Заявка на посещение и экскурсию - 8 (7182) 61-81-59

Қарт Мерей

Арқаның алтын алқасы

Алаштың ұлан байтақ Даласы киелі жерлерге толы. Осындай ұлтымыз үшін қасиетті жерлерді қадірлеп-қастерлеу – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүріміз екендігі дау тудырмайды.

Егемендік жылдарында осы бағыттағы жұмыстар бүкіл еліміз бойынша күрт жанданды. Соның ішінде, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандаған тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылғанын көпшілік өте жақсы біледі. Осы айтулы шарадан Кереку жұртшылығыда тысқары қалған жоқ.

Енді қолға алынған ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы - "Әдеби өлкетануды дамыту" атты ауқымды жоба мемлекеттік бағдарлама болғандықтан алдына қойылған мақсаты, бағыт-бағдары бар. Ең бірінші мақсаты – өзіміздің жерімізді, тарихымызды, рухани-мәдени мұрамызды бойымызға сіңіру, жаңа деңгейде қалың елге кеңінен танып, насихаттау болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» -деді Елбасы. Менің айтпағым, тұтас халық, өркениетті ұлт мәдениетті, зайырлы, иманды болса – ол әлемнің бір бөлшегі, әлемдік мәдениет пен әдебиетке, өркениетке де өз қосары болмақ.

Кеңестік кезеңде, жасыратыны жоқ, қазір де біз бақсы-балгер, әулие, киелі жер дегенге түрлі көзқараспен қарап, түрлі пікірлер таратамыз. "Әдеби өлкетануды дамыту" жобасында ең бірінші табан тірейтін нәрсе – аңыз. Жазба деректеріміз аз болғаннан кейін аңыз-әңгімелерге әдеби-мәдени, ғылыми-танымдық және ақпараттық-насихаттық тұрғыдан келуіміз керек. Бүгінде қолына қалам ұстағандар үшін өлкетанушылар, олардың зерттеулері, жинаған қазыналары ерекше маңызды екендігін Павлодар облысында болған шағымызда көз жеткіздік.

ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы - "Әдеби өлкетануды дамыту" атты ауқымды жобасы жоғарыда өзі атап өткеніміздей, бұл болашаққа бағдарланған жоба. Алдағы уақытта бағдарлама бойынша қаламгерлер тарапынан жан-жақты іргелі ізденістер жүргізіліп, әдеби зерделеулер жасалып, көркем туындылар өмірге келіп, тарихи-танымдық және ақпараттық-насихаттық мақалалар жазыла бастады. Бұл алғашқы қадам болған соң, өзіміз болған өңірдің қолда бар деректерімен шектелдік. Тұңғыш талпыныс болғандықтан, Керекудің қасиетті орындарының бәріне емес, ең керекті дегендерін ғана қалам ұшына іліктірдім. Болашақта аталған облыс бойынша киелі орындар тізімі толықтырылып, ізденіс жұмыстары одан әрі жалғасатынына сенімім мол.

Ақсақалдар айтқан шежірелер ұмыт болып барады. Соларды қайта іздестірсе, зерттесе, қағазға түсіріп БАҚ беттерінде жұртқа танытса үлкен жұмыс болар еді. Бұл шаралардың арғы жағында халықтың, жеке адамның рухын, қадір-қасиетін көтеру мәселесі жатыр. «Мен осындай елде туғанмын» деген лайықты мақтаныш сезімін туғызу керек. Халқымыздың әлемдік өркениеттегі, тарихтағы орнын тани білу сезімі осылай орнығады. Рухани бастауларымызға ден қою келешекте сан алуан мүмкіндіктерге жол ашады.

Киелі жер дегенденімізде алаш үшін Қазақ елінің әр өңірі, тау мен тасы, өзен мен көлі киелі екендігі ойға оралады. Егерде жолыңыз түсіп, қай өңірге барсаңыз да «біздің топырақ киелі ғой, жарықтық» деп отырған ақсақалды қарияны кездестіретініңіз айдан анық. Бұл ұғым бізге қанмен берілген және ұлттық ерекшелігіміз болып қалма береді. Павлодар өңіріде осындай аңыздардардан кенде еместігіне көз жеткізе алдық.

ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасы - "Әдеби өлкетануды дамыту" аясындаКиелі Кереку өңірін аралаған шағымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша көптеген игі істердің қолға алынып жатқанын аңғардық. Көңіл өсіп, көзіміз қуанды десек, артық айтпаспыз. Иә, Ертіс-Баян өңірінің рухани-мәдени әлеуеті жыл санап артып келеді. Соңғы жылдары осы аймақта өлкетану ізденістері қарыштап дамып, аймақтың қасиетті жерлеріне ғылыми-әдеби зерттеушілікпен ден қойғандар саны артып келеді.

Осы орайда, бір білгеніміз, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу барысында қолға алынған істерге келсек, ең алдымен, облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылыпты. Оның құрамына белгілі географ, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар енгені көңілді қуантады. Киелі жерлерді танытуда аңыздар мен жазба деректеріне басымдық берілгені өте орынды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасарыБаширова Гульзираның айтуынша: «Өңірде «Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыруға баса назар аударылады. Қазіргі уақытта мұнда 78 сакралды орын анықталған. Оның 73-і облыстық және бесеуі республикалық тізілімге енгізілген. Әрбір нысан мен орынға толық аңдатпа жазу бойынша жұмыс жүрігізілуде. Енді, бәріміз бірлесе сол дүниелердің тарихи қалпын бұзбай ретке келтіру жұмыстарына жұмыла кірісуіміз керек»,-деді. Осы орайда олардың қатарында Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенелері, Кемпіртас және Қоңыр әулие сынды тарихи орындар бар. Ал Шарбақты ауданынан Ғабдул Уахит хазірет кесенесі, Екібастұз қаласынан Исабек Ишан кесенесі сол тізімнің қатарынан орын алған. Баянауыл ауданындағы Күреңбай сыншы мен Екібастұз маңындағы Қосын Пішембаевтің зираттары, Жасыбай батыр ескерткіші, Қоңыр әулие тарихи орыны, Бұқар жырау ескерткіші сынды әр қазақ тәу етер жерлер баршылық.

Біз осы сапарымызда Баянауылдан кейін бізді «Мәшһүр Жүсіп» қорының төрағасы Ертай Қуандықұлы бастап жүріп, Май ауданындағы Қалбасын мұнарасына, Ақтоғай ауданындағы Естай Беркімбаевтың және Бекбау ата Жәнібекұлының жатқан жерлеріне, Успен ауданындағы Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлының, Ертіс ауданындағы Таймас әулие кесенесіне бара алдық.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Батталовтың сөзінше, Павлодардағы «Киелі жерлер географиясын» анықтау үшін елді мекендерде тұратын көне көз қариялардың, жергілікті тарихшылардың, өлкетанушылардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп отыр екен.

Ғалымның айтқанынан ұққанымыз Павлодар облысындағы тарихи орындарды аралау үшін комиссия жасақталып жатыр екен. Оның құрамында ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, ертеде ел басқарған азаматтар кіріп отыр. Сонымен қатар, жергілікті халықпен ақылдасып көп нәрсені шеше бастапты. Экспедиция жұмысын жаз айларында жүргізіп, күзге дейін этнографиялық материалдарды дайындап Астанаға жіберді. Нәтижесінде жарық көретін энциклопедияға республикалық маңызы бар тарихи орындармен қатар, жергілікті деңгейдегі маңызды жерлер де кіреді.

«Ең бастысы,-дейді Қайрат Батталов – соның маңыздылығын айқындайтын нақты дәлелдер тауып, ұсынуымыз керек». Бұл нағыз елін сүйген жанның жүрегінен шыққан сөз.

Лебяжі ауданында киелі орындар қоршалып, Q-кодтар орнатылу үстінде екен. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бойынша сакралды жерлерді анықтау үшін ауданда жұмыс тобы құрылыпты. Осы анықталған   орындарды қоршауға алып, әрбіреуіне төлқұжат пен Q-кодтар орналастыру жұмыстары жүргізілуде екен. Елбасының мақаласын насихаттау мақсатында аудан бойынша «Рухани жаңғыру» тақырыбына 11 билборд орнатылғанын біле алдық. Аудан бойынша анықталған тоғыз киелі орынның ішінде сынықшы, емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті, Базылғазы тасы ескерткіші, Тұз қала көлі, ертеде аққулар мекендеген Аққу ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан Қамқалы көлі, аңыз-әңгімелерге толы Малыбай көлі, Әбубәкір Хазірет бейіті, Бөрлі көлі, Ғибадолла Ғабдізәкірұлы бейіті бар екен. Көз жеткізгенміз көлемі 12 шақырым, суы ащы да, шипалы Малыбай көлі таралы халық арасында түрлі аңыздар жетіп артылады екен. Сынықшы, емші Ғабдуллин Мерғалым Мұхтариханұлының 1935 жылы Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келіп, өзінің 51 жыл өмірінің басым бөлігін мұқтаж жандарға риясыз көмек көрсетуге арнағанын біле алдық. Шақа ауылдық округі, Байымбет ауылының жанында 1720 жылдары өмір сүрген жаурыншы, емші болған Сары Бәйбіше зираты бар екенін біле алдық.

Әлем халықтарының өзіне тән киелі орындары бар. Ағылшындар басты храмы – Кентерберий ғибадатханасын мақтан тұтса, француздар Нотр-Дам-де Париді ұлық етеді. Қазақ елінде де мақтаныш ететін қасиетті орындар жеткілікті. Осындай қасиетті орындарымызды әлем халқына танытумен қатар еліміздің болашағы жас ұрпаққа тереңірек таныстыру маңызды. Осы бағытта Иә, тізе берсек тереңірек таныстырар киелі орындар көп. Дегенмен, бүгінде жергілікті мамандар Павлодар аймағында қанша киелі, қасиетті орын бар деген сауалға нақты жауап іздеуде. Жергілікті дүйім жұрт Қазақстанның киелі жерлерінің белдеуі — рухани жұтаңдықтан сақтайтын қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыз екендігі жақсы түсінеді. Себебі, өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелері баршылық. Енді негізгі әңгімемізді ел мен жер әм тарихи дара тұлғалар жайындағы аңыз әңгіме, шежірелермен өрбітпекпіз.

Киелі жерге тағзым – ұрпаққа ұлағат

Кереку жеріндегі кесенелер туралы сөзді алғашқы ислам миссионерлерінің ұрпағы философ, ағартушы және Мәшһүр Жүсіптің тәлімгері болған жан Исабек Ишан Хазіреттен бастауды жөн көрдік. Исабек ишанның ұрпағы қазаққа аты мәлім әулие Жандарбек қожаның бүгінгі ұрпақтары С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Ж.О.Артықбаев, Е.Н.Дауеновтердің қолда бар деректері осы орайда көптеген соны мәліметтерді қолымызға ұстатты. Әрі осы туындымызға алтын діңгек болды.

Қожалардың Арқаға келуі

Мәселен, Семей өңіріндегі Шыңғыстаудағы Архатқа қожалардың келуін Мамай батыр Жанұзақұлымен байланыстырсақ, Ж.Артықбаев, Е.Дауенов т.б. тарихшы ғалымдар Кереку өңіріне қатысты тың деректерді қолымызға ұстатады.

Барша қазақ білетін бір жайт Қожалардың ұраны – «Қожахмет», таңбасы – араб алфавитінің бірінші әріпі – әліп болып табылады. Кей қожалар өздерін пайғамбардың мұрагерлері, ізбасарлары, сақабалары деп те атайды.

Қожалар дәстүрлі қазақ қоғамындағы аса құрметті әлеуметтік топтың бірі. Олар қазақ қоғамының негізгі генеологиялық құрылымына кірмейді және өздерінің шығу тегін Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әліден бастайды. Қазақстан территориясында қожалар ерте ортағасырларда еніп, мұсылмандық дін уағыздаушылар, миссионерлер, ағартушылар ретінде әйгілі болды. Өзбекстанның Бұхара қаласынан Кереку жеріндегі Ақкөл-Жайылмаға қожаларды Мұрат ишан бастап келгенінді тарихтан белгілі.

Расында да қожа тобының шығу тегін қазақ тарихшылары Мұхаммед пайғамбардың мұрагерлері төрт шадиярға бастайды: Әбу Бәкір Садық /632-634/, Омар /634-644/, Осман /644-656/, Әзіреті Әлі /656-661/ бар. Қазақтар арасында қожалар Шәмши Ахмед және Шайхы Бұзырық деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шайхы Бұзырықтан: Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб, ал Шәмши Ахмедтен: Қорасан қожа, Қырық Садақ, Диуана қожа, Бақсайыс, Ақ қожа, Жүсіп қожа, Сейіт қожа, Қылышты қожа тарайды. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңында төрелер мен қожалар бір топқа жатқызылып, оларға «қара» халықтан гөрі жеті есе артық құн белгіленген. Қожалар ислам дінін таратушы әрі уағыздаушы болумен бірге, халықтың арабша сауатын ашуға қатысты.

Қазақстанға келмес бұрын қожалар ҮІІІ ғасырда Арабия жерінен келіп Өзбекстанның Бұқара қаласына қоныстанады. Қожалардың Бұқара қаласынан Орталық Қазақстандағы Ақкөл-Жайылма өңіріне келуін Қажыбек Алғамбарұлы былай жазған: «Әкем Алғамбар қожадан естігенім руымыз – Имам раббани, бергі бабамыз Саид қожа әулетінен: Аққу ишан – Бағдаи ишан – Назар ишан – Мұрат ишан болып тарайды. Арқа еліне келген бабамыз – Мұрат ишан. Мұрат ишанның Арқаға келгені туралы мынадай әңгіме бар: ХҮІІІ ғасырдың аяғында Бұхар-Шариф шаһарында діни медресені үздік тәмәмдаған Мұрат ишанды медрасе басшысы хазрет шақырып алып: «Сен дарынды шәкіртсің, сенің ырызығың Арқада, сонда барып елге ислам дінін уағызды»,- деп батасын берген екен. Міне, сол ХҮІІІ ғасырдың аяғында Мұрат ишан 20-21 жас шамасында Арқа еліне келген».

Ел арасында жүрген қожалар шежіресінде Назар ишаннан екі бала Мұрат ишан және Досым қожа тараған. Қожалар ұрпағы Қайрат Қажыбекұлы мен Ғабдылкәкім Ғаппарұлының айтуынша, Досым қожа Мұрат ишанмен бірге Бұхара қаласынан келген шәкірт бала. Олар бір медреседе оқып, бірге келгеннен кейін, ағайынды көрінген. Досым қожа Ақкөл-Жайылманың қожалар тарихында бір-бір айтылмайды, Кәкім аға оны Бұхарадан келісімен Ерейментау өңіріне кетіп, сол жақта қожалар ұрпағын таратқанын болжайды.

Мұрат ишан да қасиеті бар адам болған екен. Оның қасиеті туралы келесі аңыз бар: «Арқа еліне келе жатып, Мұрат ишан ел тонаушыларға кез болған. Жас жігіттің үстіндегі киімі мен астындағы мінген атына қызыққан қарақшылар арам оймен мұны да тонамақшы болады, сол уақытта қалың тұман түсіп, қарақшыларды адастырып жіберген». Арқа еліне келген Мұрат ишан, ел аралап, Баянауыл елін мекендеген қанжығалы руына, Тоқсанбай деген байдың ауылында орныққан. Осыдан «Тоқсанбайдың тоғызыншы ұлынан тараған қожалар» деген сөз қалған. Тоқсанбайдың сегіз ұлы болса керек. Мұрат ишанды өзінің тоғызыншы ұлындай көріп, артынан үйлендірген. Кейбір шежірені білмейтін қожалар өздерін қанжығалының ішінен тараған қожамыз деп санайды. Мұрат ишан Тоқсанбайдың тоғызыншы ұлы болса да, жеке қожа тегінен шыққан ұмытпағанымыз жөн. Мұрат ишан осы елден Малдыбайқызы Марғанға үйленіп, Исабек, Мұхаммеднияз деген екі ұл көрсе, кейінгі әйелінен Сүлеймен мен Смайыл атты ұлдар дүниеге келеді. Мұрат ишан шапағатты, ел арасында абыройы зор ишан болған. Халыққа ислам дінін тарату, уағыздау жолында үлкен еңбек еткен. Дүниеден өтетін уақытын сезген ишан ата балаларын /Исабек, Мұхаммеднияз/ шақырып алып: «Мені еліме жеткізіңдер», – деп өсиет айтқан. Сөйтіп балалары Мұрат ишанды керуенмен Бұхар Шарифке апарған. Барғаннан соң шамамен бір айдан кейін Мұрат ишан қайтыс болып, балалары әке өсиетін орындап, Тентек /Тебеген/ ишан зиратына жерлеп, қырқын өткізген соң, елге көш бетін қайта бұрған.

Мұрат ишанның ұлы Исабек ишанның өзі қасиетті, шарапатты адам болған. Кезінде Мәшһүр Жүсіп, Тәтентай хазрет, Бекбау әулие тағы басқалармен сыйлас болған, ел арасында қасиетімен абройы жоғары, әулие көріпкел, терең білімді ғалым болыпты. Исабек ишанның шарапаты жөнінде мынандай аңыз бар: «Исабек ишан інісі Мұхаммеднияз екеуі әкесі Мұрат ишанды жерлеп, Бұхар – Шарифтен керуенмен келе жатып қарақшыларға кезігеді. Ишан аты-жөнін айтқан соң қарақшылардың басшысы: «Қасиетті болсаң аспандағы ұшып бара жатқан қаздарды жерге қондырды »,- дейді. Сонда Исабек ишан екі рәкәғат намаз оқып, дұға жасағанда қаздар жанына келіп қонған. Қасиетіне бас иген қарақшылар ишан атадан кешірім сұраған. Исабек ишан мұсылман еліне, қазақ жеріне шырақ жағып, имандылықтың, сауаттылықтың жарығын таратуға келген жанкешті адамдардың ұрпағы. Міне, осы қасиеті мен қамқорлығы қатар тараған тұлға туралы деректердің аздығы, халық санасына там-тұмдап жетуінің салдарынан ол кемеңгер адам туралы әңгімелер көбінесе аңыздық кейіпке ие болған. «Халық айтса қалыс айтпайды» деген сөз де талай ғасырлар белесін өрлеп келген өрелі сөздердің қатарында болса керек. Бірінің естігенін екіншісіне ауызша жеткізіп отырғандықтан да өткен дәуірлердегі халықтың бетке ұстары, қорғанышы, ақылшысы, сүйенері болған зерек туған тұлғалардың есімі бүгінге дейін келді.

Осы сапарда біз естіген сондай әңгімелердің бірталайы Исабек ишан жайында болды.

Исабек Ақкөл-Жайылма аймағында жүргенде әкесі Мұрат ишан қатты науқастанып, «мені туған мекенім Бұхар-Шарипке алып барып жерлеңдер»,- дейді. Жер шалғай, жол алыс. Арба түгілі салт атпен жүргеннің өзінде алты айшылық қашықтық. Елін, туған өлкесін көрмегелі де көп болған Исабек ишан әкесінің өсиетін талай қиындықты басынан кешіп, арып-ашып сапар шеккеніне қарамастан әкесінің қатты сырқаттанып жатқан кезінде арманын орындауға асықты. Алла тағаланың білдіргені сол жолы әкесімен туған жерінде бақұлдасуға үлгеріп қалды. Бірге алып барған інісі – Мұхамеднияз екеуі Мұрат ишанды арулап, жер қойнына тапсырды.

«Ертеде Ишан атамыз Әулие көлдің жағасына қоныстанған екен. Сулы жер – нулы жер. Қасиетті атамыз таңдаған жер малға да, жанға да шұрайлы, құнарлы болып, аз уақыттың ішінде көл жағасына көп халық қоныстанған. Көпшіліктің арасы ала-құла болады ғой. «Бір биеден ала да, құла да туады» дегендейін елге жұмақтай өңір тауып берген атамызды да алакөздеп, сырттай жауласушылар табылады. Исабек ишан қазақ жері Ресей империясына бағынышты кезде өмір сүрген. Ақкөл өңіріндегі лауазымы бар біраз адамға қожо ұрпақтары ұнамай қалады. Мұндай кезде олар бетке айтып, ақ-қараны ағайын арасында шешсе жақсы ғой. Жақтырмаушылар жиналып орысша хат танитын тілмаш тауып Омбы генерал-губернаторына Исабек ишанның үстінен арыз жазады. Көп ұзамай тергеуге, жауап алуға шақыру да келеді. Жанашыр ағайын: «Бармаңыз. Орыс түсінігі басқа, үкімі басқа. Жазым етіп жүрер» деп қол-қолайды. Арыз жазып жүргендер де осал емес. «Туыс бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайды» деген қисық біткен бұтадай қыңырлау мәтел бар. Міне, осы сөз де тегін айтылмаған. Болмағанда Исабек ишанның төңірегінділер қадыр-қасиеті бөлек адамды білмейді деуге бола ма. Біле тұрып қысастық жасауға ұмтылады. Көп ұзамай керзі етігін гүрпілдетіп, мылтығын көлденең ұстап, солдаттар келеді. Ауыл халқы солдаттардың Иман атаны тұтқындауға келгенін естіп, жылап жібереді.

-Жыламаңдар. «Алла жөнін берсе, орыс тонын берер» дейді сапарға аттанып бара жатып. Атаның сөзіне иланғанмен жұртшылық, орыс айдауына кеткендердің қайтпайтынын да ойлап қапаланады.

Солдаттар әкелісімен Ишан атаны түрмеге қамайды. Түрменің іші қараңғы, сыз. Ишан өзгеден бұрын мұсылмандық парызын өтеуді ойлап, намаз оқитын орын іздейді. Құбылаға маңдайын берер тұсты тауып алу қиын деп отыра берсе, намаздың уақыты өтіп, қаза болар түрі бар. Ишан әулие отыра қалып дұға оқиды. Осы кезде есіктің құлпы тарс етіп ашылып кетеді. Исабек ишан есіктен шығып, құбылаға қараған тұсқа шапанын жайып, намазын оқиды. Осылай төрт күнде, намазын қаза етпейді. Төрт күнде төрт құлып бұзылады. Біреу аз деп екеуін салса, екеуі ашылып қалады. Түрме басшылары аң-таң. Түрме басшысы айналасындағыны аңдай білетін, көзі ашық көңілі ояу адам екен. «Мынау ақсақал тегін емес. Бойында бір қасиет бар-ау» деген ойға келсе керек. Осы ойын түптегенше бір күні түрме бастығының әйеліне Алла тағала аян беріпті. «Сенің күйеуің түрмеге қазақ даласынан менің бір елшімді алып келеді. Ол тегін адам емес. Бойында қасиеті мол. Соны босатса үлкен жақсылыққа жетер» дейді. Әйел жүкті, ай-күнін күтіп жүрген екен. Әйелінің айтқанын естіп, Исабек ишанды түрмеден босатады. Күнәсіз қамағаны үшін кешірім сұрайды. Осы кезде бір солдат айқайлап келе жатады. «Әйеліңіз босанды. Ұл туды» дейді түрме басшысына. Ол қуанғанынан көзіне жас алады. Алдында кілең қыз бала болып, ұлға қолы жетпей жүрген екен. Құдайдан сұрап жүргені аспаннан түскендей болғанын қазақ даласынан келген қасиетті адамның әсері екенін ұғады. Ұғады да Ишан атамызды құдайды күтіп, оқалы киім, қалың тон кигізіп жібереді.

Содан жолға шыққан атамыз үлкен өзенге кездеседі. Құрметтеп шығарып салушалар:

-Қасиетіңізді байқайық. Судың бетінен жүріп өтіңіз, -дейді. Ишан атамыз аспай-саспай шапанын жайып жіберіп, қайықша жүзе жөнеледі. Жағаға шыққаннан кейін шапанын сілкіп-сілкіп жіберіп, киім алады да орман жолына түсіп, жүре береді.

Осылай жеті күннен кейін ишан ата ауылға аман – есен қайтып келген екен. Осылай әулиеге Алла жөнін беріп, орыс тонын берген, – дейді Жандарбек ата,- деп ойын бітірді Қабыш ақсақал.

Исабек ишан туралы ел ішінде осындай сан алуан әңгімелер жүргенімен, ол туралы тереңірек сыр шертіп, тереңірек толғаған замандасы, пікірлесі, пір тұтқан Мәшһүр-Жүсіп Көпеев. Есімі барша елге әйгілі, ғұлама ойлары ұрпақтан ұрпаққа тараған Мәшһүр Жүсіптің білікті ұрпақтарының бірі бізді ертіп жүрген Ертай Қуандықұлы Мәшһүр Жүсіп өзінің 2000 жылдың 26 желтоқсанында облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің Мәшһүр-Жүсіптің «Исабек ишан өлеңі туралы» деген мақаласын жариялағанын сөз етті. Міне, осындай зерттеулерде ғасырдан ғасырға өткен сайын есімдері жарқырай түсетін адамдар туралы айшықты айтылған.

Исабек ишанның ата-тегіне қатысты деректердің біразы Мәшһүр-Жүсіптің «Исабек ишан» жоқтауында орын алған. Шығарманың бас жағында: «Өзі – ишан жұрт бастаған, заты – қожа, Сейітзада – нәсілі сондай таза», – деп берілсе, енді бір тұсында мынадай мәліметтер бар:

Атасы Мұрат қожа әулие өткен,

Бұтақтай бірден-бірге келіп жеткен.

Арғы тегін сұраса – Назар ишан,

Тазарып шыққан гауһар асыл тектен.

Туғаннан шариғаттың жолын қуған,

Хақ жолдан талмай, белін бекем буған.

Табылмас дүррі гауһарым-ай,

Сағадат қандай жақсы күнде туған?!

Пір болып кереметлі шыққан жастан,

Данышпан, ақылды еді жұрттан асқан.

Қанша білмес наданды жөнге салып,

Шешманның толып жатқан көзін ашқан.

Мәшһүр-Жүсіп туындысында Исабек ишанның қой жылы, 79 жасында көз жұмғаны айтылса, Исабек шөпшегі Ахметолланың /1957 жылы туған/ жанұялық мұрағаттағы мәліметінде де: «Исабек 79 жасында қайтыс болған, онда Мәшһүр атамыз 13-14-терде екен,- деген дерек бар. Сонымен бірге Мәшһүр-Жүсіп өлеңіндегі: «Тақсырдың мыңнан бірін айта алмаймын. Ағалар айыптама ғақылым азы» – деген жолдар да шығарма авторының онша ересек еместігін байқата алады. Енді осы деректерді жүйелесек, Исабек ишанның 1871 қой жылы, яғни Мәшһүр-Жүсіптің 13 жасында қайтыс болғаны анықталады. Осы ретпен есептеп, Исабек ишан 1792 жылы туған деп түйеміз.

Мұрат ишанның ұрпақтары Исабек ишан, Жандарбек қожа және т.б. елге қасиетімен танылған, құрметті адамдар екендігін дүйім Кереку жұрты біледі.

Жандарбек ата

Жандарбек қожа – Исабек ишан хазіреттің шөбересі. Исабек ишан бойындағы қасиет Жандарбек қожаға көп дарыған. Жандарбек қожа есімі де Ертіс-Баянауыл өңіріне мәшһүр болып отыр. Жандарбек ата да өзінің ата-бабалары секілді қасиеттілігіне қарамастан Ақкөл-Жайылманы жайлаған қарапайым адамдармен бірге қарапайым өмір сүрген. Кеңес кезінде қолда барды қасиеттеудің өзі оңайға соқпады ғой. Әсіресе, Алланың барлығын, пайғамбардың хақтығын бәрі бірдей ұрсаң қамшы өтпейтін қайыстай қара шекпен киген мұжыққа ұқсағысы келмесе де қарсы дау айта алмады.

1934 жылы Жандарбек Қожахметұлы Ақкөл кеңшарынан Жамбыл облысындағы Қаракемер ауылына қара жұмысқа жіберілген. Бұл кезең дін тағлымына уағыздаушылар үшін ғана емес, жалпы зиялы қауымның басына үлкен қатер төндірген, зұлмат уақыт еді. Соғыс жоқ елге жау қаптап, бетке ұстар азаматтарға кінәсіз айып тағылып, итжеткенге айдалып жатты. Міне, осы бір кезеңде бас сауғалап, «аш құлақтан тиыш құлақ» деп құраннан ауылын аулақ салғандар болса, қожа ұрпағы өзінің тірлігін ғана күттемей, ел арасында жасырын болса да мұсылман ғадетін, мұсылман дәстүрін сақтап, Алла жолынан аздырмауға күш салды. Солардың бірі – Жандарбек қожа.

Халық басына зобалаң әкелген аштық нәубеті, 1937-38 жылы елдің бетке ұстар азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессия тынышталып, еңбек адамы енді еңсесін көтереміз-ау дегенде Ұлы Отан соғысы басталды. Міне, осы бір тарихи кезеңнен Жандарбек Қожахметұлы да тысқары қалған жоқ. 219 атқыштар полкінің қатарында майданға қатысып, ел қорғады.

Ел қорғап, жеңістің жемісін жеген Жандарбек қожа – техниканы меңгеріп комбайыншы-тракторшы болды. Міне, осылай ел қатарлы тірлікте жүріп, бойындағы Алла берген қасиетін жоғалтқан жоқ. Ауыл тұрғындарының соғыстан кейін бейбіт қалыптасып, ақ жолын ашық уағыздауға күш салды. Ақиқаты мен аңызы, желпінді әңгімесі қатар жүретін халықпыз ғой. Жандарбек қожаның қасиеті туралы аңыз бен ақиқат қатар өрбіді.

Жалпы, Ертіс өңіріне мұсылмандық ғадеттер кештеу енгені жөнінде пікірлерге құлақ қоюға болады. Бұл, әрине, ислам діні өткен ғасырларда бұл өңірге мүлде тарамады деген сөз емес. Ондай күпірлікті тарих та, ғылым да, ілім де көтермес. Исламды уағыздаушылар Ертіс бойын, Омбы өлкесін, Сарыарқа бөктерін жағалап келді десек, оңтүстікте Қожахмет Яссауиға дейін дін жолын аралап келген өкілдер көп болған.

Исабек Ишан хазірет кесенесі (1792-1871)

Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл–Жайылмада жерленген Исабек Ишан хазірет пен Жандарбек қожа кесенелері 2010 жылы салынған екен. Үш күмбезді кесенеде Исабек Ишанның өзі және оның жалғыз ұлы Нұрмұхамед пен бауыры Мұхаммед Нияз қатар жерленіпті. Ақ тастан салынған кешен екі кесенеден және мешіттен және қажыға барушыларға арналған үйден тұрады.

Тарихқа көз жүгіртсек, ХIХ ғасырдың басында Исабек Ишан Ақкөл-жайылмасында халықтың діни сауатын ашу мақсатында медресе ашып, мешіт салған ғұалма. Хазірет тікелей мұрындық болуымен Баянауыл өңірінің 10 діндары Мекке қаласына алғаш рет қажылыққа барғандығын жергілікті тарихшылар алдымызға тартты. Сарыарқа жүртшылығы жаппай құрметтеген Исабек Ишанның ғажап мүмкіндіктері туралы аңыздар кең таралған. Енді қолымызда бар хазіреттің ұрпағы Ауданбай қажы Ахметжанұлының деректеріне кезек берейік.

Ұрпағымызды Ислам дінінің ақ жолына тәрбиелеуге ерен еңбек сіңірген дін қайраткерлерінің алдынғы қатарында Бабамыз Исабек ишанның алатын орны ерекше. Исабек ишан – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұрпағы.Хазіреті Алиден (р.а.) тарайды. Бабамыз Бұқара қаласында дүние есігін ашып, білімнің кәусарына сол жерде сусындап, 19 ғасырдың басында Арғынның арыстарының бірі Сүйіндік еліне келген қожа әулетінің көшбасшысы және халыққа тақуалығы мен танылып, замандастары Әулие танып пір тұтқан. Исаекең Ақкөл-Жайылмада медресе-мешіт ашып, Жаратушымыз жалғыздың тура жолымен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннетімен дін бауырларының сусындауына, елеулі үлес қосты. Сол кездің өзінде көршіміз орыс халқына жем болып жұтылып кетілу қаупын терең түсіне білгендіктен:

«Кәпірлерге жем болма.

