.

– Қазақ, бізге шай мен темекі керек.

– Шәй мен темекі бұл жерде бәріне керек.

– Есесіне мен саған бес «қыз» әкеп берем. Қалағаныңды таңдап аласың. Қазір етік тігетін бөлме де, от жағар да, монша да бос тұр. Қашанғы ашуланып жүресің, бір уақ көңіл көтерсеңші.

Есен тумбочкасын ашып, ішінен үш-төрт қорап шай мен махорка салынған целлофанды шығарды.

– Мә, мынаны ал да тайып тұр. Екінші бұл жерге жолаушы болма.

– Рахмет, «Қожайын»! Ал, «қыздар» ше?

– Есіңде тұт, «мамаша», мен – мұсылманмын.

– А-а-а, магометанец, біздің «қыздар» сендерге қатты қызығады. Ұшы кесілген дей ме сендердікінің.

Есен «мамашаға» ызбарлана қарады.

– Қазір мынадан да айырылып қаласың. Беріп тұрғанда ал да, жөніңе кет.

– Түсіндім, түсіндім, «Қожайын». Көп рахмет! Сен нағыз джентельмен екенсің, қолың ашық. Пока, пока!

«Мамаша» маң-маң басып сыртқа беттеді.

– «Қыз» керек болса хабарын бер, сен үшін кез-келген уақытта дайынбыз.

Есен үшін бір түсініксіз әлем – осы қызтекелер болатын. «Еркек қалай өз табиғатынан жерінеді?» деп ойлайтын бұрнағы кезде.

– Шетелдерде еркек – әйел болып, әйел қаласа еркек болып жынысын өзгерте алады екен, – деген Арыстан бірде чифирь ішіп отырғанда Есенге.

– Адамзаттың ақыл-ойы толысқан сайын айуани тірлікке бір табан жақындай түсетін секілді ме? – деді Есен лас әрекетке лағынет айтқандай жиіркене сөйлеп.

– Қайтесің енді, әйел затының дәмін татып қалғандар шыдамайды да. Он бес, жиырма жыл еркіңнен тыс темір тордың ішінде отыру – жүйкеге салмақ, еркектікке зиян. Соның орнын толтырғысы келетін шығар.

– Өзің барып көрдің бе, Арыстан?, – деді Есен езуіне күлкі үйіріп.

– Жоға, о не дегенің, мен графтың тұқымымын, «Қожайын». Өлсем бармаспын ондай жағдайға. Бірақ барып жатқандарға түсіністікпен қараймын. Адамның таңдауына құрметпен қарау керек.

– Әй, білмеймін, құрметпен қараймын деп өтірік айта алмаймын, – деді Есен жымиған қалпы басын шайқап. – Еркек – әрдайым еркек боп қалу керек менің халқымның түсінігінде.

– Баласың ғой, «Қожайын». Сен әлі өмір көрмедің. Адам басына түссе бәріне көндігеді. Кеудеңнен шыбын жаның ұшып кетпейінше қорлық-зорлыққа да, дүниенің бар сұмдығына да шыдайсың.

– Ертең еркіндікке шыққан соң қалай жер басып жүреді осылар? Қатын-баласының бетіне қалай қарайды?

– Еркіндікте жүргендердің бәрі – маскалы адамдар. Олар өздерінің шынайы бейнесін көрсетуге қорқады. Тіпті адам өз ойынан өзі шошиды. Бірақ ешкімге білдірмейді. Сондықтан босап шыққан соң бұлар да бір-бір маска киіп алып өмір сүре береді. Адам қашан да ортасына бейімделгіш қой, «Қожайын». Айтпақшы, іштегілерге қажетті заттарды жөнелттің бе?

– Ия, сұрағандарын жеткізіп бергенбіз.

Челябі – танкі жасаумен аты шыққан қала. Танктің бірнеше бөлшегін жону осы түрменің еншісіне тиген. Тұтқындар үш ауысыммен жұмысқа шығады. Өкімет жарты айлықтарын ұстап қалады, ал қалған жарты еңбекақыларына тұтқындар түрме ішіндегі ларектан көптеп өздеріне керек-жарақ заттарын алады. Оның ішінде темекі мен шай міндетті түрде жүреді. Ортақ қазан – «общакқа»* шай мен темекі тапсыру – тұтқындардың бұлжымас тәртібі, атамзаманнан келе жатқан үрдіс. Есен «общакқа» жиналған заттарды «БУР»* мен ішкі камераларға жөнелтіп отырады.

– Жақсы, іштегі жігіттерді ренжітіп алып жүрмейік әйтеуір. Жігіттерің ПКТ* мен БУР-дағыларыға не қажет екенін сұрап отырсын. Ал, қызтекелерге аса мән бермей-ақ қой, «Қожайын». Көңіл бөлуге тұрмайды.

Есен содан бері қызтекелерге таңғалуды қойды. «Өздеріне жақсы болса, жүре берсін» деген ұстанымға бекіген.

Түс ауа Есеннен маза кетті. Көңілі алабұртып, өмірінде бір үлкен өзгеріс болатындай, не өзіне қатысы бар адамдардың бірінен жаңалық келетіндей жүрегі өрекпіді.

Есен ес білгелі өзінің түйсігіне қатты сенеді. Бала кезінен өзіне қатысы бар оқиғаны түйсігімен сезінетін. Және де түйсігі оны ешқашан алдаған емес. Әскерде жүріп әкесінің қазасын еститін күні де жүрегі бір сұмдықты сезгендей қатты қағып тұрып алып еді. Бүгін де я бір қуаныштың, я бір қайғының болатынын сезетіндей ме жүрегі?...

Есеннің шақшадай басы шарадай болды. Күткен жаңалығы бола қоймады. Түнгі ұйқысы да тыныш болмай, жайсыз түстер көріп қайта-қайта оянып кете берді. Тек ертесі ғана түс ауа «осы мені анам іздеп келген жоқ па?» деген ой қылаң берді. «Расымен де? Үйдегілердің біреуі іздеп келді-ау». Кездесуге емін-еркін шығып жүрген жігіттердің біреуін шақырып алып:

– Сыртта маған келген адам бар ма екен, біліп келші, – деп жұмсады.

Арада бір сағат өткенде жіберген жігіті баракқа ентіге жетті.

– «Қожайын», сені анаң мен Ғайниден деген ағаң іздеп келіпті. Түрме басшылығы Жұмановқа сот туыс-таныстарымен кездесуге рұқсат етпеген деп ішке кіргізбепті. Бірақ мен өзіміздің канал арқылы ол кісілердің саған әкелген сауқатын жеткіздім. Міне, – деді дауысына бір істі бітірген қуанышты леп араласып.

Есеннің тамағына ащы өксік тығылды. Жер түбінен аңырап жеткен анасының ай дидарын көре алмай, көңіл шіркін жетімсіреп жылайды. Темір тікенектің арғы бетінде аруана боздап ол отыр. Сол түні түрменің темір тікенегіне байланған анасының көз жасы Есеннің жүрегіне бойлағандай, іштегі шерін қозғағандай, Сібірдің тағы сібірлеп атқанша көзі бұлақтай жылтырап жатты...

***

Жаздың қапырық түнінде шырт ұйқыда жатқан тұтқындар дабыл даусынан шошып оянды. Ұйқыларын аша алмай, дел-сал болып жатқанда баракқа бірнеше жұмысшы ентігіп кірді.

– Сайтан алғыр, тағы не боп қалды?! – деген дауыс шықты алыстан.

– Жігіттер, киініңдер. Тексеріс болады қазір, – деді баракқа бірінші кірген жұмысшы.

Есікке жақын тұрған төсектегі тұтқын самарқау тіл қатты.

– Тыныштық па?

– Түрмеден екі адам қашты.

– Біздің сменнен.

– Өндіріс тоқтады, – деді төрт-бес жұмысшы жамыраса сөйлеп.

Осы кезде барак алдына күзетшілер келіп жетіпті.

– Барлық тұтқын плацқа шықсын! – деген зор үн естілді дауыс зорайтқыштан.

– Кімдер екен қашып кеткен?

– Аман-есен құтылып па?

– Біздің барактан емес пе әйтеуір?

Ұйқыларын қимай амалсыз киіне бастағандар жұмысшы тұтқындарға сұрақтарын жаудырды.

– Біздің барактан емес.

– Кім де болса бастары істейді екен. Цехтің үстіне шығып, сырттан кірген электр сымымен пластмасса ролик арқылы сырғанап отырып, гараждың үстіне секіріп түсті біріншісі. Роликті жіппен байлап қойыпты. Екіншісі оны кері тартып алды да, ол да төмен қарай сырғанай жөнелген. Сол сәтте оны күзетші көріп қалып, автоматтан оқ жаудырды. Тиді ме, тимеді ме, білмейміз. Ол да сырттағы гараждың үстіне құлады.

– Оқ тиген секілді. Өйткені гаражға жетпей құлағандай көрінді маған.

Үрейлі тұтқындар барак алдындағы алаңға үш қатар болып тізіліп тұрды. Сол түні «Жилзонадағы»* он барактан жиыны мың жарым адам таңға дейін екі қайтара түгенделді.

Таңға жуық тарқаған тұтқындардың бар әңгімесі екі қашқын туралы болды. Бірінші тұтқын қашып құтылғанмен, екіншісі күзетші атқан оқтан жантәсілім етіпті.

Есен төсегіне кеп жатқанмен, ұйқысы келмеді. Жастығының астына қол жүгіртіп, кеше келген хатты суырып алды. Хатты ұстаған қолы дірілдеп, асығыс оқи бастады.

«Қалың қалай, Есен? Денсаулығың дұрыс па? «Жағдайың жақсы ма?» деп сұрау да ыңғайсыз секілді. Ең бастысы жаның жабырқамай, болашақтан үмітің үзілмей аман-сау жүріп жатқан боларсың деп сенемін, Есен.

Бізге келер болсақ, бәрі қалпынша. Мен сол «Біржанкөлдемін». Ауылда аса бір үлкен жаңалық жоқ. Папам мен мамам жұмыстарында. Сен кеткен алты жылдан бері ауылда кино қойылмайтын болды. Ғайниден аға мен жеңгеміз де аман-сау шапқылап жүр. Менің саған хат жолдайтынымды естіп, келіп дұғай-дұғай сәлем айтып кетті.

