2023 жылдың 15 қарашасында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық-музейінде Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи – өлкетану музейі қорынан «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты жылжымалы көрме ашылды.
Көрмеде көрнекті тұлғалардың құнды заттары - сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, қолжазбалар, тұрмыстық заттар және ұрпақтар үшін ұлттық мәдениеттің символына айналған ұлы адамдардың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын басқа да материалдар басты орын алды. Көрмеге ұсынылған құнды жәдігерлердің қатарында Мұса Шормановтың шырағданы, Шәкен Аймановтың сахналық костюмі, Майра Шамсутдинованың киімдері мен «Тальянка» сырнайы және атақты жерлестеріміздің жеке заттары қойылған.