Өзгелерден кем болма.

Бір Аллаға басыңды ій.

Жақсылық болар иншалла»-деп еліне уағыз айтқанын көре алмаған күншіл, ұлыққа арыз жазып, бабамызды тұтқындатыпты. Айдауылдар келіп әкеткенде, артында қалған жанашырлары мен жақындары «ұзақтай» шулап жылағанда:

«Алауыз болса ағайын,

Ынтымақ күтіп тұра ма?

Жолын берсе бір Алла,

Орыс тонын береді» -деп еңіреген елді жұбатады. Абақты ішінде харам асқа жоламай, намазын қаза қылмай оқып, бір Алладан медет тілеген құлына Жаратушымыздың құдыретімен абақтының есігіне салынған құлып ашылып қала береді. Күзетшілер қанша құлыпты қайта жапсада құлып ашыла бергенін басшыларына хабарласа, басшылары, «біз жазықсыз касиетті адамды тұтқындаған сыңайлымыз. Оған Құдай жар болған ғой.Оның Құран оқуы тегін емес, ертең кінәсізді босатуын сұрап өтініш беремін»-деген ниетпен үйіне келеді. Абақты бастығының үш қыздары бар, әйелінің аяғы ауыр, Алладан ұл бала тілеп армандап жүрген кезі екен. Жұбайына «жазықсыз жан қапаста, оны босатсаңдар бақытқа бөленесіндер»-деген түсінде аянын беріпті. Әйелі түсін күйеуіне өңінде көргендей айтып, тұтқынды «Босат» депті сұрапты. Жолдасының сөзі приставқа ой салып, үш күндей ас ішпей ойда жүргенде хабаршы әйеліннің ұл туғанын хабарлайды. Бұны естіген пристав «бөркін аспанға атып» Исекеңе оқалы киім кигізіп абақтыдан босатып, арқасына тонын жауып, мініс ат, қасына қосшы беріп, еліне қайтарыпты. Исекеңнің: «жолын берсе бір Аллаһ, Орыс тонын береді» сөзі шындыққа айналады. Исаекеңнің кереметтері туралы халық аузында сақталған. Соларды оқырмандар назарына ұсынудың артықтығы жоқ қой деген ниетпен бірлі жарымына тоқталайық.

Тасыған Шідерті өзенінен, өткенде киім су болмасын деген ниетте сыртқы киімдерін шешкен мезетте тал арасынан ұрылар шығып, «қолдарыңдағы киімдеріңді,көліктеріңді қалдырып өздерің кетіңдер»-дейді. Жолаушылардың біреуі «Біздің мүлкімізді алсаңдар да, мына азаматқа тиіспеңдер, керметті жігіт еді» деп өтініпті. Ұрылардың бірі «Ол жігітің әулие болса, ана ұшып келе жақан алты аққуды алдымызға қондырсын» -депті Исекең отырып дұға оқығанда аққулар ұрылардың алдына қоныпты. Исекеңнің кереметін көзі мен көрген ұрылар олардың мүлкін алмақ тұрсын, өздерінің олжаларын алыңыздар дегеніне Исекең «Сендердің олжаларыңды алмаймыз. Өзеннен өткізіңдер» депті.

Осы уақиғаға ұқсас басынан өткен бір жәйтті Әкем маған былай айтып еді.1920 жылдың көктемінде сырқаттанып төсек тартып жатқанмын. Бақсы, немере туысым,әрі құрдасым көңілімді сұрай келіп әңгімелесіп отырғанбыз. Төбемімізден бір топ көгершін ұшып өтті. «Әй, сен ана көгершіннің біреуін ұстап, сорпасын ішшең дертіңе дауа болады» дегеніне, Мен «сенде, не болса соны айтасын. Өзім сырқаттан қозғала алмай төсек тартып жатырмын, жүруге шама жоқ. Оған қоса, атып ала қоятындай мылтық та жоқ. Ол көгершінді кім маған ұстап әкеледі?» дегеніме «мен кәзір әкелейін»-деп, көгершіндердің ұшқан бағытқа қарай жүгіріп кетті. Сүт пісірімдей уақытта әлгі туысым көгершіні алып келді. Сол көгершінді сойып сорпасын ішкеннен соң, Алла шипасын салып сырқаттан айықтым» дегенін өз құлғыммен естімесем. Бұл жағдайға куә, дертінен жазылған әкем айтпай басқа адамның аузынан естісем де мен нанбас едім. Сондықтан Исаекең бабамыздың Алла берген басқалардан артықшылығын ел аузынан естігендер де көптірме сөз демесін. Халық жоқтан құрастырмайды, бір негізсіз. Ал уақыт өте оның айтылу мәнеріне өзгерістер енгені мен, оқиғаның негізі қалайда сақталады. Қатардағы пенделер арамыздағы Алланың артықшылық қасиетке ие қылған бауырларымыз туралы айтылғандарға күдікпен қарамай, Алланың құдыреті деп түсінгеніміз абзал. Өзеннен өтіп біраз жүрген соң Исекең қасындағыларға «Қап, мен бір қателік жібердім-ау»десе жанындағылар: «Сіз ешқандай қателік жіберген жоқсыз, «Алты аққуды алдыма қондыр»-деді,-қондырдыңыз, «Олжадан ал» деді, алмадыңыз» дегендеріне. Исекең: «Сендер білмедіңдер, күндердің күнінде менің ұрпағымның бірі тұтқында болады-ау! Мен алты аққуды тұтқын еттім ғой, байлап кеттім-ау» деп өкініпті. Кейін 1937 жылдың зұламатында Исекеңнің ұрпағы түрмеге түскенде халық Исекеңнің сөзін есіне алып, әулиенің кереметіне қайран қалды дейтін көне көз қариялар Мәшһүр-Жүсіп Исабек ишанға шығарған азанамасында (жоқтау) Бабамыздың білімін, әділдігін, шыншылдығын, батырлығын, исламның ақ жолын уағыздауда төккен тері-еңбегін, көркем мінезін, халал мен харамды, батил-(шындық-пен жалғанды) қалай танып, ажырату ерекшелігін. Алланың берген қасиеті, хал (батин) ішкі, жан-дүниеңді, жетілдіретін іліміді жоғары деңгейде меңгергенін ұстаздық пен төңірегіне пір болып Алланың кәләмін елге үйретуде орасан мән бергендігін төмендегі өлең шумақтарында өте әдемі өрнектеген:

Медресе там қасына, мешіт салған,

Бұйырып топырағы сонда қалған.

Ғылым хал, Ғылым қалды білген тамам,

Айырған хақ пен бүтіл, халал, харам-

Ғылымдарды қойылған көңіліне,

Жігіттер, бар ма енді ондай адам?

Ашылған кереметпен батин көзі,

Тасқа таңба басқандай айтқан сөзі.

Сүйікті һәм көрікті, жомарт, әділ,

Бар еді келіспеген қай мінезі.

Айбатың бар-ды әділ Омардайын,

Түсіндірдің шариғаттың әрбір жайын.

Күндіз-күлкі, түн болса ұйқы көрмей,

Дін ісін берік тұттың солардайын.

Шыншылдығың Әбубәкір Сыддықтайын,

Жомарттығың сахаба Садуақастай,

Бибаһа ол кібірит ақ, мәрмәр тастай.

Сүннәтін пайғамбардың мұғхам тұтқан,

Кәнекей кім бар еді содан басқа-ай.

Шариғат,мағрифатын тәмәм еткен,

Тариқат, хақиқатты жары еткен.

Ғылымды он екі пән тамам білген,

Іші-тысын толтырып тәңрім берген,

Шариғаттың шегесі дін тұтқасы,

Ғұламаның алды еді көзбен көрген, – дей келе Азанамада Бабамыздың меңгерген пәндерінің негізгілерін атап-атап «Ғылымсарф, Ғылым наху, Мантиқ, Кәләм, Тассауф, Ғылым фикһ, Хадис, Тәфсир, Мұх-тасар, Бидан, Шарых Ғабдулла, Ғауамил сияқты ғылым негіздерін оқып игергендігін арнайы талдап, кейінгілердің ілім игеруіне үлгі етіп ұсынған. Мәшһүр Жүсіп, бабамыздың өзіде Исекеңнің шәкірттерінің бірі. Ишан бабамыз реті келгенде бәйітте айтады екен. Шариғат, атадан қалған жол турасында әңгіме болған бір жиында біреу «Хазрет, ақырзаман нышанын айтқандар: «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады»-дейді осының мәнісін анықтап беріңізші дегеніне бабамыз «Ол ақыр заман болған күні ғой. Заманақыр болар алдында дүниеде көп өзгеріс болады, соны айтайын»-деп былай:

«Табалдырықтан үлкен тау болмас,

Ағайыннан асқан жау болмас.

Тұрар жерің қамал,

Кірер жерің зындан болады.

Біріңнің басыңа бірің,

Түзге отырар заман болады,

Қарап тұрған жігітке,

Қыз артылар заман болады,

Ақырзаман алды осы болады»,- деп толғапты.

Үлкен мәжілісте ел қариялары біреуді жаман, біреуді жақсы деген қысыр әңгімені тілге тиек еткенін жақтырмай елді тоқтатып:

Ақлимат біреулерге Тәңірім берген,

Қарға-құзғын шулайды бүркіт көрген.

Бақыты асқан ерлердің дұшпаны көп,

Арыстан итке билік қашан берген.

Білгеннің білмегенмен ісі болмас,

Тәккапарға тең келер кісі болмас.

Ит үріп қанша қайрат қылсадағы,

Қасқырға батар иттің тісі болмас.

Береке кеткен елде болмас жауын,

Бұзылған ел түзетер күнде дауын.

Кәрі көшіп, жастары билік қылса,

Сол елге басшы болар бір перғауын.

Мен айтам бұл сөзімді әрбір талай,

Жүз ауылға басшы болар жетім бала.

Кешегі мыңды айдағын тәккапар бай,

Бір күні қалады екен ернін жалап.

Ишан бабамыздың ұрпақтарын тірі кезінде өз көзімен көріп олардың кереметтеріне куә, замандастарының құрметіне бөленген ардагер Құдайберген Сүлейменұлы: «Біз, Исабек ишан бабамыздың ұрпақтары Солтан, Әшім, Қабдулла (Қабен), Жандарбектерді көріп, ол кісілердің де әулиелік, көріпкелдік, тәуіптік қасиеттерн көрген жандармыз» деп жазыпты өзінің естелігінде. Пәлен әкеміз әулие, түген әмбие деп қайталай бергенше. Енді біздің замандасымыз, Құдекең көзімен көріп, құлағымен естіген бабаларыздың елден ерек, көптеген қасиеттерінің бірлі жарымын оқырмандардың назарына ұсынған дұрыс шығар.

Құдайберген баурымыз: «1948 жылдың күзінде біздің үйге Әшім қожа келіп қонды.Ол кісінің бір әдеті, шамалы көзін жұмып, қалғып кетіп отыратын. Тәңертеңгі шәй үстінде Әшекең жарықтық қалғып кетті. Сәлден соң: «Саған Құдай берді, шаңырағыңа бір ұл, бір қыз бала келеді. Жаңа таң намазында екеуміз қатар отыр екенбіз. Бірі еркек, бірі ұрғашы, екі көгершін, төбемізді айналып ұшып, сенің екі иығыңа қонды» деді. Содан 1949 жылы қарындасым Бәну, 1951 жылы інім Құдайберген туды.1970 жылы ауылдың ол дүниелік болғандарына қатымқұран бағыштауға Әшекеңді алғызып Айтқазы ақсақалдың үйінде ауылдастармызбен дастарқан басында отырғанбыз. Айтекеңде ұл жоқ, екі қыз ғана, мінезі бір тоға, момын көп сөйлемейтін тұйық кісі.Ұлы жоқтығына уайымдап, іштей тынатын. Әшекең сөйлеп отырып, қалғып кетті де, сәлден соң көзін ашып, Айтекеңнің иығынан қағып: «Айтқазы, саған құдай берді. Осы шаңыраққа тоғыз айдан соң Еренғайып атты сәби келеді» деді. Айтекең Қожае-кеңнің тізесіне басын қойып, жылап, «Айтқанңыз келсін.Не тілесеңіз соны орындайын» дегеніне Әшекең, рахат сезімге бөленіп, жымиып «Қой жылама, ештеңеңнің керегі жоқ. Құдайға құл, Мұхамметке (с.ғ.с.) үммет екеніңді ұмытпай, Алланың бес парыз намазын орындасаң болды»-деді. Келер жылы Еренғайып, дүниеге келді. Бүгінде үйлі -баранды, Айтекеңнің шаңырағына ие, анасы Жәмиләні мәпелеп күтеді.

Исекеңнің немересі Жандарбектің де Алланың жарылқауымен айтқаны қате кетпей, емдеген сырқаты дертінен сауығатын дуалы ауыз қасиетке ие еді. Бірде сәлемдесу ниетімен Жәкеңнің үйіне соққанымда, отбасы мүшелері шәй ішіп отыр екен. Үй иесі «Жоғары шық» деп жанынан орын берді. Ас ішу аяқталған кезде «Құсайын, сіздің үйге Хаким атты бала келеді» дегеніне қуанып. Мен. «Әмин, айтқаныңыз келсін» -дедім. Ол кезде ұлым Нұрлан үйленбеген. Алла нәсіп қылып, көп ұзамай ұлым үйленді. Келер жылы дүниеге немерем Хаким келді. Исабек ишан бабамыздың кесенесінің басына тоқтамай өткендердің осы күнге дейін көлігі бұзылып тоқтайды. Исекең бабамызға арнап Мәшһүр Жүсіптен бастап Жұмағали Қоғабай, Дәмет Бабылбекқызы, Еркін Мундуинов, Михайл Сербин сықылды ақындар жыр арнаса, Академик, Ақселеу Сейдімбек, тарих ғылымдарының докторы И. В. Ерофеева, педагогика ғылымдарының докторы Еңлік Жұматова, заң ғылымдарының кандидаты Сәле Ықсатова және техника ғылымдарының кандидаты С.Жақсыбаевтар бастап, журналистермен ишан атамыздың кереметтерін көрген немесе әкелерінен естіген кәрі құлақ ауыл ақсақалдарының айтқандарынан қанық және өздері көргендерін хатқа түсірген көптеген замандастарымыз естеліктер жазған. Исабек ишан бабамыздың алтыншы ұрпағы – неменесі діни жоғары білімді, Асхат- НұрАстана мешітінің имамы, білгілікті ұстаз. Асхат Астана қаласының өзі жұмыс атқаратын мешітінің қызметкерлер мен мешіттің жамағаты арасында қадыр, құрметке бөленген азамат. Бұл Исабек ишан бабамызбен оның ұрпақтарының халық арасындағы қадыры мен жұртқа танымалдығын көрсетсе керек. Әрине, қасиетті бабамызбен оның ұрпақтары жөнінде оларды пір тұтып, Алланың жарылқауымен істеген, айтқан кереметтерін тізбелеп жаза берсе бір емес бірнеше кітапқа жүк болары сөзсіз. Оқырманның жалпы танымына осы аз ғана айтылғандарда жеткілікті шығар деген оймен, Исабек ишан мен оның ұрпақтары турал әңгімені аяқтауды жөн бе дедім.

Жынданған орысты емдеген Исабек ишан Мұратұлы

Дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидің жазғанына сүйеніп, Хазірет туралы тағы бір деректі келтіргелі отырмыз.

Исабек ишан Мұратұлы біздің бабаларымыздың тұсында болған адам. Мекендеген жері Павлодардан Ақмолаға қарай беттегі Шідертті деген өзеннің құйылысында Ақкөл-Жайылма деген жер бар. Соның Ақкөлінде Қанжығалы елінің бір табы – Тентек Қарабұжыр деген халықтар бар. Соның ортасында болған оқиға. Бұл оқиғаның өмір тарихымен мен таныс емеспін. Бірақ та бұл оқиға бүкіл халық аузында қарамат иесі, дұғахан, әуле атанған адам. Тірі салмат уақытында атын білген халық ол кісіні зиярат етіп, түрлі ауру, шерлі адамдарды әкеліп, үшкіртіп, тұмарын алып, төбелеріне көтерген жан. Көзі кеткен соң, зиратын жұрт тәу еткен.

Исабек Ишанның баласы – Қырықбес ишан. О да өз тұсында әкесіндей болмаса да, сорлы болмаған адам. Аяғы Әшім деген баласы сол қабірде тұрып, 1962-63 жылдарда қайтысболды. Одан кейін қабірге кім ие, зияратқандай болып жатыр хабарым жоқ.

Бұл Ишан бүкіл халықтың ішінде кереметі сонша күшті, дегені болмай қалмаған адам. Ер, әйел, есін білген адамының Ишанды атаса білмейтіні, ол кісінің қасиетті екенін сөйлемейтін жан жоқ дерлік. «Ал-Хабар йахтамил ас-сидқ ва-л кизб» өз көзімен көріп, білген емеспін. Әйтеуір дейді-мыс.

Сол кісінің қасиетін екі халықтың білерлік адамынан, екі адамның айтқанын құлағым естіді. Бірі қайланның Нұртаза қажасы: «мен сол үйде болып, мешіт-медресісінде дәріс айтып жатқан заманым, бір қажетім үшін сол Ишанға бардым. Мен сонда болғанда сол елдің бір адамы жанданған бір орысты әкелді. Қол-аяғы байлаулы. Ишанның алдына келтіріп: «Тақсыр! Бұл адам осындай бір ауруға ұшырап, сіздің хұзырыңызға алып келіп отырмыз. Бір жәрдеміңіз болар ма екен?» - деп айтты. Сонда Ишан маңдайынан сыйпап: «Ей, бишарам-ай», - деп бетіне бір үшкірді де: «Ал, босатып алып, қайта бер!» - деді. Көз алдында босатып жібергенде, ол Ишанға кішілік қылып, риза болғанын білдіріп, жазылған қалпында қайтып кетті», - деді.

Енді бірі белгілі атақты адамдардан Нұралының барлыбайы: «біз ол үйде, жанымда бір шәкірттер бар, қонақта едік. Олжабай да бар. Бір мәжіліс үстінде ишанның жайында сөз болып, ол кіснің кереметін мен көзбен көрдім. Менің Таубай деген балам көзі ауырып, шоқпардай ісіп, түк көрмейтін ауру болды. Сол Ишанның қабіріне кісі қосып жіберіп, сонда басына түнеп қайтып еді. Көзі шырақтай жанып, сол түнегеннен кейін жаылып кетті», - деді.

Мен ол уақытта Төре ауылында шәкірт жиып, дәріс айтып тұрған кезім. Басқа кітаптан бомаса да, «Хуласат ал-маса ил» кітабында өлген адамның қабірінен жәрдем сұрау дұрыс емес, бәлки: «Жәрдем береді деп иғтиқад қылса, кісі кәпір болады», - дегенді еске алдым. Барлыбайды сыйлап, халық Бабай дейтін. Мен де ол ксіге қарап: «Бабай! Сізді бір шайтан айлалап, тұзағына түсіру үшін балаңыз Таубайдың көзіне қойып ісірген екен. Сонымен сізді дұрыс болмаған иғтиқадды көңіліңізге бекітіп, мақсатына жеткен екен»,- деп айтып салғаным болды. Бабай сөзін, ісін жөндемек болып таласпақшы болып еді, олжабай марқұм: «Бабай, орынсызға таласасыз ба, өлгеннен тілек орынды емес қой», - деп тоқтатып тастады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі

Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асан қайғы бабамыз Баянауыл тауларын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», – деген екен. Осы орайда ойымызға:

«Мен келдім музейіне жолым түсіп,

Егілдім рухыңды сүйіп-құшып.

Өмірдің жолдарында жар бола көр,

Қазақтың пайғамбары Мәшһүр Жүсіп» деген Ғафу Қайырбековтің өлең шумағы оралады.

Ал Баянауылға барған ағайын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне ат басын бұрмай кетпейді деген сөзіміз ақиқатттан алшақ емес. Алыстан менмұндалап тұрған сәулетті кесене Баянауыл ауданы Жаңажол ауылдық округінен солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықтағы Ескелді жерінде орналасқан.

1858-1931 жылдар аралығында өмір сүрген тарихи тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі 2006 жылы Баянауыл ауданы, Ескелді мекенінде бой көтерген екен. Расында да, жері қасиет пен құдіретке тұнған бұл мекенге келіп, тәу етпеген қазақ жоқ шығар, сірә... Соның қатарын өзіміз де толықтырдық.

Көне түркі дәстүрі бойынша жасалған кесене жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Университет ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Көрханада әулие бабамыздың жатқан жері, сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған екен. Бабамыздың салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалыпты. Айшық темірлері әрленіп, алтын жалатылғаны көзге ұрады. Кесененің кіре-берісінде Құраннан аяттар жазылған.

Бір ата кетерлігі Кесененің жанында суы қасиетті киелі Сарыбұлақ бұлағы бар.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің өмірден озар сәтін болжап, соған үлкен дайындық жұмыстарын жүргізгені туралы аңыз бар. Ойшылдың денесінің 21 жыл ашық жатуы – шешімі табылмаған жұмбақ. «Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады» - деп Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге өсиет еткені халық аузында. Содан болар, мистикаға толы ойшыл өміріне қызығушылық танытатындар санында есеп жоқ.

Мәшһүр Жүсіп кесенесіне зиярат етуге келушілер қатары жылдан-жыға көбеюде. Көктем-жаз айларында киелі жердің тарихына үңіліп, ата-бабамыздың рухына құран бағыштайтын халықтың қарасы қалың болады. Жергілікті аузы дуалы қариялардың айтуынша бір күннің ішінде 100-ге жуық турист келіп кетеді екен.

Мәшһүр атамыздың «Құдай - бір, аты - басқа» деген ғибратты сөзі бар. Осы даналықтан ой өрбіте отырып, Мəшһүр Жүсiп Көпейұлы туралы аңыздарға осы жазбамызда орын бермекпіз.

Мəшһүр Жүсiп Көпейұлы туралы аңыздар

Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болыпты. Ақын баланың әкесіне «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! - деп айтқан екен. Содан кейін «Жүсіп» - деген атына «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды.

Мәшһүр Жүсіп ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгімелер көп. Ақын 1931 жылы өзінің туған ауылында дүниеден қайтады. Көзі көрген адамдардың айтуынша ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ол өлерінен бір жыл өзіне күні бұрын бейіт тұрғызып, өзінің көзі тірісінде жаназасын шығарып өзіне ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер», – деген сөзі тура келеді. 1931 жылы қызыл қырғын ашаршылықтың басталғанын ескеретін болсақ, таңданбасқа шара жоқ. Осы әңгіме ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәуап етіп, түнейтін болған.

Оның зиратын қырық жылдан соң қайта ашып көргенде сүйегі сол қалпы сақталған-мыс. Бұл жайлы 2000 жылы Қызылжардан шыққан «Мәшһүр Жүсіп өмірі» (аңыз бен ақиқат) атты кітапта мынадай мәліметтер берілген. «1929 жылы Ескелдідегі қыстауын бастап, 1930 жылы аяқтап, бір қыстайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. «Әуелі «Жатар орнын» дайындатады. Үлкен келіні Ақ Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады екен. Енін, көлденеңін, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткен соң көңілі әлдебірденеңеге дауаламағандай балдызына тағы да біраз тереңдету керектігін айтады. Күндегі әдетінше ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де: – Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, – деп жоғары қарайды. – Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар, – деп тағы да дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Ол тастың қалдығы әлі сақтаулы. Ал Мәшекең зират-үйін екі бөлмелі етіп салдырған да, төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш т.б. пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді. – Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орындарына қойып кететін болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге да бас салмаймын, – деп тапсырады. Бұл жерде Мәшһүрдің: – Мен өлгеннен кейін де қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақіретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады, – деп, үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді» Ақын мұрасы кеңестік идеологияның құрығына ілініп, ұзақ жылдар бойы зерттеп-зерделенуге, жарыққа шығуға шектеу қойылып, әдеби мұрасы шет қалды. Тәуелсіздік таңы атып, ақын мұраларын кеңінен насихаттала түсуге мүмкіндік алды. Ақын атында Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары ұйымдастырылып, жылдағы дәстүрге айналды. Біз пайдаланған дерек көздері massaget.kz сайтынан алынды.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Хабиболла Оспанов өзінің , «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан мақаласында былай деп жазады:

Мәшһүр атамыздың кіші ұлы Пазыл ағадан естіген әңгімемді ұлы тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ерекше қасиетіне тоқталайын деп едім. Әрине, мен осындай ұлы тұлға адамның жан-жақты еңбегін әдейі зерттеген адам емеспін.

Пазыл аға күліп айтушы еді. Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде айтқан екен. Менің үш ұлым бар. Бір ұлым бар, өзімнен асып туған, бір ұлым бар, із-өкшемді басып туған, бір ұлым бар, өзіме ілесе алмай, кейін кетіп туған. Ол әкесінің алтын мұрасын зор бағалап, келешекте қазақ халқына және дүниежүзілік әдебиетіне, оның тарихына маңызы ерекше екенін түсінген зерделі адам. Әкесінің ескі жазбаларын көшіріп, жаңартып отырды.

Мәшһүр Жүсіп туралы ел арасында аңыз көп. Ол кісінің болжаушылық көріпкел-әулиелік қасиеті болған. Пазыл ағаның аузынан мынандай сөз есіттік. Мәшһүр Жүсіп өзінің қай жылы, қай күні қайтыс болатынын болжап білген. Сол уақыт жақындағанда барлық туысқандары мен ағайындарын, балаларын, келіндерін жинап алып айтқан. Мен үш күннің ішінде ана дүниеге барамын. Сендер мені қалай жоқтайтындарыңды өз көзіммен көріп, құлағыммен естиін. Ал келіндер, жылап-жоқтаңдар, туыстар, ағайындар мал сойып, ас беріңдер. Өзі бірнеше күн бұрын Ескелді шатқалына барып бейітінің орнын қаздырып, кішкентай кесенесін салдырған. Шынымен айтқан күні Мәшһүр дүние салады.

Мен өзім 1942 жылы әкеммен сол Мәшһүр атаның кесенесіне бардым. Ол екі қа­баттан құралған, астыңғы қабатында жер төлесі. Үстіңгі қабатында кітаптары, т.б. өзі қолданған бұйымдары бар. Ал кесенесінің жер төлесінде денесі жатыр екен. Де­несінің бос жатқанын өз көзіммен көрдім, тек ақ матамен үстін жауып қойыпты. Біз барғанда сол ақ матаны ауыстырды. Денесі бұзылмаған. Қарны үлкендеу екен. Ұйықтап жатқан кісі сықылды. Соның ке­сенесінің айналасында жалтыраған көктеу келген тастар көп екен. Жұрттың барлығы тұмар қылып алып жатты. Мен де алдым. Менің әкем сол денесі жатқан жерден бір уыс топырақ алып, шешеме берді. Шешем маған сол топырақты көк матадан істеген шүберекке салып, тұмар тағып берді. Сол тұмарды университет бітіргенге дейін тақтым. Менің төрт рет дүниежүзілік жаңалық ашуыма Мәшһүр Жүсіп атамыздың рухы себепші болды ма? Оған сенетінім, сол ауылдың және басқа жерден келген кісілердің арман-тілектері орындалатын. Мысалы, менің шешеммен Мәшһүр Жүсіптің кіші ұлы Пазылдың әйелі екеуі айтып отыратын, бала таба алмай жүрген әйелдер және ауырып жүргендер ниет қылып Мәшһүр Жүсіптің бейітінің басына келсе, ті­лектері орындалып, баласы жоқтар перзент сүйеді, денсаулығы жоқтар жазылып ке­етін. Осының барлығы фактілермен дәлелденген. Мен 1942-1947 жылға дейін оқуға түскенше сол ауылда жұмыс істедім. Жылына екі-үш рет Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің астына түсіп, ақыретті ауыстыруға қатысатынмын. Сол көрген дене сол қалпында жататын. Менің есімде, Пазыл аға біздің әкейге келіп, Москвадан келген комиссия жөнінде айтты. Негізгі комиссияның мақсаты – Мәшһүр Жүсіп литаргическиий сонмен жатыр ма, болмаса шынында да өлген адам ба деп, білу үшін келген екен. Приборлары бар деді. Ертең соның кесенесіне сен де менімен бірге жүр деді. Олар комиссиямен бірге барып, комиссияның шешімін біліп қайтқан. Комиссия шын өлген деп шешім шығарған. Кейін оқу бітіргенсін Минералогия кітабын қарасам, ол тамаша кесілетін тальк деген тас екен. Қазір ойласам, сол Ескелді шатқалында кішкентай төбешікті таңдап өзінің кесенесін салдыруы кездейсоқ емес, үлкен мағынасы бар. Мәшһүр атаның геологиядан білімі бар сияқты.

Мәшһүр Жүсіп тірі күнінде балаларына, ағайындарына айтқан екен. Менің денем 41 жыл бойы бұзылмайды. Бірақ біреулер әсер етіп, денеме зақым келтіруі мүмкін. Шынында да 1950 жылдары Қазақстанның Орталық Компартиясының Бірінші секретары Пономаренко Мәшһүр Жүсіптің кесенесін бұзуға бұйрық берген. Оның бұй­рығы бойынша екі кісі булдозермен әулиенің кесенесін бұзған. Бұл оқиғаға жалғыз Баянауылдың азаматтары емес, Қазақстанның көп жеріндегі халық риза болмаған. Көп кешікпей, Пономаренко орнынан түсті, екі жігіттің есі ауысып кемтар болып қалды. Осы қайғылы уақи­ғадан кейін Мәшһүр Жүсіптің кесенесінің басына халық ағылып “әулие” деп тағзым ететін болды.

Заман болжауы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Ен жайлап еркін өскен қазақ халқының басына үлкен қасірет туады. Николай паташа құлап, Совет үкіметі келеді. Бұл үкіметті комунистер басқарады,-дейді. Ол комунистер қазақтың малын алады, баларды әскерге алады, меншік өзімдікі деген болмайды, барлығын орталыққа алып, ақы жоқ, пұл жоқ. Құл қылады деген лақап тарап, көзі ашық молдалар, білікті ақсақалдар өліспей беріспейміз, -деп Ақбеттау жасағын құрады. Бірақ, бұларда шиті мылтық пен сойылдан басқа, ешқандай соғыс құралы болмайды. Орыстан атаман Өске қапар бастаниясын құрайды, бірақ бір түс қарсыласуға шамасы келмеген. Ресейден винтовка, гранатпен қаруланса да, санан қазақтар шамалары келмейтінін түсініп, үлкен біреуі; «Қой, біз мұны Мәшүр Жүсіппен ақылдасайық. Ол кісі көрген Әулие ғой»,-деп, молдалар бас болып келеді. Тақсыр Машеке, біз сізге келіп тұрмыз. Мына заман ақыр, не масқара, мал да, жана да, бала-шаға, әйел бәрі мемлекетікі болады,-дейді. Коммунист деген тажалы бар көрніеді, бәрін солар жиып алмақ. Сонда қазақ не болады, тақсыр? Мәшһүр Жүсіп айтыпты:

«Е, ағайын, бұл заман бір қалыпта тұрмайды, бірақ қазақ құрымайды, жақсылық-жамандық егіз, бірде жақсы, бірде жайсыз болса да, ақры бір қайырлы болып отырады, әрқайсысның арасында заман туралы мынандай әңгіме бар емес пе»

Қаракесек Бекболатың заманы қасықыр заман, деген еді. Жмандықпен бұзықтықты басқа ұр, деген заман еді. Айдабол Тайгелтірдің заманы түлкі заман, деген еді. Ойын мен күлкі заман деген еді. Қаракесек Алшынбайдың заманы біреудің бір нәрсесін алдап, арбап алсақ, деген заман еді. Заман осылай кезек-кезек өзгере береді. Коммунист дегеннің мағынасы тажал емес. Періште деген, періште немесе, тажал ма, дұрыс түсіну керек молдалар. Бұл заман кедей мен бай теңеледі, деген заман. Әйедерің де, қорықпаңдар еркектер, дәрежесі өзіңмен бірдей болады, тіпті асып та кетер.

