Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейімен бірлесіп ұйымдастырылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өз-ағаның жинаған өз мұрасы» атты көшпелі көрменің ашылуы өтеді.
Өзбекәлі Жәнібеков – қазақтың ұлттық мәдениеті мен тарихи мұрасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның бастамасымен Наурыз мерекесі қайта жаңғыртылып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған көптеген маңызды жұмыстар жүзеге асырылды.
Экспозицияда Арқалық музейінің қорынан 95 құнды жәдігер көрсетіліп, қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттері, ұлттық киім үлгілері, этнографиялық бұйымдар және өз қолымен музейге тапсырған жәдігерлері ұсынылды.
Көрмеге Павлодар өңірінің тұрғындары, мәдениет басқармасының өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар, тарихшылар, сондай-ақ студенттер мен оқушылар шақырылды.


