Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде Павлодар қаласының құрметті азаматы, бірінші гильдия көпесі әрі меценат Артемий Иванович Деровтың туғанына 170 жыл толуына орай «Артемий Деров және Екібастұз көмірі: тарих пен ұрпаққа аманат» атты тағылымы мол тақырыптық дәріс ұйымдастырылды. Өлкетану бағытын қамтыған бұл дәріске №11 жалпы орта білім беру мектебінің 5 «г» сынып оқушылары қатысып, қаламыздың тарихына терең үңілді. Дәріс барысында ХІХ ғасырдың 70 жылдары Павлодар уезіне қоныстанған тұлғаның өмірбаяны, қоғамдық қызметі және өңірдегі көмір өндірісінің дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі жан-жақты баяндалды. Танымдық кездесу оқушылардың туған өлке тарихына деген қызығушылығын айтарлықтай арттыра түсті. Оқушылар білімдерін тиянақтап, берілген ақпаратты бекіту мақсатында қызықты сұрақ-жауап сессиясына белсене қатысты.


