2025 жылғы 17 қыркүйекте сағат 12:00-де Майра Шамсутдинова атындағы ән өнер шығармашылық музей-үйінде Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музейі тарапынан ұйымдастырылатын әнші-композитор Майра Шамсутдинованың 135 жылдығына арналған «Ақынның өшпес мұрасы» атты жылжымалы көрменің ашылуы өтеді.
Ертіс-Баян өңірі – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан талай дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың бірі – қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген дара тұлға, талантты әнші-композитор, халқымыздың ардақты перзенті Майра Уәлиқызы Шамсутдинова. Биыл ұлт руханиятына үлкен мұра қалдырған өнер иесінің туғанына 135 жыл толып отыр. Майра Уәлиқызы 1909–1910 жылдары қазіргі Талдықорған қаласына қарасты Қарағаш ауылындағы «Мамания» мектебінде ұстаздық еткен. Сол кезеңде болашақ ақын, Алаштың жарық жұлдызы Ілияс Жансүгіровпен жүздесіп, оған ақ батасын бергені тарихи деректерден белгілі. Осы тарихи сәтті ұлықтау және екі өңір арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында І.Жансүгіров атындағы әдеби музейдің «Ақынның өшпес мұрасы» атты жылжымалы көрмесі Павлодар қаласына келді. Көрме аясында келушілер ақын І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты сирек кездесетін түпнұсқа жәдігерлермен, оның жеке заттары мен қолжазбаларымен таныса алады. Бұл бастама жастарға тағылым беріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған маңызды мәдени іс-шара болып табылады.