Айтпақшы Есен, баяғыда екеуміз ауыл шетіндегі көл жағасына жиі барушы едік қой. Сен «мына көлді неге «Біржанкөл» деп атаған?» деп сұрағаның есіңде ме? Соны жақында папамнан сұрап білдім. Бұрынырақта, осыдан жүз шақты жыл бұрын болса керек, біздің ауылға Көкшетау жақтан атақты Біржан сал деген әнші келген екен. Көл жағасына үй тігіліп, Біржан сал ауыл-аймақты әнге бөлеп, елдің ыстық ықыласын алыпты. Біржанның өнеріне тәнті болған ауыл ақсақалдары мен игі жақсылары осы көлді Біржан салдың атымен атаған екен.

Бұны айтып отырған себебім, жақында түс көріппін. Екеуміз «Біржанкөлдің» үстінде қайықпен серуендеп жүр екенбіз. Кенет көл үстінде дауыл тұрып, біздің қайықты шайқап жіберіпті. Екеуміз жағаға жете алмай жанталасыппыз. Сөйтсек, қайықтың ескегі жоқ екен. Дауыл қайықты тұңғиыққа итеріп бара жатыр. Мен қорқып, шыңғырып жылап жіберіппін. Сен мені жұбатып, суға секіріп түсіп, қайықты арқанмен жағаға қарай сүйреп барасың. Мен таңғала қарап тұрдым. Өйткені, сен суға батпай, көлдің бетімен жүріп бара жатыр екенсің. Сен «Қымбат, қорықпай түс. Бұл көл екеумізді батырмайды» дейсің. Мен аяғымды суға тигізіп көріп, қайтадан тартып алам. Көл жағасында өскенмен, судан қатты қорқатын едім. Содан мен отырған қайықты сүйреп жағаға жеткіздің. Осы кезде дауыл да тоқтап, көл беті дым болмағандай тыныштала қалған екен. Сөйтіп жатып оянып кеттім. Түсімді әжеме жорытып едім, «Есенің аман-есен оралады. Басына түскен қиыншылықтың бәрін жеңіп шығады екен. Рухы өлмепті»деді. Мен де жақсылыққа жорыдым. Екеуміз қыдырған көл жағасына жиі барам. Сені есіме салып тұрады «Біржанкөл». Мен сені қатты сағындым, Есен. Екеуміздің қол ұстасып, көл жағалай қыдырып жүрер күндерімізді ойлаған сайын бақыттан басым айналып, жанымды қоярға жер таппай кетем. Сол күнге тезірек жетейікші. Сен аман бол, жаным!

Бетіңнен сүйдім. Сенің Қымбатың».

Есен екі беттік параққа жазылған хатты кешелі бері он қайтара оқып шыққан болар, әр оқыған сайын түрлі күйге түседі. Дәл қазір жүрегі кеудесінде асыр салып ойнақтап жүргендей, арқасына қанат біткендей: Сарыарқаның кең алқабын, Баянауылдың Ақбеттауын, Жасыбай мен Біржанкөлдің жасыл құрағын армансыз аралап жүрді...

VII

«Түрмеден қашу оқиғасы» тіркелгеннен кейін «Челябі еңбекпен түзеу мекемесінде» жылға жуық қатаң тәртіп орнады. Түрме басшылығы мен ішкі тәртіпті, жалпы жүйені бақылайтын тұтқын жігіттер арасында бірнеше мәрте өзара келіспеушілік орын алды. Түрме ішінен береке кетті. Басшылық жағдайды толықтай өз бақылауларында ұстауға шындап кірісті. Әуелі Арыстанды Эстонияға, сосын Есенді Печораға этаппен шығарып салды. Өзге де баскөтерерлерді шілдің боғындай шашыратып, ту-талақайларын шығарды.

Есен Коми АССР-іне қарасты Печора қаласына қазан айының ортасына келді. Қаланы қалың қар басып қалыпты. Ну жынысты орман. Тып-тыныш жатқан тайга. Ақ қайыңы мен қарағайы, жасыл шыршасы бітік өскен орманды алқап. Биік-биік самырсыны күннің көзін көлегейлеп көрсетпейді. Солтүстік мұзды мұхитына таяу орналасқан жатаған ескі қала Есенді сақылдаған сары аязымен қарсы алды.

Карантиннен шыққан Есенді бірден түрме бастығы өзіне алдырды.

– Жұманов жолдас, жұмыс істейміз бе?

Қабағы түксиіп, басын иығына қондыра салған төртбақ денелі толық басшы еріне сөйлейді екен.

– Жоқ, істемеймін.

– Білем, білем, естуімше сен беделді тұтқынсың.

– Кете беруге рұқсат па, жолдас бастық?

– Қайда асығасың, тұтқын? Солтүстік шұғыласы дегенді естіп пе едің? Печораның күні де – күн, түні де – күн. Асықпа. Мүмкін ойланып көрерсің, а? Бізде де норма деген бар, жанымызды қуырып бара жатқан. Үлгере алмай жатырмыз соған.

– Ойланатын түгі де жоқ.

– Ех, жігіттер. Сендерді түсіне алмай-ақ қойдым осы.

Қалың қабақ таусыла сөйледі. Тайгадағы тыныш өмір, қызығы жоқ қу тіршілік қажытқаны қусырылған жүзінен байқалады.

– Жарайды, жұмыс істемеймін десең өзің біл. Бізге де тыныштық керек. Күзетші, алып кетіңдер!

Есен есіктен шығып бара жатқанда қалың қабақтың құмығыңқы дауысы естілді.

– Он бес күндік ШИЗО-дан аман шықсаң, ойланып жатсаң хабарын бер, дәнеркерлеуші жетіспей жатыр бізге. Өзіміз үйретіп аламыз.

Түрме тәртібіне көнбегені үшін он бес күнге қамаған камерасы бетон қабырғасына сібірдің бар суығын сіңіріп алған қуықтай орын. Ені екі, ұзындығы бес-алты метрге жуықтайтын, жылу жүйесі жоқ, аяз азынаған ашық терезелері темір тормен қоршалған түрме-тозақ.

Есен мына суықтан аман шықпасын екінші күні жақсы түсінді. Жатар жер де жоқ, табан асты – тас еден. Әуелі мәйкісін шешіп, екіге бөліп жыртты да, ашық тұрған терезені қымтады. «Үнемі қозғалыста болу керек» дейді ішкі түйсігі. Күнделікті әдетіне айналған дене жаттығуларын енді асықпай, баппен, ұзағынан жасады. Бойы жылынып, ес жиғандай болды. Күзетші әкеп берген ботқа мен үш жүз грамм нан әжептәуір ас болды. Енді бойын ұйқы билеп, қалжыраған тәні тыным тіледі. Есен тас еденге жүрелей отырып, екі шынтағымен жер тірей, басын алақанымен ұстаған күйі ұйқыға кетті.

Тас-түрменің үшінші күні Есеннің жанына еңгезердей тұтқынды әкелді.

– Ішің пыспайтын болды. Бір-біріңмен әңгімелесіп отырыңдар енді, – деді қарқылдай күлген күзетші.

Есеннің жүзін суық сорып, жанары өлеусіреп бара жатты.

Печора түрмесінің сөткісіне бір беретін бүгінгі тамағы қайнаған қара су. Суық еміп отырған тұтқынға бұл да болса талғажау екен. Есен әуелі ыстық суды сіміріп алды да, артынша ып-ыстық қалайы тәрелкені құшағына басып отыра қалды. Бойына жылу жүгіріп, тамырлары бүлкілдей жөнелді.

Көзі ілініп кеткен екен... Түс көріпті.

...Жабайы жидесі мен тораңғысы, қарақаты мен қарағашы ұйыса өскен өзен бойында бала Есен жалғыз отыр екен. Ұйқыдан тұрғандай айналасына таңырқай көз салады. Кенет бойын қорқыныш билеп, үрей құшақтай алды.

– Әке!– деп шыңғырды бала Есен.

Орнына атып тұрып, өзенге қарай жүгірді. Әкесі көрінбейді.

– Әке, қайдасыз?!

Бала Есен орман ішінде аласұрды. Ары да жүгірді, бері де шапқылады. Шет-шегі жоқ ну жыныс. Тікенекті ағаштар бетін жырып, киімінің дал-дұлын шығарды. Үш-төрт мәрте сүрініп құлап, тізесін қанатты. Ақыры өкпесі өшіп, демі таусылды.

– Әке-е-е-е-е!... Қайда тастап кеттіңіз мені, әкешім?!...

Аспанға қарап еді ағаштар шыр көбелек айналып, зырылдай жөнелді.

– Тұр, балам, тұр! Сенің жолың бөлек. Өмір жолың осылай бұралаң болады, балам. Бәріне шыдауың керек. Төзуің қажет.

– Сәл жата тұрайыншы, әке. Сізді іздеймін деп қатты шаршадым.

– Тұр, тұр!

Есен оянып кетті. Жаңадан келген көршісі дірдек қағып, бұның иығынан түртіп отыр екен.

– Бауыр, тұршы, сөйлесейік, – дейді көгеріп кеткен көршісі.

Есен құшағында мұздай боп тұрған тәрелкесін бұрышқа лақтыра салды.

– Атың кім сенің?

–Женя! Палагутин Евгений Александрович!

– Женя, саған бұлай бүрісіп отыра беруге болмайды. Үсіп өлесің. Қимылдау керек.

– Жақында өлетін сияқтымын өзі де.

– Қайдағыны айтпа. Сол үшін қимылдау керек. Бұл жерде бір күн ботқа, екінші күні құры қайнақ су беріледі. Организміңді соған үйрет. Күшіңді сарқып алмай, қимыл-қозғалыста болсаң суықтан аман шығасың.

– Үйрене алмаймын-ау соған, бауырым.

– Біздің елде «үш күннен соң тозаққа да үйренесің» деген мақал бар. Менің жасағандарымды қайталап жасай бер. Сосын екеуміз кезектесіп ұйықтаймыз, міне былай.

Есен тізесін тас еденге төсеп, жүрелей отырды да, екі шынтағын жерге тигізді.

– Осылай ғана ұйықтау керек мына жерде. Әйтпесе бауыр-бүйректен айрыласың. Ұқтың ба?

Женя «ұқтым» дегендей бас изеді.

– Үш сағаттан артық ұйықтамау керек. Әйтпесе суық сүйектен де өтіп кетеді. Қай жақтан келдің өзің?

– Украинадан. Житомирде туғам.

– Не үшін отырдың?

– Жала жапты. Әйелім мен енем өгей қызымды зорлады деп үстімнен арыз жазып жіберді.

Женя кемсеңдеп жылап жіберді. Езуінен көбігі ағып, аз-кем үнсіз отырды да әңгімесін жалғап әкетті.