Жындарға дастарқан жайғызған — Мәшһүр Жүсіп әулие туралы Баянауылдық Жанаргүл Қадырованың жазып алған жәдігерлеріне тоқтала кетейік.

«Мәшһүр Жүсiп бiр күнi Баянауылға бармақ болып, жанына баласы Шарафиден мен сүйiктi немересi Төлеубайды ертiп, ат-арбасына атын жегiп жолға шығады. Бозбай деген жерден аса бергенде немересі:

– Шөлдедім, – десе керек. Сонда Мәшһүр Жүсiп:

– Алдымызда тұрған бір үйге барайық, сонда сендердi бiр ауқаттандырып алайын, – деп өзi бастап бiр иесiз үйге алып келедi. Үйге тақай бергенде 12-13 жасар немересi Төлеубай:

– Ата, бiздiң алып шыққан тамағымыз жоқ қой, – дейдi.

– Қазiр не көрсеңдер де үндемеңдер, ештеңе сұрамаңдар, асықпай әлденiп алып сапарымызды жалғастырармыз, – деп, Мәшһүр Жүсiп төбесі құлаған екі бөлмелі үйге алып келеді. Өзі бірінші кiрiп, жерге жайғасып отырады. Атын байлап, соңынан балалары да кiредi. Сол уақытта атамыз бiр дұғаны оқи бастайды. Кенет өзiнен-өзi алдарына дастарқан жайылады. Ұстап келе жатқан тiрi жан көрiнбесе де ет салынған табақ, түрлi-түстi тағамдарға толы ыдыстар келiп дастарқанға қойылды. Атамыз жақсы көретiн өрiк-мейiз де бар. Шай құйылған кеселер келiп, босаған ыдыстар жоғары көтерiлiп, ауамен қалқып есiктен шығып кете бердi. Олардың қайдан келiп, қайда кетiп жатқанын түсiнбеген Төлебайдың қорқып, дұрыс тамақтана алмай отырғанын сезген Мәшһүр Жүсiп:

– Қорықпай, iшiп-жеп, тойып алыңдар, – деп көңiлi қалағанын жеп отыра бердi.

Тамақтанып алған соң Мәшһүр Жүсiп тағы бір қысқа дұғаны оқығанда, алдарында жаюлы тұрған дастарқан көзден ғайып болады.

Мәшһүр Жүсiп балаларын ертiп жолға шығады. Жолшыбай:

– Жаңа ештеңе ұқпаған боларсыңдар, бiздi тамақтандырған жын-перiлер ғой, – дейдi.

Мәшһүр Жүсiптiң жын-перiлердi өз ырқына көндiрiп, өзi қалаған тағамдарды алдырып, дастарқан жайдыруы — әрине, адам нанғысыз ғажайып iс. Мәшһүр Жүсіп жын-періні өз ырзығына бағындыратындай әулиелік қасиетке білімнің арқасында қол жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Періштелер нұрдан жаратылған, жындар от жалынынан жаратылған, ал адам болса өздеріңе (Құранда) түсіндірілген нәрседен жаратылған» – деген.

Мәшһүр Жүсiптің өмірбаяны қызыққа толы болған. Бұхарда Мәшһүр Жүсіп шығыс медицинасымен және адамзаттың санасы жете бермейтін тылсым күштердің ілімімен әуестенеді. Оған мына екі уақиға куә болса керек:

Біріншісі — белгісіз бір ақсақалдың моншаға түсіруі. Бiрде монша iздеп көшеге шықса, алдынан бiр ақсақал адам кез болып: — Жүр, балам, мына жерде монша бар, — деп бастай жөнеледi. Сәл жүрген соң шағындау, көзге қораш бiр моншаға әкелiп кiргiзiп, Мәшһүр Жүсіпті шешiндiрiп, арқа-басын ысып, кәдiмгiдей жуындырады. «Е, осындайды кәсiп етiп жүрген бiр мүсәпiр екен ғой» деп ойлаған Мәшһүр атамыз қызметi үшiн деп шалға ақша ұсынса, ол алмайды. Iшiнен: «Апырмай, шайхы адам екен ғой» деп ойлаған Мәшһүр Жүсіп рақметiн айтып, сәл былай ұзай бере артына қараса, монша да, жаңағы шал да жоқ. Бұның не керемет екенiн түсiне алмаған ол ертеңiнде медреседегi ұстазына баян етедi. Ол қуана тыңдап: «Балам, құдай жарылқаған екен, сенiң барғаның Қожа Бахауеддиннiң моншасының орны едi. Саған назары түсiп, шомылдырған өзi болар, сiрә. Ендi саған қасиет қонды, аузыңнан шыққан сөздiң бәрi лепес, қабыл болады!» — деп, қолын жайып батасын берiптi.

Екіншісі — жұма күні намаз уақытында сол ақсақалдың жерге «Жетпіс үш, жетпіс үш» — деп жазып, көзден ғайып болуы. Бұхарда оқып жүрген Мәшһүр Жүсіп бiрде жұма намазынан келе жатса, үстiнде қара шапаны, қолында аса таяғы бар ақсақал адам алдын кес-кестей бередi. Үлкен кiсi ғой, жолын кеспейiн деп, Мәшһүр Жүсіп бөгелiп, қол қусырып сәлем бередi. Әлгi ақсақал сәлем аларда қолындағы аса таяғын жерге шанша салады. Басында темiрi жоқ жаңағы таяқ жерге қадала кiрiп, дiрiлдеп тұра қалса керек. Кенет таяғын қайтадан қолға алған қария Мәшһүр Жүсіпті үш айналып, о жер, бұ жерiнен таяғымен түрткiлеп, «жетпiс екi, жетпiс үш» деп керi айналып жүре бередi. Аң-таң болған Мәшһүр Жүсіп мына кiсi маған 72-73 сағатта өлесiң деп кеттi ме деп айран-асыр болады. Үйге келiп ұйқыға жатқан соң түсiне аруақтар кiрiп, мазасын алып шығады. Сөйтiп, шалдың айтқан 72-73 сағатынан аман-сау өтедi. Ендi 72-73 күнде дәмiм таусыла ма деп, күн санауға айналады. Бұдан да сау-саламат өткесiн, ғұмырының 73 жыл боларына сенедi. Аталмыш оқиғалардан кейін Мәшһүр Жүсіп ақ десе алғыс, қара десе қарғыс болып, айтқан сөзі лепес болады екен.

Ұлы ойшыл өзінің өлер сәтін болжап, сол сәтке үлкен дайындық жұмыстарын да жүргізгені де баршамызға аян. Ал енді Мәшһүр Жүсіптің денесінің 21 жыл ашық жатуы — әлі күнге дейін жұмбақ. Мәшһүр Жүсіп үлкен баласы Шәрәпиденге: «Мен өлгеннен кейін қырық бір жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады»,- деп өсиет етеді. Біреулер денесін шірітпейтін арнайы дәрілік шөптер ішкенін айтады. Ондай дәрі болса басқа әулиелер не болмаса бақсылар, тіпті байлар неге қолданбады екен… Тіпті топырақтың құнарлылығын да алға тартанындар бар. Қалай болғанда да күн сәулесінің қаншалықты көлемде түсетіні мен зиратының басынан шығатын, биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр жалпақ ақ тасты қабырғаға ілгізуі жұмбақ күйінде қалмақ. Қалай дегенмен де бұл — Алланың әмірімен болған жағдай. Д.Әбілев өз естелігінде: «Біз барғанда Мәшекең болашақ мавзолей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме — өзі жататын орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен.

– Қазыңдар! Терең қазыңдар. Мәшһүр қашып кете алмайтындай етіп қазыңдар! — деп сылқ-сылқ күледі де, — және кең қазыңдар. Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын, — деді. – Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аю мінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мәшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғансын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, мұңкір-нәңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғауға бірнеше періштелер келер… Кең қазыңдар, — деп Мәшекең сылқ-сылқ күлді. Қазушылар да күлді», — деп жазады.

1927 жылы дүние келген Қалиұлы Қаратай Ескелдіде Мұхаммед Фазылды көргенін баяндап берген болатын. «Мен және 1926 жылы дүниеге келген Ермек, Қанапия деген екі бала жаяу Ескелдіге келдік. Келсек, мұғалім /Мұхаммед Фазыл/ күрең биесін жегіп келіп, енді кіріп жатыр екен. Есіктен кіргенде бұрышта пеш тұр. Оның бойында насыбай үккіш тұрды, қалғандары есімде жоқ. Мұғалім құран оқыды. Берген ақшамызды алмады.

– Біз әдейі келдік қой, атамыздың жатқан жерін, түрін көрейікші — деп өтіндік.

Сонда мұғалім:

– Әй, болмадыңдар ғой, көңілдерің қалмасын, – деп, адам бойы қазылған төменгі жаққа сатымен түсіп, шам жақты. Ешқандай да қақпақ көрмедік, шаммен төмен түсетін жер, ортада тұрса керек», – деп Қаратай ақсақал сыр шерткен болатын. Ал 1921 жылы дүниеге келген Серік Аманжарұлы «…Қасенғали …төмен түсіп, шамның жарығымен атаның үстіне ақ жаптық. Мен көрейінші деп өтіндім… Содан бірінің үстіне бірін жаба берген ақ маталарды дененің ортан беліне дейін көтердік. Сонда алғашқы жабылған ақ маталардың қурап жерге түсіп жатқанын көрген Мухаммед Фазыл «күнә болар, жерден жинап алайық», — деді. Біз солай істедік. Жарықтық, атамыздың бет-бейнесі сол қалпы жатыр. Бейне ұйықтап жатқан жан тәрізді…» — деп сөзін аяқтаған болатын. Сөзіміз дәлелді болу үшін Мәшһүр Жүсіптің немересі Қуандық Пазылұлының әңгімесіне құлақ түрелік. «Бала кезден есімде, 1947-1948 жылдар болар, бейіт ауыз үйден, төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Қараңғы. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Мен баламын. Алдын ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып берем. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көріп, «былпылдап, жұмсақ жатыр», — деді. «Тек бақайының тырнақтары түсіп қалған екен», — дейді. Мәшһүр Жүсіптің немересі Сүйiндiк Көпеев марқұм да өз естелігінде: «1946 жылы Сәбит Мұқанов келiп, қабiрдiң iшiне түскен едi. 1950 жылы өзiм де түсiп, денесiн сипаған едiм, сонда жадағай жерде жатса да, бiртүрлi хош иiс шығып тұрды. Ешбiр құрт-құмырсқа, көрдi жайлап алатын сасық күзен, тышқанның iзi бiлiнбедi», — деп жазған болатын. 1930–1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт, аштық жайлағаны мәлім. Осы аштықтың салдарын болжай білген Мәшһүр Жүсіп өлерінен бір жыл бұрын өзінің асын бергізіп, жаназасын оқытып, жоқтау айтқызған.

Иманғали Мәненұлы Құрмандомалақ деген жерде қыстап отырған Мәшһүр Жүсіпке сәлем беруге келе жатып, жолда сәл жылынып алайын деп бір малшының үйіне соғады. Амандық-саулық сұрасып болған соң малшы:

– Кеше Әбжалап диуана Мәшһүр Жүсіп Көпеевті тосып отырып үсіп қалыпты. Тірі ме, өлі ме, соны білмей дал болып отырмыз – депті.

– Ойбай, Әбжалап диуана дегенің Қаржас руының ішіндегі Жәдігерден тараған Жұматай Тышқанбайұлы емес пе? – деп Иманғали орнынан асығыс тұра бергенде, малшы:

– Келгенің жаңа ғана еді, асығып қайда кеттіңіз? – дейді.

– Әбжалап диуана үйінен жеті қадам шығып, асасын «Алла хақ» деп жерге соққанда қара құсқа айналып ұшып кететін құдіретті күш иесі ғой, Мәшһүр атамның отырған жеріне кеш батпай жетейін, – деп отырған Иманғали аттанып кетеді.

Көп ұзамай Мәшһүр Жүсіп Көпеев түскен шаңыраққа келіп, отырған адамдарға сәлем беріп кіріп келеді. Мәшһүр Жүсіп Көпеев ештеңе болмағандай сәлемін алып:

– Төрге шық, шаршаған шығарсың, деміңді ал, – деп өзінің күнделікті орнына отырады.

Иманғали шымылдықтың артынан шығып жатқан дауысты естіп, құлағын түрсе:

– Я, Алла, бар екенсің ғой. Намазымды Мәшекең шығаратын болды, ризамын, – деп қарқ-қарқ күліп жатқан Әбжалап диуана екен.

– Бүгін сен осында қон, ертең азаннан қалмай Әбжалап та жан берер, жерлеп бір-ақ қайт. Ол да бір Алланың еркесі ғой, – деген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің сөзінен кейін іштей екі-үш күн кешігермін деп жоспарлап отырған Иманғали:

– Сіздің айтқаныңыз болады, – деді.

Бөлмедегі тыныштықты сырттан естілген ащы дауыстар бөліп жіберді. Бұлар Әбжалап диуананың туыстары болатын.

– Хабар келісімен тұра шаптық – деп көздеріндегі жастарын жеңдерімен сүртіп, ішке енді.

Ертеңінде азан уақытында Әбжалап диуана көз жұмды. Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

– Ал, жігіттер, қайла, күрек алып жер қазыңдар, – деген соң лажы бар ма. Иманғали және Қаржастың екі-үш жігіті бар бет қаратпайтын аязда Мәшһүр Жүсіп Көпеев көрсеткен жерді қаза бастады. Қыстың аяғында жер борпылдақ кұм сияқты қазылар деп кім ойлаған. Ештеңеге түсінбеген жігіттер бір-біріне қарап тұрып қалса керек. Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

– Кілемді әкеліңдер – деп, ортаға кілемге оралған Әбжалап диуананың денесін көтеріп, төрт жігіт те жетті. Құран оқылып болған соң жігіттер кілемді ашса, масқара, кілемде құр кебіні ғана жатыр.

– Астафыралла, – деп тұрғандар ештеңеге түсінбей, бәрі Мәшһүр Жүсіп Көпеевке қарап қалыпты. Сонда қабір басында тұрған ақсақалдардың бірі:

– Ойбай-ау, жаңа ғана болған мәйіт қайда кетуі мүмкін? – деп, кілемге жақындай бергенде бірнеше ақ шағала құс ұшып келіп, жұрттың мазасын алса керек. Қыстың қақаған аязында өз-өздерімен құс қуып, әуре-сарсаңға түскен жұртқа қарап, Мәшһүр Жүсіп:

– Е, Әбжалаптың денесі қабірде жатпас, Мәшһүрдің денесі қырық бір жыл бүлінбес, – деп басын шайқаса керек.

Міне, ақын Ғафу Қайырбек «қазақтың пайғамбарына» теңген ғұлама жайлы біз білген бір жайттар осы. Осы орайда Мәшһүр-Жүсіптің шәкірті болғанХазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы жайында сөз қозғауды жөн көрдік. Жалпы Мәшһүр-Жүсіптің шәкірттерінің алды болған жан туралы деректер тым аз.

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы кесенесі

Айта берсек, қазақ даласында таңғажайыптар жетерлік, оларды тамашалап, түгелдеп шығу үшін бірнеше жыл қажет. Осындай ғажайып мекендерден Кереку өңірі де құр алақан емес.

Павлодар облысының мақтан тұтар киелі орындарының бірі Шарбақты ауданы Арбиген ауылының жанында Шалдай орманындағы Уахит Хазірет кесенесі. Кесене қарағайлы орманның қақ ортасында тұр. Жергілікті жұрттың айтуынша, қатты қуаңшылық болған бір жылы осы орманды өрт шалыпты. Сонда өртпен күресіп жүрген шаруашылық басшысы мен трактор жүргізушісі қазаға ұшыраған екен. Бірақ бір қызығы, тілсіз жау барлық ағаштарды өрт құшағына жалмап жатқанда әулие кесенесінің төңірегіндегі бір шақырым аймақтағы қарағайдың бірде-біріне өрт тимепті. Алланың құдіреті деген осы шығар.

Рухани ағартушы, діни қайраткер Хазірет Ғабдылуахиттың қабіріне табынуға мыңдаған қажыға барушылар келеді. Ғабдылуахит Тіленшіұлы Шарбақты ауданының Қызыл шілік ауылында дүниеге келген ғұламамыз. 6 жасында ауыл молдасынан сауат ашып, сегіз жыл бойы Семей қаласында білім нәрін сусындапты. Кейін 1873 жылы Бұхара қаласындағы «Мір Араб» медресесіне қабылданып, мұнда 15 жыл оқиды. 1888 жылы туған өлкесіне оралып, ислам дінін жергілікті халық арасына таратады. Өз тарапынан балаларға араб тілін үйретіп, мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек береді.

Бұдан бөлек, Ғабдыл Уахит Хазіреттің адамдарды емдеп, болашақты болжай алатын көріпкелдігі де болған екен. Өмірінің соңғы жылдары ғұлама Шарбақты ауданының Арбиген ауылына қарасты Келдіқыз елді мекенінде мешіт салады. Ол салған мешіт 1922 жылдан бері хазіреттің атымен аталып келеді.

Ғабдыл Уахит Хазірет 1926 жылы дүниеден өтті. 1964 жылы марқұмның қабірін қоршаған ағаш үйінің қабырғасын туыстары кірпіштен көтереді. Ғабдылуахит Хазіреттің жерленген жерінде бой көтерген жаңа кесенені салуға жергілікті халық атсалысқан.

Жергілікті шырақшы Ермек Есмағзамұлы айтқандай, Ғабдул-Уахит хазіреттің бейіті көп жыл бойы мұсылмандардың дұға ететін қасиетті орнына айналды. "Қазір құрылыс жүріп жатқанның өзінде діндарлар келіп, түнеп жатыр. Ғабдул-Уахит хазіреттің өзі "мен өлгеннен кейін бейітімді 50 жыл өткенде ғана халық қасиетті орын санап, шоғырлана бастайды" деген екен. Дәл солай болды ғой", - деді шырақшы.

Сөз соңында айта кетейік, Ғабдул-Уахит хазірет аса діндар әрі МәшҺүр Жүсіп Көпеевтің шәкірттерінің бірі болған жан.

Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі

«Сұлтанмахмұт ақын еске түскенде, өлеңдерін оқығанда жаным кәдімгідей құлазиды. Ел қамын ойлар егденің сөзін айтқан жап-жас жігіттің ақылы, ақындығы таңқалдырады. Амал не, өмірдің қызығын көре алмады, жар да сүйе алмады, соңында ұрпағы да қалған жоқ,- деп еді Фариза Оңғарсынова ақынның мерейтойын ұйымдастыруға Павлодарға арнайы келгенінде.

Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі Торайғыр ауылы, Баянауыл ауданында орналасқан. Көлемі шағын ғана музейде ақын тұтынған тұрмыстық бұйымдар, әр жылдардағы фотосуреттері, шығармалары, басқа да заттарын қосқанда 300-ге жуық жәдігер бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында Басына белгітас қойылып, кесенесі көтерілді. Бұған ұйытқы болған әйгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев болатын.

«Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дейді. Бұл сөз бабалардан қалыпты. Сол рас. Баянауыл ауданы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ауылда тұратын ардагер ұстаз Шолпан Әбілғазықызы Жақыпова осы аймақтан өткен тарихи тұлғалардың жұрт біле бермейтін мәліметтер, фотосуреттер жайлы көрген-білгенімен бөлісуді құп көретін жан. Енді Шолпан Әбілғазықызының естеліктеріне кезек берейік. Ұлағатты ұстаздың әдебиет тарихышыларының қолына ұстатқан дерегі Сұлтанмахмұт Торайғыров сүйген қызы қазақ ғұрпымен жастайынан атастырылған Мәлике Мұқтарқызы турасында.

Мәлике – Сұлтанмахмұтпен аталас. Бәріміз Айдабол – Жанғазы – Едігеден тараймыз. Едігенің 5 баласының бірі – Шоң, шын аты – Ақдәулет, сосын Торайғыр би – шын аты – Бақдәулет, Қиғара, Сарман, Қосдәулет. Шоңның мыңдап жылқы айдаған Ақын деген баласы – біздің атамыз.

Яғни Шоңнан Ақын, Айман, ал Айманнан Кенжетай, одан Абдан, Шәкен, Кәукен туады. Шәкен – ұлы атасы Айманның есімін алған да, Кәукен – әкесі Кенжетайдың атында. Кірбас, Боқшал – Ақынның кіші әйелінен туған. Мұқтар – Кірбастың баласы. Сонда Мұқтардың қызы Мәлике мен Аймановтар немере туыс болып келеді.

Мұқтардан Хасен, Жұмаш, Мәлике, Рақима, Нағима, Рымжан туған. Олардың арғы аталары бай болса да, кіші ана балалары кедейлікте өмір сүрген, бәйбіше балаларының малын бағып күн көрген. Мәлике қыз – Шоңның ұрпағы. Менімен де аталас болып келеді, – дейді Шолпан Әбілғазықызы.

Сондай-ақ музыка аспаптарын жасаудың шебері, отызыншы жылдардың ортасында Ахмет Жұбановпен бірге қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрып (қазіргі Құрманғазы оркестрі), қазақтың көне аспаптарын жасап, бүкіл өнер ұжымын музыкалық аспаппен қамтамасыз еткен, есімі бүкіл Алашқа әйгілі Қамар Қасымов та – Шоңның ұрпағы. Қамар мен Сұлтанмахмұт – тай-құлындай тебісіп, асық ойнап, бірге өскен.

Мәлике – Мұхтар Кірбасовтың балала-рының үлкені екен. Тумалық жолмен қарағанда Сұлтанмахмұтпен төрт атадан қосылатын немалтай қарындасы. Сөйте тұра әкелері құдаласқан дейді.

Мәлике – өз заманының көзі ашық қыздарының бірегейі болған, оқыған, зиялы, мәдениетті әрі көркем екен. Орысша, қазақша білім алған, түрлі курстардан өткен, Баянауылдағы қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш оқытушы.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары мектепте мұғалім, кейін Баянауылдағы партия-совет мектебінде ұстаздық етеді. Өзінің жазылмасына көзі жеткен ақын қыздың анасы Гүлзипа Жетпісбайқызына хабар айтып: «Мәликені маған жіберсін, көрейін деп едім» деп өтініш етеді. Әке-шешесінің рұқсатымен Мәлике Сұлтанмахмұтқа келеді. Ағалы-қарындастай табысып, мұңайып айырылысады.

Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты Ермек Өтебаевтың жазбасында бар. Ақын өзінің ауыр науқастан енді жазылмасына көзі жетіп, Мәликеге: «Жар қимақ пен жан қимақ – бәрі бірдей. Қидым, қидым, амал жоқ қимағанмен» деген өлең сөз қалдырған екен.

Сұлтанмахмұт оған ғашықтық көңілін ерте білдіреді. Мәлике 12 жасында мынадай өлең шығарыпты:

Нәзік дауыс, әнге ұста,

Разы шат тұрмысқа.

Жұғымды мұндай бала жоқ,

Бұл маңайда, бұл тұста.

Асырауға көнеді,

деп көңілім сенеді.

Қандай ұрық ексең де,

Сөзсіз жеміс береді.

Именетін кез келіп,

Жаттығы жоқ адамға.

Оқығанға кез келіп,

Түсінсе еді заманға.

Орыс, ноғай қыздары

Қалар еді табанда.

Ақын Мәликеге ашық көңілін білдіріп, «М…-ға», «Ақ сәуле», тағы басқа өлеңдер арнаған. Ақынның Мәлике қызға деген ғашық көңілі жайлы Ермек Өтебаевтың жазбасында былай делінеді: «Сұлтанмахмұт айлы кештерде Шідертінің жағасында серуен жасағанды ұнатқан.

Оны білетіндер ұйқысынан оянған сұңқардай бойын түзеп, көзін жайнатып, ойынан тез айығып, сергитін деп сипаттайтын.

Сол Шідертінің жағасында бір түні кейіпсіз, реніш, қайғылы халде болды. Ол жайт Мәликеге байланысты еді. Көп ашылып сөйлемей, туысы Шәйбайдың: – Саған бүгін не ой түсті?

Ауырамысың, неге ренжідің? – дегеніне: «Сен білмейсің, жан қимақ пен жар қимақ бірдей-ау өзі», – деп тағы үндемеді.

Біраздан кейін: «Мақал деген – көптің ұнатқан сөзі. Халық айтса, қалт айтпайды. Бұл бір өзгермейтін шындық-ау өзі. «Көз – көңіл айнасы» дейді, жан мен жүректің айнасы деп неге айтпады екен?» – деп тағы ойға кетті.

– Мен, – деді, бұл дертімнен жазылмайтыныма көзім жетеді, ақыры мені алады ғой. Бұл туралы көп брошюралар оқыдым. Сондықтан бүгіннен бастап Мәликені алмасқа бел байладым. Бекіндім, – деді де: – Сен Мәликенің көзіне бір қарап көрші?!

Көзі қандай ашық, қандай терең сырлы, күлкісі қандай таза, жаны қандай таза, – деп Мәликенің әр түрлі өзгеше жайын айтып мақтай түсті.

– Бір жақсы адамға кездесіп, бақытты жасаған күнін көрсем, жаным жай табар еді. Неге көрдім, неге сүйдім, неге күйдім, неге қидым? Амал не қимағанмен, менен не бақыт табады?

Маған тиіп, менен айырылып қалса, оның жаны мәңгі қасіретте қалмай ма? Онда Мәликелік заты жоғалады ғой. Қой, ол бақытты болсын! – деп өз шешімін бекіткен» дейді.

Сұлтанмахмұт пен Мәликенің бір-біріне деген сезімдері туралы қос ғашықтың көзін көрген Нағима (Мәликенің сіңлісі) Мұқтарқызының да естелігі бар. Онда былай делінген:

Шоң бидің ұрпағымыз, Біздерді би баласы дейтін. …Сұлтанмахмұтты жақсы білемін. Оның ақ сұр, қорасан дақты дөңгелек жүзі, атамыз Шоқаңа (Шоқпыт) тартқан қақпақ жауырынды қапсағай бойы, аяғын ауыр басатын тартымды тұлғасы, шағындап киінетін жинақылығы, анда-санда тық-тық жөтелетіні, нені де болса ашық, анық, шегелей сөйлейтіні – бәрі көз алдымда. Өлеңдерінің біразын жатқа айтамын. Ауыл аралас, қой қоралас.

Сұлтанмахмұтты тағы бір жақсы білу себебім – 1919 жылдың жаз салымында Шоқаң менің апам Мәликеге құда түсті – Сұлтанмахмұтқа айттырды. Қалыңға төрт-бес қараның ретін берді. Баланың кішісі мені шақырып, «кел, мына қағазды апарып бер»-ге талай жұмсады (бұл жерде Сұлтанмахмұтты айтып отырған болу керек. С.М.) Маған айна-тарақ, сабын, тәтті сияқтыларды жиі сыйлап, өз сеніміне кіргізіп алды.

Сұлтанмахмұт қатаң жатқанда да жиі баратын мен болдым. Оны жерлегенде басы-қасында жүрдім. Тек қалыңдық аталған апам ғана жерлеуге жұрт көзінен именіп, қатыса алмады. Сұлтанмахмұт жиырма сегізге қарап тұрғанда өкпе ауруынан дүние салды.

Ауруын Мәликеге мирас қылып кетті. Мәлике де 1932 жылы жиырма сегізге қарап тұрғанда, ол кезде Баянауылдағы совпартшкола дегенде оқытушы еді, өмірден өтті.

Иә, бұған қарағанда ақын мен Мәлике әкелер пәтуасымен жай ғана атастырылмаған, кәдімгідей бір-біріне ынтық, ғашық жандар болғанға ұқсайды.

Нағима апаның айтуынша, Айманның кіші әйелінен туған Жағыпар мен Кенжетайдың көмегімен Мәлике кейін Омар Иманбаев деген жігітке тұрмысқа шыққан. Сүйгенінен айырылып, бақытсыздыққа жастайынан душар болған Мәлике қыздың тағдырына осылайша қанықтық.

Сөйтіп, тағдыр айырған қайран Сұлтанмахмұттың сүйгені Мәлике қыздың жағдайы да жақсы болмады, ол да көкірек ауруынан 28 жасында өмірден ерте өткен екен.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың замандастарының естелігі арқылы ақынның өмірде қандай адам болғаны туралы, көрнекті ақын тұлғасын терең зерттеуге мүмкіндік бар. Біз ақынды көзі көрген қос дара тұлға Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және Шәйбай Аймановтардың естеліктеріне орын бере кеткенді жөн көрдік.

Мұхтар Әуезовтің естелігінен

Сұлтанмахмұт 1916 жылы Қатонқарағай жағынан қайтып, Томскіге оқуға кеткенше біраз уақыт Семейде тұрды. Семейде қазақ зиялыларының бір жиналысы болды, онда июнь жарлығы туралы мәселе қаралды. Жиналыстан кейін алашорда басшыларының бірі болған Халел Ғаббасов «Қазақ» газеті сілтеген бағыт бойынша:

─ Патшаның жарлығына қарсы болмау керек, майданға жігіт беру керек, - деді.

Сұлтанмахмұт шығып, Халелге қарсы сөйледі:

─ Майданға жігіт бермеу керек. Ел көтерілгелі отыр, сендер кейін тартпаңдар, - деді.

Сонда Халел Сұлтанмахмұтқа қатты кейіді, ұрсып тастады. Сұлтанмахмұт тұрып:

─ Сен сияқты сарала түйме таққан төренің қазақ елін алғаш сатқаны бұл емес. Бұрынғыны аз деп, сен тағы сатқалы отырсың ғой! - деді.

1917 жылы февраль революциясынан кейін Семейде алашордашылардың бір үлкен жиналысы болды. Жиналыс ақырында түрлі мәселелер жөнінде секциялар құрылды. Біз, Сұлтанмахмұт бастаған біраз жастар оқу-ағарту, әйел теңдігі мәселелерін қарайтын секцияға ендік. Секцияның жиналысы жаңа басталған кезде, үйге Семейдің үлкен ғұлама - ишандарын ертіп қаланың саудагер байлары кіріп келді. Жиналыс бастығы:

─ Бұл не? Сіздерге не керек? - дегенде, ғұлама ишандарды бастап келген бір кісі:

─ Әйел мәселесі қаралады дегенге келдік. Бұл мәселе шариғат жолымен шешілуге тиіс. Мына ишандарды сол үшін әдейі ертіп келдік, - деді.

Жиналыс бастығы соған тоқырап, көнгендей болып еді, Сұлтанмахмұт орнынан ұшып тұрып:

─ Жоқ, бұларды жиналысқа қатыстыруға болмайды. Бұған кейін қазақ тарихында ең зиянды элемент болып келгендер осылар. Жиналысқа бұлар қатысатын болса, біз – жастар қатыспаймыз, - деді.

Осыдан кейін байлар мен ишандар үйден шыға жөнелді. Жиналыс басшылары Сұлтанмахмұттың бұл қылығын жақтырмай қалды.

Сол 1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда мен бір жолы оған көңілін сұрай бардым.

Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп, қатты сақтанады екен. Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л. Толстойдың, С. Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды.

Әлкей Марғұланның естелігінен

Махмұтты еске түсіру

Сұлтанмахмұт еш уақытта да өз айтқанынан басқаға көнгісі келмейтін. Мен бала кезімде Сұлтанмахмұтты екі рет жолықтырдым. Ұзын бойлы, құбаша жігіт еді. Ауылға келгенде, өзін басқадан жекелеп, ылғи ойға батумен, бір мәселелерді іздеумен уақытын алатын.

Сұлтанмахмұтта ешбір жеңілтектік, бос сөзге үйір болу деген жоқ еді. Ол оқымаған жай халықтың өз арасында отырса да, ылғи мәдениет мәселесі туралы әңгіме айтып отыратын. Екінші жағынан, Сұлтанмахмұт ауылда жүргенде дәйім адамның мінезін, психологиясын сынап, көңіліне жақпаған адамдар туралы отырған жерінде бір-екі ауыз өлең жазып, қалдырып отыратын. Сұлтанмахмұттың бұл тәрізді жазған өлеңдерінің көбі оның шығармаларына кірмеген сияқты.

