Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» атты көшпелі көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрмені Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейі дайындап, музейаралық ынтымақтастық аясында Павлодар қаласының көрермендеріне ұсынып отыр.
Көрме экспозициясына 95 музейлік жәдігер қойылған. Олардың қатарында архивтік құжаттар мен фотосуреттер, ұлттық киімдер, этнографиялық материалдар және Өзбекәлі Жәнібековтің музей қорына тапсырған жеке заттары бар.
Көрме көрнекті тұлғаның бай мұрасымен танысуға, оның сан қырлы қызметін тереңірек зерделеуге, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен тарихи жадты сақтаудың маңызын тағы бір мәрте ұғынуға мүмкіндік береді.
Көрме 6 желтоқсанға дейін жалғасады.