– Мені қойшы, еркекпін ғой. Бәріне шыдармын. Анау кішкентай ботақан қызды аямай ма?! Оның өмірін кім ойлап жатыр? Оларға керегі сондағы менің әкемнен қалған үш бөлмелі пәтерім екен. Әкем мен шешем баяғыда қайтыс болып кеткен. Сопиып соқа басым қалдым. Көрікті қыздар қарамады, менсінбей. Уақыт болса бір орында тұрмайды екен. Амалдың жоғынан қызы бар келіншекті алғам. Оның бірінші күйеуінен тапқан қызын мен өз қызымдай жақсы көріп, бағып-қақтым. Ал ақымақ қатыным шешесінің бықсыған сөзіне еріп, мені өгей қызын зорлады деп, өзінің тергеуші інісімен байланысып, ақыры жаптырып тынды.

– Қиын жағдай екен, Женя, – деді Есен не айтарын білмей. Қапелімде аузына сөз де түспей қалды.

– Өзің ше? Не үшін түстің?

– Мен жасаған қылмысым үшін отырмын, Женя. Ешкім жала жапқан жоқ. Тағдырым бұйырды, қалағанындай жасадым.

Еңгезердей Женяның шамасы бір сөткіге ғана жетті. Одан кейін мүлдем тұралап, көтерем тоқтыдай былқ-сылқ етіп, қисайған жағына құлай берді. Ақыры есі кіресілі-шығасылы күйде қабырғаға арқасын сүйеп, басы салбыраған күйі ұйқыға кетті.

Сүйектен өтер суық пен өзегіңді суырған аштық адам баласын ұзақ айналдырмайды екен. Арада он бір күн өткенде үнемі қозғалыста жүрген Есен мен бұрышта бүрісіп отыра беретін Женя ақыл-естерінен айрыла бастады. Күні бойын сандырақтап, екеуі екі бұрышқа қарап алып жарыса сөйлесетінді шығарды.

Есен кейде буындары қозғалмай, мамық бұлттың ішінде қалықтап жүргендей күй кешеді. Енді бірде бойын жеп-жеңіл сезінеді. Мүлдем салмағы жоқ секілді. Жаны кеудесінен бөлектеніп, ауада ұшып жүре ме, әйтеуір санаға сыймайтын бір құбылыс бойын баурап алады. Тәні бір қозғалысты қайталап тұрған сағат тілі секілді. Тас құжыраны миллион айналады. Сосын талықсып құлайды. Тұра сала тіршілік үшін күрес қайта басталады.

Женя көзінің қарашығы ұлғайып, шатып-бұтып сөйлеп жатыр.

– Мәскеу, олимпиада... мен сонда... Мама, тезірек шақыршы... Папа, сіздің алтын сағатыңызды мен... Атамның соғыстан алған ордендерін Қырымдағы туристер... Бұл жерде бәрі жақсы... Ия, ия, жағдайым керемет... Ыстық қой мама, Сібір жылынып кетіпті...Теңізге шомылам...

Есеннің көзі ілініп кеткен екен, өз тісінің сақылдаған дауысынан оянып кетті. Тұла бойы тоқтамай селкілдеп барады. Бойындағы жалғыз жүрек қана жып-жылы. Тұтас тәні тас болып, мұз құрсанып қатып қалыпты.

Орнынан қинала көтерілген Есен есік жаққа қарай беріп, көзі атыздай болды. Женя тыр-жалаңаш шешініп алыпты. Лыпасы да жоқ үстінде.

– Женя, – деді Есен дауысын әрең шығарып. – Женя, саған не болды?

Женя бір ырғақпен темір есікті басымен ұрып тұр.

– Женя, есіңді жи!

Евгений бұрылып қарағанда көрді: маңдайынан саулаған қызыл қан кеудесіне, қарынына тамыпты. Алайған көзі аспанға қарап, көрмеуге айналыпты.

– Күзетші! – деді Есен бар даусымен айқайлап. – Күзетші!

Темір есіктің кішкентай көзі ашылды.

– Не керек?!

Темір есіктің тесігінен сыпылдап сөйлеген ерін, буы бұрқыраған ауыз көрінді.

– Күзетші, мына жігітті санчастьқа жібермесеңдер өледі. Үсік шалды.

– Өлмесе өмірем қапсын! Кәмелетке толмаған қызды зорлағандардың жазасы осылай болады.

– Күзетші, бұл да адам ғой.

– Адам емес, айуан бұлар. Жаның ашымай-ақ қойсын.

Сыртқы әлемнен аз да болса хабар берген темір тесік тарс жабылды. Женя есікті басымен ұруын тоқтатпай жалғастыра берді. Есен іштей шарасыздықтан егіліп, тізесін бүгіп отырып қалды.

– Женя, болды, қой енді. Киіміңді ки, үсіп қаласың.

Женяның даусы қыр-қыр етіп естілді.

– Жоқ, бауырым, сен киіп ал.

– Мына суықта жалаңаш тұрғаның не?

– Маған қазір адамдар келеді.

– Қайдағы адамдар?

– Шығарып алады мені.

– Кім шығарып алады?

– Әкем мен шешем.

– А-а-а, жақсы екен онда. Жолың болған екен, Женя.

– Атам мен әжем келе алмайды екен. Кәрі кісілер ғой, жолға шыдамаған шығар.

– Ия, қарияларға жол қиын ғой.

– Сен де көп отырмайсың мұнда, бауырым. Мен әке-шешеме айтып сені де шығартып алам.

– Көп рахмет, Женя! Тірі болсам қарыздар боп қалмаспын.

Кенет Есеннің көзі Женяның аяғына түскен. Балтырдан басталған ісік санға өтіпті, белі де кілкілдеп суға айналғандай. Мықынына дөп-дөңгелек белбеу тағынып алғандай, қарыны ірк-ірк етеді.

– Житомирге жеткен соң саған хат жазам.

Женяның дауысы жыламсырап шыққандай естілді.

– Қайда?

– Сенің үйіңе.

– Күтем.

– Үйіңде болатын шығарсың сол күні.

– Болам-ау деп ойлап тұрмын.

– Шешемнің ыстық борщы мен картошка қосылған пирожкиін салып жіберейін бе?

– Мейлің. Қиындық тудырмаса болды саған.

– Жоқ, бауырым, еш қиындық туғызбайды. Бірақ, ренжімесең өзім бірінші ішіп алсам ия.

– Әңгіме жоқ, тойып ал, Женя. Саған қазір күш керек. Көп күш керек.

Есен соңғы сөзді әрең айтты. Бойын құрсаулаған аяз қанын қоюлатып жібергендей, тәніндегі тұтас тамырларының өзі денесіне жабысқан мұп-мұздай сым темірдей сезілуде. Ауыр кірпіктері айқаса берді.

Қанша отырғаны белгісіз, Есеннің аяғы қатып қалған ағаштай икемге келмейді. Есікті басымен ұрып тұрған Евгений сол сәтте гүрс етіп құлады. Есен жалма-жан орнынан тұрмақ болып әрекеттеніп көріп еді, тұра алмады. Белінен төмен жан кетіп, ескерткіштің тұғыртасындай міз бақпайды.

– Күзетші! – деді барылдап. – Өлді! Өлді!

Әуелі тамақ беретін тесік ашылды. Алақ-жұлақ қараған күзетшінің көзі қапас ішін түгел тінтіп шыққан соң, салдыр-күлдір еткізіп есікті ашты. Есіктің көзінде кескен теректей сұлап жатқан Евгенийдің басынан аяғымен екі-үш рет теуіп көрді. Қоқиып қатып қалған дене тепкен сайын тұтасымен қозғалады.

– Мен қазір адамдарды шақырып келейін. Сен мынаған қарап қой, – деді есікті сарт еткізіп жапқан күзетші.

Евгенийдің жансыз денесін алып кеткен түрме күзетшілері Есеннің суық сорып сұрланып кеткен жүзін көріп тұрып ләм демеді. Тек кешке қайнаған су әкелген күзетші ғана сұрағына жауап қатты.

– Күзетші, сен осы қалада тұрасың ба? – деді Есен ыстық суды ұрттай салып, тәрелкені құшақтап тұрған күйі. Жып-жылы су ішіне түсіп, тұла бойын тітіркендіріп жіберді.

– Ия, осы қалада тұрам.

– Бала-шағаң бар ма?

– Ия, бар. Оның саған не қатысы бар, тұтқын?

– Неге түрмедегі жігіттерге ««Қожайын» келді» деп хабар айтпай жатырсыңдар?

– Оны неге айтуымыз керек? Айтсақ саған жылы көрпе әкеп бере ме олар?

Күзетшінің сүйкімсіз күлкісі Есеннің құлағында жаңғырды.

– Айтуларың керек, күзетші.

– Ренжіме, бауырым. Айта алмайды екем.

– Әр сөзіңді ойланып айт, бауырым! Осының бәріне жауап беретініңді, бұның да сұрауы барын ұмытпағайсың. Жігіттер сенің үйіңді, отбасыңды кез-келген уақытта тауып алады осы қаладан, күзетші.

Күзетші селк етіп, басын көтерді. Сосын айналасына ұрлана қарап, тамағын кенеді.

– Түсіндім, «Қожайын». Негізі түрме басшылығынан сені жасырын ұстау туралы тапсырма түскен. Бірақ мен сені түсіндім, хабарын айтам өзім.

Сол түні Есенге лагерьден жылы киім, бойын жылыту үшін бір тәрелке арақ пен шоққа күйген картошка жеткізілді.

***

Карцерденлагерьге шыққан Есенді Печора түрмесінің жігіттері мырзадай күтті. Әуелі ыстық монша әзірлеп, үстел үстіне тамақтың неше түрлісін алдырды. Қоярда қоймай қырлы стақанмен толтырып екі рет арақ ішкізді. Үш-төрт сағат буда отырғызып, бойындағы суықты шығарып, үстіне таза киім кигізді.

– Атыңа қанықпыз, «Қожайын», – деді тамақтанып отырғанда өзін Сергей деп таныстырған жігіт. – Келгеніңді үш күн бұрын ғана естідік. Ертерек естігенде жағдай басқаша болар еді. Қайта сен мықты екенсің, ана карцерға қыста түскендердің ешқайсысы тірі шықпаған.

– Жанымдағы хохол жігіті кетіп қалды.

– Ана жаққа ма?

– Ия. Менің тілімді алмады. Аяқтан басталған ісік он бір күнде беліне жетті.

– Шамасы сен спортшысың ғой, «Қожайын», аман қалғаныңа қарағанда?

– Жоға, өлмеудің амалы ғой біздікі.

– Шыдадың қайта, жігіт екенсің.

– Басқа түссе баспақшыл деген. Басыңа түссе бәріне де көнеді екенсің.

– Оның рас, «Қожайын». Рухы мықты адамдар шыдайды екен негізінде.

