«Бірлігіміз – бейбіт тірлігіміз» этнографиялық кеші Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында музейде «Бірлігіміз – бейбіт тірлігіміз» атты этнографиялық кеш өтті. Іс-шараның құрметті қонақтары Павлодар ауданы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің өкілдері болды.
Бағдарламада Павлодар ауданы кәрістерінің этномәдени бірлестігінің жетекшісі Шин Светлана Гир-Соновнаның сөзі ерекше орын алды. Ол өз сөзінде Қазақстандағы кәріс диаспорасының тарихына тоқталып, қоныс аудару мен бейімделудің күрделі кезеңдерін еске алды. Сондай-ақ мәдени бірегейлікті сақтауға ықпал еткен қайсарлық пен еңбекқорлықты атап өтті. Кештің маңызды бөлігі кәріс халқының материалдық және рухани мәдениетін танытқан тақырыптық көрме болды. Нағыз мерекелік атмосфераны «Торади» би ансамблінің өнері толықтырып, кешке жылылық, шынайылық және ұлттық нақыш сыйлады.