Сұлтанмахмұттың дүниеде жек көргені арамза бай мен залым болыстар еді. Бір жылы жаз күні, мен әлі күні ұмытқаным жоқ, менің ауыл мектебінде оқып жүрген бала күнім еді, Махмұтты көруге бір көршілес ауылға бардым. Онда Махмұттың менімен ісі жоқ, тек жиналған халықтың алдында империалист соғыс жайында оларға әңгіме айтып отырғанын көрдім. Бір уақытта Махмұт пен біз қарайтын елдің болысы өзінің шабарманынан хат жіберіп, «біздің үйге келіп, қала жайынан әңгіме айтсын» деп Махмұтты шақыртыпты. Махмұт хатты оқып болған соң, болыстың шабарманына ашуланып қарады да:

─ Мен Поштай ауылына барып сауын айтатын шапқыншы емеспін, әңгіме іздеген кісі өзі келер! - деді.

Махмұттың бұл сияқты еркін сөзі ол кезде жат болатын. Махмұтты тыңдап отырған жұрт қуанарын да, қорқарын да білмеді. Бірақ есіктен шығып бара жатқан болыстың шабарманы өзінің әдетінше:

─ Шоқпыттың баласы, бұл да кісі болған екен! - деді.

Махмұт осы сияқты бірегей айтатын сөзін бөгеп қалмайтын турашыл болғандықтан, оны қалың бұқара өте жақсы көруші еді. Махмұт жүрген жер әрқашан жиын, базар болып, оқуға талпынған жас жігіттердің көбі оның төңірегінде жүретін.

Махмұтты ең соңғы рет 1919 жылы көрдім. Онда Махмұт аурудан әбден арықтап жүдеген. Мен ол кезде ашық еш нәрсені айырмайтынмын. Оқуға түсе алмай, Керекуде Мәшһүр - Жүсіптің Әмен деген баласының үйінде жатыр едім. Бір күні Сұлтанмахмұт келді. Әменмен сөйлесіп отыр:

─ Үміт деген нәрсе қашан да болса адамның серігі ғой, мен ауруымды жазып, сендермен бірге қызмет істегім келеді, - деді. Әмен ол кезде қазақтан шыққан большевиктердің бірі болатын. Сұлтанмахмұт менің жайымды сұрап, біліп, орысша оқып жүргеніме қатты шат болып, біздің ауылға бір бара алмай кеткеніне өкінді. Бұдан кейін Махмұтты көруге болмады.

М. Әлкей 1940, 22 май

Шәйбай Аймановтың естелігінен

Мен Сұлтанмахмұтпен жастан бірге өстім. Сәби шақтағы сатыр-сұтыр ойынды да, бала кездегі әліппиден басталатын оқуларды да бірге өткіздік. Екеуміз екі жаққа оқуға кеткен, екеуміз екі жақта қызмет істеген уақыттарда Сұлтанмахмұт екеуміз үнемі хат жазысып, достық, туыстық сезімдерімізді білдіріп отырдық. Сұлтанмахмұттың ең қиын шақтарында қаражат жағынан болсын, емдеу жағынан болсын қолымнан келгенінше көмек көрсетуге тырыстым. Ол қатты ауырған кезде Омбы қаласынан оқып алған дәрігерлік білімімді, тәжірибемді Сұлтанмахмұттан аяғам жоқ. Сұлтанмахмұттың өзін де, өлендерін де мен өте жақсы көруші едім. Сол себепті ме қалай, оның көптеген мінезі мен істері, өлеңдері мен сөздері менің есімде қалыпты. Соның ең нақты дегендерін айтып беруді борышым деп санадым. Олар төмендегідей еді.

Мен жас кезімде тұрымтай ұстауды, оған торғай, бөдене ілгізуді қызық көруші едім. Кей күндері Мақышпен (ол кезде Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш дейтін) бірге ойнамай, өз бетіммен тұрымтайыма торғай, бөдене ілдіруге кетіп қалып жүрдім, өйткені Мақыштыңөзі мен шақырғанда бұл қызыққа бармайтын, маған ермейтін. Бір күні жалғыз қалғанына ызаланды ма, әлде басқа ойы болды ма, мен тұрымтайымды қолыма ұстап отырғанымда,ол жаныма жетіп келді де, қолымдағы тұрымтайымды шапалақпен тартып жіберді.

─ Тұрымтайыма неге тиісесің?! - деп мен ренжідім. Сонда ол томсырая, кәдуілгідей салмақтана түсіп мынаны айтты:

─ Сенің тұрымтайың зорлықшыл, жыртқыш! Соны біле тұрып сен оған кіп-кішкентай кінәсіз құстарды жәбірлетесің. Мен сол үшін оны ұрдым. Сұлтанмахмұт тарс-тұрс ашулануды білмейтін, жәбірге көнбейтін ақылды бірбеткей еді. Мұқан молдадан оқып жүрген кезімізде оның осы мінезіне қызығып, біз Сұлтанмахмұтқа әдейі ызаландыру үшін жабылатынбыз. Бірақ ол тіпті де ашуланбайтын. Біздер онан сайын ерегісіп, оны түйебас қылуға шейін баратынбыз. Кейде Сұлтанмахмұттың бір жерлері ауырып та қалатын. Біздің бетімізді қайтармақшы болған Сұлтанмахмұт бір күні әкесіне ақ шоқпар істетіп алады да, сабаққа келгенде бізге көрсетпей бірге ала келіп, қардың астына тығып қояды. Сабақ біткен соң, біз әдеттегідей асыр салып, Сұлтанмахмұтты ортаға ала бастадық. Сонда Сұлтанмахмұт шегіншектеп барып, қар астына жасырып қойған әлгі шоқпарын суырып алып, бізге қарсы қасқая тұра қалып, сол арада қолма-қол мына өлеңді айтты:

─ Кәнекей, енді бәлем тиші маған!

Шоқпармен бір-ақ салып басың жарам.

Бәріңді дүркіретіп қуып тастап,

Үйіме батыр болып жалғыз барам.

Бұл өлеңді біздер сол арада жазып алдық та, шоқпарын тартып алып, сындырып тастадық. Ол еш ренжіген жоқ. Кейін бұл өлеңді бүкіл бала жатқа айтып жүрді. Бұдан бұрынырақ кезде, Сұлтанмахмұт екеуміз қыстың сары аязында ойнап жүрген кезімізде, мен байқамай оның ескі тымағының құлағын жұлып алдым. Сұлтанмахмұт біраз үндемей тұрды да, мені жақын кел деп шақырып алып, мына өлеңді айтты:

─ Тұмағымның құлағын,

Жұлып алдың, не түсті?

Үсиді - ау енді құлағым,

Міне, суық жел есті.

Не деп айтам апама,

Біліп қойса бұл істі?

Мен ұялып қалдым, ұялғанымнан өзімнің басымдағы тұмағымды кигіздім. Сұлтанмахмұт оны өзіме қайтып берді де, өз тұмағын жалпитып киіп алды. Мен оны үйге алып келдім. Шешеме тұмағының құлағын тіктірдім. Сөйткенше кеш болып қалды да, Сұлтанмахмұт біздікіне қонбақшы болды. Баласын көзден таса қылғысы келмейтін Шоқпыт іңірде жетіп келді. Бірақ Сұлтанмахмұттың біздің үйде екенін білген соң, тамақ ішті де кетіп қалды. Сөйтіп, түнде Сұлтанмахмұт екеуміз бірге жатып, ертеңінде оқуға бірге бардық. Біз осылайша күйеу Мағзұм, Садуақас молдалардан да бірге оқып, балалық шағымызды бірге өткіздік. Тек 1911 жылы ғана біздің ауылға Семейдің мұғалімдер семинариясын бітірген Ахметолла Барлыбаев дейтін мұғалім келіп, үш бөлімді бір кластық орысша мектеп ашты да, мен соған ауысып кеттім. Сұлтанмахмұт мұсылманша оқып қалып қойды. Бірақ қыс бөлініп, жаз ылғи табысып жүрдік.

Сұлтанмахмұт нені болса да салғастыра ойлап, оған өзінше сеніп барып иланатын еді. Бір иланса, одан қайтуы оңайға соқпайтын. Ал беті қайтса, сол минутында сілкіп тастап жүре беретін. Әсіресе, зорлық-зомбылық, әділетсіздік, алдау-арбау оның жүрегіне тікенектей қадалатын. Ол бұларға қарсы бар күшін сала күресетін, егер жеңдірмей бара жатса, бұлан- талан ашуланып, қатты ызаланатын.

Бір мысал келтірейік. Біздің елде Қарер, Қарабек, Хамза дейтін үш жетім бала болды. Қарабек безгек сияқты бір аурумен сырқаттанады. Баланың аңқау шешесі алдыңғы істерін білмей басқа елдегі бір тәуіпті шақыртады. Тәуіп қойдың өкпесімен қағып жазамын деп, бұлардың бір тоқтысын сойғызып тастайды. Бұл тәуіп осыдан бұрын елдің бір сырқат адамын емдеймін деп өлтіріп алған болатын. Мұны Сұлтанмахмұт та жақсы білетін. Қарабектікіне осы тәуіп келді дегенді ести сала ол жетіп келеді. Келсе, тоқты сойылған, тәуіп баланы ума-жума зікірлеп жатады. Сұлтанмахмұт «мұның не, тоқтыны неге сойғыздың» дегенде, тәуіп оның өзіне ұрсып маңайына жолатпайды. Сұлтанмахмұт ызаланып, ши астында жатқан оқтауды ала сала тәуіпті бастан періп қалады. Тәуіп балаға енді ем дарымайды деп кетіп қалады.

Сұлтанмахмұт жастайынан көп оқыды. Әуелде діни мектептер біраз уақытын алғанымен, ол кейін әртүрлі пәндерге, көркем әдебиетке жан-тәнімен кірісіп кетті. Сұлтанмахмұттың бір қасиеті - ол кез келген нәрсені оқи бермейтін, әуелі байқап, не білетін адамдардан сұрастырып көретін. Сұлтанмахмұт тіпті арабша оқып жүрген кезінің өзінде де сол оқитындарын өзінше қазақшаға аударып, талдап, «осылардың не керегі бар» деп отыратын еді.

Сұлтанмахмұт, әсіресе, көркем әдебиетті көп оқыды, көп жаттады. Абайдың, Ғабдолланың, Салтыков-Щедриннің, Лермонтовтың шығармалары мен ауыз әдебиетін,халық өлеңдерін жас кезінің өзіңде бас алмай оқып, ылғи жаттап жүруші еді. Кейініректе Л. Толстойдың, Гончаровтың, Кольцовтың, Некрасовтың еңбектерін де көп оқыды.

Соларға еліктеп өлең де жазып жүрді. Мәселен, ол Тройцкіде оқып жүріп жазғы демалысқа келген кездерінде бір ретте Ғ. Тоқаевтың «Шурале» деген лақап атпен шыққан «Яшин ташлар» (жасыл тастар) атты көк тысты екі жұқа кітабын ала келіп, ондағы сықақ, мысал өлеңдерін аудармақшы болды. Онда саудагерлерді, Құсайын қажыны келекелейтін, қыздарды әжуалайтын, сынайтын өлеңдер, әңгімелер көп екен. Сұлтанмахмұт соларға еліктеп, өзінше «Сымбатты сұлуға» өлеңін жазды. Ғабдолланың осы кітаптағы көп өлеңін жаттап алды. Ғабдолланың:

Акдүр пәки саплары,

Көкдүр пәки саплары,

Отыз бештә, қырқ бештә

Қыздың «мотур» шақлары, - дейтін кәрі қыздарды мазақтаған өлеңін әзіл етіп үнемі айтып жүруші еді.

Аты есімде жоқ, Ғабдолланың сол кітаптарының бірінде ұлтшылдықты мысқылдайтын өлең сияқты бір үйлесімді әңгіме болды. Онда асханаға келген біреу бұрышқа шашалып,жаман қиналады. Көзінен жас парлайды. Сонда көлденең біреу «неге жылайсыз» деп сұрайды. Бұрышқа шашалып отырған оқығандау кісі «Милләтім үшін» деп жауап береді.

Сұлтанмахмұт осыны өлеңмен аударды. Аудармасы тамаша еді. Ол өзінің «Тентектің жиған шоқпары» деп атаған қолжазба кітабын осыдан кейін жазды. Оған Ғабдолланың жаңағы кітаптарынан аударғаны, өз жазғандары енді. Қолжазба кітабы «Сымбатты сұлуға» өлеңінен басталатын еді. Бірақ ол кітабы кейін жоғалып кетіпті.

Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдарымен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басының төбесін саусағымен айналдыра беретін. Далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса - ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім.

Сұлтанмахмұт Мәшһүр - Жүсіппен 1919 жылы талай рет кездесті: екі рет өзі іздеп барды, Баянауылда да талай кездесіп жүрді. Мәшһүр оның өлеңдерін көшіріп алатын еді. Әлі есімде, Мәшһүр Сұлтанмахмұтпен біздікінде бір кездескенінде: «Қобыланды тұқымынан шыққан батыр Қажымұқан болса, Торайғыр тұқымынан шыққан ақын сенсің», - деген еді.

Сұлтанмахмұт біздің жақта совет үкіметін орнату жолында көп еңбек етті. Ол ауыр сырқатына қарамастан ел ішінде волком сайлауын жүргізді, кедейлерді ел басқаруға, билікті өз қолдарына алуға үгіттеді. Көптеген баяндамалар жасады. Сөйтіп жүргенде ауруы асқынады. Ол сонда да ел аралаумен болды. Сол ел аралап жүріп, бір күні Баянауыл болысындағы Қаржас елінде Жанысбай дейтін байдікіне түседі. Сұлтанмахмұттың сырқат екенін және совет үкіметіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетін Жанысбай волкомның уәкілі ретінде барған оған реңінің нашарлығын көріп, жөтелгенін көріп, жаны ашыған болып, ертеден жатқан алмастың бір қасық ерітіндісін береді. Сұлтанмахмұт менің әуелден ескертіп қойғаным бойынша:

─ Дәрігердің рұқсатынсыз ішпеймін, рахмет, - дейді.

─ Қарғым - ау, о не дегенің, мен осыдан жазылған жоқпын ба. Сен маған, - деп Жанысбай иландырады. Сұлтанмахмұт ішеді, бірақ артынша уланып, қолма-қол түнделетіп маған келді. Мен ол кезде Баянауылда болатынмын. Мен дереу дәрімен уытын қайтардым да, енді елге - Ақбеттауға барып, тынығу керектігін айттым. Сұлтанмахмұт менің айтқаныма көнді.

Бұл кез 1920 жылдың қысы болатын. Төсек тартып қалған Сұлтанмахмұттың өз үйінде жағдайы болмады. Сол себепті менің немере ағам Шернияздан өз үйіне апарып, жеке бөлмеге қойып күтті. Бөлменің ішіне қарағайдың бұтағын іліп, алмастырып отырдық. Қысырдың қымызын бердік. Әр түрлі ем жасадық. Сұлтанмахмұт біраз айығыңқырады да. Сол сергіңкіреген кезінде «Дала ақыны мен қала ақынының айтысы» атты дастанын жаза бастады. Бірақ көктемде сырқаты қайта демдеді де, содан әрі жазуға мүмкіндігі болмады. Күн жылынғаннан кейін Сұлтанмахмұттың өз қалауы бойынша әкесінің киіз үйін бір төбешікке тігіп, сонда күттік. Сұлтанмахмұт бұл кезде әбден әлсіреп, совет үкіметі жайындағы кішкене кітапшалардан басқа ештеме оқи алмады. Сөйтіп, аса қадірлі замандасым әрі туысым Сұлтанмахмұт 1920 жылы 21 май күні түстен кейін дүние салды да, ойлаған мақсатына еркін жете алмай, бастаған шығармаларын аяқтай алмай арамыздан кетті. Ол өзінің «Кім жазықты?» романын да қайта жазбақшы еді, мұнысы да орындалмады. Мен осының бәріне кейін күйініп те жүрдім. Сұлтанмахмұттың: «Қала ақыны мен дала ақынын» бітіре алмай барамын. Әр ақыңды өз қалыбыңда, өз ниетінде, өз сөзімен сөйлетіп едім. Бірақ мелистік қала ақыны деп отырғаным да совет ақыны емес, капиталистік қаланың ақыны еді. Поэманың соңында екеуін де техникаға жүгіндірмекші едім. Жиған-тергенімді тапсырғанда, осы жайды қадағалап айтарсың», - деген өлер алдыңдағы сөзі әлі есімде. Сұлтанмахмұт менен бір-ақ жас үлкен еді. Бірақ біз оны бәріміз де аға тұтатынбыз. Оның өлер алдында айтқан өсиет есепті ақылы да, бізге борыш етіп қалдырған тілектері де менің көкірегімде сақтаулы. Егер уақытым болса, Сұлтанмахмұт жөнінде өзімше арнайы очерк жазам ба деген ойым да бар. Мұның өзі марқұм Сұлтанмахмұт үшін де, оны сүйіп оқитын көпшілік үшін де пайдалы болар деп ойлаймын.

1960, 4-5 июнь

Міне, ел арасында жүргенде ақын мұрасына бей-жай қарамайтын жерлестерінің осындай құнды деректерді тірнектеп жиғанына көз жеткіздік.

Таймас әулие кесенесі

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстың киелі орындары тізбесіне енген нысанның бірі - Ертіс ауданының Шұбарат ауылынан 15 шақырым жердегі «Күнек» деген көлдің жағасындағы Таймас әулие кесенесі дер едік. Таймас әулие XVIII ғасырда жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күрес дәуірінде оларға қарсы ту ұстап, әскер жинап, қол бастаған қыпшақ тайпасынан шыққан қазақ батыры Түгел батырдың ұлдарының бірі.

Аты аңызға айналған батыр бабамыздың тоғыз әйелінен туған 16 ұлдың арасынан халық арасында ерекше сый-сыяпатқа ие болғандары Байсерке абыз бен Таймас әулиелер еді дейді жергілкті батагой ақсақалдар. Ертіс өңірінің өлкетанушылары М.Жаманбалинов пен А.Бәделхановтың 1998 жылы жазған «Түгел батыр» атты еңбегінде Таймас әулиенің қыпшақтың Сағал руынан тарағанын, Түгел батырдың он алты баласының бірі екенін кеңінен тарқата жазады. Бұл деректер халықтың ерекше ықыласына бөленіп, әулие атанған тарихи тұлғаның Ертіс өзенінің сол жағалауындағы жайылымдарды жайлаған елдің тумасы екенін нақтыланады. Халық арасында Таймастың керемет қабілеттері есте сақталған, ол көріпкелдік қасиетке ие болған, сонымен бірге халық ағарту ісімен айналысқандығы сақталған. Қайтыс болғаннан кейін қыпшақтың қасиетті әулиесінің жерленген жеріне адамдар дұға оқып, тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Таймас әулиенің басына арнайы барып тәу ететіндердің қатары көбейе түсті. Әулиенің көріпкелдігі, қасиеті жайлы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер баршылық. Солардың бірі мынадай: ертеде жолаушылап келе жатқан Таймас алдындағы ауылда қатты қиналып жатқан біреуді сезіп, сол ауылға барады. Ауылдың көпшілік жиналып тұрған тұсына келгенде, бір адамның жаңа ғана дүние салғанын біледі. Ал, әулие болса шаршы топты қақ жарып үйге кіреді де, мәйітті айналып, қасиетті қамшысымен сырмақ үстін тартып-тартып жібереді. Қамшы жерге тиген сайын қаңқ еткен үн шығады. Көзге көрінбейтін бірдеңені қуып жүргендей, сыртқа шығып үйді айнала қамшылайды. Содан кейін, маңдайынан терін сүртіп үйге кіргенде, өлді деген адамның көзін ашып, одан кейін басын көтеріп алғанына жұртшылық куә болған екен.

М.Жаманбалинов пен А.Бәделхановтың жоғарыда біз сөз еткен кітабында «Түгел батыр мен Қаракөз сұлу» деп аталатын тарауының құндылығы – батырдың атына қатысты оқиғалар барысындағы аңыздардың жинақталып, тәлімдік, тәрбиелік мағынада ұсынылғандығы. Ақсақалдардың естерінде сақталған әңгімелері мен шежірелеріне сүйене отырып, М.Жаманбалинов Ертіс ауданының Көкшетау облысымен шектесетін «Сілеті» кеңшарының ерекше табиғаты аясында атақты байлардың жайлаулары болғандығын, сол жерлерді қытайлықтардан қашып қалмақтар жайлағаны айтылады. Ертіс бойындағы орыс отаршыларынан, Сілеті жанындағы Тұздыкөл бойын қалмақтардан тазарту үшін қазақ батырлары биікке ту тігіп қол жинайды. Қалмақпен болған соғыста Түгел батырдың інісі Жазы зеңбіректің оғына ұшады. Ол жерлеген жер Жазы төбесі аталып, батырдың жалау тігілген жер Жалаулы аталып кеткенекен. Жоңғарларға қарсы жорықтарға дүркін-дүркін шығып, «Жуантөбе» деп аталатын жерден қарауыл қарап елін жаудан қорғаған Түгел батырдың қалмақ бегінің қызы Қаракөзге үйленуі де бір тарихи жырға негіз боларлық. Батырдың бағасын ұстап тұратын оның асыл жары болады десек, қалмақ қызы Қаракөздің атына сәйкес затының асылдығы аңыз әңгімеде әдемі ашылған. Ақылды әйелге тән салмақтылық, сөзінде тұрушылық, туған елге деген асқан махаббат, ерді бағалай білушілік, терең ой, байыпты байлам сөз – бәрі-бәрі әңгімеде нанымды сипатталған. «Қызды алсаң, тектіден ал» деген халықтық нақылдың тағылымдық мағынасы осы аңыздан байқалады. «Түгел батыр» туралы дастан да болған дейді М.Жаманбалинов

ПМПУ профессоры Алтын Бакраденованың жазғандарынан Таймас әуленің ата-тегіне қатысты төмендегідей мәліметтерді жолықтырамыз.

М.Жаманбалинов пен А.Бәделхановтың 1998 жылы жазған «Түгел батыр» жинағының бір бөлімі «Түгер батырдың әйгілі ұрпақтары» деп аталады. Бұл бөлімге Түгел батырдың балалары Байсерке абыздың, қалмақ қызы Қаракөзден туған Таймас әулие, Көптұр қажы, Мәлік шешен, Жүніс пен Қажақат, Шаймерден Оразалы ұлы, Саралбай Жанбаев бүгінгі ұрпақтар жалғасы туралы анықтамалықтар берілген.

Осы кітапшада олардың ішінен Түгел батырға туыстық қатысы барларының айтқан толғаулары, шешендік сөздері мен бірқақпай айтыстары берілген. Атап айтқанда, Байсеркенің қазақтың шешендерінің бірі екендігі зерттеушілер мен халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылардың еңбектерінде белгілі болғанымен, осы Ертіс өңіріне байланыстылығы белгісіз болып келіп еді. Енді авторлар шежіре бойынша туыстық байланыстарын дәлелдей отырып, Түгел батырдың балалары Байсерке мен Таймасты, сонымен қатар кейінгі ұрпақтарына қатысты Мәлік шешенді, Марғуа шешенді анықтаған. Олар өздерін қанша мұқатпақ болған бай-болыстардың әрекеттеріне көнбей, оларды сөзбен қағытып, өз дегендеріне жеткендігін жинақтап жазған. Осы кітапты жан қалтасына салып жүріп оқыған жастың өмірдің қызығын қызықтауға, қиыншылығын көтере білуге тәрбиеленері анық. «Жақсы, ұлағатты толғауды халық кімнен естісе, ол соның сөзі деп ұққан сияқты. Баспа және газет сияқты жазба деректердің жоқ кезінде кімнің қайда не айтқанын ажырату мүмкін болмаған ғой. ...Демек, толғауларда ортақ тақырып қайталанып келуі заңды құбылыс. Оның басталуы кімнен шыққанын тап басып айту қиын. Қай шешен болсын халықтың өзегін өртейтін көкейкесті мәселесін айту үшін ой толғайды ғой. Сол ойды басқадан алып, сабақтап шиыршық атқыза шымыр аяқтайтын сәттер де кездеседі» деп, авторлар Байсерке толғауларын қайдан алынғанын, қай жылдардан бастап халық игілігіне ұстала бастағандығын дұрыс ескерткен. Ең маңыздысы абыздың Түгел батырдың ұрпағы болып шыққандығы. Байсеркенің абыз аталуыан орай Ақан деген аты да бар екен. Осы халқы қойған аттарымен Байсеркенің атағы көптеген жерлерге дейін жайылған. Жиырма шақты абыз туралы аңыз-әңгімелер, он сегіз толғау жыр үлгілерін оқырмандарға жете таныстыруда қарт журналистер еңбектерін аямаған. Бұрыннан бар рухани дүниені қариялар аузынан жинаған жаңаша деректі әңгімелермен де толтырған. Екі ғасыр аралығындағы халық аузындағы ауызша толғау жыр үлгілерін бүгіндері аттары аңызға айнала бастаған жергілікті жұртшылықтың арқа сүйеген, дуалы ауызды айтқыштарының берідегі әңгімелеріне алып келгендіктері Ертіс елі адамдарының құйма құлақ, ашық көкіректі жандарға толы болғандығының айғағы. Солардың бірегейі – Мүбәрак Жаманбалиновтың өзі белгілі шежіреші адамдардан жазып алған.

Ең маңыздысы - тастай қылып, жинақталған ауызша әдеби үлгілердің сақталып, бүгіндері өз елінде. өз жерінде балалардың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншлігін орнықтыра түсе алатынында.   Алдыңғы толқын ағалар жинаған асыл сөздердің мән-мағыналары, мына дүниеде жаратылысы өзгеше адамдардың өмірнамаларымен таныстыру, олардың өмірге байланысты өзіндік көзқарастары мен қатынас-әрекеттерін пайымдау, сараптау ерекшеліктерінің өзі – бүгінгі ұрпаққа ғанибет тәрбие. Мысалы, Түгелдің асқан сүйіспеншілікпен жар еткен қалмақ қызы мұсылманшылықты қабылдай отыра күйеуінің сертін бұзғандығына ренішпен туған жеріне қайтып кетеді. Қайтып бара жатып, артынан Түгелдің іздеп келе жатқанын сезіп, желмаясын тұсап қойып, орта жолда күтіп жатады. Қоштасу кезінде айтқан соңғы сөздерінің өзінде көріпкел әйелдің сұңғыла білімділігін, сүйген құлына бір жаратқанның берген қадір-қасиетін жеткізетін ойлар жатыр:

- Ал менде қалған перзенттеріңе жүрегіңіз ауырмай ма? Батырдың соңғы әрісалмақты сауалы осы болды.

Ауырғанда қандай! Соларды өзіңе аманат етіп тапсырып кетейін деп тостым ғой... Егер көріпкелдігім алдамаса, бұл перзенттеріме даритын қасиеттерді айтайын. Аңқоймасым... бұл есім оған тегін берілмеген, ол әрі аңшы, саяткер, еті тірі батырлау болмақ. Шуағым күннің шуағындай рахатты тыныш өмір сүреді. Құт иесі болады. Ал Таймасым...Міне, сенің абыройыңды көтеретін, мақтанышыңа айналатын ұлың сол болады. Менен ауысатын көріпкелдік, емшілік қасиет соған қонады. Ол тіпті сасымаған өлікке жан салатын болуы мүмкін. Менің екінші елім болған қазақ халқына сол халықтың бір батыры - өзіңе сыйлап қалдырған асылдарым осылар»,-деген екен. Ертістіктер әулие деп таныған Таймастың таң қалдырған әрекеті-қамшысын үйіріп жүріп адам жанын бойына оралтуы туралы аңыз. Ертіс өңіріндегі «Салқын көл» деп аталатын егістік алқаптың ортасында Таймас әулиенің зиратын көтеруге ықпал еткен және оның басына Майқоңыр аулында тұратын шырақшы Мағау ақсақал арқылы тілек тілеушілер барып тұратындығын халық есінде.      

     М.Жаманбалинов «Түгел батыр және оның ұрпақтары» кітабында елдің басына төнген қиын-қыстау кездерінде халыққа көмекке келген әулие адамдардың бүгін де ұрпақтары да елге жанашырлық етіп, қазақстанның белді қызметтерінде жүргені айтылады.

Естай Беркімбаев зираты

Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген қайраткері Е.Беркімбаев (1870-1946 жж.) – қазақ халық ақыны. Павлодар уезінде (қазіргі Өлеңті ауылдық округі) малшы-жалшының үйінде туған. Естай (азан шақырып қойған аты Есмағанбет) жайында жазылған еңбек көп емес. Ауызша жеткен естеліктер, жазбаша жеткен сұхбаттар, өмірі мен шығармашылығына байланысты бірлі-жарым ғылыми, танымдық мақалалар бар. Баспадан жарық көрген кітаптарда да, ел аузынан жиналған әңгімелерде де «Естай парасатты адам еді» деген сөз жиі кездеседі.

Сазгер 1888 жылдан өлең айтуды бастаған. Екі жылдан кейін өлең шығара бастап, кейіннен импровизатор ақын болды. Естайдың ән-өлеңдері шыншылдығымен, халық ойымен ұштасуымен ерекшеленеді. Бұлар: «Қарығаш», «Базына». Е.Беркімбаев ақының зират ескерткіші 1969 жылы Ақтоғай ауданында тұрғызылды.

Зират басындағы көлемі 3х1,2 м. ескерткіш тас Павлодар сурет шеберханасында жасалған.

рқа мектебіне тән сал-серілік дәстүрдің сарқыты, соңғы өкілдерінің бірі Естай Беркімбайұлының есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Әсіресе, оның махаббат әнұраны саналатын атақты «Құсни-Қорланы» баянсыз сезімді бастан өткерген жандардың сүйіп шырқайтын әніне айналды. Өйткені, тарихымыздағы қосыла алмай қалған ғашықтардың ұзын тізбегінің ішінде Естай мен Қорлан есімдері алғашқылардың қатарында аталады. Бүгінде халқымыздың ән қазынасында елеулі орын алатын бұл әнді орындамаған әнші жоқ десек, артық айтқандық емес: Бір қыз бар Маралдыда Қорғылайын Табиғат берген екен күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен Дариға, арманым көп не қылайын – деп жырлаған Естайдың өшпес махаббаты біз үшін таусылмас тақырып, ауыз толтыра айтатын әдемі аңыз. Ендеше, қазақтың алақанға салып әлпештеген серісі, әнші перзенті Естай Беркімбайұлының шығармашылығының жүрегі саналатын осы бір «Құсни-Қорлан» әнінің тарихы бүгінгі әңгімемізге арқау болмақ. Иса деген бір мықты Маралды еліне құдалыққа баратын болады да, ол Ақкөлдің болысы Әбілқасым Шыманұлына хат жазып, ақын Естайды ала келуді тапсырады. Бұл кезде Естайдың жасы жиырманың үстіне шыққан екен. Сері үшін бұл сапар қызықты көрінеді. Жаңа жер, көрмеген ел әншіні қызықтырады да, келісім беріп, Маралдыға бірнеше кісі болып жүріп кетеді. Естай Беркімбайұлы Ал сол заманда Маралды болысы Ұрық ауылында түбі Қыпшақ – Сұңқар, Сұлтан деген белгілі адамдар болады. Сұңқар – болыс, Сұлтан – би. Екеуінің де ел арасында беделі жоғары, ауқатты кісілердің қатарында болған. Сұлтанның Құсни және Қорлан есімді екі қызы бар екен. Естай келіпті дегенді естіген Сұлтан ауылының күллі қыз-бозбаласы жиналып, той-думан ұйымдастырады. Осындай көңілді кештердің біріне Құсни мен Қорлан де келеді. Естай сол жерде ай қабақ, алтын кірпік ару қыздарды көріп, жақын келіп танысады. Екі жас бір-бірін шын ұнатып, қалай болса да, қосылу жолдарын әңгіме етеді. Бұл туралы Сапарғали Бегалин 1939 жылы Естайдың өз аузынан естіген сөзім еді деп былай баяндайды: «Қорлан мен менің базарым күн санап қыза түсті. Қорлан болмаған жерде менің домбырамның құлақ күйі өспей, ән де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Қорлан да тап сондай күйде. Екеуміздің арамыз – қол жетпейтін тас қамал. Өйткені, Қорланды жас кезінде бір бай тоқалдыққа алмақ болып, қалыңмалын үйіп-төгіп төлеп қойыпты. Кешікпей ұзатып алып кетпек. Менде ол қамалды бұзар дәулет жоқ. Не арқа сүйер күш жоқ. Екеуміздің ол жердегі бар жанашырымыз Жәміш деген Қорланның немере жеңгесі ғана. «Ертең жүреміз» деп отырғанда, Жәміш маған бір жігіт жіберіпті. Оны естіп, жетіп барып едім, Жәміш жарқылдай қарсы алды: «Әнші құда, замандасың бір ауыз тілдескісі келеді. Сол үшін шақырттым» деді. Сол арада мен оны алып қашпаққа уағдаластым. Ол келісімін берді. Бірақ, уа дүние-ай, бұл әрекеттеріміз жария болып, екеуміздің жолымыз мәңгіге кесілді...». Тағдыр Қорланды Естайдың маңдайына жазбаса да, үріп ауызға салғандай аруға деген ғашықтық сыр Естайдың таңдайынан шекер балдай, сиқырлы саздай болып сорғалады. Оның аузынан шыққан әрбір сөз, әрбір әдемі шумақ жастардың аузынан түспей жүретін әнұранға айналды.