– Жақсы, ол жерді енді есіме де алғым келмейді. Түрме кімдердің қолында, Серега?

– Бұл жағы қызықтау енді. «Қожайын», түсінесің бе, Печораның түрмесі басқа түрмелердегідей емес, мұнда тым қатты суық болған соң ба басшылық пен жігіттер тығыз қарым-қатынаста. Бір-бірінің қойнына кіріп алған. Бірігіп жұмыс істейміз, достық рәуіште.

– Қалай сонда?

– Енді, қалай түсіндірсем екен. Олар біздің дегенімізді жасайды. Айтқанымызға көнеді. Ал біз осындағы шаруа мұжықтардың жұмысын қадалағаймыз. Нормасын реттейміз. Бары сол. Қызыл, қара, бөліну жоқ, шыны керек.

– Қызық екен бұларың.

– Бізде қазір өз ішімізде дүрбелең болып тұр. Өзің де естіп жатқан шығарсың шет жағасын.

– Жоқ, естімедім, Серега.

– Түрмеде қазір негізгі деген төрт топ бар. Орыстар, христиандар, кавказдықтар, мұсылмандар. Орыстар мен кавказдықтар болып, мұсылмандар мен христиандар болып өзара қырқысамыз. Кейде екіге бөлінсек христиандар орыстар жағына шығады, мұсылмандар мен кавказдықтар бірігеді. Әйтеуір, бітпейтін дау, өнбейтін іс баяғы.

– Болмаған екен, – деді Есен есінеп. – Ертең сол үш топтың басшыларымен сөйлесейік. Түрме ішін тәртіпке көндіріп, жүйеге түсіру керек Серега.

– Сөйтсек болар еді. Бұл жерде бір-бірін тыңдамайды, әйтпесе.

Ертесіне Есеннің барагына Сергей үш жігітті ертіп келді.

– Жігіттер, танысып қойыңдар. «Қожайын» деген атышулы жігіт осы. Өздерің де сыртынан естіген шығарсыңдар.

– Өте жақсы. Менің атым – Ваня. Христиандар тобынанмын.

Арық, аппақ әруақтай сидиған сақалды мұжық қолын ұсынды.

– Саламалейкум! Керімсұлтан Байсангур! Шешенмін.

Кавказдық жігіт әуеліоң қолын кеудесіне қойып амандасты, артынша алақанын ұсынды.

– Ассалаумағалейкум байке! Менің атым – Эламан! Қырғызбын. Мұсылмандар тобынан.

Эламан мен Есен құшақтасып, төс қағыстырды.

Керімсұлтан ғана қырықтың қырқасына шыққан қырма сақал екен, ал қалғандары өзі құралпы жас жігіттер.

Есен әңгімені неден бастарын білмеді. Тұтас түрме ішіндегі төрт барак төрт ықпалды топтың жетегінде. Бәрінің істейтіні бір жұмыс, тұратындары бір лагерь. Тек көзқарас қайшылығы, кеудені билеген менмендік қана бастарын бір қазанда пісірмейді. Өркөкіректік пен тоғышарлық бір-бірімен еркекше қол алысып, сыйласып жүруге жібермейді.

– Сонымен, жігіттер қандай мәселені талқылаймыз? – деді арадағы аз ғана үнсіздіктен соң Ваня тықыршып.

– Дұрыс, – деді Сергей жігіттерге кезекпен қарап. – Бүгін біз өзара қарым-қатынасымыз жайлы әңгімелессек.

– Жақсы, мен әңгіменің кез-келген түріне дайынмын, жігіттер, – деді Керімсұлтан керіліп.

– Әңгіме ортақ болса, мизам шеңберінде, бір-біріміздің намысымызға тимейтіндей болса, көрейік, – деді Эламан Керімсұлтанды қоштап.

– Жігіттер, келгендеріңе көп рахмет! Адам баласының пешенесіне түрлі тағдыр жазылады дейді ғой. Бұл жерге ешқайсысымыз еріккеннен не зеріккеннен келген жоқпыз. Кім қандай жолмен келді, қандай қылмыс жасады – ол бөлек әңгіме. Бізге ортақ бір ғана дүние – дәл қазіргі сәтте бәріміздің осы лагерьдің ішінде отыруымыз. Демек бұл жердегі ауа да, тамақ та, төсек те, тәртіп те – бәрі ортақ деген сөз. Түрме жайлы түсінік те әрқилы. Бірақ түсінік әртүрлі болғанмен оны бір ғана аты бар – ол түрме. Қатаң жазалау де, еңбекпен түзеу де, бәрібір – түрме. Солай ғой, жігіттер?!

Есен өзінен көз алмай қарап отырған төртеуіне көз тастады.

– Сөз жоқ.

– Нақтырақ айтсаң алысты шиырламай.

– Нақтысын сұрасаңдар былай айтайын, басында сендерді тыңдағым келген жігіттер. Неге бір-біріңмен топ болып қырқысып, қырық пышақ болып жүрсіңдер? Не жетпей жатыр сендерге? Соны сұрап білейін дегем. Бірақ жауаптарыңды шамалап біліп отырмын. Бір-біріңді кемсіту, сыйламау, өздеріңді басқалардан зор санау, діни ұстанымына күле қарау секілді толып жатқан себебін айтарсыңдар.

– Рас, «Қожайын». СССР азаматтарының бәрі тең құқылы. Бірақ соны кейбір ұлттар мойындағысы келмейтіндей. Өздеріне Ленин мен Сталин айрықша құқық бергендей қоқаңдай беретіні несі, – деді Сергей мен Ваняға жақтырмай қараған Эламан күйініп.

– Жақсы, Эламан. Айтпағыңды түсіндім, – деді Есен байыпты қалпынан танбай. – Менің осы темір торға тоғытылғаныма тоғызыншы жылдан асты. Сондағы бір түсінген дүнием, теңсіздік, адамдар арасындағы қасқырлық – көбіне еркіндіктегі жандардың ермегі секілді. Түрмеде дұрыс қабылдасаңдар – бәрі бірдей. Әрине, каторжандардың статусына қатысты әңгімем жоқ. Ол өз еріктері. Алайда тұтқындардың бәрі бір ғана үмітпен қоректенеді. «Тезірек босап шықсам» деген үмітті ойды бәріміз жүрек түпкірінде әлдилейміз. Ең қастерлі, қасиетті дүниеміз осы – бір ғана үміт. Баяғыда, түрмеге алғаш түскен кезімде Ақылжан деген ағамыз бір сөз айтып еді. Әлі күнге көкірегімде сайрап тұр. «Сен ең бастысы қанша жыл отырсаң да түрмеден жүрегі қарайған қатыгез хайуан боп емес, адам болып шығуға тырысуың керек. Әйтпегенде абақтыға адам қалпында кіріп, айуан сипатында шығатындар көп» деген. Сондықтан да жігіттер, бір-біріңді орынсыз кінәлауды қойып, ортақ түсінікпен жұмыс істеңдер. Түптің түбі темір тордан бәріміз де босап шығамыз мерзімді уақытымызда. Сонда қоғамға айуан емес, адам боп оралмағымыз дұрыс. Орыс қазақтан әулие емес.

Сергей Есеннің не ойы барын түсінбей сұраулы жүзбен қарады.

– Қазақ қырғыздан биік емес.

Эламан отырған орнында қомпаңдап қойды.

– Ой, байке, тура айттың.

– Шешендер басқа ұлттардан артық жаратылған жоқ. Кем болып та туған жоқ.

Керімсұлтан айналасына айбарлана қарады.

– Сондықтан жігіттер, түрме – әңгіменің ортасы, түсінісудің отаны. Оны менен жақсы білесіңдер. Кеуделеріңді басып, мүмкіндігінше бір-біріңді сыйлауға, адами қарым-қатынасты құрметтеуге тырысыңдар. Дінге сеніңдер, сенбеңдер – өз еріктерің. Алайда ана дүниеге барғанда Құдай тек жақсы адамсың ба, жаман адамсың ба деп тірліктегі жасаған әрекетіңе баға береді дейді ғой.

– Өте дұрыс айтасың. Құдай үшін бәріміз бірдей пендеміз, – деді Ваня шоқынып.

– Құдайдың алдына барғанда бұларға ерекше статус беріп пе едіңіз деп сұраймын бірден, – деді Эламан қырсыға сөйлеп.

– Жас жігіт болсаң да өмір көріп тастаған ақсақалдардың әңгімесін айттың інім, – деді Керімсұлтан Есеннің иығынан қағып. – Мен «Қожайынның» сөзін қолдаймын, жігіттер. Біздің бұл әрекетіміз түбі жақсылыққа апармайды. Өткендегі төбелесте бостан-босқа екі адам өліп кетті. Енді солардың кегін аламыз деп қаншама пышақ қайралуда. Кек суғарылуда. Керек пе осы бізге? Бүйте берсек бір-бірімізді қырып, сегіз жүз адамнан сегіз адам ғана қалар бұл жерде. Сендерді білмеймін жігіттер, менің артымда екі ұлым өсіп келеді. Қалған өмірімді солардың жанында өткізгім келеді. Жігіттер, егер «Қожайынның» ұсынысын қолдаймын десеңдер мен адалдықпен қолымды ұсынамын.

– Рас, Иса мен Мұхамед пайғамбарлар да жер бетінде адамзат баласының екі колонияға бөлінгенін қаламайтын шығар. «Крест жорығында» да бұлай қырылыспаған болар кәпірлер мен ой... кешірім өтінем, христиандар мен мұсылмандар. Мұсылман діні әрдайым бейбітшілікті жақтайды. Мен ұлтаралық кемсітушілікке, діни үстемдік құруға қарсымын. Және ешқашан намысымды бермейтінімді ашық айтамын. Дос болам десеңдер әрдайым құшағым ашық, жігіттер.

Эламан «мен айтарымды айтып болдым, байкем» дегендей төсек жақтауына шалқалай отырды.

– Сен не айтасың, Ваня? – деді Есен арық жігітке сөз ұсынып.

– Дүниенің бастауы да, жаратушысы да, қозғаушысы да да бір ғана Құдай-Әке. Оған ешкімнің күмәні болмасын. Өз дінімнің атынан ғана емес, жер бетіндегі барлық дін атаулының атынан куәлік ете аламын, бәрінің қалауы – тыныштық және түсіністік. Исус ақиқаттың пайғамбары ма, Магамед соңғы пайғамбар ма, мәселе онда емес, мәселе адам баласының жақсылық жасауға ұмтылуы және ізгілік отын маздатуы. Тар түрменің ішінде түрлі діннің, салттың, ұстаным мен көзқарастың адамдары бар, расында. Бірақ ізгілік жасау, жақсылыққа ұмтылу – ұлтқа бөлінбейді, ешқандай дінмен тыйым салынбайды. Мен сол себепті «Қожайынды» қолдаймын. Түрмедегі тыныштық – бәріміздің қалауымыз.

