2025 ж. 16 қыркүекте, «Ertis» музейінде, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы жәдігерлерінен ұйымдастырылған «Түркістан. Мыңжылдықтар сәулесі» атты көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Көрменің мақсаты - Түркі халықтарына ортақ ұлы ғұлама - Қожа Ахмет Ясауидің тарихи болмысы мен мұраларын ұлықтау, шәкірттері мен олардың еңбектерін таныту. Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорындағы қайталанбас ерекше заттай жәдігерлерді көпшілік назарына ұсыну, дәріптеу, насихаттау.
Көрмеде, Түркістан оазисі қалаларының тарихы - Шербай, Шпан қорымдарынан табылған археологиялық материалдар мен Шауғар-Шойтөбе, Ясы-Күлтөбе қалаларының тарихи жәдігерлері, Қожа Ахмет Ясауидің туған және өскен Сайрам-Исфиджаб, Ясы-Түркістан қалалары мен Ясауи шығармалары, ұстаздары мен шәкірттері, ізбасарлары туралы тарихи деректер, Ясауи кесенесінің салыну тарихы, ондағы сирек кездесетін бірегей тарихи мұралар туралы ақпараттар беріледі.
Көрмеде «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің негізгі қорынан 90 экспонат ұсынылады.