Журналист Жанболат Аупбаевтың дерегіне кезек бертін болсақ, 2010 жылғы шілде айында елді елең еткізген бір оқиға болды. «Ол не?» дейсіздер ғой. Атақты Естай ақын әнінің прототипі Қорландай асылымыздың зираты табылыпты. Білмей келіппіз, сұлулық символы болған ғазиз жанның бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты.

Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты.     Сол жылы бейіт басына көк тас-белгі қойылып,ас берілді. Қорлан апамыздың туған немересі Қанат Назымбекұлы өз сөзін ертедегі осы өңір қазақтарының тарихына шолу жасаудан бастады.

Ондағы әңгімеге қарағанда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұлтан би, ал ағасы Сұңқарбек осы Қаранай аймағының болысы болған адамдар екен. Қорлан кәмелеттік жасқа жеткен кезде бойжеткенді іргелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұрмұханбетке ұзатады. Алланың жазуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмірде сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғабдұлхамит, Зейнелғабиден, Назымбек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашаршылық Қуат байдың әулетін қатты есеңгіретеді. Ал 37-нің зобалаңы тіпті сұмдық еді.

Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі нағашыларына жету еді. Жетеді де. Бірақ перзенттерін өзі іздеп келген отбасына табыстап бола беріп, күзгі қара суықтағы азапты жолдан қалжыраған ғазиз жан үзіліп кетеді. Қарғыс атқыр 37-дегі Қорланның жағдайы осылай болса, ері Нұрмұханбеттің тағдыры басқаша өрбиді. Ол кісі итжеккендегі лагерьде жүргенде елдегі бес ұлының үшеуі соғысқа алынады. 1942 жылы олардың арасындағы Зейнелғабиден Сталинград түбінде қаза табады. Сол уақыттағы заң бойынша бір отбасынан екі немесе үш адамның майданда болуы репрессияға ұшыраған ата-анаға жеңілдік әкеледі екен. Приморьеде жүрген Нұрмұханбет үкіметтің осындай пәрменімен лагерьден босайды. Бұл 1943 жылдың көктемі-тін. Елге келген соң бар жағдайға қанығады.

Балаларын жинап алып оқытып, оларды адам қатарына қосуға әрекет жасайды. Ешкімге үйленбей, ұл-қыздарының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озады.

Сол жерде композитор Жоламан Тұрсынбаев жанында отырған Қорлан апамыздың немересі Қанат Назымбекұлы қарияға екі сауал қойды. Оның алғашқысы Естайдың «Құсни-Қорлан» әнінің туу тарихы да, одан кейінгісі Құсни қыздың тағдыры туралы сұрақ еді.

– Ресейдегі мына Славгород, Құлынды өңірі мен Қазақстандағы Маралдының арасы жақын, – деп бастады сөзін Қанат ақсақал. – Үлкендерден ес­туіміз бойынша бір жазда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өзгеше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөйтеді де бір сәттік көріністі ұмыта алмай, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бойжеткенді бұрынғы атастырып қойған жеріне ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға беріледі. Ақыры соның, яғни сан түрлі сезімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады.

Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бармаған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өткен. Естайдың да бұл жаққа жолы түспеген. Осылайша тойдағы бір сәттік көрініс әсерінен ақын артында аңызға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім білмейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағдыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған.

Ал, Естайдың «Қорлан» әнінің шығу тарихына қатысты журналист Азамат қасым мынандай дерек келтіреді.

Дина Қайымқызы әкесінің Естай Беркімбайұлын ең алғаш рет 1939 жылы маусымның 21-інде Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының екінші құрыл­тайында көргенін, көріп ерекше әсер алғанын, қос тұлға қайтарда бір пойызда, бір вагонда болып, абайтанушы Павлодарға бара жатқан сазгерді Семейде қалып, үйінде біраз уақыт мейман болуға шақырғанын жазады. Екі аптада талай сыр айтылып, талай әңгіме шертіліп, талай ән шырқалса керек. Алаш қаласындағы емен-жарқын кездесуде жас ғалым «Қорлан» әнінің тарихы жайында да сыр суыртпақтайды. «Алғашқы әнімнің аты – «Қорлан». 20 жасымда шығардым. Ол ғашықтықтан туды. Сұңқар болысындағы қыпшақ-өрік руы сұлтанының Қорлан деген қызы бар екен. Мен оны бір тойда байқап қалдым. Ән шырқап отырғанмын. Ынталана тыңдаған топтан ерек екі қызға көзім түсті. Көркемдеуінің аты Қорлан екен. Тойға сіңлісі екеуі келіпті. Мен бірден ғашық болып қалдым. Сол кеште таныстық, сөйлестік. Ол да мені ұнатып қалыпты. Сөйтіп екеуміз табыстық. Айырылмасқа серттестік. Келесі жылы қызды алып қашатын болдым, себебі менде айттырар мал жоқ. Бірақ алып қаша алмадым. Әкесі қалайда біліп қойып, басқа біреуге ұзатып жіберді...», деп Естай Беркімбайұлы әйгілі әннің тарихын ең алғаш­қы­лардың қатарында Қайым Мұха­медханұлына айтып береді. Дина Қайымқызы Естай ақын екі апта құрмет-қошемет көріп, үйіне қайтқанын, екеуі содан кейін 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына арналған салтанатта жүздескенін тілге тиек етеді. «Тойды өткізу жөніндегі комис­сияның ғылыми хатшысы Қайым оны құрметті мейман ретінде әдейілеп шақырған. Естай сол жолы Қайыммен қоштасу өлеңін және фотосуретін кейін Ахмет Жұбановқа табыстап, олар сазгердің «Замана бұлбұлдары» кітабына енгізіліпті. Қайым Естаймен кездесулерін, оның «Қорлан» әнінің тарихын дос-жолдастарына айтып беріп жүрген екен.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Қайрат Айтбаевтың әншінің немересі Зекен Жанәбілқызынан жазып алған естелігіне осы арада орын бере кеткен жөн сияқты. Зекен әжеміз он сегізге келіп ұзатылғанша Естайдың қолында болыпты.

«Бала кезімде бұла боп өстім, деген екен Естай ақын. – Ағам Нұрмағанбет көрші ауылға тойға бармақшы еді, мен де барамын деп қиғылық салдым. Он-он бір жастардағы кезім. Нұрмағанбет мені ертпей, ауылдың бір топ жігітімен бірге атқа мініп тартып кетті. Ерегісіп артынан жаяу шықтым. Төңіректің бәрі қамыс, қопа. Қас қарая адастым, зәрем кетті. Көз байланды. Қамыстан шыға бере жанып тұрған екі көз көрдім. Қасқырдың көзі түнде жанады дегенді естігенім бар, жылап жібердім. Бірақ сол жанып тұрған көзге қарай жүре беріппін. Жақындай келе үйдің терезесінен көрінген шам екенін түсіндім. Есік алдында Жеміс әулие жүр екен.

– Естай, қайдан жүрсің? – деді.

– Ағамның соңынан тойға келдім, – деймін.

– Сен енді оларды таппайсың, бү­гін осы үйге қон. Таңертең ауылыңа қай­тарсың, – деді. Ұйқыдан тұрған соң Жеміс әулие: – Естай, сені жел есіп өтеді, ескен желде несібең бар, атақты адам боласың, – деді.

Ауылдың бір аттылы адамына мінгесіп ауылға қайттым. Жолда самал жел есіп өткендей болды, аттан түскенде әуендетіп, ән салып түстім» деген екен немересіне айтқан естелігінде әнші.

Ақкөл-Жайылмада Естайдың көзін көрген әнші, қиссашы Кәкен Тәшімов ақсақалдың айтуынша, Ақкөлде өнерпаз көп болған. «Әнші – Ахметтің Мұфтиі, Исақтың Ақы­шы, Төлеубайдың Шаяхметі, Сәбит­тің Қожаны, күйші әрі домбыра шебері Әлхамбек, ақын – Досмақтың Ғаббасы (пұшық Ғаббас), қиссашы Ыбырайдың Темірболаты, ағайынды Әбдірахманның Тәшімі, Әшімі бар. Тәшімнің орындауында «Жер мен көктің жаралғаны», «Еңлік-Кебек», «Әзіреті Әлі», «Ермек», «Қалқаман-Мамыр», «Кесік бас», «Күлше мен Назымбек» сияқты жиырма бес қисса білуші еді. Кәкен ақсақал сол жолы бізге «Күлше мен Назымбек», «Кесік бас» қиссаларын және «Балқадиша», «Қарғам-ау» әндерін айтып берді. Домбыраны ғажап тартады, Байғабыл арқылы жеткен Естайдың ән бастардағы «қара шертісін» сұлу қайырды. Сексеннен асқан қарияның әнді жас адамша жинақы, қалықтатып салғанын көргенде таңғалдым. Мін жоқ! «Мен ән салуды Мүфтиден үйрендім, Естайға ән салғызу қиын еді», дей­ді қария. «Есекең, қисса айтпайтын, тыңдағанды ұнататын. Бірде қора­ның артына шықсам Естай мен Ахметтің Мүфтиі көгалда көрпе төсеп әңгімелесіп отыр екен, жақындап келгенімде, «әй, бала, жүгіріп барып домбыра алып келе ғой», деді Естай. Домбыраны Мүфтиге ұстатты. Мүфти әнді малдасын құрып отырып айтты. Ән әуені жоғарылап көтерілгенде ол да орнынан тұрып кете жаздап, ән салқындап бәсеңсігенде орнына қайта отырады екен. Ұзақ шырқады. Естай, «Па, шіркін!» – деп Мүфтиді қоштап отырды. Исақтың Ақышын талай тыңдадым. Естайдан әнді кем салмаушы еді. Бұлар Естаймен табақтас, дәмдес болған өнерпаздар.Осыны көзім көрді», – деді көнекөз. Ақкөл-Жайылмада ертеден қалыптасқан әншілік дәстүрдің бар екеніне бір дәлел Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні. Мұстафа Баянауыл жақтан келіп осы өңірден өзіне ұнаған тамаша әншілік үлгі көргенін былай баяндайды:     Ақкөлге барғанымда әнге салдым, Елінен Қанжығалы өрнек алдым. Баласы Сүйіндіктің әнге құмар, Уілін, ырғағымен алып қалдым. Бұл ән салу шеберлігіне, вокал мә­де­ниетіне, ән композициясына бас июі. Мұстафа Естайдан әлдеқайда бұрын туған композитор. Оның Ақкөлдің әншілік мектебін өзіне үлгі тұтып, мұнша жоғары бағалауынан сол өңірде қалыптасқан, тамаша әншілік дәстүр болғанын бағамдауға болады. Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні екінің бірі шырқап салатын жеңіл туынды емес. Әншінің шебері ғана айта алатын күрделі ән. «Бүркітбай» әні осы дәстүрдің тамаша ескерткіші ретінде Қали Байжановтың айтуымен А.В.Затаевичтың «Қазақтың 1000 ән-күйі» жинағында хатқа түскен және Бисмилла Балабековтің орындауында үн таспасы сақталған. Осыдан-ақ Естайдың, онымен замандас әншілердің Ақкөл-Жайылмада ежелден қалыптасқан ән ордасының түлегі екенін айқындай түседі. Әкесі Беркінбай өмірден ерте өткеннен соң, туған ағасы Нұрмағанбеттің панасында өскен Естай жоқшылық көрмейді. Ауылдағы Жақып деген молдадан сауат ашады. Анасы Күлипа «...ақын, адуын мінезді жан» («Өзіңдей боп жан тумас», Р.Тоқтаров) болыпты. Немере ағасы Төлеубай қажы ел ішінде абыройлы, төңірекке белгілі адам болады да, Естайдың ел алдына шығып өнерпаз болуына үлкен ықпал етеді.   «Он бес-он алты жастар шамасында Төлеубай ағама еріп Қоянды жәрмеңкесіне бардым» – деп немере інісі Қыздарбек Әміреновке айтқан екен.

Сол сапарда ақын Шөже мен әнші Жарылғапбердіні көріпті. «Шөже соқыр, көзі көрмейді. Жа­рыл­ғапберді бір­неше ән шырқады, ішінде «Ағаш аяқ» әні де бар. Ел әншінің өнеріне тәнті болды. Осы жерде Төлеубайдың әнші інісі бар, шығарсын топ алдына деп Ертіс мырзасы Бердалының Исасы бейіл білдірді. Қолыма домбырамды алып, «құласаң нардан құла» – дегендей мен де «Ағаш аяқ» әнін шырқап салдым. Сол жерде отырған біреу «қайсысы жақсы айтты?» – деді. Иса мырза: «Естайдың бір қайырымы артық болды»,– дегені бар еді» («Естай. Ақынның ақырғы сапары», Ж.Қоғабаев). Ақсудың болысы Бердалының Исасы жас әншіні меселі қайтпасын деп көтермелеп жіберсе керек. Естай он жетіге келгенде әйгілі Біржан салмен кездескені туралы әңгімені Ақкөл-Жайылма төңірегіндегі ақсақалдардың көбі біледі. «Шыман қажының шаңырағына, сал Біржан түсіпті» – деген сөз ел ішін дүр сілкіндірген сенсация болса керек. Сол сауық кешке қажының тапсырмасымен Естайды алдырады. Біршама әнді сілтеп болып, Біржан сал: – Мен жолдан шаршаңқырадым, енді кезекті сіздерге берейін, – дейді. Сол жерде отырғандардың біреуі Төлеубайдың жігіті келді депті. Қажының тапсырмасы бойынша Естай сал Біржанның келуіне байланысты арнау өлең шығарып, әндетіп сәлем береді. Ассалаумағалейкүм, Біржан аға. Сыналдық қажы үйінде бар ма шара? Көрсетпей қалай қызмет тұра аламын, Жол берсе кезек сұрап сіздей дара, – деп, зор дауысты жас жігіт асқақтатып салады. Сұлу үн отырғандарды елең еткізсе керек. «Үлкендердің бірі «бала қалай?» – депті Біржанға. Біржан: «дауысында аруақ бар, заманында әнге басқалы тұр екен» – деп баға берген екен. Бұл шамамен 1889, 1890 жылдар болса керек. Ақкөлден аттанғанда Біржан сал Естайды өзімен ертіп ала кетеді. Үш ай қасында ұстайды, ән үйретеді. Жиырма жастар шамасында Ақан серіні көреді. Естай мен Қорланның кездесуі, олардың ара­­сындағы махаббат туралы деректер Ахмет Жұбанов, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхаметханов еңбек­терінен кездеседі.

Қорланға арнап шығарған әндерінің бірі «Бір мысқал» (Қорланның сипаты)   Көзінің қаралығы қарақаттай, Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай. Көзіндей құралайдың ойнақтатып, Арман не соны құшқан адамзатты-ай. Ақ көйлек, қызық камзол, лағыл етік, Отырмын ғашық жарды өлең етіп. Шіркін ай «Хұсни-Қорлан» деген шақта, Алдымнан шығар ма едің көлбең етіп... «Қорлан» мен «Бір мысқал» әндері Естайдың композиторлық, әншілік өнерімен қоса ерекше дарынды ақын болғанының белгісі. «Бір мысқал» музыкалық формасы жағынан сол кез үшін ол да Естай енгізген жаңалық. «Бір мысқал» ком­позитордың жас кезінде 20 мен 25 жас аралықтарында шыққан болса «Жайқоңыр» мен «Назқоңыр» Естайдың егде тартқан шақтарында шыққан әндер. Естайдың «Қаракөз», «Сандуғаш», «Ақжалмаш», «Юран-ай» әндері де композитордың жігіттік дәуірінен қалған белгі. «Қаракөз» әнінің басы сазды ке­ліп, қайырмасы ойнақы мелодияға құрылған. Бұл да тыңдаушының құ­лағынан кетпейтін соқталы туын­ды.

Әннің қысқаша тарихын С.Бегалин автордың өз аузынан естіген екен. «Естай бірде жолы түсіп Омбы шаһарына барады. Сол жолында Қыпшақ ауылының белгілі адамы Жансары деген байдың үйіне қонады. Үй иесі Естайдың әнші екенін білген соң «қонақкәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бойжеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсы­нып, бірнеше ән айтқызады. Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың көркі Естайдың көкірегін кернеп, ой толғанысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзінде «Қаракөз» әнін шығарады»

Естай екі рет үйленеді. Бірінші әйелі ауырып қайтыс болады. Одан екі ұл, екі қыз қалған. Баланың үлкені Жанәбілден және Күләй, Кәнтәйдан қалған ұрпақ бар. Жанәбіл Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Кенжесі Жәкөш он сегіз жасында Омбы мен Ақкөлдің арасында қатты боранда адасып мерт болған сияқты. Ол 1931,1932-жылдар. Анығы белгісіз. Жәкөштің ақындығы туралы ауызекі айтылған естеліктер бар. Өзімнен асады деп ерекше жақсы көрген екен. Естай орта жасқа келіп қалғанда әмеңгерлік жолмен Зағишаға үйленген. Зағиша ерекше сұлу адам болды дейді көргендер. Бір-бірін қадірлеп өткен көрінеді. Немересі: «Естай атам мен Зағиша апамның татулығы, сыйластығы қандай еді...ондай адамдар қайда...» – дейді.

Естай аудан орталығына жеткеннен кейін нашарлап қалады. Дәрігерлер жағдайының ауыр екенін ескертеді. Ақкөлге жетудің енді қиынға түсетінін сезгеннен соң, Чкалов совхозының 2-бөлімшесінде тұратын жақын інісі Кәрібайдың үйіне апарады. «О дүниелік болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осы жерге қойыңдар, Қорлан берген жүзікті де өзіммен бірге жерлеңдер», деп аманат айтқан деседі. 1946 жылы наурыздың 15-і күні Куйбышев ауданында (қазіргі Ақтоғай ауданы) Біржан, Ақанға шәкірт, Байғабыл, Жүніс Шәймардановқа ұстаз болған, теңдесі жоқ композитор өмірден өтеді. Сол күні ақынның жары Зағиша да Ақкөлде дүние салған екен.

Баянауыл аңыздары

Аңыздардың алғашқысы – осы әдеттен тыс таулардың қалай болғаны жайлы. Бірде солтүстік мұз көшкіні басталып, соны бөгеуге Тәңір тас толы қапты арқалап аттанады. Далада кездескен адамдар жел өтінен паналауға біраз тас қалдыруды сұраған екен. Тәңірі өтініштеріне құлақ аспапты. Сонда пысық, ақылды бозбала Асан қаптың түбін теседі, сөйтіп далада қала береді. Арада көп жыл өткен соң далада алып дәу келе жатады. Даланың қиырын көрмек болып, шашылып жатқан тастарды үйе бастайды. Өзін көтере алатындай тау қалап, шаршаған дәу соның басына шықса, даланың шет-шегі жоқ. Ызаланған дәу тасқа отырып, қолымен бетін басып, жылап жіберіпті. Саусағының арасынан тамған үш тамшы жерге түсіпті. Солығын басып қарағанда қандай ғажайып жасағанын көреді. Үш тамшы жас тамған жерде үш көрікті көл пайда болған. Тастан қалаған тауларда өсімдіктер мен бұталар өсіп шыққан. Кереметті көруге жүгірген аң мен құс жиналыпты. Дәудің өзі де Баянауыл тауларын тамашалауға мәңгілікке қалып қойған екен.

Ақбет шыңы. Махаббат құрбаны.

Баянаулдың ең биік шыңы – Ақбетке байланысты да әдемі аңыз бар. Ертеде осы өлкеде Бүркітбайдың қызы Ақбет тұрыпты. Үй іші жұтаң күй кешкен, сондықтан әкесі қызын ұзатып, шаруасын түзеп алмақ болады. Қыздың кедей қойшыны ұнатқанын, әрине, жақтырмайды. Әкесі көп ойланбай-ақ қалың малын төлеген қаусаған шалға қызын ұзатуға келіседі. Жас ғашықтар мұны біліп қашуға ниеттенеді. Алайда сырлары ашылып, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қыз көз жасын төгіп, мәңгілік қоштасуға сүйіктісінің зиратына баруға сұранады. Жеңгелері аяп босатады. Ол жігітінің басында жүрегін тек оған арнағанына, басқа ешкімге жар болмайтынына ант береді. Осы сөздерімен ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салады да құздан құлайды.

Ақбеттің есімімен аталатын тау – сол заманның үнсіз куәгері адал мен сезім беріктігінің символы ретінде бұрынғысынша таңды бірінші қарсы алады.  

Кемпіртас туралы аңыз

Ұлттық парктегі ең танымал тас – Кемпір тас, оны туристер Баба-Яга деп те атайды. Оған байланысты аңыздар көп. Әлімсақта жергілікті тұрғындар мұнда ерекше жылқы тұқымын өсіріпті. Бұл аттардың бағасы қымбат болып, оларды ең батыл жігіттер көздің қарашығындай күзетеді. Алайда мал жоғала береді. Түнде күзет қойылса да, бәрі ұры келгенше ұйықтап қала беріпті. Ақыры солардың арасынан ұйқыны жеңген (ұйықтамау үшін әдейі қолын кескен) біреуі табылады. Түн ортасында жер айырылып, содан түрі қорқынышты үлкен кемпір шығады да жылқылардың ең семізін таңдап, өзімен бірге жер астына әкетеді. Жас жігіт көргенін ақсақалдарға айтып, көбірек қару жинап, халқын сиқыршыдан құтқаруға бел байлайды. Жігіт мыстанмен түні бойы алысып, әбден шаршайды, кемпір де әлсірейді, өйткені таң білінісімен күші қайтатын. Кемпір жердің астына түсіп үлгермейді де, күн шапағы жердің жігін жауып, мыстанның басын тасқа айналдырады.

Үлкендердің айтуынша, жер бетінде жаманшылық көбейсе, ол тірілетін көрінеді, сондықтан тасқа тек ақ ниетпен келу керек.

Қоңыр әуиле тарихи орыны

Керекудегі жер жаннаты Баянауыл өңірі қазақтың талай жыр-шежірелеріне арқау болған құтты мекен. Тарих қойнауына көз салсаң Баянауыл елі қол бастаған батырларымен, сөз бастаған билерімен, қасиет дарыған әулиелерімен, суырып салма ақын-жырауларымен әйгілі болғандығын білеміз.

Сонымен қатар Баянауыл тек қана ғұламаларымен ғана емес, өзінің ерекше көркем табиғаты: жартасты жоталары, өсімдіктің сан алуандығы және қайталанбас тарихи ескерткіштерімен таңғалдырады. Осы сұлу өңірдің ғажайып ескерткіштерінің бірі – «Қоңыр әулие» үңгірін айтпасқа болмас. Әр жердің шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелер көп.

Қоңыр Әулие туралы да аңыздар көп. Солардың бірі ертеде жер бетін су алғанда Нұх пайғамбардың кемесіне белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп өз көзқарасын білдірген. Жергілікті жұрт «тас үңгірге түнеген адамның тілегі орындалады» деседі. Үңгір қыратты жерде орын тепкен. Шамамен мың метрге жуық биіктікте орналасқан. Әпсана бойынша «Қоңыр әулие» үңгірі жердің, жануарлар мен құстар әлемін қорғаушысы Ной (Нұх) Пайғамбар заманынан бар. Бүкіләлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх Пайғамбардың кемесіне қалып қойыпты-мыс, бірақ кемеде орын болмапты, сонда үш бақанды жалғап байлап, бақанға отырып, ол пайғамбардың кемесіне байланыпты. Бүкіләлемдік ағыспен олар солтүстіктен оңтүстікке беттейді. Алғашқы болып үлкен әулие Құланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл Қызыл Тау маңында болған. (Сондай-ақ Әулие тау деп те атайды). Екінші болып тасқа ортаншы бала әулие Қыранның бөренесі ең биік тау Ақбетке соғылады. Су қайта бастап, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңырдың бөренесі үңгірге жақындағаннан кейін, ол осы жерде қоныстанады. Сол себепті үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Осындай табынудың себебі болған үңгір түкпіріндегі қазан, осы қазан түбіне үнемі су жиналады. Осы суда барлық ауруларды жазу қасиеті бар, тіпті, бедеуліктен де. Қай уақытта болмасын үңгір жанына баланы дүниеге әкелу мақсатымен әйелдер қонған және осы армандары шынымен де орындалған.

Осыған орай, үңгір маңынан адам аяғы үзілмейді. Өмірге бала алып келуге ниет жасаған әйелдердің арманы да толықтай орындалғанын жұрт жиі әңгімелейді. Мұнда басқа ұлттың өкілдері де келіп, тәу етіп, тілек-армандарын айтып жатқандарын байқадық. Ия, тағы бір айта кететін жайт шырақшының айтуынша жаз айларында сол судан ешкімге ішуге бере бермейді. Себебі біреулер беті-қолын жуады. Қыркүйек айының соңына қарай өз-өзінен тасиды. Міне, сол уақытта ішуге, алуға болады екен.

Үңгір Баянауыл тауының батыс жағындағы Аққарағай тауының етегінде орналасқан. Қасиетті жер Баянауыл ауылының солтүстік-шығысында, 17 шақырымдық қашықтықта. Баянауыл өңірінің тұрғындары үңгірді «Әулиетас» немесе «Қоңырәулие» деп те атайды. Мамандардың айтуынша, үңгір тектоникалық жік түсуден, гранит тасына табиғи сыртқы күштердің әсерінен пайда болған. Оның ұзындығы - 30 метр, ені - 2,5 метр, ал биіктігі 1,8-2,0 метрді құрайды. Кіреберісі кеңдеу келеді, ал түбіне қарай біртіндеп тарылып, тастағы жарықшақтардан енген судан түзілген көлшікпен аяқталады. Дертіне дауа іздеп келген адамдар оның суының шипалық қасиеті бар екеніне көз жеткізгені қашан. Суы тұщы әрі көптеген ауруларға ем. Бүгінде қасиетті үңгір қалың жұртқа сая болып, киелі орынға айналған. Үңгірге көтерілетін баспалдақтардың ұзындығы 110 - метр, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Айта кетейік, үңгірге келушілердің басым бөлігі – бала сүйіп, ата-ана атанғысы келген жандар. Былтырғы жылы қасиетте жерге келген азаматтардың саны рекордық көрсеткішке жетіпті. Үңгір шырақшысы Алтынбек Құрмановтың айтуынша, өткен жылы Ресей, Қытай, тіпті, Біріккен Араб Әмірліктерінен туристер келген. Үңгірдің қасиетіне тұныққын келіншектер құрсақ көтеріп, ана атанғандары шындыққа саяды.

Үңгір екі бөліктен тұрады. Кіре беріс мешіттің күмбезіне ұқсас болғандықтан, «күмбез» деп аталады, онан кейін Әулиенің отырған жері деп саналады. Бұл тас әйелдің жатқан бейнесі іспеттес. Бұл Қоңыр әулие үңгірінің дәл жанында орналасқан.

Әрине, олардың көбісі тарихи оқиғалармен, тарихи тұлғалармен сабақтасып жататыны – өмір ақиқаты. Олар аңыз-әңгімелер түрінде, заттық айғақтар түрінде бүгінгі күнге жетіп отыр. Солардың ішіндегі бүгінгі біздің құлағымызға жетіп, саналы із қалдырып, тәрбиелік мәнге ие болып жүрген аңыздың бірі ол «Баянауыл» деген сөз қалай шыққаны туралы. Өйткені қасиетті үңгір қазақ даласында сонау Тәңір заманынан келе жатқан киелі орын. Сол заманда өмір сүрген қазақтар Қоңыр әулие маңында орналасқан ана бейнесіндегі шалқасынан жатқан тауды «Баянды ана» деп атаған. Олай аталу себебі ауырған адам ем іздеп, баласы жоқ ана бала сұрап, кедей байлықты аңсап, бай байлығын асыруға осы таудың етегіне келіп, құрмалдық шалып, малдың шек майынан білте жасап, үңгірге келген адамдардың ниеттері қабыл болып, халық баянды өмір сүре бастаған. Сол заманның қазақ даласында жазылмаған заңы болған. Атты адам ауыл сыртынан шауып өтпей, жөн сұрасып, бара жатқан бағытын айтып отырған. Жолаушыдан «Қайда барасың?» дегенге, «Баянды ауылына барамын» деген екен. Сол себептен Баянауыл атауы содан қалыпты деседі. «Баян» деген ұғым баянды деген сөзді білдіреді. Баянауыл елінде Алланың нұры жауып, баянды өмір кешкен. Әрине, оған жоғарыда атаған дана-дарындыларымыз, ғұламаларымыз бен табиғаты дәлел.

Баянаула жерінің көне тарихынан сыр шертетін аяулы ескерткіші – «Қоңыр әулие» немесе «Әулие тас» үңгірі Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Ертеден бері адамзат баласының анасы – Байананың құт мекені осы жер деп есептеледі.

Біз жоғарыда келтірген аңыздың тағы бір нұсқасында Қоңыр деген әулие осы маңда жер бетін топан су басқан заманда өмір сүрген-мыс делінеді: «Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық кылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, отбасын құрмайтын үш ағайынды: Қоңыр, Қыран, Құлан дегендер Нұқ пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суда қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып, су қайтқанда, оларды осы Баянаула тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі Жамбақы жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегені туралы аңыздар бар. Қоңыр әулие әркімнің сұраған тілегін беріп, Қыран әулие әркімнің жоғын тауып беріп, келе жатқан жауды күншілік жерден көріп, адам болып хабар беріп, сағым болып жоғалып кетеді екен. Іздегенге оңай таптырмапты. Құлан әулие кейде құлан, кейде адам бейнесінде көрініп, халық малының амандығына, өсіп-өнуіне жәрдем жасайды екен».

Бұл аңыз әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін ғажап мазмұнымен қызықтырады. Нұқ пайғамбардың топан суға қатысты әңгімесі басы Таурат болып барлық ескі шежіреде белгілі, бірақ Нұқпен бірге сол ғаламат топан судан құтылған үш әулие туралы аңыз тек қазақта ғана бар. Олай болса, Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Осындай аңыздар біздің қазақ тарихының ең көне, ең тұңғиық, мөлдір бастауларына нұсқайды.

«Алаш айнасы» газетіне жарық көрген Серік Құсанбаевтың Қоңыр әулие үңгірі туралы мақаласында оқиға былайша суреттеледі:

«Ел арасындағы «Темірше тағы да ішіп кетіпті», – деген сыпсың сөздің тиылғанына да ширек ғасыр өтіпті-ау. Ол кезде бұлар жас үйленген. Оқуларын тәмамдап, жолдамамен шалғайдағы ауданға келген. Обалы не керек, аудан басшылары «Жастарға жағдай жасауымыз керек» деп, совхоздан төрт бөлмелі үй бергізген. Төрт-бес жылда қызметтеріне әбден төселген жастар қатарынан қалмай тірлік кешіп жатты. Сырт көзге уайым-қайғысы жоқ бақытты жандардай көрінетін...