– Жақсы, жігіттер, менің әу бастағы көздегенім де осы лагерьдің тыныштығы, – деді Сергей тұтығып. – Тұтқындардың бір-бірімен туған бауырдай араласып, сыйласып жүруі – бәріміздің ортақ пайдамыз болар еді. Осылай бір жерде отырып ашық сөйлесе алуымыздың өзін мен үлкен жетістікке балаймын. Арамыздағы осы кезге дейінгі өкпе-реніш, кектің бәрін ұмытайық. Өз барактарыңыздағы жігіттерге де түсіндіріп айтыңыздар. Ертеңнен бастап, жоқ, дәл қазіргі сәттен бастап бәріміз бауырмыз. Бір жүйеге, ортақ тәртіпке бағынайық. Кез келген қиындықты осылай біріге отырып, ақылдасқан түрде шешуге болады екен. Ендігіде жұдырық ала жүгірмей, топқа бөлінбей, дінге жүгінбей, кешіріңдер, мен өзім атеистпін, сондықтан да адамгершілік қағидалары негізінде шешіп отырайық деймін.

Есен орнынан тұрып ортаға алақанын тосты.

– Келістік қой, жігіттер!

– Қазақ-қырғыз бір туған, байке, – деді Эламан таза қырғызша күле сөйлеп. – Өз жерімізде туысқан халықпыз, ал айдаладағы Сібірде екеуміз туған бауыр болуымыз керек қой.

Эламан, Сергей, Ваня мен Керімсұлтан Есеннің алақанына кезекпен қолдарын қойып, бәрі келіскен ниеттерін білдірді.

***

Есеннің Печорадағы уақыты көпке созылмады. Әуелі карцерде ісініп қайтыс болған Палагутин Евгенийдің өлімін Есеннің мойнына артпақ болған. Мәйітке зерттеу жасаған сот-сараптама Женяның басынан соққы іздерін тауыпты. Оған күзетшілердің Евгений қайтыс боларынан бұрын карцер ішінде анадан жаңа туғандай шешініп тастағанын, оны «Қожайын» зорлаған болуы мүмкін деген жорамалы қосылып, Есен төрт айға жуық тергеуде болды. Қисыны келмейтін дүниеге Есенді ұрындырып, кесімді уақытының үстіне тағы да он жыл қосып бермек болған басшылықтың жүйелі жоспарын түрмедегі біріккен төрт топтың басшылары күл-талқан етті.

– «Қожайынды» жайына қоймасаңдар бүкіл одақ Печора түрмесіндегі дүрбелеңге куә болады. Оның басты айыпкері ретінде, әрине сенің атың аталады, – деді Керімсұлтан түрме бастығының жеке қабылдауында отырып.

Осы кезге дейін өзара қырылысып, ит пен мысықтай аңдысып жүрген төрт барак тұтқындарының аяқ-асты бір үйдің адамдарындай сыйласа қалуының төркіні «Қожайында» жатқанын енді бағамдаған түрме басшысы креслосына сылқ етіп отыра қалған.

– Алдыңғы төбелесте екі адамның өлгенін ұмытпаған боларсың, ол ерунда болып қалады. Қаласаң мәңгі-бақи ұмытпайтын проблема жасап береміз саған.

– Болды-ей, түсіндім! – деді темекіні тарта-тарта мұртын да сарғайтып жіберген түрме басшысы. – Жайларыңа жүріңдер. Оған кінә артайын деп жатқан ешкім жоқ. Тек енді қайтыс болған тұтқынның жанында сол ғана болған соң тергеушілер біраз сұрақ қояды. Сосын жібереді. Ол – заң шеңберінде.

– Жақсы, мен саған тұтқындардың талабын жеткіздім. Жағдайдың салмағын бағамдадың деп ойлаймын.

Басы қатты басталған тергеу ісі соңына қарай жөнге түсті. Есен өзінің ақ екенін, суықтан ісініп өлген Евгений өліміне қатысы жоқтығын, қайта күзетшілерге уақытында санчастьқа жеткізу керектігін айтқанын дәлелдеп шықты. Түрмедегі тұтқындар да бұрынғы алауыздықтарын ұмытып, бір-бірінің барагына еркін кіріп, карта, нарды ойнап мәре-сәре болып жүрді. Бұл ортада Есен-«Қожайынның» абыройы күн артқан сайын биіктеп, этаппен келіп-кетіп жатқан тұтқындардың аузында СССР-дің түпкір-түпкіріндегі түрмелерге жетіп жатты.

Осы кезге дейін Печора түрмесінде мұндай абырой биігіне шыққан, беделі бес батпан тұтқын отырған емес. Ал Есенді енді ұстап отыру өзі үшін қауіп екенін түрме басшылығы жақсы түсінді. «Қожайынның» әрбір әрекеті түрме басшылығының тұтқындар арасындағы ықпалын әлсірете түсетін еді. Оны күйген мұрт дер уақытында сезінді. Сезінді де Есенді Салехард түрмесіне этаппен айдады.

Печорадан шыққан күні Есеннің қолына хат келіп тиген. Хатты оқыған Есеннің көңілі нілдей бұзылды. Ішінде алай-дүлей аласапыран пайда болды. «Қымбат... Қымбатым» деп қайталай берді ішінен.

Хатты Ғайниден ағасы жазыпты. Павлодардан келген мұғалім жігіт Қымбатты алып қашып кетіпті... Қымбатты! Есеннің Қымбатын. Есен сол сәтте өмірдегі ең қымбатын, жүрегіндегі асылын жоғалтқанын түсінді. Түсінгенмен мойындағысы келмеді... Қолындағы кісен жүрегіне салынғанын, ендігі өмірдің мән-мағынасыз өтерін бағамдады...

Ямал-Ненец автономды округіне қарасты Салехард қаласы тұтқындар арасында «жер аударатын қала» деген атаумен жақсы таныс. Обь өзенінің қырында қырық құрау болып, ойында бір арнада тоғысып барып Солтүстік мұзды мұхитқа қайта құлайтын имек тұсында орналасқан қала Есенге мәңгі мұз құрсауында жатқандай көрінді.

Карантиннен лагерьге кірген сәтінде Есенді Салехард түрмесінің үш жігіті емен-жарқын күтіп алды.

– Ал, жігіттер, ассалаумағалейкум! Сағынып қалған болар деп Салехардқа да кеп қалдық, – деді Есен неше күннен бері тұңғыш рет жадырап.

Салехард қанша суық өңір болса да Есеннің жабырқау көңіліне медеу болғаны, тіпті қуаныш сыйлағаны – бар балалық шағы жағасында өткен өзінің сүйікті Ертіс өзені күллі Сібір даласын көктей кесіп, Ханты-Мансийск тұсына келгенде бастауын Таулы Алтайдан алатын Обь өзенімен қосылып, осы мұзды мұхитқа қарай жөңкіле жөнелмей ме. Енді міне, Есен сол Ертістің мұхитқа құяр тұсына келіп тұр.

«Қайран қасиетті қара Ертісім, – деді Есен көңілі толқып. – Сенің де мыңжылдықтар бойы жөңкіле ағып, тыным табар тұсыңа қара балаң келіп тұр. Мыңдаған шақырымды мың бұрала басып өткен ерке өзенім. Менің де тағдырым сенің арнаңа ұқсап мың құбылды. Бірақ сен осы алып аялыңа жеткенше сарқылып қалмадың, ерке Ертісім. Қайта, толысып, толқып, дарияға айналып жеттің. Демек сенің суыңды ішіп, жағаңда асыр салған балаң ретінде менің де таусылуға, түңілуге қақым жоқ. Өмірден өз сыбағамды аламын, өз дегеніме жетемін. Еш күмәнің болмасын...»

Салехард түрмесіне келгенде Есен осы абақтының баскөтерер жігіттерінен «запреткадан» шыққан тұтқындарға ұстанымның өзгергенін, енді оларға еш кінә артылмайтынын естіді. Баяғы Челябі түрмесінде Арыстанға айтқан ұсынысы түрмеде отырған, еркіндікте жүрген «ворлардың» талқылауына түсіп, ақыр соңы Есеннің жорамалы дұрыс болып шығыпты. «Шындығында, «Запреткадан» шыққандарды қызылдарға сатылған деп шеттете берсек ертеңгі күні аз ғана адам қаламыз, сондықтан бұл ұсынысты қолдайық» депті бір-біріне «малява» жөнелткен қылмыс серкелері.

VIII

Сексен жетінің Жаңа жылы Салехардқа сән-салтанатымен келгенімен, сол күні түрме басшысы Григорий Анатольевичтен маза кетті. Алдында тұрған арақтан қайта-қайта құйып, танауына тұзды қиярды тақай берді.

– Ай, ит, қазақтар-ай, көрсетер ме еді сендерге бас көтергенді. Өзім болғанда тура сол жерде бар ғой, буындырып өлтірер ем империяға қарсы шыққандарды.

Өз-өзінен кіжініп, алдында тұрған телефонның құлағын бұрай бастады.

– Алло, Печора! Вася сенсің бе?

– Жаңа жылыңмен, Гриша! Не танымай тұрсың ба? Әлде сенің телефоныңды тұтқын көтеруші ме еді? – деді арғы жақтан шыққан дарақы дауыс.

– Рахмет! Бірге болсын! Көп ішкенсің бе түнімен, дауысың біртүрлі құмығып тұр ғой, – деді Григорий Анатольевич телефон тұтқасына түкірігі шашырап.

– Енді, Жаңа жыл ғой. Бұл күні қанша ішсең де кешірімді емес пе? Айтпақшы, алдыңда бар ма сенің?

– Ия, аздап жұқалап тартып отырмын ғой.

– Толтырып құй ендеше. Мен саған қысқаша тост айтайын.

– Жарайды. Қазір толтырып алайын.

Салехард түрмесінің бастығы қыл мойынды бөтелкені еңкейтіп, қырлы стақанға толтыра арақ құйды. Сосын иығымен құлағына қысып тұрған тұтқаға айқайлады.

– Менікі дайын, Вася. Ал, айтарыңды бастай бер. Құлағым сенде.

– Гриша, туғаным менің, екеуміздің де жұмысымыз ауыр. Оны бізден басқа кім біліп жатыр бірақ. Қауіп пен қатердің, қалың қылмыскердің арасында ұйықтау деген... өзің білесің ғой қандай екенін. Сондықтан, түрмең тыныш, ұйқың қанық болсын. Партия аман, одағымыз бүтін болғай. Ал, давай, «Покажем странам всем пример, как могут пить в СССР». Тарт!

