«Туған өлке тарихы музей жәдігерлерінде» көрмесі. Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі және Майра Шамсутдинованың ән шығармашылығы музей-үйі ұйымдастырған «Туған өлке тарихы музей жәдігерлерінде» мен «Майра музейі – Тарихи 25 жыл» атты көшпелі көрмемен өлкетану сағаты өткізілді. Қаладағы Абай және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп, сондай-ақ №4, №7, №8 мектептердің оқушылары, құрметті азаматтар мен украин этномәдени бірлестігінің «Крыницы» халық ансамблі, поэзия сүйер қауым туған жеріміздің тарихи мұрасына жақыннан танысып қана қоймай, өткен оқиғалардың өңірдің бүгіні мен болашағын қалай қалыптастырғанын көруге бірегей мүмкіндік алды. Бұл көрме – музей қызметкерлері, тарихшылар мен өлкетанушылардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Олар өңірдің көрнекті тұлғалары, маңызды оқиғалары мен мәдени құндылықтары туралы жадыны сақтауға зор үлес қосып келеді.