Бірақ, қазекеңнің кей сөзі сүйектен өтпей ме? Даңғарадай үйде екеуден-екеу тіршілік етіп жатқандары арқаларына аяздай бататын. Әуелде, ес жиып алғанша баланы қоя тұралық деген келісімдері уақыт өте келе екеуінің бас ауруына айналады. Арада ай алмасып, жылдар жылыстаған сайын кез келген ортада баласыздық жайында сөз бола қалса, бұл екеуі қарадай қипақтап, қызарақтайтынды шығарды. «Ағайындарыңнан немесе жетімдер үйінен бала асырап алмайсыңдар ма?» дейтін ақылшылар да табылды. Жанашыр жандардың кеңесімен бірқатар дәрігерлерге де қаралған. Нәтиже болмады. Ақ халаттылардан қайран болмағасын, жазғы демалыстарын пайдаланып, елдің әр қиырындағы біраз атышулы бақсы-балгер, емші-домшыларды да адақтап қайтқан. «Алланың бермегенін адамнан сұрап ала алмайсың» деген рас екен.

Ақыры, күдерін үзген Темірше іштегі қыжылын ішкілікпен басуды әдетке айналдыра бастайды. Әуелде әдеппен ішіп жүретін жас мұғалім келе-келе ішпесе тұра алмайтын күйге жетеді. Кесірінен жұмыстан да шығарылды. Есін бір жиғанында «Енді ішсем, Темірше атым өшсін!» деп Жаңылға да, өзіне де уәде беретін. Бірақ көп өтпей, ескі соқпағын қайта шиырлайтын. Сондай сау күндерінің бірінде аудан орталығындағы шағын базарда жолыққан бейтаныс қария жөн сұрасып: – Е, шырағым-ай, асылдың сынығы екенсің ғой. Жарықтық әкеңді білуші ем, – дей келе, Жасыбай көлінің батысындағы тау қойнауында ел «Қоңыр әулие» атап кеткен үңгірдің бар екенін, сол үңгірге түнеп қайтуларына кеңес берген. Үңгір жайында нақтылап сұрап алмақ болып ақсақалды қайта іздеп еді, таппады... Жер жұтып қойғандай, зым-зия...

...Содан күндердің күні ақсақалдың айтқаны ойына оралып, келіншегін ертіп үңгірге барады. Күні бойы іздеп, ақыры көз байланған шақта жығылып-сүрініп көздеген межеге жеткен қос мұңлық үңгірге бойлап кіруге жүрексініп, кіреберіс ауызыға жантая кетеді. Таң атқалы тау-тасты кезіп шаршағандікі болар, қатып қалыпты. Таңға жуық:

– Балам, сен енді есіңді жи. Алла көз жастарыңды көрді. Бір жылдан соң дүниеге егіз бала келеді. Ұлдың аты Құндыз, қыздың аты Жұлдыз болсын, – деген таныс дауыстан оқыс оянған Темірше таңғы алагеуімде мәңгіріп біраз отырып қалады. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры, таныс дауыс иесін де тапты-ау, әйтеуір. Иә, сол баяғыда базарда кездесіп, кеңес берген ақсақалдың дәл өзі.

Ақсақал әулие екен, айтқаны айдай келді...

Сол оқиғадан кейін Темірше ішімдік атаулыны сап тыйған. Қазір Құндызы Астанада, Жұлдызы Жезқазғанда тұрмыста. Екеуі де балалы-шағалы». Міне, үңігірдің ғажайыптығы туралы ел арасында осындай әңгімелер көп кездеседі біз соның кейбіріне ғана тоқталдық.

Сарыарқаның тағдыры шешілген жер немесе Қалмаққырылған тауы

Май ауданы, Ақшиман ауылының маңындағы Қалмаққырылған тауы халқымыздың асқан ерлігін, жерін, елін қорғауға деген батырлығын, табандылығын айғақтайтын дәлел-дерек десек артық айтпаймыз. Аты айтып тұрғандай, бұл - қазақтың ата жауын жеңген жері. Бұл білген жанға ғасырларға созылған қазақ пен қалмақ арасындағы қанды қырғынның жаңаша беталған жері. Яғни, Арқаның батырлары бастаған қол қалмақ қонтайшыларын қазақ жеріне қайтып келе алмастай қылып күйретті. Ақшиман ауылының шетінде осы жорықтың сәтті болуын жолға қоя білген Олжабай батырға ескерткіш орнатылған. Тілеуберді Сахаба осы тарихи атау туралы кеңінен жазған журналист. Біз аталған автордың деректерін осы жолдарды жазарда кеңінен пайдаландық.

Сарыарқаның тағдыры шешілген жер саналатын Май ауданының аумағындағы «Қалмаққырылған» тауының қазақ тарихында алар орны ерекше. Жергілікті азаматтар аталған тарихи орынды «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізуді ұсынып отыр екен.

Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар басқыншылығынан құтқарғанда шешуші шай­қастардың бірі өткен жер. Қазақ жерінің бостандығы жолындағы бабалар күресінің куәсі болған жасампаздық мекені. XVIII ғасырдың 40-жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасы­бай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы береді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірінде Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») барып бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырады. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен.

Ауылға кіре берістегі төбешіктің үстіндегі ескерткіш 2006 жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында салыныпты. «Қалмаққырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ әрі жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен. Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айтылатын аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан ұр­пақ­қа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі – Майсара) – Малайсары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның қарасы байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты.

Бұдан бөлек, «Қыз құлаған» деп аталатын тағы бір шың бар. Бұл атау бертінде осы өңірде орын алған бір оқиғаға негізделіп қойылған. Әсия есімді қызды ата-анасы қалың малына қызығып, жасы егделеу бір байға беруді ұйғарады. Байғұс қыз сүйген адамымен тұрмыс құрып, өз теңімен өмір сүргісі келгенімен, оған ешкім құлақ аспайды. Теңдік іздеген ару бұл зорлықты көтере алмай, соңында шыңнан құлап, ғайып болған екен.

Өкінішке қарай, «Қалмаққырылған» тауларының құпиясын әлі толық аша алмай келеміз. «Қалмаққырылған» тауы туралы ел аузында аңыз түрінде ғана айтылғанымен, нақты тарихи деректер мен археологиялық дәлелдер өте сирек. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, «Қалмаққырылғанның» «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» республикалық тізіміне енбей қалуының ең басты себебі де осы.

Ғалым Қайрат Батталовтың айтуынша, Қазақстанда «Қалмаққырылған» деп аталатын бірнеше жер бар. Сол өңірлердің барлығында кезінде қазақ-қалмақ шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осылардың ішінде ең ірі әрі шешуші шайқас біздің өңірде болғанын тарихшылар дәлелдеп отыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бір жазбасында: «Бұл – Сарыарқаның тағдыры шешілген жер. Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған қазақ қолы қалмақ әскерлерін Серектастағы қырғаннан кейін қалмақтар Сарыарқа даласына аяғын аттап басқан жоқ» деп келтіреді.

«Қалмаққырылған» тауының арасынан ертеден қалған ескі зираттарды және обаларды көптеп кездестіруге болады. Бірақ мұндай ерекше тас үйінділері қай дәуірге тиесілі екенін әлі ешкім дөп басып айта алмайды.

«Қалмаққырылған» тауының арасынан ертеден қалған ескі зираттарды және обаларды көптеп кездестіруге болады. Бірақ мұндай ерекше тас үйінділері қай дәуірге тиесілі екенін әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Енді Сая Молдайыптың деректеріне сүйене отырып,осы оқиғамен тікелей байланысты болып келетін Жасыбай батыр туралы мағұлматқа орын бермекпіз.

Жасыбай батыр ескерткіші

«Ер Жасыбай» жырында:

Ақынның қиыстырса келеді ебі,

Болған іс бәрі айтылмай қалмас тегі.

Аң қуып таудан құлап суға кеткен,

Қалмақтың Шойын деген батыр бегі.

Ол күнде бұл тауларды Қалмак алған,

Қорған ғып әрбір жерге бекін салған.

Тұлпардың екпінінен суға құлап,

Атанып Шойындыкөл содан қалған.

Жол салған тасты бұзып Жасыбай ер,

Әркімнің ертеден-ақ аузында бар.

Арқадан қазақ ауып өз жерінде

Кеткен соң ат қойылған Жасыбай көл.

Жасыбай батыр екен ту көтерген,

Басшы ғып біздің қазақ соңына ерген.

Сол жолмен аңғал батыр келе жатса

Отырған тау басында қалмақ көрген.

Жол тосқан жауыз қалмақ Құба мерген,

Туы бар келе жатқан көзі көрген.

Көрінбей тас түбінде тұра қалып,

Тосыннан садақпенен тартып берген.

Моласы Жасыбайдың тау басында,

Қияның өзі салған қырқасында.

Қалған сөз үлкендерден бірден-бірге,

Өлгендерім болыпты сол касында.

Бекініп Серіктасқа қалмақ қолы,

Батырлар басқа жаққа кеткен бәрі.

Есітіп бұл хабарды келген дейді,

Бөгенбай, Олжабай мен Малайсары.

Батырдың не секілді бәрі барған,

Қан төгіп, қазақ, қалмақ соғыс салған.

Айтуы бұрынғының рас болса,

Қалмақтан осы жолы көп олжа қалған.

Соғыста қолға түскен Құба мерген,

Қалмақтың батырлары көп қырылған.

Серіктес деген атты қалдырысып,

Аталып қалмақ қырған содан қалған, - деп жырланады. Осы туындының қолжазбасын академик Әлкей Марғұлан Павлодар облысының Екібастұз қаласынан алып келіп, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорына тапсырған (ӘӨИ, 1004-бума, 1-дәптер).

Батырдың зираты Баянауыл ауылынан солтүстік батысқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан (XVIII ғасыр). Зират онша биік емес, тікбұрышты кірпішпен қоршалып, таспен үйілген. Жасыбай Өмірұлы – қазақ-жоңғар соғысы кезінде Сарыарқаны мекен еткен қазақ халқының қамқоршысы, шайқастарда ерлігімен көзге түскен батыр. Руы Арғыннан тараған Бәсентиіннің ішінде Бесеннен тарайды. Батырдың әкесі Өмір қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан би болса, анасы - Қанжығалы руынан шыққан әйгілі Олжабай батырдың қарындасы. Жасыбай батыр ел ішінде мерген және жауырыншы ретінде танымал болған екен. Жасыбай батыр туралы әңгімелер Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Николай Коншин еңбектерінде бар, сондай-ақ Әлкей Марғұлан кезінде «Ер Жасыбай» атты тарихи эпос жазды. 2008 жылы Жасыбай батырдың жерленген орнын Г.М.Камалова бастаған «Қазреставрация» ҒИЖФ РМҚМ Жинақ бөлімінің экcпедициясы зерттеді. Николай Коншин XVIII ғасырда Баянауыл тауларында болған тарихи уақиғаларды сипаттай келе, мына деректі келтіреді: «Жасыбай Баянауылды мекен еткен қалмақтарды қазақтар ығыстыра бастаған жылдары өмір сүрді. Ол жауларын бірнеше мәрте жер жастандырған белгілі батыр еді. Бірде қазақтардың бас қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай мен оның шағын жасағына қалмақ ханы басқарған мың шақты жау әскерін тау бөктерінде ұстауға тапсырма береді. Жан алысып, жан беріскен сұрапыл ұрыс болды, осы шайқаста Жасыбай батырлығын көрсетті. Алайда қалмақ ханы Жасыбайдың сауытпен жабылмаған желкесіне оқ атып, мерт қылды. Жасыбайдың денесінен сол сауытты шешкен кезде көптеген оқ алынды. Қазақтар күңіреніп кетті, сол кезде шайқас алаңына Олжабай батыр келіп, оны көрген шатқалдағы қалмақтардың жалбарынған жан айқайы шықты. Бірақ Олжабай қалмақ ханына: «сендер Жасыбайдың бармағының құнына да татымайсыңдар» деп өз жасағына жауды еш аяусыз соққыға жығуға әмір берді. Қалмақтар қашқан ұзақ жол олардың мәйітіне толды». Мәшһүр Жүсіптің «Олжабай және Жасыбай» атты еңбегінде бұл оқиға сәл өзгешелеу сипатталыпты: «Ақтабан шұбырынды жылдары Бәсентиін руы Баянауылға қоныстанып, шапқыншылықтан аман қалады. Бұл туралы хабардар болған Олжабай батыр өзінің Сүйіндік руын Ұлытау, Қаратау таулары аумағынан Баянауылға көшіріп әкеледі. Дәл сол уақытта жоңғарлар тарапынан Сарыарқа жері үшін басқыншылық үдей түсті. Қарсыластардың жақындап қалғанын білген арғындардың басым бөлігі Баянауылдан Ертістің оң жағалауына өтеді. Баянауыл тауларында Олжабай және Жасыбай батырлар ғана қалады. Аңыздарда «Ту тіккен» тасы тілге тиек етіледі, себебі бұл жерде ұзақ бәсекелестіктен соң батырлар бірге әрекет етуге уағдаласады. Ортақ шешімге сәйкес, Жасыбай Шойындыкөлдегі асуды, ал Олжабай Торайғыр көлі маңындағы асуды қорғайтын болады. Жауды күтіп отырған Жасыбай қарауыл тасқа шығып, қойдың жауырынына қарап, болжау жасайды. Ол Қызылтау тауына дейін жеткен қалмақтарды көреді. Қалмақ тарапында да жауырыншы болып, Жасыбай екеуі жауырын арқылы бірін-бірі көрген дейді. Қалмақтар қулыққа басады. «Ердің алдыңғы қасын аттың артына қаратып ерттеңдер! Жауырынға аттың басы түспейді, ердің қасы түседі. Мұны қазақтар көріп, бізді шегінген екен десін, бейғам болсын. Түн қатып жүріп, асудың аузын алып, тұра қалыңдар» - депті. Батыр тағы да тасқа шығып, жауырын салып қараса, ердің қасы әрмен қарапты. Сөйтіп, батыр қалмақтарды Сарыарқа даласынан кетті деп шешеді. Бірақ, қалмақтар түні бойы Баянауыл тауларына қарай бой тасалап, жүріп отырып, Жасыбайдың ұйқыға кеткен әскерінің үстінен түседі. Қалмақтар Жасыбайды қарауыл тасында өлтірмек болып, 30 мергенін қояды. Еш нәрседен күдігі жоқ батыр тасқа шыққан кезде қалмақтың 30 мергені оған оқ жаудырады. Батыр мерт болады. Қалмақтардың Жасыбай әскеріне төнгенін естіген Олжабай бүкіл әскерімен ұрыс алаңына жетеді. Халық ауыз әдебиетінде суреттелгендей, «Олжабай жауларды қойдай иіріп қырады». Тортуыл руының батыры Баймұрат Олжабайдан «Қалмақтардан тұтқынға тірідей адам қалдыру керектігін айтқанда Олжабай батыр: «Жасыбайдың бір бармағының құны да толған жоқ» деп жауап қайырыпты. Бұл әйгілі қолбасшының Жасыбай батырға көрсеткен құрметі еді. Жоңғарларды жеңген соң ұрыс болған маңайдағы көл Шойындыкөл деп атала бастады. Бұл атаудың сырын М.Ж.Көпеев: «Қалмақтың тамақ - ішетін ыдыстары үйіліп-төгіліп көл басында қалғандықтан, «Шойындыкөл» атанған» - деп түсіндіреді. Кейін бұл көл атақты батырдың ерлігінің құрметіне «Жасыбай» деп аталды. Шайқас Баянауыл тауларынан шығысқа қарай ығысып, Олжабай батыр Серектас («Қалмаққырған» тауы) тауларында қалмақтың қалған әскерін қойдай қырды. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп: «Сонан кейін қалмақ Сарыарқаны көксеп, бері қарай басқан емес» деп жазды. - Баянауылдағы қазақ-қалмақ шайқасының нақты мерзімі әлі анықталған жоқ. «Қазақтардың жер пайдаланануы бойынша материалдардың...» төртінші томының «Уездің қоныстану тарихы» бөлімінде мынадай жолдар бар: «Айдаболдың кенже ұлының немересі, Абылай ханға қызмет еткен Олжабай батыр осыдан 160 жыл бұрын, яғни 1730 жылдары Баянауыл тауларына келген. Мұнда Олжабай қалмақтарды кездестіріп, ұзақ жылдарға созылған күрестен соң қазақтар қалмақтарды оңтүстікке ығыстырды, - дейді киелі орындарды зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталов. - Бұл шайқастардағы қалмақтың қуылуын қазақ ақындары жаужүрек Олжабай батыр мен оның атақты ханы Абылайға тиесілі деп жырлаған. Белгілі ғалым, академик Ә.Х.Марғұлан «Жасыбай батыр қаза тапқан Баянауыл тауларындағы және Қалмаққырғандағы шайқасты XVIII ғасырдың 40-ыншы жылдары болған» деп жазыпты. Халық мұрасын жинақтаушы Мәшһүр Жүсіп «Сарыарқа тарихы» деген еңбегінде: «Баянаула тауында «Жасыбай асуы» - сол Жасыбай, қазақтың батыры, қалмақпен атысып, оққа ұшып, сол жерге қойғаннан, «Жасыбай» атанған» - деген екен. 2005 жылы - Жасыбай Өмірұлының ұрпақтары батырдың жерленген орнына тас орнатты. Тастың қасбетінің жоғары жағында батырдың кеудесіне дейінгі бейнесі, оның астыңғы жағында: «Жасыбай батыр. ХVIII ғасыр» деген жазуы бар және қазақ тілінде қанатты сөздер жазылған. Тас ескерткіш пен іргетасы - қара мәрмәр тастан жасалған. Жасыбай батырдың Сарыарқа даласы үшін жоңғарларға мықты тойтарыс беріп, жеңіске жеткені жайлы мәлімет халық жадында сақталған. Жасыбай секілді қазақ батырларының батылдығы мен ержүректігі арқасында қазақ халқы кең байтақ жерін сақтап қалды. Жасыбай батыр жерленген жер қазақ-қалмақ соғысындағы қазақ батырының ерлігінің айғағы - киелі, қасиетті орын ретінде халық санасында сақталып қалды.

Қимадиден Нығымановтың қолжазбаларының арасынан табылған Қайыржан Темірбековтің мақаласында төмендегідей деректер кездеседі.

«Баянауыл поселкесінің күнбатысында аудан орталығынан жеті километр, айналасын көк шыршалы әсем заңғар таулар, шың құздар қоршаған Жасыбай көлі жарқырап жатыр. Осы бір көрген кісіге сырлы кең шараның түбіндегі бір тамшы мөлдір су сияқты естен кетпестей көңілге көрікті көрініс қалдырады. Ал көлдің суы тұщы, күмістей таза. Көл үлкен де терең. Бұл көлдің бұрынғы аты «Шойын» да, қазіргі аты Жасыбай. Бұл есімдер қайдан шыққан?

Уақытты кім санапты, сірә осыдан екі жарым-үш ғасыр бұрын болса керек, қазақ пен қалмақтың жер-суға таласқан қиян-кескі шапқыншылық заманында қалмақтық Шойын деген батыры қапылыста өзінің қарсыласы Жасыбайды атып өлтіреді. Уақиға былай болыпты...

Бұл екі батырдың арасында соғыс талай жылдарға созылады. Баянауылдың соншама әсем табиғатына қызыққан Шойын бірнеше рет қатты жеңіліп, қалың қолын қырғызып қайтса да, шапқыншылығын қоймайды. Ал Жасыбай Отанын жауға алғызбайды. Күндіз де, түнде де жау қолын өткізбес үшін терең шатқалдың аузындағы биік жартаста қарауылдап отырады. Осындай қанды жорықтың бірінде Жасыбай қасынан тастамайтын батыр серігі Киік жаурыншыға бал аштырады. «Жау алыс па, жақын ба? Беті қай жақта, батырым? Жауырыннан не көрсең де жасырмай айт», –дейді ол Киікке. Киік жауырында садақтың оғын салған қоржыннан суырып алып байқап жібереді де: «Батырым, саспа. Жаудың беті қашқан жағында. Өлісін түйеге теңдеп, тірісін соңынан ертіп, Шойын қалмақ кейін қайтып барады», – депті.

Жауырыншы серігінің «көрегендігіне» сенген, бірнеше тәулік ұйықтамаған Жасыбай батыр ендеше жау қашты деп өзі қарауылдайтын мұнара шыңның басында алаңсыз ұйықтай қалады. Өзінің ашқан балына сенген Киік батыр да ұйықтайды. Осы кезде баспалап келіп тау басына жеткен Шойынның садақшы мергендері қасына барып, қылышпен шабуға батылдары бармай, екі бөлінеді де, өзі бас болып Жасыбай мен Киікке садақтың оғын қарша боратады. Екі батыр оққа ұшады.

Жасыбай өзі өлген жерге жерленген. Бұл көктем шағы болса керек. Зираты қазірде бар. Нөкерлері ел намысы үшін өлген батырдың қабірінің маңына бір уыс қайыңның бүршігін сеуіпті. Сол бүршік шоқ қайың болып Жасыбайдың қабірінің үстінде әлі өсіп тұр.

Ал Киік батырдың денесін әлденеше себептермен қалмақтар ұрлап әкеткен деседі. Ол өлген жер содан бастап Киікші деп аталады. Жасыбайдың ұрпақтары қол жинап ұйымдасып, қалмақтарды бұл жаққа қоныстатпай қуып тастайды. Батырдың өзі өлсе де, аты өлмесін деп, бұрынғы қалмақ батыры Шойынның атымен аталатын көлді Жасыбай батырдың атына қояды».

Бұл – ешбір жерде кездеспеген дерек. Осы деректердің басын қосып қарайтын болсақ, Жасыбайдың кіндік қаны тамған жері үшін бір оқтық батыр жанын шүберекке түйгендігіне көз жеткіземіз. Ал болған соғыс қай соғыс деген сұраққа келсек, екі ұшты жауап табамыз. Бір деректерде, Жоңғар мемлекетінің хандық тағына таластың нәтижесінде жеңілген ойрат шонжарлары Амурсана, Даваци мен Банжур Абылай ханнан пана іздеген. Оларды бауырыңнан шығарып бермедің деп Доржы бастаған 20 мың ойрат әскері 1752 жылы қыркүйек айында қазақ жеріне басып кіреді. Бұл суық хабарды естіген бетте хан Абылай барлық батырларына хабаршы шаптырып, қазан айының орта шенінде Баянауылда жиналу туралы бұйрық таратады. «Қалмақ қырылғандағы» соғыс осы болса керек-ті. Ал тарихшы Т.Еңсебаевтың жазуынша, он сегізінші ғасырдың қырқыншы жылдары қалмақтардың Ертіс өзені бойындағы Баянауыл далаларын басып аламыз деп әрекет жасағандары айтылады. Негізгі соғыс та осы Баянауыл жері үшін болса керек. Бірақ нақты қалай болғандығын тап басып айтатын бұлтартпайтын тарихи дерек жоқ.

Ең бастысы Жасыбай батыр – жанын халқы үшін шаһид қылған қаһарман бабамыз. Батырдың нағашысы Олжабай - қазақтың даңқты батыры. 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болған. Олжабай батыр Орта жүздің арғын тайпасынан шыққан. Оның арғы атасы Айдабол жасында би болған адам. Әкесі Толыбай "Ақтабан шұбырындыда" босқан елді жаудан қорғап жүргенде оққа ұшып, шейіт болған. Ол кезде он үш жастағы Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолында тәрбиеленеді. Олжабай жас кезінен батырлығымен көзге түседі. Ер жеткен соң елді, жерді қорғау үшін жоңғарлармен болған талай шайқасқа қатысады.

Серкетаста болған шайқаста Жасыбай батыр қаза табады. Олжабай батыр көмекке ұмтылады. Жауға қырғидай тиіп, баудай түсіреді. Олжабайдың сұсын көрген досы Төртуыл Баймұрат батыр "саған қарсы келер ешкім қалған жоқ, демал, маған да сауға бер" дейді. Сонда ол, "Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой" депті.

Олжабай батырдың есімі Орта жүзге ұран болған. Олжабай батырдың ерлігі, батырлығы, мергендігі, мәрттігі туралы жыр-дастандар бар. Жасыбай Өмірұлы - қазақ батыры. XVIII ғасырда өмір сүрген. Орта жүздің арғын тайпасынан шыққан. Әкесі от ауызды, орақ тілді атақты Өмір шешен. Анасы - жаңа жоғарыда айтылған қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Жасыбай батыр құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Баянауыл өңірін, басқа да қазақ жерін жоңғарлардан азат ету күресіне белсене араласқан. Келесі бір шайқас алдында Олжабай батыр Жасыбай батырға сарбаздарымен келе жатқан жоңғар жасағының жолын бөгеп, жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр екі есе көп жау қолымен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ оқыс тиген жау садағының оғынан қаза табады. Қазақ қолы шегіне бастайды. Сол кезде тау шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Олжабай батыр Жасыбай батырдың жау қолынан мерт болғанын естіп, қалмақтарды қырып салады. Бұл күнде ол жер "Қалмаққырылған" деп аталады. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында Жасыбай көлі, Жасыбай асуы деген жерлер бар. Жасыбай батырдың бейіті сол асудың үстінде. Халық арасында батырдың ерлігін баяндайтын "Ер Жасыбай" жыры сақталған. Біз оның толық нұсқасын жоғарыда келтірдік.

Енді әңгімемізді одан ары өрбіте отырып, «Ер Жасыбай» жырында сөз болатын Малайсары батырға тоқталып өтпекпіз.

Малайсары батыр

Ұлтымыздың халықтық эпосында:

...Сайыста қажымаған серіктері,

Ұрқына мұра болған ер істері.

Жұңғардың шапқыншылық лаңында,

Шайқасы азяға өрістеді.

Болғаны оған серік қазаққа анық,

Қосай тама, Ержүрек, Малайсары…- деп жырланған батыр туралы мүлдем аз деседе болады.

Малайсары туралы деректер ұлы ағартушы Шоқан Уәлиханов, шежіреші ғұлама Мәшһүр Жүсіптерден бастап белгілі ғалым Ерлан Арынның мақалаларында және Ұлттық ғылым академиясының қорындағы «Абылай ханның 40 батырымен Сарыарқаны Қалдан Цереннен тартып алған уақиғасы» атты материалдарда кездеседі.

Павлодар облысы Май ауданындағы Малайсары ауылындағы Көктөбе орта мектебінің ұстазы Анар Әмірғалиқызы Солтанова батыр туралы мол мағұлмат жинаған жан.

Малайсары батыр Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше көзге түскен Қазіргі Павлодар қоблысының аумағында дүниеге келген орта жүздің әрі батыры әрі биі. Арғын ішіндегі бәсентиін руынан шыққан. Әкесі Тоқтауыл — батыр, балуан, анасы Мөлдір — қалмақ қызы, қарындасы Гауһар (Қабанбай батырдың әйелі) — ерлігі аңызға айналған қаһарман қыз. Малайсары Абылай ханның сұлтан кезінен сенімді серігі болған. Шоқан Уәлихановтың жазуына қарағанда, Абылай хан Малайсарының батырлығын, ақылы мен қайратын жоғары бағалаған. Малайсары Ресейдің қоластына кіруге қарсы болған. Қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанды. Ол жоңғарларға қазақтың елшісі болып барған. Қазіргі Павлодар облысы Май ауданындағы Малайсарының туған жеріне, Жоңғар Алатауының батыс сілеміндегі тауға Малайсары есімі берілген.

Малайсары батыр туралы деректерді алғаш рет Шоқан жазбаларынан кездестіреміз. Ең алдымен оқырманға ескерте кететін нәрсе, Шоқан Уәлиханов зерттеулеріне қазақ тарихының басты оқиғалары мен ең шешуші тұлғалары іліккені.

Бұл дерек ұзақ жылдарға созылған қазақ-қалмақ жаугершілігін тоқтатуға себеп болған үлкен мәмілегерлік келісімнің болғанын, қазақтың үш жүзінен барған тоқсан жақсының ішінде Малайсарының жоғары тұрғандығын көрсетеді. Бұған себеп Малайсарының қазақ пен қалмаққа танылған ерлік даңқы, ақылы мен парасаты, қалмақ ішіндегі жиендік беделі. Батырдың анасы қалмақтың белгілі нояндарының қызы деп жоғарыда айтқанбыз.

Малайсары есімі соңғы кезге дейін көп аталған жоқ. Қазақтың ескі шежіресінде болғанымен, бертінгі уақытта ол туралы не зерттеу, не кітап шыққан емес. Совет заманында Малайсары туралы жұмған ауызды ашуға болмады, себебі Шоқан айтқандай ол өзі бай, өзі батыр, өзі ақылды, оның үстіне отаншыл еді. Ресей отаршылдарын: “Малайсары – отаншыл”, деген анықтаманың өзі-ақ үрейлендіргені сөзсіз. Міне, батыр атының аталмауына осындай себеп бар.

Абылай заманының ұлы батыры Малайсарының туған жылы туралы әр қилы пікір бар. Көптеген оқулықтар мен әдебиеттерде 1700 жылы деп көрсетіліп жүрсе, кейінгі кезде батыр өмірін зерттеуші ғалымдар 1708 жылы деп көрсетуді нақтылап жүр. Мәселен, ғалым Ерлан Арын: «Малайсары 1708 жылдары Сырдың бойында Түркістан атырабында туып, кейін Арқаға көшкен», – деп жазады. Оның Сыр бойында туғанына дәлел ретінде бауырларына Бағыс, Қарнақ атауларын қойылумен байланыстырады. Батырдың әкесі – «түйені көтерген, жолбарысты жалаң қолымен жарып өлтіретін» деп сипатталатын Тоқтауыл батыр, ал анасы Молдыр – қалмақ ноянының қызы. Ал қарындасы Гауһар туралы әңгіме бір бөлек. Өлкетанушы Жеңіс Мардановтың дерегінше, «Тоқтауыл батырдың Молдыр деген қалмақ әйелінен Малайсары, Қайдауыл, Бағыс туады, ал Алма атты қазақ әйелінен Қарнақ пен Көбес туады». Мәшһүр Жүсіп өз жазбаларында Малайсарыны «Осы Малайсары өз заманында епетейсіз ірі, дөкей батырдың бірі есепті болған», – десе, Жеңіс Марданов: «Малайсарының түр келбеті ақсақалдардың айтуынша, батыр ұрпақтарының ата-бабаларынан естіген деректері бойынша кең иықты, ұзын бойлы, алқымды, шекелі, мұрынды болыпты», – деп сипаттайды. Асқан оқымысты Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Абылай аса жоғары бағалаған батырларының ішінде Малайсары есімі аталады.

Абылайдан үш жүздің батырларының ішінде кімді қатты құрметтейсің деп сұрағанда ол былай деп жауап береді: «Өзімнен бұрынғылардан Қалданның тұтқынынан 90 адамды алып шыққан қаракесек Қазыбек16 пен өз адамдарын тұтқыннан босатып алған уақ Дербісәліге қатты таңқаламын. Біріншісі Қалданның алдына өзі барса, екіншісі ауылында отырып, жауын ықтырған. Менің батырларымның ішінде бәсентин Малайсары17 байлығы мен батырлығы жағынан, ал уақ Баян ақылы мен ержүректігі жағынан барлығынан артық».