Печорадағы Вася мен Салехардтағы Гриша арадағы екі мың шақырымдық қашықтыққа қарамады. Телефон тұтқасына жабысқан күйі қышқыл суды сіміріп кеп жіберді.

– Рахмет, Вася! – деді сосын Гриша тұздалған қиярды қырт-қырт шайнап. – Расында біздің жұмыс өте қауіпті. Сен Алматыдағы жағдайды естідің бе, Вася? Қазақтың бір топ наркоман, алқаш жастары СССР құласын, біз одақтан бөлінеміз, Кунай деді ме, Куня деді ме, сондай бір басшымызды қайтарыңдар деп алаңға шығыпты ғой.

Осы кезде «күйген мұрт» кезек өзіне тигенін біліп, екілене сөйледі.

– Ия, ия, жаңа ғана осы мәселені талқыладық түрме әкімшілігімен. Сондай бір сұмдық жағдай болыпты. Әлгі нашақорларға студенттер қосылып, жүз мың адам әскермен, милициямен қақтығысыпты. «Долой Колбин!», «Долой шовинизм!» деген плакатпен шығыпты Брежнев алаңына. Әлемнің алдында біздің масқарамызды шығарды қазақтар. Социалистік тәрбие көрмеген жетесіздер! Алматы қазір быт-шыт болған дейді. Кімнің арқасында адам болғанын білмейтін нақұрыстар! Қырып тастау керек еді шетінен!

– Рас айтасың, Вася! Мен саған толықтай қосылам. Осы алып СССР-дегі он бес одақтас елдің он төртін біз тәрбиелеп адам қылған жоқпыз ба? Енді келіп неге олар бізге әңгіме айтады. Ондай кезде бастарына әңгіртаяқ ойнату керек. Ал, тағы да құйып қоямыз ба?

Телефон тұтқасынан бір-біріне стақанға сылдырлай құйылған мөлдір судың дауысы естіліп тұрды.

– Жаңа, жігіттерден естідім, мына қазақ дегендер басбұзар халық екен. Анау-мынауыңа көне қоймайтын көрінеді. Сен өзі қазақтарды көріп пе ең, Гриша?

– Естуім болмаса, шынымды айтайын, көрмеген екем. Мен мына әппақ мұздың ортасынан алысқа ұзап шықпағам ғой, Вася. Мәскеуді де көрмей өмірден өтіп кетем бе деп қорқам.

Екеуі де қарқылдай күлді.

– Ал, тарттық Гриша!

Телефон тұтқасынан екеуінің де құлағына терең тыныстаған демдері естілді.

– Гриша, сен тірі қазақты көрмедім дейсің ғой. Жақында этаппен Жұманов Есен дегенді қабылдап алдың ба?

– Ия, қабылдап алдым. Әй, тоқта...

– Сол Жұмановтың «погонялосын» білесің бе?

– Қаз, тілімнің ұшында тұр.

– Оның «погонялосы» «Қожайын»! Ұлты қазақ. Алматыда бас көтеріп жүргендер осылар.

– Ә, найсап! – деді Гриша тұтығып. – Дәл тұмсығымның астында жүр екен ғой нацист! Айтпақшы, бұл өзі орыстың атақты геологын өлтіріп отырған жоқ па түрмеге?!

– Дәл солай, Гриша. Бірақ сен абай бол. Ол тұтқындар арасында өте беделді. Саған менен кетті ол. Менің түрмемді төңкере жаздады нахал.

– Қалайша, Вася?

– Менің лагерьімде тұтқындар үш-төрт топқа бөлініп алып тоқпақтасып жататын. Ол бізге де ыңғайлы еді, басқаруға. Сосын анау келді де бәрін қамырдай илеп, біріктіріп кетті. Қазір енді не болғанын ұқпай отырмыз жынды болып.

– Ах, жексұрын! Мен оған көрсетейін түрме төңкергенді. Тас түрмеге қамап, он бес күнде өлігін алып кетеді Павлодарына.

– Одан пайда жоқ, Гриша! Оны да жасап көрдім мен. Жаны сірі екен. Мен саған тегін ақыл айтайын, тыңдасаң.

– Ия, ия, Вася, құлағым сенде.

– Сен ең дұрысы оны этаппен өз еліне қарай қуала. Одан басқа вариантың жоқ. Салехардта қалдырам десең айналасы бір-екі айдан кейін түрмең өзіңе бағынбай кетеді. Қазір байқасаң «запреткадан» шыққандар да бастарын көтеріп, өздерінше жүретін болған. «Қызылдарға» жоламайды. Ол да осы «Қожайынның» ұсынысы дейді. Сондықтан одан ертерек құтыл, досым, ертерек. Бірақ қайда жіберсең де алдын-ала сол жерге қоңырау шалып, ескертіп қой. Әйтпесе мына жігіт бәріміздің түбімізге жетеді.

***

Есен Салехардтан шыққан этаппен Сібір ормандарын армансыз аралады. Кей-кейде Есенге СССР-дің бүкіл баскөтерер мен деген жігіттері тасбақа пойызбен іссапарлатып жүргендей елестейді. Жол бойында қаншама тұтқынды кездестірді, бәрі де іштерінде кек қатқан, жарасын жалап жазатын қасқыр мінезді намысқор жігіттер еді. Алматыда жастардың бас көтеріп, билікке қарсы шыққанын да Есен этапта жүргенде естіді.

Қорғанға жақындап келе жатқанда жолдағы шағын станцадан кәрі тұтқынды отырғызды. Вагонда Есен жалғыз болатын. Жанына әңгімелесер серіктес келгеніне қуанып қалды бір шетінен. Сақал-мұрты тікірейіп, ұзын шашы ағара бастаған қарт тұтқын өздігінен ашылып сөйлей қоймайды екен. Сөйлеуден де шаршаған секілді. Шүңірейіп кеткен өткір көздері қараған адамның өңмеңінен өтеді.

– Шал, сөйлесеңші, – деді Есен тамақтанып болған соң жанындағы серіктесіне. – Қайдан келесің, не көрдің дегендей?

Кәрі тұтқын әуелі Есенге үсті-басын тінте қарап, сәл үнсіз отырды. Сосын тарамыс қолдарын ұсынды.

– Могила! – деді дауысы жарықшықтанып.

– Мен «Қожайынмын».

– Естігем, – деді кәрі тұтқын көзін жұмып, артынша терең тыныстады. – Күллі Сібірде сенің атың дүрілдеп тұр қазір.

– Мен де сіз жайында көп естігем. Қанша жыл болды «іссапарлатып» жүргеніңізге?

– Хех, – деді кәрі тұтқын мырс етіп. – Қазір қай жыл өзі?

– Сексен жетінші жыл.

– Мен үйден нан алуға елу тоғызыншы жылы шыққам. Содан дүкеннің алдында өзіміздің кварталдың балалары төбелесіп жатыр екен. Зауыттың жұмысшыларымен. Мектепті жаңа бітіргем. Бокстан КМС едім, қойдым да кеттім. Рингте жұдырықтаса беріп жалықсам керек, көше төбелесінде қоғадай жапырдым шетінен. Содан милиция кеп қоршады. Он екі бала екі жылды арқалап кете бардық. Қалған он бірінің тағдыры не болғанын білмеймін. Мен сол үйден нан алуға шыққан елу тоғызыншы жылдан бері әлі түрмелерді «түгендеп» келемін.

Ия жылағаны, ия күлгені белгісіз, кәрі тұтқын селкілдеп біраз отырды.

– Жиырма сегіз жыл болған ба сонда? – деді Есен таңырқай.

– Солай шығар. Бастапқыда жыл санап уақыт өткізетінмін. Қазір менің уақытта, уақыттың менде шаруасы жоқ.

Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар екен-ау. Есен кәрі тұтқынның азапты тағдырын ойлап, үнсіз қалды. Сәлден соң «Могила» әңгімесін сабақтады.

– Қырсық шалған адамдар болады өмірде. Ешқашан жолы болмайды, жасаған ісі кері кете беретін. Мен солардың бірімін. Енді мерзімім бітіп, шығамын-ау деп жүргенде бір қырсық кеп жабысады. Ия төбелесем, ия түрме басшылығымен сөзге кеп қалам. Сорым қайнап тағы да жыл жамап алам. Сексенінші жылы Мәскеуде олимпиада болады деп сендердің Екібастұз деген қалаға жер аударды. Қаланы тазалаған түрлері ғой тұтқындардан. Бір жылдан соң уақытым жетіп, бостандыққа шықтым. Дереу үйіме қайтпай, тағы да жол-пұлға тиын жасап алайын деп универмагқа жұмысқа орналаса қалдым. Бостандығым бар болғаны тоғыз күнге созылды. Универмаг директорының жымқырған миллиондаған сомасын мен жеп қойыппын. Шошқадай шыңғырып сегіз жылға кесіліп кете бардым. Солай, інішек.

– Мерзіміңіз бітті ме енді?

– Мыналар бостандыққа шығарамыз деп апара жатыр ғой, әйтеуір.

– Охо, онда қуана берсеңізші. Бәрін ұмытып, бостандыққа шығасыз.

– Маған енді бостандықтың қажеті бар ма, жоқ па, өзім де білмеймін. Шынымды айтсам ол бостандықта қалай өмір сүру керектігін де білмейтін сияқтымын. Жанымды да, рухымды да түрмеде көмген адаммын мен.

Үш күн сапарлас болған «Могила» этаптан түсерінде Есенге Алматыда жастардың билікке қарсы бой көтергенін, оларды қарулы әскердің аяусыз басып-жаныштағанын әңгімелеп берді. Есен бұны естігенде қаны басына шауып, тас шайнағандай көзі шатынап отырып қалды.

...Сол түні пойыз вагонында жалғыз жатқан Есеннің мазасы қашты. Түннің жарымында шөліркеп оянған. Қабырғаға жабысып баяғы Елес тұр. Бұның оянуын күтіп тұрғандай-ақ бірден дүрсе қоя берді.

– Біз сендерді жаулап алдық па?

Есен ұйқысын аша алмай біраз сұлқ отырды.

– Қайталап сұраймын, біз сендерді жаулап алдық па деймін?

– Жоқ, өзіміздің хан-сұлтандар бодандыққа сұранды. Ал, не болды?

– Өздерің келіп қоластымызға кірген екенсіңдер, енді бізге қандай өкпе арта аласыңдар?

