Наурыз мейрамы аясында Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде Семей қаласының киіз шебері Гүлмира Айгожинаның «Шеберлік пен шабыт» атты жеке көрмесі ашылды.
Гүлмира Мұхамет-Қызырқызы Айгожина – Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, көптеген халықаралық, республикалық және облыстық көрмелер мен байқаулардың қатысушысы.
Көрмеде 30-дан астам кілем, киім, аксессуарлар мен сәндік элементтер ұсынылды. Бұл туындылар шеберлікті ғана емес, жүрек жылуы мен шабытты бейнелейді. Сондай-ақ, Гүлмира Айгожина заманауи әдістер мен түстерді, текстуралар мен пішіндерді дәстүрлі қазақ ою-өрнектерімен үйлестірген жаңа жұмыстарын таныстырды.
Көрме аясында Гүлмира Айгожина киіз басу техникасы бойынша шеберлік сабағын өткізіп, қатысушыларға тәжірибесімен бөлісті. Бұл халық қолөнерін тереңірек білгісі келетіндер үшін тамаша мүмкіндік болды.




