“Сезім мен сыр ақыны — Шөмішбай” музейлік сабақ. Екібастұз тарихи-өлкетану музейде көрнекті ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына және ғашықтар күніне орай «Сезім мен сыр ақыны — Шөмішбай» атты музейлік сабақ өтті. Шараға ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжінің студенттері қатысып, ақынның сырлы әлемімен танысты. Музей маманы Ерлан Мақсұтұлы ақынның шығармашылық жолы мен қазақ поэзиясына қосқан үлесі туралы баяндады. Дәстүрлі әнші Жомарт Қабыкенов Ш. Сәриевтің сөзіне жазылған «Атамекен», «Қарағым-ай» сынды шоқтығы биік туындыларды шырқап, кеш ажарын ашты. Студенттер ақынның махаббат пен лирикаға толы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Рухани кеш соңында жастар ақын мұрасына арналған көрмені тамашалап, әсерлерімен бөлісті. Өлең мен ән егіз өрілген шара қатысушыларға ерекше сезім сыйлады.