– Қазақтың бәрі сендерге өз еркімен берілген жоқ. Жаулап та алдыңдар біраз жерімізді. Білесің ғой. Ал енді өкпелейтініміз: бізге неге әлі күнге құл сияқты қарайсыңдар?

– Біз сендерге құл болыңдар дедік пе?

– Құл болыңдар демесеңдер де құлдан төмен санайсыңдар. Кеуделеріңе нан піскен. Өздеріңнен басқаны адам санатына қоспайсыңдар. Қазір социалистік кезең. Бірақ біздің де түбі бостандыққа қол жеткізер, өз жерімізде азаттық таңын қарсы алар күн туар.

– Бостандықты қадірін білетін іргелі ұлттар ғана ұстап тұра алады, Есен. Сендердің Шыңғысхандарың да, «Алтын ордаларың» да өткен заман. Келмеске кеткен. Оны мың жалбарынсаң да оралта алмайсың. Ал, қазіргі заман мына біздікі. Сендер өз шарықтау шектеріңе жетіп құлағансыңдар.

– Тарих қайталанып тұрады деуші ме еді осы.

– Тарих саған жер шары емес айнала беретін. Өткендегі Алматыда қазақтың бүлікшіл жастары теңдік сұрап көтеріліске шықты. Оларға не жетпейді сонда? Бос жатқан далаларыңды қалаға толтырып, өркениеттің не екенін үйреттік. Сол ма сендердің айтқан рахметтерің?

– Ех, елес, елес, қыр соңымнан қалмадың ғой сенде қуғындап. Отызыншы жылдары қолдан ашаршылық ұйымдастырып сегіз миллион қазақтың бес-алты миллионын қырып салдыңдар. Үндемедік. Сөйлеуге қорықтық. Сондағы қазақ даласынан жиып алған қырық миллион малдың етін Еуропаға сатып, Сталин жолдас трактор алды. Колхоз-совхоз құрды. Бос тұрған қазынаны толтырды. Отыз жетіде сүт бетіне шыққан қаймақтарымызды сыпырып, атып-асты. Тағы да үнсіз қалдық. Өзің айтшы, сендерге қандай рахмет керек бізден?

– Әй, «Қожайын»! Сандырақтама! Немене әруақ көрген адамдай өз-өзіңнен сөйлеп отырсың, – деп жекіді конвой.

Қазақ жастарының ұлтшылдық сипаттағы көтерілісі Одақтың барлық саласында жаппай айыпталып, соңы қуғын-сүргінге ұшырап жатты. Есен де этаппен Қорған, Түмен, Иркутск, Краснояр, Новосібір, Барнауыл түрмелеріне әрісі ай, берісі апта қонып, тұрақ таппады. Барған түрмелерінің бәрі бұны «ұлтшыл», «қаныпезер», жексұрын», «билікке қарсы», «түрме басшылығына бой ұсынбайтын жауыз» ретінде сипаттап, қабылдамай, этаптан-этапқа жөнелте берді.

Барнауыл түрмесінде жатқан уақытта басшылық Есенді «дизорганизатор» ретінде айыптауға тырысты. Тек тағы да түрмедегі жігіттер мен бостандықтағы «түрме академиктері» араласып, Есенді бұл жаладан аман алып қалды. Әйтпегенде Есен түрмедегі тұтқындарды басшылыққа қарсы қоюшы, лагерьді көтеріп жіберетін қауіпті тұлға, СССР билігіне, мұқым партияға қарсы қоюшы контрреволюционер ретінде әспеттеліп, ату жазасына ілігудің аз-ақ алдында тұрған.

IX

Тоқсан екінші жылдың басында жұмыста жүрген Есеннің қолына бұрышында «шұғыл» деген жазуы бар телеграмма тиді. ««Қожайын», тез арада Қарағандыға жет. Осы жұма күні жігіттердің бас қосуы. Маңызды мәселе. Гарман Коля» деп жазылыпты телеграммада. Есен жедел жолға жиналып, Қарағанды қайдасың деп тартып отырды.

...Жеңіл көлік асфальт үстінде ұшып келеді. Есіне Печора түсті...

...Есен сексен сегіздің наурызында абақтыдан босап шыққан соң ешқайда қарайламай бірден «Біржанкөлге» тартқан. Ауыл бұрынғыдай емес, жүдеу көрінді. Әлде Қымбаты жоқ болған соң жүдеу тартып тұрған өзінің көңілі ме екен? Есен бұл арасын айыра алмады...

...Жеңіл көлік асфальт үстінде самғап келеді. Есіне Салехард түсті...

...Араға жыл салып барып жүрегіндегі өлі сезімді оятқан, жанын түсініп, болашағын сеніп тапсырған Клара есімді сұлумен бас қосты. Жары алдымен Қаныш есімді, сонан соң Қуаныш есімді қос ұлын өмірге әкелді...

...Тоқсаныншы жылы Есен өзі қапелімде жазатайым қылып алған Петров Константин Аркадиевичтің әйелі Катя мен ұлын іздеп тауып, өзі үй жалдап, кісі босағасын сағалап жүрсе де оларға Мәскеудің төрінен 3 бөлмелі пәтер сатып алып берді. Жүрегіндегі ауыр дерттен солай арылғысы келгенін жары да түсінді...

Қарағанды аспаны Есенді түнерген күйі қарсы алды. Бірақ Гарман Коля досының көңілі бәз-баяғыдай ашық еді.

– Сені көрмегелі қанша заман болды, «Қожайын?!».

Екі дос құшақтаса кетті.

– Аманшылық па, Коля?

– Аманшылық, «Қожайын». Бірақ амандығымызға кепілдік беретін маңызды шаруалар бар еді. Сонымен ақылдасуға шақырдым өзіңді.

Кешкі оңаша отырыста Гарман Коля Есенді Ратша есімді досымен таныстырған. Қылмыс әлемінің серкесі екен.

– Жігіттер, бізге Мәскеуден үш қонақ келді. Әңгімелері қатқылдау. Ия, достасуға, ия қастасуға келгендері түсініксіз, – деді Гарман Коля дастархан басында отырғанда. – Есен, сені сол жігіттердің өзі шақырды. Жақсы танисың. Кезіндегі түрмелестеріміз өзіміздің. Ратша, сен қызбалыққа салынба, жігіттерді аяғына дейін тыңдайық. Олар тегін келген жоқ. Сұрайтындары да қомақты болар. Не де болса ойларын білейік алдымен. Сосын барып өзіміздің жауабымызды айтармыз ия.

Қонақ үйдің бесінші қабатына көтеріліп, үш жігіт жатқан кең нөмірге кіргенде Есеннің көзі бірден үстел үстінде жатқан картаға түсті. СССР-дің географиялық картасы. Үш жігіт карта бетіне үңіліп, қажетті жерлерді дөңгелектей сызып отыр.

– О,міне біздің жігіттер де келді. Төрлетіңдер, қасқырлар!

Есен бірден Челябі түрмесінде бірге отырған Арыстан мен Печора абақтысында танысқан Керімсұлтанды таныды. Құшақ айқастырып, төс қағыстырып амандасты.

– Мына жігітпен танысып қойыңдар. Аты Давид Генацвале, – деді Арыстан грузин жігітін бәріне ортақ таныстырып.

Жігіттер түн жарымына дейін өткен-кеткенді айтып, бір-бірінің жағдайын сұрастырып ұзақ әңгімелесті. Давид Челябі түрмесіне Есен этаппен айдалып кеткен соң келіпті. Қазір үш жігіт те Ресейдің бірнеше қаласына үстемдіктерін жүргізіп отыр екен. Біраз бөтелке босап, бөлме іші көк түтінге оранды. Әңгіме аяғы саябырси бастағанда барып Арыстан сапар мақсатын, өздерінің жоспарларын ақтарып салды.

Есеннің ұққаны, жігіттер жеке ел болып, тәуелсіздігін жаңа жариялаған Қазақстанды үш аймаққа бөліп, әмірлерін жүргізгісі келеді. Оған мына отырған үшеуі көмектесуі қажет екен.

– Жігіттер, ойларың қалай? – деді Арыстан артынан біреу қуып келе жатқандай асыға, бастырмалата сөйлеп. – Қазір заман өзгерді. Біз де өзгеруіміз керек. Біздің айтқанымызды орындасаңдар сендер де, біз де қырғын ақшаның астында қаламыз. Қазір кімнің ақшасы бар, сол – Құдай. Сондай дәрежеге жетейік. Қазақстанды үшеуіңе бөліп береміз.

– Жо-жоқ, жігіттер, асықпаңдар, – деді Есен осы сәтте орнынан қарғып тұрып.

– Не болды «Қожайын», неге алаңдап тұрсың? – деді Арыстан.

– Жігіттер, жағдайға қарайық. Қоғаммен санасайық.

– Қоғам деген не, «Қожайын»? Қоғам деген кім күшті, кім мықты сол жағына шығады. Кімнен қорқады – соның сөзін сөйлейді қоғам. Так что, жігіттер, мүмкіндігіміз бар кезде бәрін басып қалайық.

Бұны айтқан грузин жігіт Давид Генацвале болатын.

– Жігіттер, сендер жағдайды жете бағаламай отырсыңдар. Алдымен шаңыраққа қараңдар.

– Сені жақсы жігіт деп еді, «Қожайын», не түлкібұлаңға салып отырсың?

Давид Арыстан мен Керімсұлтанға сұраулы жүзбен қарады.

– Бұл ешқандай да түлкібұлаң емес! Жаңалы бері сөздеріңді бағып отырмын. Ойларың Қазақстанды бөлшектеп билеу.

Есен орнынан тұрып, терезе алдына барды.

– Сөзінің тоқетерін айт бауырым.

– Сөз былай, жігіттер, қазақтың жері енді СССР-ге қарамайды. Біз өз алдымызға жеке тәуелсіз елміз. Бұл елдің қожасы – қазақтар.

– Оған дауымыз жоқ, «Қожайын». Ел сендердікі. Бірақ...

– Ешқандай бірақ деген әңгіме жоқ. Ел де біздікі, жер де біздікі. Ендеше билік те біздікі. Бізге енді ешкімнің билігі жүрмейді жігіттер.

– Биліктеріңе талас жоқ, «Қожайын». Біз тек ресторан, кафе, қонақ үй, жанармай, даңғыл жол, базарларды қарап отырсақ болғаны, – деді Арыстан карта үстіндегі қалаларды карандашымен сызғылап.

– Ренжімеңдер жігіттер. Мен айтарымды айттым. Қазақтың жігіттері мұның біреуін де беріп қоймайды сендерге. Енді әркім өз жеріне өзі қожа.