Бұл – қазақ тарихындағы батырға қатысты алғашқы жазба деректің бірі. Абылайдан: «Үш жүздің батырларының ішінде бәрінен жақсы көріп, құрмет тұтатыныңыз кім?» деп сұрағанда ол былай деп жауап беріпті: «...Өз батырларымның ішінде байлығы мен батырлығы, мінезі жөнінен бәсентиін Малайсары... бәрінен артық» (Орыс тілінен аударған Сарбас Ақтаев). Сондай-ақ Шоқан «Абылайдың рыцарлық дәуірінде» бір мүддеге сай елдіктен гөрі, әуелгіде бірнеше саяси бағыт, мүдде, қөзқарас көрініс тапқанын жазады. Солардың ішінде отаншыл бағыттағы топтың («патриоттық партия») көсемі Малайсары болғанға ұқсайды. Әрине, Малайсары – Ресейдің қоластына кіруге қарсы болған адам. Қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанды. Онысы жоңғарларға қазақтың елшісі болып барғанынан аңғарылады.

Шоқан Уәлиханов қалдырған тағы бір құнды дерек – Малайсары батырға жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің «Тархан» атағын беруі жайлы. Қалмақ тілінде «тодо бичиг» деп жазылған құнды жәдігер – грамотадағы төте жазуды Шоқан батыр ұрпақтарынан алып, туысы Абылай Ғаббасұлына оқытқан. Бір қызықты жайт, Қазақ тарихында «тархан» атағын Шақшақ Жәнібектің Ресей империясынан, ал Малайсарының Жоңғар мемлекетінен алуы және екі батырға бірдей мезгілде ұсынылуы. Ғалым Ерлан Арын өз мақаласында қазақ-қалмақ байланыстарының жайма-шуақтығына кепілдік беріп тұрған Малайсарыдай ұлы батырдың осы екі елдің қарым-қатынасы үшін еткен еңбегін ашып көрсетеді.

Қалдан Сереннің өлімінен кейінгі жоңғар мемлекетіндегі қырқыстар, Давацы мен Әмірсананың Абылай астынан пана табуы және кейіннен қазақ батырларын бастап өз елін шабуы туралы деректер сақталған. Шекара түбіндегі Қайып батырға елшілік жіберіп, бейбітшілікті сақтауды тапсырған Малайсарының өтінішін Қайып қабыл алмайды. Малайсары бұл оқиғаларда Абылай хан сияқты бейбіт саясат ұстанып, мәмілегерлік танытады. Ақырында Қайып батыр бастаған қазақ жауынгерлері Давацы мен Әмірсананың кегін қуып, 1753 жылы жоңғар қонтайшысы Лама-Доржыны өлтіру операциясына қатысады.

Малайсары жотасы

Ал Малайсарының өмірінің соңы туралы ел аузында сақталған ескі аңызды Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырады. Онда қазақ-қалмақ соғысына қатыспаймын деп ант-су ішкен батырды Абылай қолқалап, қоймай соғысқа қатыстырады. Шайқастың бірінде оқ тиіп, жараланған батырды Абылай кері шегіндіріп, қоста қаралуын, емделіп қатаң тапсырыпты. Сүр ет берілмесін деген бұйрықты біле тұрса да, батырдың қылышынан қаймыққан қос бақыршысы оған сүрленген ет беріп, ажал аузына айдағаны туралы аңызды келтіреді шежіреші қарт Мәшһүр Жүсіп.

Батырдың қаза болғаны туралы нақты тарихи жазба дерек жоқ. Ел аңызы бойынша, ол қалмақ нояндары Әмірсана мен Давацы арасындағы жаулықтың салдарынан болған соғыста шейіт болғанға ұқсайды. Уақыт 1754 жыл. Ғалым Ерлан Арын: «Алтынемел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты. Сол заманнан бері бұл жота Малайсары атанады: биіктігі 1446 м, батыстан шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр, ені 10-20 шақырым. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер», – деп жазады.

Күреңбай сыншы Бекқұлыұлы

Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасында атақты Паң Нұрмағамбеттің әкесі Сағынайға үш жүздің басын қосып Ерейментауда ас берген жиында, мың үш жүз аттың ішінен шашасына шаң жұқпаған жүйрік тұлпарды жазбай таныған Қозған Күреңбай сыншының мәңгілік жай тапқан мекені тарихи ескерткіш ретінде санатқа ілгені ат десе тақымын қысатын бізді ақтты қуантып тастады.

Иә, аталған поэмасдағы:

Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,

Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,

Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»

Сөзіне Күреңбайдың жұрт таң қалды,

Не сыншы, не сұңғыла ортаға алды.

Жылқының қырағысы, шежіресі-

Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.

Күреңбай көзі тұнып көп қадалды,

Айналып алды-артына көзін салды.

Естуге Күреңбайдың байлау сөзін

Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.

Қазақтың ату жарату өнерінде сыншылардың алатын орны ерекше. Сыншы жылқының сыртқы тұрпатынан, ішкі құрылысынан, бастап бүкіл бүге-шігесін білетін сұңғыла жан. Күреңбай сыншы Ақанның Құлагерін сынайды.

«Тайында тайдай ғып мін,

Құнанында өлтіріп, тірілтіп мін.

Дөненінде қоя бер,

Бестісінде жаратып бәйгеге қос.

Келмесе басымды кес»,- деп айтқан Күреңбай сыншының сөзі қазақ жылқысын қалай баптауға үлгі өнеге беріп тұр емес пе!?

Осы орайда тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев: «Мен біраз жылдар Ақкөл-Жайылма өңірінің тарихи және этнографиялық ескерткіштерін зерттеумен, оны елге танытумен айналыстым. Сол ізденістердің барысында Ақкөл жағасынан Қаражар елді мекеніне екі шақырым жерден, қазақ зиратының ішінен ортағасырлық қалашық тамаша ескерткіштердің (Қараоба) сұлбасы табылды. Сонымен қатар маңайда неолит дәуірінің тас микролит құралдары, қимақ-оғыз қорғандары кездеседі.

Ақкөл-Жайылма маңындағы ескерткіштер тек бұл жағалаумен шектелмейді. Көлдің оңтүстік жағасында – Асан Қайғы тасы, Түйте әулие ескерткіштері, Исабек ишан зираты, көлдің шығысында Әулиеағаш, Шідерті өзені бойында Сағынайдың асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбай бейіті, т.б. ескерткіштер орналасқан. «Қараоба» аталатын орта ғасырлық сәулет өнерінің ескерткіштері Ақкөлдің жағасында орналасқан қазақ зираты тарихи қорым десек болады: бұл жерде тас дәуірінің еңбек құралдары, қола дәуірінің қыш ыдыстарының сынықтары, орта ғасырлық қорғандар кездеседі,- деп Күреңбай сыншының жерленген жері турасында сөз арасында мәлімет беріп кетеді.

2011 жылы «Өлеңті» кеңшарының құрылғанына 50 жыл толды. Сол тойдың қарсаңында ауылдың екі-үш байырғы тұрғынымен әңгімелескен едім. Кеңшар тарихына қатысты біраз дерек айтқан Аманкелді Балабеков ағаның сөз саптауы ұнады, ел ішіндегі ескі әңгімені де ептеп білетіні аңғарылды. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген қазақ емеспіз бе, таяуда онымен тағы дидарласып, азды-көпті ғұмырында көргені мен естігенін екшедік.

Аманкелді аға байыппен сөйлей отыра, әңгімесін сабақтай түсті.

Ақан серінің Құлагерінің ерен жүйрік екенін дөп айтқан Күреңбай сыншының қабірі Сасайдағы (Бесоба) қорымда екенін де енді білдік емес пе. Күреңбайдың әкесі Бекқұлыға он екі мың жылқы бітіпті деген сөз бар. Болса, болар. Әйтпесе Мәшһүр Жүсіп:

- Қозғанда Бекқұлы мен Қабыл орны,

Дүйсекей, сол Күреңбай ескі қорлы.

Солардың ортасында жүргенімде,

Болады Мәшһүр Жүсіп кімнен сорлы»,-деп өлең жаза ма?!

Аманкелді ағамен арадағы әңгіме біразға созылды. Айтылған сөздің ішінен елеулі-елеулісін іріктеп алдық. Артық-кемі болса, көзі қарақты, көңілі ояу ағайын пікірін білдіріп, тың деректермен толықтыра түссе құба-құп. Жалпы, өлкемізде аршылмай қалған көмбе көп., «Отарқа» газетінің тілшісі Ж. Жәлелұлы.

Жұмабек Рахымбекұлыжазбасына сүйенсек, «Қанжығалы шежіресі» авторларының бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов «Қазақ әдебиеті» газетіндегі (36-саны, 10.09.2004 жыл.) «Мәшһүр Жүсіп ауылы» мақаласында:

– «Ұлылық пен сұлулықтың бесігінде тербеліп өскен жігіт Рамазан Нұрғалиев шешен де шежіре екен…» ойын былайша өрнектеді:

– Мәшһүр Жүсіптің кіндік қаны Қызылтауда тамған. Мұнда 18 әулие, 34 қажы дүниеге келген. Әйгілі Күреңбай сыншы, Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықов осы жерде туған», – деп жазады. Яғни, Күреңбай Баянауыл өңірінің тумасы, нақтылап айтқанда қызылтаулық, руы Қозған-Сарықыз тармағынан. Күреңбайдың Қозған руынан екенін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің өлеңіне де арқау болды дейді.

Ақкөл-Жайылма қалашығы

Тарихшы Жамбыл Артықбаев Кереку тарихын жақсы білетін зерделі ғалым. Ақкөл-Жайылма қалашығы жайында тың деректерді БАҚ жиі жариялап тұрады.

Қазақ жерінде Ақкөл атты көлдер баршылық, бірақ елден ерекше бұл көл неге әулие атанды? Көне және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі Әулие Ақкөл немесе Ақкөл-Жайылма – ұлан-байтақ қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Қазақ жерінде Ақкөл атты көлдер баршылық, бірақ елден ерекше бұл көл неге әулие атанды? Көне және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Соларға қарап отырып Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихындағы орны Ұлытау сияқты тарихи орталықтардан бір де кем емес екенін аңғарамыз. Біз С. Торайғаров атындағы ПМУ-нің Х. Арғынбаев атындағы этноәлеуметтік ғылыми зерттеу орталығын басқарып отырған уақытта 2004 жылдан бастап осы аймақта кешенді ғылыми жұмыстарын атқардық. Ең басты мақсат – Ақкөл-Жайылма өңірінің қазақ тарихында алатын орнын анықтау, тарихи және этнографиялық ескерткіштері болса есепке алу, барлау қазба жұмыстарын жүргізу еді. Сол жұмыстардың барысында Ақкөл жағасынан Қаражар елді мекеніне 2 шақырым жерде қазақ зиратының ішінен (Қара оба) ортағасырлық тамаша ескерткіштің сұлбасы табылды. Бұл ескерткіштер ноғайлы заманына жатады дедік. Осыдан кейін зерттеу барысында Ақкөл-Жайылма Алтын Орда заманында Шайбан тұқымының ұлыс құрған саяси және культтік орталығы деген тұжырымға келдік. Тек жоғарыдағы жәдігерліктер ғана емес, Ақкөлдің оңтүстік жағасында Асан Қайғы тасы, Түйте әулие ескерткіштері, Исабек ишан зираты, көлдің шығысында Әулие ағаш, Шідерті өзені бойында Сағынайдын асында атақты Құлагерді сынаған Күреңбай бейіті, т.б. ескерткіштер орналасқан. Қалай қарасаң да Қазақстандағы қасиетті аталатын жерлердің қатарына алдымен енетін ескерткіштер кешені осы жерде. Жалпы сипаттама Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Жалпы алғанда бұл алқаптың жер көлемі екі ауданды (Екібастұз және Ақтоғай) қамтиды. Ақкөл-Жайылма ұғымына Өлеңті-Шідертінің төменгі ағысы, Ақкөлдің өзі (Әулие көл), Ақкөлден төмен түсетін Дуана өзенінің бойы, одан әрі орналасқан көлдер жүйесі (Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы) енеді. Өлеңті – ұзындығы бойынша облыстағы үшінші өзен. Павлодар облысы территориясында ағатын өзеннің ұзындығы 273 шақырым. Ақмола облысының Белоярское ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерден басталып солтүстік-шығысқа қарай ағып, Павлодар облысының бұрынғы Екібастұз совхозы, қазіргі Төртүй селолық округіне жататын Қаражар (бұрынғы аты – Қаражыра) ауылы тұсынан екіге бөлініп, бір саласы Әулиекөлге (Ақкөлге), бір саласы Жаманкөлге құяды (Коорд.: 52°11 с.ш. 74°45 в.д., теңіз бойынан 126,4 м биіктікте орналасқан). Екі көл бір-бірімен іргелес орналасқан. Ақкөл Өлеңтінің суынан толып, деңгейінен асқан уақытта су солтүстікке қарай Жайылмаға түседі. Негізгі Ақкөл суы Дуана өзені (қазіргі уақытта дамба-бөгет салынып тоқтатылған) арқылы тұтас көлдердің үлкен жүйесіне барып құяды. Қазақ түсінігінде Ақкөл-Жайылма өңірі шаруашылыққа өте ыңғайлы деп есептелінеді. Әрине, қазақтың көшпелі мал шаруашылығы үшін бұл өңірдің ерекше қызықты болуы занды. Сол себептен қазақ ауызында ертеден «Шідертінің суы – бал, Өлеңтінің шөбі – бал» деген асыл, қанатты сөздер сақталған.   Қалың қамыс басқан Ақкөл мен Жаманкөл жағалары қысқы қонысқа өте ыңғайлы. Ф. Щербина бастаған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы жүргізілген статистикалық зерттеулерден бұл арада қазақтың көптеген, бай қыстауларын кездестіреміз. Сол қыстаулардың орнын қазіргі күнде де көруге болады. Қысты күні көл жағалаулары бір жағы суықтан пана, екінші жағынан азық. Әлі күнге жергілікті ел қысты күні малын далада, тебінде ұстайды. Шөпті тек аса қажеттілік болмаса пайдалана қоймайды. Бізге дерек берген Қыздарбек ақсақал Қараоба маңында қыстаған елдің жазда Қойайырған, Сарыөзек деген жерлерді жайлағанын, ертеде бұл өңірдің шөбі қалың, бітік, биік болатынын, ат қапталынан келетін шөптің арасында бала адасатынын айтады. Ақкөл-Жайылма өңірінің тағы бір қасиеті – көлдер жүйесі аң мен құсқа, балыққа бай. Дала құстарынан үйрек, қаз, италақаз және балықтың көптеген түрлері кездеседі. Қаражардың этнографиялық маңызы Қаражар дегеніміз – Ақкөлге ең таяу орналасқан ауыл. Атақты Естай ақынның кіндік қаны тамған мекен. Қазақ өнерінің ордасы болған жер. Ақкөл жағасына орналасқан Қаражар ауылы қазіргі түсініктер бойынша ауқатты ауыл қатарына жатқызуға болады. Оның негізгі белгілері – ауылда орналасқан 18 үйдің әрбіреуінен орта есеппен 40-50 сиыр жайылымға шығады. Ең дәулетті дегендерінде 100-ге тарта жылқы, сол көлемде сиыр, қой, құс бар. Машина, мотоцикл ауылдың әрбір үйінің ауласында қаңтарулы тұр. Ауыл жаз бойы балықпен, құспен көректенеді. Оның өзі мал басының өсуіне аса қолайлы жағдай жасайды. Жалпы ауыл адамдары өте малсақ, малжанды. Сауданың жөнін, ақшаның құнын жақсы түсінеді. Тіпті тұрғындардың жаз күні бие саумауы да шаруашылық мүддесінен туындайды. Жылқыдан гөрі бұл ауыл үшін сиыр бірнеше есе пайдалы. Қаражар ауылының адамдары негізінен аңшылыққа да бейім, балықшылықты жақсы игерген. Қайық жасайтын (сайтан қайық), ау тоқитын, қаза құратын (қамыстан жасалатын балық аулау құралы) қолы епті, өнерлі адамдары бар. Қаза – бүгінгі күні Қазақстанда тек Ақкөл- Жайылмада ғана кездесетін ерекше құрал. Сырдың бойында және Ертісте кездесетін Қазалы атаулары осы «қаза» құралымен байланысты. Көлдерге, тұйық суларға құрылатын қаза елді қысы-жазы балыққа кәні қылады. Сібір түркілерінде осы сияқты балық аулау құралын «түнек» деп атайды. Қамшы, жүген, ағаш жабдықтарды өздері қолдан, дәстүрлі негізде жасап ала біледі. Бұл тұрғыдан Қаражар ауылы дәстүрлі этнографиялық орта есебінде тарихшыларды қызықтырады. Әулиекөл маңында орналасқан Тай, Шұға, Көксиыр, Тоққылы (Тоқкөл) сияқты ауылдар да этнографиялық зерттеуге сұранып тұрған сияқты. «Қараоба» ескерткіштеріне сипаттама «Қараоба» ескерткіштері Қаражар ауылынан екі шақырым жерде, Ақкөлдің жағасында орналасқан қазақ зиратының ішінде. Қазақ зираты бірнеше мыңжылдықтың ескерткіштерін қоршап сақтап қалған, ата-бабамызға тағы да рахмет айтасың. Бұл жерде тас дәуірінің еңбек құралдары, қола дәуірінің қыш ыдыстарының сынықтары, ортағасырлық қорғандар кездеседі. Бізді әсіресе қызықтырған екі төбешік (Қараоба 1, Қараоба 2) зираттың күн батыс жағына қарай орналасқан: Қараоба 1 – биіктігі 2 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 25 м, батыстан шығысқа қарай 30 м. Көл жағалауынан 80-100 м жерде орналасқан Қараоба 2 – биіктігі 1,7 м, солтүстіктен оңтүстікке қарай 24,5 м, батыстан шығысқа қарай 25 м. Көл жағалауынан 100-115 м жерде орналасқан. Төбелердің үстінде қызылкірпіш қалдықтары шашылып жатыр. Сирек те болса арасынан көк шыны (глазурь) жалатылған кірпіш сынықтары кездеседі. Төбелердің үстінде кірпіш күйдіруден қалған шлак қалдықтары да кездеседі. Үшінші бір мәселе, төбелер маңында орта ғасырлық қыш ыдыстарының кездесуі. Жеке-жеке сипаттасақ: Қараоба 1 – қызыл (күйдірілген) кірпіш сынықтары, тұтас қызыл кірпіш (25х25х5), сыртқы, әшекейлейтін қызыл кірпіш (облицовочный кирпич), кейбіреулерінде араб жазуы мен балық тәріздес суреттер кездеседі, сыртын әшекейлейтін ою-өрнекті керамика плиткалары, көк шыны (синяя глазурь) жалатқан күмбездің кірпіш сынықтары, ою-өрнектелген, көк шыны жалатқан кірпіш сынықтары. Қараоба 2 – қызыл (күйдірілген) кірпіш сынықтары, тұтас қызыл кірпіштен (25х25х5) қаланған мазардың іргесі, сыртын әшекелейтін ою-өрнекті керамика плиткалары, шлак. Табылған ірге қалдықтарына және заттарға сүйене отырып құрылыстың алдын-ала жобасын беруге болады. Олар Орталық Қазақстандағы Жошы хан мазары сияқты қызыл кірпіштен көтерілген, көк күмбезді, әшекейленген порталы болған. Ескерткіштерді жобамен Алтын Орда заманының (құрылыс типі, құрылыс материалдары, араб жазуы, т.б. сипаттары бойынша) құрылысы деп болжадық. Расында да кейінгі зерттеулерімізде Хорезм мен Ақкөл-Жайылма арасында күретамыр сияқты байланыс жолы ашылды. Ақкөлмен қатар жатқан Жаманкөлдің шығыс тұсынан Жайылмаға түсетін Дуана өзеніне дейінгі бірнеше шақырымдық алқапта терең қазылған (ені 9-10 метр) ордың ізі жатыр. Бұл не көне замандағы ирригациялық құрылыстан, не ортағасырлық бекініс-ордан қалған белгі. Қалай болғанда да кесенелер орналасқан алқап жан-жағынан жақсы бекінген, алынбас қамалға ұқсайды. Бұл туралы осы жерде мекен еткен Кәкен сияқты ақсақалдар ескі аңыздарды айтып отырады. Қазақ шежіресінің деректері Біздің Шідерті мен Өлеңті өзендерінің төменгі ағысы – Ақкөл-Жайылма маңындағы зерттеу жұмыстарымызға дерек берушілер сол елдің жергілікті қариялары болды. Қаражар ауылынан бізге дерек беруші Кәкен ақсақалдың айтуына қарағанда, «бұл жерде қалмақ пен қырғыздың соғысы болған. Бұл төбелер солардан қалған екен-мыс. Бұл ноғайлы заманы екен» делінеді. Информаторлар «қырғыз» деп Алтын Орда заманында далалық өлкені қоныстанған ноғайлы руларын айтып отыр деп есептейміз. «Бір жолы қалмақтар «Қараоба» елін шаппақ болып орға дейін келеді. Бірақ ордан әскер өте алмай, тек қалмақ әскерінің қолбасшы батырының аты ер-тұрманымен өтіп кетеді. Содан көл жағасын мекендеген ел сол ер-тұрманды атты көріп бір түнде көшіп кеткен екен». Бұл әңгіме (дерек) ноғайлының ала тайдан үркіп бір түнде көшіп кетті делінетін әңгімесін еске түсіреді: «Ноғайлы мен қалмақтың жаугершілік заманы екен. Бір түнде ноғайлы ауылдарының жылқысы ішінен бір ала тай енесінен адасып қалып, шұрқырап бүкіл жылқыны үркітеді. Жау келген екен деп жылқының соңынан ел үркеді. Осыдан ноғайлы елі жұртын қалмаққа тастап бір түнде көшіп кеткен екен-мыс деген әңгіме қалыпты (шыққан шығармаларын қараңыз). М.Ж. Көпейұлы шежіресінде Ақкөл-Жайылма жеріндегі ескерткіштер туралы былай деп жазады: «Шідерті өзенінің аяғында Ақжар, Сасай деген ноғайлылардың егін егіп, кент салып, тақ құрған, Бұқар, Қоқан хандары сықылды орда жасатқан жері екен. Өлеңтінің аяғында «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай мен Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған екен, бұл екеуі де қазақ байлары. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баянсұлудың туған жері – Баянаула тауы…». Бұл әңгімеден түйетін мәселе Ақкөл-Жайылма тарихы Алтын Ордамен байланысты болғанымен, түп-тамыры одан әрірек. Қазақ түсінігінде «оба» көне дәуірдің (ерте көшпелілер) ескерткіштеріне қатысты қолданылады. «Қозы Көрпеш-Баян сулу» жырына мазмұн болған оқиғалар мен түсініктер өте ерте заманға тиесілі екенін академик Ә. Марғұлан майын тамыза жазған. Кейін келіп осы ескі қонысқа Алтын Орда дәуірінде Шайбан әулетінің пантеоны-ескерткіші салынуы әбден мүмкін. Үшінші дерек Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» кітабында кездеседі. Бұл ХVІ басында шежіреге негізделіп жазылған еңбекте: «Ол мәһалда Шайбан-хан нәсілінен Маңқұтай оғлы Кызыр-оғлан тәрләр әрдә. Сайын-хан (Бату-хан – Ж.А.) салғаған Маңқұтайдың йурты Ақ-Көл тегәндә әрді. Өзгә оғланларындан айырылып йуртындә болмақының жәһәтін йуқарыдә зікр қылыб турур біз. Әлқіссә, бегім (Тайдолла – Ж.А.) мәзкүр Кызыр-оғланны үндәтіб әлтіб Сайын-хан тәхтіндә Сарай віләйәтіндә хан қылды… Ол мәһәдлдә Шайбан-хан нәсілдің Маңқұтай оғлы Кызыр қожа (Жошы – Ж.А.) ханның өзгә зәфісіндін болған он йеті оғлұнының нәбәрәләрін білән Кыйат Ысатайғә қошун бәрді…» делінеді. Өтеміс қажының жазуына қарағанда Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысы Ақкөл-Жайылмаға Сайын ханның (Бату) бұйрығымен ие болған. Негізінде одан да ертерек осы жерге қатысты болса керек. Шыңғыс хан Жошыдан туған он жеті ұлдың тек үшеуіне ғана үлес беріпті делінеді ескі аңыздарда. Олар Орда Еженге Сарыарқа, одан әрі Сыр мен Алтай арасы, орталығы Ұлытау – «күміс босағалы көк орда», Батуға осы Ұлытаудан батысқа дейінгі жерге ие болды – «алтын босағалы Ақ Орда», одан кейінгі Шайбан Орда Ежен мен Бату арасындағы жерге ие болды, яғни Ұлытаудан Ертіс, одан әрі Ібір-Сібір жұрты – «болат босағалы боз орда». Кейіннен Бату батысқа жылжып жеті жылдық соғыстан кейін (1235-1242) Шығыс Еуропа, Русь, Кавказды билеп отыру үшін Еділ бойында (Сарай-Бату) астана салдырды. Сол кезеңде Шайбанға тиесілі жер көлемі ұлғайып орталығы Ақкөлге орныққаны байқалады. Өзбек хан тұсында Жошы тұқымының бәрі қият Исатайға берілген уақытта Шайбан тұқымының оғландары аталарының атағы арқасында өз қоныстары Ақкөл бойында ешкімге бағынбай қалған. Бердібек хан өлгеннен кейін (1359 жылы) Бату тұқымынан хандыққа лайық адам табылмай Ақкөлден Қызыр хан Алтын Орда билігіне келеді. Әбілғазының жазуына қарағанда Шайбан, ағасы Сайын ханнан үлеске Орда Ежен мен Бату хан шекарасындағы жерлерді алған: «Отырар жерің ағам Ежен мен менің арамда болсын. Жазда Ырғыз, Сауықта (Торғай), Ор, Електен Орал тауына дейін Жайықтың күн шығыс жағын жайла, қыста Арақұм, Қарақұм, Сыр суының бойын, Шу, Сарысудың аяғын қыста». Осыдан кейін Шайбан хан кәрел жұртына бір ұлын жақсы бектерімен және елімен көшіріп жіберіп өзі жұртында қалады. Хасан ар-Румидің деректері Ақкөл қалашығы туралы деректер атақты ортағасырлық көпес Бадр ад-дин Хасан ар-Румидің хабарларында кездеседі. Ол Алтын Орда (ол кезде Өзбек ханның билігі жүріп тұрған уақыт) шеқарасының Жейхұннан басталып Хорезм, Сығанақ, Сайрам, Жаркент, Женд, Сарай, Мажар, Азак, Акшакерман (бұл қала Қырымда), Кафа, Судак, Саксин, Укек, Бұлғар қалаларын қамтитынын   жазады, оған Сібір және Ібір, Башқырд (мәтінде солай) және Чулыман өлкелері енеді. Бір жақсысы, Хасан ар-Руми өзі жүрген жерлердің арақашықтығын, ерекшеліктерін нақты есептен беріп отырады: «Темір Қақпа», яғни Баку қаласының маңынан Ібір-Сібір арқылы Кытайға керуен бес ай бойы жүріп барады» дейді көпес. Бұл бес ай дегеніңіз мемлекеттің жерінің ұзындығы, ал ені Жейхуннен Дунайға дейін... Сейхуннен Дунайға шейін төрт айлық жол, Сейхун мен Жейхун арасы 15 күндік, енді Жейхун мен Жайық арасы 15 күн, ал Жайық пен Еділ арасы 10 күн. Еділден Донға дейін – бір ай...» Хасан ар-Руми өзге саяхатшылар ылғи да шатастыратын мәселелерде аса біліктілік танытады. Мысалы оның жазуынша, Жейхун өзені Кулзум теңізіне (Каспийді айтады) құяды деу қателік, «шын мәнінде ұзындығы 100 фарсахтай (әр фарсах –7-8 шақырым) болатын Тұздыкөлге (Арал теңізін айтып отыр) құяды». Көпестің айтуына қарағанда ерте уақытта Тұздыкөлді Хорезм теңізі деп атаған, оның ортасында Жәгір аталатын тау бар (Барсакелмес аралы-?). Ал-Ирбилидің Бұлғар туралы айтқан «оның ең қысқа түні 4,5 сағатқа созылады – ол Қыпшақ елінің ең даңқты қаласы» дегеніне байланысты Хасан ар-Руми өз сөзін жалғастырады: «Шын мәнінде мен Бұлғар қаласындағы есепші-астроном Масудпен намаз уақытын есептедім, – дейді көпес, – әр түрлі астрономиялық құралдарды пайдаланып біз расында да ол жердің түні жаз айларында 4,5 сағаттан аспайтынын анықтадық. Енді тексере келе Қыпшақ даласында одан түні қысқа жерлер бар екенін білдім. Мысалы Ақкөл деген кішкене қалада жазғы қысқа түн бар болғаны 3,5 сағат, яғни Бұлғардан бір   сағатқа кем. Бұлғар мен Ақкөлдің арасы (яғни Қазан қаласы мен Ақкөл арасы) 20 күндік жол, Ақкөлден әрі Ібір-Сібір, одан әрі Чулыман. Саяхатшы Чулыманнан шығысқа қарай жүрсе, алдымен Қарақорымға, одан кейін Қытай жеріне келеді». Ал «егер Чулыманнан Батысқа қарай жүрсеңіз, – дейді көпес, – сіз орыстардың жеріне келесіз, ал одан кейін франктердің жері басталады, осылай   Батыс теңізіне   жақындайсыз».   Біздің бұл мәселеге байланысты қарастырған   әдебиетте жазғы   ең қысқа түн Сарыарқаның осы тұсында   анық белгі береді. Бұл ай қазақша айтқанда қырық күн шілденің орта тұсы. Ендеше Ақкөл Алтын Орда заманында көпестер мен елшілердің ат басын тірейтін   белгілі қаланың бірі. Ақкөл-Жайылманың қазақ санасындағы маңызы Ақкөл-Жайылма өңірінің Еуразия көшпелілері үшін тарихи орталық болғанын дәлелдеу үшін көптеген деректерді келтіруге болады. Ақкөл-Жайылма өңіріне қатысты қазақ аңыздары терең зерттеуді қажет етеді. Себебі миф-әфсана немесе батырлық жыр (Қобыланды батыр, Қөрұғлы) түрінде сақталған бұл аңыздардың кілті көне заман тарихында, тілдің этимологиялық құпияларында. Солардың бірі және маңыздысы «Қозы көрпеш – Баян сұлу» сияқты көне жыр осы Ақкөл-Жайылмамен байланысты. «Қозы Қөрпеш – Баян сұлу» жырының шешуші оқиғалары Қарабайдың «...Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті... Өлеңтінің бойынан көшкен күні Сарыбайдың сабасы жарылады…Сарыбайдың сабасы жарылған жер, Ақкөл менен Жайылма сонан қалған» деп тоқсан мың жылқыны айдап көшуімен басталады. Өлеңтіні өрлей көшсе, Қарабайдың елі өзіміздің Қараөткелге келеді. Мәшһүр жинақтарында кездесетін «Алтай туралы» делінетін аңызда Алтай деген жігіттің жас күнінде «жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып, қанжығалы Пісбекбайдың жылқысынАқкөл-Жайылмада баққаны әңгімесімен басталады. “Ішбекбай, Пісбекбай деген екі ағайынды байлар екен» дейді шежіреші. Бір жылдары ауыр жұт болып «күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішбек-Пісбектің Ішбегінде екі нар қалыпты. Жазғытұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада қалған ел сол екі нармен тасынып көшіп-қоныпты». Алтай батыр осы жұттың боларын алдын ала біліп Пісбекбайдың жылқысын, ұзын аяқты түйе мен сиырын құс жолының астымен жылы жаққа айдап алып кетіп аман сақтапты. Кейіннен осы ерлігіне риза болып Пісбекбай қыздарын Алтайға береді-мыс. Сол қыздардан Әліке, Байдалы, Сайдалы, Мойын туып «Арғынның сәуірі» атанды. Қазақта «Арғын болсаң – Алтай бол» деген сөз Алтай-Қуандықтың арғын ішіндегі үлкендігін, көптігін, мықтылығын айғақтайды. Пісбекбайдың өзінен тараған еркек кіндік жоқ. Бұл қай заманның аңызы, аңызды қалай сөйлету керек? Біздің пікірімізше, әңгіме оғыз-сақ дәуіріне қатысты. Ішбекбай мен Пісбекбайдың атасы Толыбай сыншы бүкіл оғыз елінің түпкі атасы (этноарх). Оның үлкен баласы Раушанбектің тұқымы – бүкіл Кіші Азия, Кавказ, Шығыс Еуропа жеріне тараған оғыздар. Олар қазіргі түрік-осман, түркімен, әзірбайжан, гагауыз, т.б. елдер. Бұл кезең туралы «Көрұғлы» жырынан да біршама мәлімет алуға болады. Толыбайдың екінші ұлы – Пісбекбайдың тұқымы ғұндар бастаған «халықтардың ұлы қоныс аударуы» кезінде ғұндармен араласып, ассимиляцияға түсіп кеткен. Алтайдың Сарыарқаға келуі, Пісбекбайдың қыздарын алуы осы мәселені нұсқап тұр. Ал Ішбекбайдың тұқымы қазіргі уақытта қазақтың, қазаққа туыс бірнеше халықтардың арасында кездесетін қанжығалы руы. Сақ дәуіріндегі аңыз-деректерге қарағанда Ішбекбай – ішкі оғыздардың (ишкузы) Мысыр еліне дейін жеткен 28 жылдық жорығын басқарған патша. Гректің ұлы тарихшысы Герадот осы Ішбекбай (Ишбакай) талай жылғы соғыстарды бастан өткеріп ақыры өз еліне қайтып келді дейді. Оның әңгімесі тым көп, бұл мақала көлемі оған аздық етеді. Тіпті бертінгі қазақ заманында да Ақкөл-Жайылма жерінде хан сайлаулары өтіп тұрған. Соның бірі 1817 жылы 30 мамыр күні осы жерде Орта жүздің ханы болып Барақұлы Бөкейдің сайлануы. Абылай тұқымының беделін түсіру үшін бұл жиынға Ресейдің әскербасылары да келген және өзге қазақ сұлтандарының Ақкөл-Жайылмаға жинауына тікелей ықпал жасаған. Жеке Сібір корпусы генерал-лейтенант Глазенаптың Ертіс бойындағы елдің сұлтаны Шаншар Сұлтанмәмедұлына хаты: «Благодарю Вас покорнейше, почтеннейший султан, за усердие Ваше, причем нужным считаю вас не оставить своим приездом к 30 числу мая на озеро Джайылму для бытия при церемониале хана Букея, на котором я сам предпологаю присутствовать». Міне, Ақкөл-Жайылманың көне тарихын біз осы сияқты аңыздардан да әдемілеп тарата аламыз. Орыс-қытай деректеріне ғана сеніп, немесе қазіргі уақытта тым өршіп кеткен көпірме, жаңсақ тарихқа үйреніп қалған біздің құлағымызға тым түрпідей естілгенімен, шын шежіре – осы.   Этнографиялық мәліметтерді, археологиялық қазба материалдарын, қазақ шежіресін, ғылыми тұжырымдарды жинақтай отырып біз төмендегідей қорытындылар жасаймыз: - Ақкөл-Жайылма жері – ұлан-байтақ қазақ жерінің ішіндегі табиғаты бай, көркем, қадірлі, қасиетті өлкесінің бірі; - Ақкөл-Жайылма – тіршілікке, мал шаруашылығына, адам өсіміне өте ыңғайлы, қолайлы аймақ; - Ақкөл-Жайылма – тарихи өлке. Бұл жерден табылған тарихи жәдігерліктер, деректер оның ежелден тарихи орын екенін дәлелдейді; - Ақкөл-Жайылма жерінің тарихи ескерткіштері тас ғасырынан бастау алады. Қараоба төңірегіндегі неолит дәуірінің микролит пластиналары осыған дәлел; - Ақкөл-Жайылма жерінің ерте көшпелілерге тікелей қатысы бар. Бұл жердегі бейітте және далалық алқапта кездесетін төбелердің көпшілігі оғыз-қыпшақ дәуіріне жатады; - Ақкөл-Жайылма Алтын орда (ноғайлы) дәуірінде Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысының орталығы болғандығы деректерден аңғарылады. - Ақкөл-Жайылма ноғайлы дәуірінде үлкен, дамыған мәдениеттің, жазба дәстүрдің орталығы болды деп айта аламыз; - Алтын Орда дәуірінің Ақкөл-Жайылма жерінде ғажайып культтік құрылыстары, қалашықтары, кен өндірісі, кірпіш құятын орталықтары болғаны біздің жинақтаған деректерімізден аңғарылады; - Қаражар ауылындағы қазақ зиратында тек көне дәуір емес, бертінгі ХVІІІ ғасырдың да ескерткіштері (Көлебе батыр бейіті, т.б.) бар. - Төбешіктер маңынан ирригациялық құрылыстың (арықтар) жүйесі аңғарылады, егіншілік алқаптарына ұқсас жер бедерлері бар; - Ақкөл-Жайылма маңы ірі қорғаныс жүйелерінің іздерін сақтаған. Бұл бірнеше шақырымға созылған ор (Дуана мен Жаманкөлді қосатын); Осының бәрін ескере отырып Ақкөл және онымен қатарлас Ақжар-Сасай өңірлерін табиғи және этнографиялық тарихи парк есебінде жариялауды ойластырған жөн деп есептейміз. Бұрын-соңды Павлодар өңірінен мұндай көркем де күрделі ескерткіш кездеспегендіктен, ел басшылары мен зиялы қауым оны сақтау және зерттеу мәселелеріне аса көңіл бөледі деп сенеміз. Тез арада Ақкөл-Жайылманы қорғап қалу, Әулие Ақкөлге су жіберу мәселесін шешу қажет. Ақкөл-Жайылма маңын табиғи-экологиялық апаттан аман сақтап қалуды ойластырған жөн,-дейді тарихи мұраның болшағына алаңдаған ғалым.