– Айттым сендерге, – деді Керімсұлтан. – Қазақ бауырлар сендерге тізгінді ұстатып қойып қарап отырмайды. Одан да әркім өз қаласына ие болсын. Соның өзі аз олжа емес.

– Дұрыс, «Қожайын», жергілікті жерлерде іс бітіріп, шаруаларын тындырып жүретін пысықай жігіттер болады. Оны білеміз. Біз сол жігіттерді басып-жаншып, сендерге бағындырып берейік деп келіп отырмыз. Сендер солар арқылы бүкіл ақшалы жерлерді билеп отырасыңдар. Жиналған соң бізге, счетқа аудара бересіңдер, – деді Есенді жақтырмай қалған Давид дауысын көтере.

– Давид, сол «пысықай» жігіттер кешелі бері менен сендердің құндарыңды сұрап отыр. «Қолымызға тірідей беріңдер. Үйітіп жейміз» дейді. Сенбесең терезеден қара. – Ратша сөзінің соңында қолымен терезе жақты нұсқады.

Арыстан мен Давид, олардың соңын ала Керімсұлтан терезеге жақындап, пердені ысырып қарады.

Көлік қоятын кең аулада жүз шақты жеңіл көлік жарықтарын жағып-өшіріп, айналаны түрлі-түсті сәулеге шомылдырып тұр екен.

– Айттым ғой сендерге, аман қайтуымыздың өзі мұң болады деп. Мен қазақтарды білем ғой.

Керімсұлтан басын шайқап, кейи сөйледі.

– Сонда мыналардың бәрі біздің келгендігімізден хабардар ма?

Давидтің көзі бақырайып, сенер-сенбесін білмеген жандай жан-жағына алақтай қарады.

– Енді ше, – деді Гарман Коля. – Кеше сендер ұшақтан түскеннен бұл жігіттер әрбір іздеріңді бақылап отыр.

– Солай жігіттер, сендердің ел аумағынан аман-есен шығып кетулеріңе өз басыммен жауап берем, – деді әңгімеге араласпай үнсіз отырған Ратша. – Ендігіде мұндай оймен бұл жерге аяқ баспаңдар. Қонақ боп келем десеңдер әрқашан да құшағымыз ашық.

X

– Ассалаумағалейкум, ағасы! Жол болсын! – деді екі кісілік вагонга ентіге кірген жас жігіт қос қолын ала ұмтылып.

– Уағалейкумассалам, інім! Әлей болсын! Кел, жайғас.

– Керекуге ғой ия, аға? – деді жолаушы басқа пойызға мініп алған жоқпын ба дегендей қолындағы билетіне қайта үңіліп.

– Ия, Керекуге.

Жас жігіт жүктерін реттеп, тез киімін ауыстырды.

– Кешікті ғой, – деді жағы суалып, шашына ақ кірген жігіт ағасы.

– Кімді айтасыз, аға?

– Ә, балалар келеміз деп еді қоштасуға. Жұмысы мен оқуынан шыға алмай жатқан шығар.

– А-а-а, Алматының кептелісін білесіз ғой. Кешігіп қалам ба деп Өтеген батыр кентінен бір сағат бұрын шыққам. Соның өзінде әрең жеттім.

Купенің терезесін қаққан ұзын бойлы екі жігіт бұларға қарап қол бұлғады.

– Міне, балалар да келді. Қой, мен қоштасып қайтайын, – деді орнынан лып етіп тұрған жігіт ағасы сыртқа беттеп бара жатып.

Пойыз піл сауырлы қара жер бетінде асықпай қозғалды. Сәлден соң жыланбауырлап жорғалай жөнелді.

– Таныса отырайық ағасы. Менің атым – Назар болады, – деді жас жолаушы сөмкесінен алған тағамдарын үстелге жайғастыра бастап.

– Ә, жақсы. Менің атым – Есен.

– Алматыдансыз ба аға?

– Жоқ, мен Павлодарда тұрам. Сол өңірдің тумасымын. Алматыға бір шаруаларыммен келіп ем. Енді үйге қайттым.

– А, дұрыс екен, ағасы. Жеңгемізді сағынғансыз ғой.

Екеуі қарқылдай күлді.

– Жаңа жылды өз үйімде қарсы алайын дедім.

– Қабан жылында қожайын боп өз үйімнің төрінде отырайын дедіңіз ғой, а, Есаға?

– Ол да бар. Тым құрығанда өз үйімде қожайын сезінейін өзімді.

Есен қолындағы кітабын жауып, жастығының астына тықты.

– Өй, неге олай дейсіз? Ұзаса ердің жасына келген шығарсыз. Үйдің емес, елдің қожайы болатын кезіңіз ғой қазір.

– Жасартып қойғаныңа рахмет, інім!, – деп күлді Есен. – Пайғамбар жасы дей ме, алпыстың үшіне шықтық міне.

Назар үстел үстінде жатқан пышақтың жүзін майлықпен сүртіп алды да газетке оралған қазыны алып турай бастады.

– Қазір мен шәйнекпен қайнаған су әкеле қояйын аға. Асықпай отырып шәй ішейік.

Есен төсегінен тұрып, шабаданынан ас-ауқатын шығарды.

– Кружкаңыз бар ма аға?, – деді Назар қолындағы шәйнегін үстелге қоя беріп. – Әлде жолсеріктен сұрап алайын ба?

– Біз пойызбен жүріп үйреніп қалғанбыз, Назар. Бәрін өзімізбен бірге алып жүреміз.

– Ал, жақсы, онда үстелге жақынырақ отырыңыз аға. Ауқаттанып алайық. «Кемедегінің жаны бір» деген ғой, ертеңге дейін құлағымды сізге жалға берем. Керекудің мен білмейтін кереметтері болса айта отырыңыз.

– Қазіргі жастардың Павлодарды – Кереку, Петропавлды – Қызылжар деп атай бастағаны ұнайды. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп өзгертті, қандай әдемі естіледі ия.

– Ой, айтпаңыз аға. Тұран даласы Түркістан атауымен қайта түлегендей болды. Уақыты келгенде солтүстік өңірлер де байырғы атауларын қайта иемденетін болады бұйыртса. «Мұсылман болу әсте-әсте» дей ме...

– Сол уақыты құрғыр тезірек келсе болар еді. Тірімізде көріп кетсек.

– Ол жаққа асықпаңыз аға, – деді Назар пойыздың терезесінен сыртқа қарап отырып. – Ең бастысы жастар, сосын жалпы қазақ ауызекі тілде Кереку деп атай берсе, қағаз қайда қашар дейсіз.

Есен мен Назар баппен тамақтанды. Еті қашып, жүзіне қарттықтың ауылы көшіп келгенмен еңсесі тік жігіт ағасының бір кездері нағыз спортшыға тән денелі, тығыршықтай болғаны анық байқалады. Үстел үстіндегі тағамға қолын созғанда Назар оның білегінен «Мұстафа. Қожайын» деген жазуды анық оқыды.

– Әскерде болдыңыз ба аға?

– Біздің кезімізде әскерге бармай қалу деген өліммен тең еді ғой. Пара берсек те әскерге кетуге тырысатынбыз. Қиыр шығыста болдым. Петропавловск-Камчаткада.

– Рас айтасыз, ол кезде пара беріп әскерге барса, қазір пара беріп әскерден қалатын заман болды ғой. Марқұм әкем де ВВ*-да әскери борышымды өтедім, түрмеге кіретінбіз деп айтып отыратын.

– Түрмеге дейсің бе?, – деді Есен кілт басын көтеріп. – Әкең қайда болған еді?

– Ақмолада, сосын Ташкентте болдым дейтін.

– ВВ-ның жігіттері біздің сыртпен байланысатын жақсы достарымыз болды.

– Қалайша?

– Ә, маңызды емес. Сонымен өзің қандай шаруамен кетіп барасың Керекуге?

– «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, қаламға ілігерлік тың дүние табылып қала ма деп жолға шыққан бетім аға. «Әдеби өлкетану» деген бағдарлама бойынша.

– Не жұмыс істейсің өзің сонда?

– Ешқандай жұмыс істемеймін, аға. Мүмкін болса қаламға жұмыс істесем деген ой ғой.

– Журналистсің бе?

– Солай десеңіз де болады. Білегіңіздегі жазуды әскерде жүргенде салдырдыңыз ба?

Есен білегін түріп, «Мұстафа. Қожайын» деген жазуға қарады.

– Е, бұл жазудың әңгімесі ұзақ. Болдың ба?, – деді Есен бет сипаймыз ба дегендей қос алақанын жайып.

– Ал, бата сізден онда ағасы.

Қара жер төсін тепкілеп пойыз жүйткіп барады. Түнімен тоқтамай жауып, үй ауласына қалың түскен күртік қарды түске дейін ақ тер, көк тер боп күреп, кешкі пойызға шаршап-ақ мінген еді, қырсыққанда Назардың ұйқысы келмеді. Дөңбекшіп жатты да қойды. Қақ төбесіндегі кішкентай шырақты жағып алып Достоевскийдің «Идиотын» оқып жатқан Есеннің де ұйқышыл емес екендігі байқалады.

– Есаға, – деді бір қырына аунап түскен Назар. – Мүмкін вагон-ресторанға барармыз, а? Қалай қарайсыз?

Есен «Идиоттың» бетін жауып, мұрын үстіне қондырып қойған көзілдірігін шешті.

– Ресторанға дейсің бе? Ал, кеттік ендеше.

...Арқаның таңы сібірлеп атып келеді. Керекуді бетке алған пойыз ішінде таңға әңгімелескен екі жолаушы таң нұрымен құбылып, түрлене қалған кең-байтақ аппақ өлкеге сүйсіне көз тастады...

Түрме терминдеріне түсіндірме

«ВВ» – внутренние войска – ішкі әскер

«Верхушка» – түрмедегі жоғарғы топ, элита, түрме әкімшілігіне бағынбайтын жігіттер.

«Опущенный» - түрмедегі төменгі топ.

«Малява» – қылмыскерге берілетін мінездеме түріндегі хат.

«Запретка» – запретная зона, запретная полоса – түрме әкімшілігіне көнбегендерді зонаға шығаратын «қауіпті аймақ», «қауіпті жолақ».

«Погоняло» – лақап есім. Лақап ат қою түрме ішінде кең таралған дәстүр.

«Чифирь» – қатты қайнатылған қою қара шай.

«Жилзона» – барактар орналасқан аймақ.

«Промзона» – өндіріс аймағы.        

«БУР» – барак усиленного режима – күшейтілген режимдегі барак.

«ПКТ» – помещение камерного типа – камера типтес орын.

«Мамаша» – қызтекелердің басшысы.

«Общак» – түрмедегі жалпыға ортақ қор.