Әулиекөл археологиялық кешені

Қызыл-Еңбек ауылының қасында орналасқан ХIV-XV ғасырды қамтитын тарихи жәдігер Қалбасын мұнарасы. 2003 жылы Павлодар облысының археологтары жүргізген зерттеудің нәтижесінде ою-өрнек түрінде қыш тақташалар табылып отыр.

Әулиекөл археологиялық кешені Екібастұз ауылдық аймағының Қаражар ауылының маңында орналасқан. Зерттеуші тарихшылар кешенге мынадай анықтама берген екен: археологиялық кешен орналасқан Ақкөл–Жайылма өңірі ақсүйектердің, яғни Шыңғыс хан ұрпақтары-ның ордасы орналасқан жер ретінде қазақ-тар арасында белгілі еді. XIV ғасырдың кесе-нес Сарыарқа шекарасындағы ең ірі архео-логиялық құрылыстардың бірінен саналады. Жерлеу дәстүрі исламға дейінгі мұсылман жоралары бойынша жүзеге асырылған, яғни бұл XIV-XVI ғасырлар кезеңіндегі жерлеу рәсімдеріне тән. Қайтыс болған адамды батысқа бағыттап жерлеу, ағаштан жасалған табыттар, құрал–саймандардың аз болуы, құрбан тамағының болмауы, отқа табыну және басқа да белгілердің жоқтығы ислам дінінің белгілеріне жатады. Ортағасырлық әміршінің орда-базарында қажетті ішкі инфрақұрылым болды: дін жолындағы тұлғалар, емшілер, шеберлер, қызметшілер, күзетшілер, сауда-айырбас-пен айналысқан сатушылар көп еді. Бұл аймақта тауар-ақша айналымы қатынастары жақсы дамыған. Археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған Алтын Орда дәуірінің теңгелері - соның айғағы. Сондықтан бұл археологиялық кешенді Солтүстік–Шығыс Қазақстанның көшпенді тайпалары енген ортағасырлық ұлыс басшыларының жазғы ордасы ретінде қарастыруға болады. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Әулиекөл археологиялық кешені ертеден бері тарихи-мәдени маңызы бар нысан екені дәлелденді. Жалпы, Әулиекөл кешені орналасқан Ақкөл-Жайылма өңірі халық арасында ежел-ден бері киелі жерлердің бірі ретінде саналады. Бұған қазба жұмыстардың нәтижесін-де табылған археологиялық олжалар, қазір-гі күнге дейін сақталған құрылыс қалдықтары дәлел. Жергілікті тұрғындар бұл жерді қасиет-ті деп маңайынан өткен кезде аруақтарға арнап дұға оқиды. Қалабалғасын мұнарасы Қалабалғасын мұнарасы Май ауданы Қызыл Еңбек ауылының маңында орналасқан. Жүздеген жылдар бойы саяхатшылар мен зерттеушілер бұл жерді мұсылман мешіті, қалмақ кесенесі, көне қалмық ғибадатханасы, ескі қамал немесе қимақ қаласы деп санап келді. Қазба жұмыстары барысында Ертістің сол жақ жағалауында тарихи деректердегі аталған Қабал-ғасұн, Джалин-обо немесе Қалбасын мұнарасы -Жошы Ұлысы кезеңінің кесенелерінің қалдықтары екені және XIV-XVI ғасырлардың құрылысы екені нақты анықталды. Зерттеушілер - Ф.Байковтың «Статейный список» еңбегінде, академик Г.Ф.Миллердің «De scriptis in Sibiria repertis» мақаласында, Г.И. Спасскийдің «Сибирский вестник» және В.В. Радловтың «О сибирских древностях» еңбектерінде осы археологиялық нысан сөз болады. Қалбасұн мұнарасын зерттеу және ғылыми тұрғыда анықтау ісі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бастау алды. Аталмыш киелі нысанды зерттеуде Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ғалымдары, атап айтқанда - Ж.О.Артықбаев, В.К.Мерц және Т.Н.Смағұловтың еңбектерін атап өтуге болады. Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде археолог Т.Н.Смағұловтың 2012 жылы «Қалбасұн мұнарасы» атты монографиясы жарық көрді. Бұл тарихи орынның жәдігерлері мен XVIII ғасырдың 30-шы жылдарындағы Г.Миллердің еңбегінде сақталған ғимараттың суреттері осы құрылысты порталды-куполдық кесене-күмбезі деп анықтауға мүмкіндік береді. Қарабалғасынның дала архитектурасының белгілі ескерткіштері - Абат-Байтақ, Кесене және басқа да атақты ескерткіштермен құрылымдық ұқсастығы барын байқауға болады. Яғни, бұл мұнара - Ақ Орда дәуірі-нің қазақ даласындағы мұсылмандық дәстүрлердің таралуының анық белгісі, бай-дәулетті ақсүйек өкілдерінің маңызды жерлеу-ғұрыптық дәстүрлерінің көрінісі.

Малыбай көлі жайлы аңыз

Малыбай — Ертіс алабындағы тұйық көл. Павлодар облысы Аққулы ауданында, Малыбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1 км жерде. Теңіз деңгейінен 143,1 м биіктіктете орналасқан. Осы көл турасында мынандай тамаша аңыз бар.

Заман , заман заманда, елдің басы аманда, бақ- дәулеті жер жарған Малыбай деген бай болыпты, бір балаға зар болыпты. Ол бір түс көреді, түсінде таң- ғажайып іс көреді. Малыбайға су перісінің қызы ғашық болады. Малыбай телегей- теңіз отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап үйленеді. Қыз Малыбайға шарт қояды. Қаңдай қиыншылық, құрғақшылық болмасын су киесіне тиіспе, тиіссең мерт боласын да, мен ұшып кетемін дейді. Малыбай уәде береді. Малыбайдың түсі шындыққа айналып перінің қызына үйленеді. Перінің қызы шартын қояды. Малыбай уәде- уәде дейді. Бір жылы құрғақшылық болады. Малыбайдың сансыз жылқысы шөлден қырылуға тақау қалады. Амалы құрыған Малыбай су перісінің қызы- әйеліне жалынады.-Мені мына құрғақшылықтан құтқарудың амалын айт, сен су перісінің қызы емеспісің,- дейді.Әйелі айтады-Менің айтқанымды істесең, малыңды аман алып қалудың амалын айтайын, -дейді.Сол аумаққа он үйір жылқынды айналдыра шап, сонда дүңгірлеген жерлерден айнала он құдық қаздыр, мол сарқылмас су шығады, малың да, жаның да аман қалады Бірақ, есіңде болсын, шөлден суындаған қара жирен айғырдың үйірі сендерге бой бермей ортаға қарай шапқанда жердің дүңгірі тіпті анық шықпақ, бірақ суы мол құдық болар деп ол жерді қаздырма, судың киесі атады, мерт боласың,- дейді.Малыбай әйелінің айтқанын жасайды. Он үйір жылқыны қазіргі көлдің жиектерімен айналдыра шаптырғанда, дүңгірлеген жерлерден он құдық қаздырады, олардан мол су шығады. Суға тойған қара жирен айғыр үйірін ертіп алып, қазіргі көлдің дәп ортасына шабады, қайтаруға бас бермейді. Сонынан қуған жылқышылар жердің дүңгірің анық анық естіп, Малыбайға айтады:-Ана жерде тіптен мол су бар екен, жер дүңгірлеп дыбыс беріп тұр, -деп.Малыбайдың есіне әйелінің ескертпесі түсіп:-Қанағат, осы он кұдықтың суы жетер, -дейді. Мал төлдеп, бас молайған сайын он құдықтың суы бір тартылып, бір толып тұрды. Бұдан Малыбай мазасыздана бастады. Жылқышылары он құдықтың орта тұсында мол су бар деулерін қоймады. Малыбай бір күні:-Қатынның тілін алып, малымды қырмақпын ба,- деп он құдықтың қақ ортасынан құдық қаздырып, өзі жұмысты бақылап тұрды. Бір кезде Малыбайдың тұрған жеріне көленке түсті. Асапанда бұлт жоқ еді ғой деп басын көтерсе, қанатын кенң жайып ұшып бара жатқан су перісінің қызы- әйелін көрді. Ол қанатын қағып- қағып « қош» деп ұшып кеттті. Құдықтан мол су шықты,бәрі мәз. Кенет су құдықтан аспанға атылды.Көзді ашып – жұмғанша Малыбай мал жанымен су астында қалды. Сөйтіп, Малыбай көлі пайда болды. Малыбай мал- жанымен опат болған соң, заты пері әйелі өзінің туған жері Құмкент шаһарына ұшып кеткен, Малыбайдан қалған бала сонда дария жағасында дүниеге келіп, оның ұрпақтары сол жақта өсіп- өніп жатыр дейді.Аңыз бойынша пері қызы Малыбайға шын ғашық болған екен, оны сағынып құс болып ұшып келіп, көл бетіне қонып кетіп жүреді екен. Және ол жалғыз келмей, қызметші қыздарын бірге алып келеді екен. Олар су құстары. Сондықтан көл бетіндегі құстарды атуға болмайды, іштерінде су құстары бар дейді .Сусыз ғұмыр жоқ . Қазақ неге судың да сұрауы бар деді екен. Сулы жер нулы жер. Малыбай көлінің оңтүстік беті қысы- жазы жайылым. Көл жағалай бақтар , оның күңгей жағы үнемі жап- жасыл.Қыс қаңдай қатты болса да үйір- үйір жылқы жайылып шығады.

Аты аңызға айналған - Ақбалық Хазірет

Май ауданының ішкі саясат бөлімі ауданның қасиетті жерлерінің картографиялық маршрутын әзірлеуде, оған Сарытау өңірінде, Түндік өзенінің бойында Шыңырау деген жердегі Ақбалық хазірет кесенесі де кіретін болады. 1833–1918 жылдар аралығында өмір сүрген Ақбалық хазіреттің азан шақырып қойған есімі Әбділдә. Руы – Сырым ішінде Тоқсан, оның ішінде Қысырау.

1916 жылы 83 жастағы Ақбалық хазірет былай депті: «Түс көрдім. Иншалла, қазақ азаматтары әскерге алынудан аман қалар. Әлихан Алаштың қамын жеп жүр ғой». Ақбалық хазірет қайтыс болар кезде алдына немересі Сапажанды әкелгенде: «Жерді сары алтынға толтырсаң, көзің шалмас күн болар» деп бұрынғылар айтқан уақытқа да жеттік қой» деген екен. Яғни, жанды-жансыз асыл қазыналардың керексіз болатын сәті келді дегені.

Ақбалық хазірет туралы аңыз-әңгімелер көбіне ауызша тараған екен. Сондай-ақ, 1992 жылы «Дауа» газетінде біраз мәліметтер басылып шықты. Ауылын сағынған аға Бұхарда оқып жүрген кезінде Әбділдәні сағынып, арнайы іздеп ағасы Бөкетай келеді. Бір-екі күннен кейін Әбділдә ағасына: «Келуін келдің, енді сауап болсын десең, құдай оқуынан да бірдеңе үйреніп кет», - деп бастауыш оқуға береді. Бір күні қараса, Бөкетай аулаға кірген қойларға қарап: «Қайран шопан аталарым-ай!» деп кемсеңдеп жылап тұрғанын көреді. Содан кейін: «Сенен ештеңе шықпайды екен. Еліңе қайта ғой», - деп ағасын ауылға қайтарса керек. Тазалық туралы Мұса мырза өзінің екі жиен қарындасының (Қадірбибі мен Сәменбибі) бірін қалыңмалсыз Ақбалық хазіретке бергісі келеді. Бірақ Жамакөт би: «Алдыр, мырза, үміткеріңді сынайық» деген соң шақыртады. Сонымен, Ақбалық хазірет сәлемдесіп, үйге кіріп келген бойда галошымен төрге шығып кетеді. Бұл жағдайды отырған билер өрескел әдепсіздік санайды. Сонда Ақбалық хазірет: «Ғалым – діннің уәкілі. Біздің галошымыз жұрттың мәсісінен таза болуы керек. Дін уәкілі басқадан бір елі артық болар», - депті. Мұса мырза бұл уәжге тоқтап, кейінгі отырыстардағы әңгімелерге де риза болып, жиенін Ақбалық хазіретке қосқан екен.

Аузы дуалы, көріпкел хазірет туралы халық арасында аңызға айналған әңгімелер мен оқиғалар көп. Алланың ақ жолымен жүруге шақырған ғұламаның аты ұмытылмас үшін кезінде елге сіңірген еңбегі мен еткен қызметі насихатталуда. Ұрпақтары мен жерлестері ғұлама жерленген жеріге кесене тұрғызып, кітап шығару жұмысын қолға алып жатқаныа дән разы болдық.

Қасиетті Мерғалым ата

Тоғайдың Жаңай деген жалғыз ұлы болған. Жаңайдан Өзбақан, Айдархан, Самархан, Өзіхан деген төрт ұрпақ тараған. Өзбақаннан Қабділәшім, Қабділәшімнен Мұхтарихан, Мұхтариханнан Мерғалым, Мерғалымнан Қаршыға, Қаршығадан Жарас және Ғалымжан деген ұрпақтар бар. Айдарханнан Мұхтархан, Дәулетхан, Бидәулет деген үш ұл қалған. Мұхтарханнан Биболат, Биболаттан Бүркітбай, Бүркітпайдан Ербол және Нұрбол деген ұрпақтар бар. Дәулетханнан Мардан, Марданнан Қадырбек, Данияр, Нұрлыбек деген балалары бар. Бидәулеттен Шәмшия деген ұрпақ қалған деседі.

Сынықшының шығу тегі

Қазақ бабаның бір баласы Бекарыс. Осы Бекарыс бабадан Арғын, Уақ, Найман, Қыпшақ, Керей тараған. Уақ бабадан Бидалы, Жансары, Шоғы, Шайкөз, Баржақсы, Мұрат тарайды. Жансары бабадан Кенебай, Өтебай, Майлыбай, Тыран деген бабалар өрбіген.

Мерғалым ата 1935 жылы 15 қыркүйек күні Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Қарағай өлкесіндегі Қорт ауылында дүниеге келген. 7 жасынан бастап ата-бабаларынан оташылдық, емшілік қасиет қонған жан.

Ел аузынан

1954 жылғы қараша айының жетісі. «Қызыл қоғам» колхозының атағы бүкіл облысқа тарады. Ұлы Қазан революциясының 37-жылдығының бүкіл еліміз тойлап жатқан үлкен мереке болатын.Онда колхозды ауылда ат шабысы, палауандар күресі сияқты ұлттық ойындар, халықтың ең бір сүйіп көретін, тамашалайтын мезгілі. Он шеңбер айналымға жіберілген бәйге жарысында алдына жансалмай Асаубайдың Бәйгекөгі келді. Ол он сәйгүлектің ішінде Құлагердей дара шапты. Жұрт қоян жон, бұйра жал, манғол тұқымдас жабайы аттың шабысына дүрлігіп, енді бәйгеден келген Тортайды қаумалап, ат үстінен көтеріп алып, допша қолдан-қолға түсірмей атып жатты.

- Шіркін, Бәйгекөкке жететін тұлпар бар ма?, - деп мақтайды жиналғандар.

- Анау, Хамиттің аққасқасы да осал емес-ау өзі.

- «Зор Октябрьдің» бозқасқасын айтсайшы.

Осылайша ауыл шетіндегі аласа дөң маңында жұрт шуылдасып, айқай-ұйқай болып жатқанда бір жақтан палуан күресі басталып кетті. Ентелеген халық ортадаға палуандарды көргенше асықты.

-       Іштен шал, жамбасқа сал...

-       Әй, Тоқбай, неғып тұрсың, көтеріп ал да тастай сал...

Жанкүйерлер екі жаққа бөлінген. Кім жеңер екен. Бір мезетте қарсы палуан Тоқбайды аңдып жүріп, қос қолдап, жамбасқа салып сылқ еткізді.

-       Ойбай жаным, аяғым... Сынып барады...

-       Не болды ей, анау неге тұрмай қалды... Бір жері сынған шығар...

Сол жолы ауыл еркесі атанған сері жанды Тоқбай Уақбаев сол аяғын жілігінен жоғары сындырған екен. Жалма-жан жас жігіттер арбаға көтеріп салып, үйіне әкелді.

-       Ал, енді не істейміз? – Үй іші үрпейісіп қалды.

Көршілер түгел жиналды. Ауыл болып ақылдасып, тездетіп пар ат жіберіп Қорттан Мерғалымды алдыртпақшы болды. Сол күні түнделетіп Тоқаңның екі жақын інісі Жаңауылға жетті.

-       Мерғалымның үйі қайсы? Айтып жібермейсіз бе? Бірінші кездескен адам сондағы мектептің директоры Оспан Жәнібеков еді.

-       Суыт жүрсіңдер ғой. Жүріңдер, өзім алып барайын, - деп Мерғалымның үйіне келді.

Анда-санда сынықшы жігіттің ән-күй тыңдап, бір масайрап отыратын кезінде келіпті. Радиодан Біржанның «Жамбас сипар» әні қалықтап тұр. Орындаушы – Қазақ СССР-нің халық артисі Жүсіпбек Елебеков.

-       Міне, нағыз халық тыңдайтын ән – деп тамсанады.

Бала, мына кісілерсонау «Қызыл қоғамнан» келіп тұр. Әкесінің жағдайымен, - деп мұғалым түсіндіріп жатыр.

-       Өздері неге үндемейді? – деді Мерғалым.

-       Саған бата алмай тұрған шығар.

-       Мен немене, құдаймын ба, сонша! Өз ауыздарымен айтпай ма? Сынықшы жігіт жақтырмағандай сыңай танытты.

-       Жарайды, айтпай-ақ қойыңдар ар жағын өзім де біліп отырмын. Әкеліңдер аты кім?- деді ол орнынан түрегеліп.

-       Тоқбай деген...

-       Кеше мертікті ғой. Түстен кейін бе? Солай, солай. Түні бойы палуандар күресіп, түсіме кіріп еді. Соның бірі сіздің әкеңіз болды ғой. Түнде жүрмеймін. Таң атсын, сосын жолға шығамыз. Сіздер дем алыңыздар, - деп олардың жатар орындарын көрсетіп, кетіп қалды.

Ертеңінде түс ауа ауылға Мерғалым келді.

-       Ойбай, әлгі сынықшы бала келіпті Тоқбайдың үйіне,- деген хабар ауылға тез тарады. Сол күні бүкіл ауылдың тең жарымы сынықшыны көруге Тоқбайдың үйіне жиналды.

Қысқа сары шаш қойған, қой көзі, талдырмаш келген сынықшы бала келе сала жұмысына кірісіп кетті. Бір сағаттан аса Тоқбайдың сынған аяғымен болды. Тай қазысын санының сынған бөлігі мен тобықтан омырылған төмен тұсына тартып тастады.

-       Ой, ғажап, қолы қандай майда жұмсақ еді. Сипай бастағанда-ақ маужырап ұйықтап кеттім,- дейді Тоқбай.

Оны үй іші болып бір жұма жібермеді. Қырық күн өткенде. Тоқбай Уақбаев таяқпен жүруге жарады.

-       бір аяғыңыз кемдеу бітеді, себебі егделеніп қалған адамның сүйегі жас адамдікіндей емес, оңайлықпен бітпейді, - деп сынықшы бала дәл бір аптадан кейін аттанып кетеді.

Сазайын тартқан дүкенші

Мына әңгімені Жабағылы ауылының бұрынғы тұрғыны Жабай ұлы Кәкеннің өз аузынан естіген едім. Біз дейді Кәкем аға Мерғалыммен жас кезімізден араласып тұрдық Менің ағам Асайдың аяғы мертігіп шығып кетіп Мерғалым салып берген жылы болатын. Бұл Мерғалымның 14-15 жасар шамасы, яғни 1950 жылы еді. Бірде ауылдық дүкеге шләпшін, шәйнек, шыны аяқтар молынан түседі. Ыдыс аяқтың қат кезі. Біздің жақта ләпке дейді. Ләпкеге халық толған.

Ол кездегі дүкеншілер көбіне ер адамдар болып келеді. Сол дүкеннің ішінде жұрт пен бірге Мерғалым да тұрады. Былайғы жұрт Мерғалымды біледі. Содан Мерғалым барып дүкеншіден: «Шләпшін мен шәйнек керек еді, берсеңіз», - дейді ғой. Содан дүкенші тұрып – «Әй, бала! Саған не жоқ. Сен түгіл сенен үлкендерге де бермей тұрғанда , әйдә бара ғой»,- дейді. Үн – түн жоқ. Мерғалым кейін шегініп кетеді. Содан өзінен-өзі күліп тұрған дүкенші, «Әй, шығыңдар ләпкеден, бүгін сатпаймын, жабамын ләпкені», - деп, жұртқа қарай қолын сермейді.

Жұртты дүкеннен шығарып, құлыпты алып, енді жабайын деп дүкеннің есігіне келіп құлыпты ілгеннен кейін, екі қолы бірдей өзінен-өзі қарысып қалады. Кілтті ұстай алмай қасында тұрған Кәкештің анасы Гүлсім шешейге «Әй, жеңгей, бері келші, мына құлыпты жабшы, қолыма не болғанын білмеймін, екеуі бірдей жансызданып тұр, тіпті қимылдамайды»- депті. Былайғы тұрған кісілер: «жаңа неге бәрімізге өрескел сөз айттың, ортамызда сынықшы бала да тұрған. Соның киесі соқты сені, тарт сазайыңды, екінші рет байқап сөйлейтін боласың»,- деседі.

Содан дүкенші ақсақалдарды шақырып, жинап, Мерғалымға кешірім сұрауға, шәйнек пен шләпшінін оған қоса аққұман басқа да ыдыстар беріп жіберіпті. Мерғалым келген ақсақалдарды жылы қарсы алып: «Ой, аталар, маған дәнеңенің керегі жоқ, әке-шешеме керек болған соң сұрап едім, әкелгендеріңізді қабылдамаймын, бірақ екінші рет халықпен жылы сөйлессін, бара беріңіздер, сіздер жеткенше дүкенші де тәуір боп қалар»,- депті. Ақсақалдар дүкеншінің үйіне келсе дүкенші сап-сау, тәуір болдым деп мәз болып отыр дейді. Қайта алып келген ыдыс-аяқтардың бәрін дүкенші ақсақалдарға беріп, шай қойғызып, көңілдендіріп үйлеріне шығарып салыпты. Содан кейін дүкенші байқап сөйлеп, аузын бағатын болыпты дейді.

Әскери міндетін өтеуге жүруі

Мерғалым 18-ге толып, әскери комиссариаттың шақыру қағазын алып , әскерге жиналады. Кереку қаласына келіп поезға мініп кетеміз деп тұрғанда, әскерге апаратын эшалонның бастығы полковник вагонға мінгелі көтеріле бергенде аяғы тайып жығылып , сол арада аяғы сынады. Полковниктің қасында тұрған жергілікті офицерлер және жігіттер: «Мұнда сынық салатын бір жігіт бар, соған көрсетіңіз. Ол салған сынық адамның жасына қарай –соншалық күнде тәуір болып кетеді»,- дейді.

Әлгі полковник сол кезде 36 жаста екен. Мерғалым полковниктің сынған аяғын орнына салып, жақсылап байлап беріп:

-       Бұл байланған шүберек 36 күннен кейін өзі шешіліп түседі, содан соң жүре беріңіз,-күні бұрын дәрігерге шештіріп көрсетпеңіз, шүберегі шешілген соң көрсете беріңіз,- дейді.

Әлгі полковник емнен кейін облыстық военкоға телефон шалып, Мерғалымды әскерден босаттырыпты

Екі тәулік ұйықтаған бала

Қысқа жақын Алтай өлкесінен Баранов Иван деген тамыр, досы келіп Кәкешке:

Сен Мерғалымға барып сөйлесіп көрші, менің баламның аяғы сынып, оны гипстеп, сол аяқ асқынып ісіп, ісігі тура көкпеңбек болып, аяғы дөңбекией болды. Міне төрт күн болды, балам зарлап бір көз ілмейді. Сені сыйлайды ғой, емдеп берер, - дейді.

Ол кезде Мерғалым мертіккен адамды дәрігерге апғаннан кейін қабылдамайды екен, Иванның өзі бармағаны сол болса керек. Кәкеш бөгелместен Мерғалымға барып сөйлесіп, келісіп, Иванның баласын алдырып Мерғалымның алдына емделуге әкеліпті. Сонда Мерғалым Иванға: «Иван, мынау баланың аяғы асқынып кетіпті, емдеу үшін мына гипсті тіліп алу керек, бұл гипс, ертең айғай-шу болмасын»-дейді. Содан баланың аяғындағы гипсті қайшымен кесіп алып, аяқты сылап-сипап, қайтадан сынықты бұзып, оны қайтадан нақты орнына салып шүберекпен орап беріп, шүберектің сыртына қайтадан гипсті салып, гипстің сыртынан дәкемен орап Иванға: «Ал Иван 16-17 тәуліктен кейін мына дәкені, гипсті шеш, ішіндегі шүберек шешілсе оны да алып таста, сонан соң балаң ақырындап аяғын нық басып жүре берсін, бұл балаң әскерге барады қатты ештеңе ойыңа алма»,- дейді.

Өз үйінде мерттіккен ұшқыш

Қарағай арасында «Шақа» -деген, орман шаруашылығымен айналысатын ауыл бар. Сол ауылға бір ұшқыш Ленинградтан әкесінің үйіне демалысын өткізбекші болып келеді. Әлгі ұшқыш әкесіне отын даярласуға көмектесіп жүргенде, отын тиелген биік машинадан құлап мертігеді. Мерғалымға апарып көрсетсе . жамбасы сынған екен. Мәкең сынықты орнына келтіріп салады. Отыз шақты күн өткеннен кейін ұшқыштың жамбасы тәуір болып Ленинградына қайтады. Біріқ жұмысына кешігіп барған екен. Командирлері сұрайды: «сен неге әскери қызметіңе кешігіп келдің?»,-деп.

Ұшқыш болған жайды баяндап жазып береді Ұшқыштың шын, не өтірік айтқанын тексеру үшін рентгенмен анықтайды. Түсірілген суретті қарап көрсе, бір ғана сызықтың ізі бар. Сонда тексерушілер таңданып: «Япырай! Мұндай да адам болады екен-ау,-деп бастарын шайқапты.

Шипалы алақан

1979 жылдың қаңтар айы еді. Аяғым сынып, көп бейнет көрдім. Гипсті екі рет салып, ісініп кетіп, қақсап ауырғандықтан екі рет алып тастауға мәжбүр болдым. Қорттағы қасиетті шипагердің сипағаны ем деп естуші едім, міне, осылау мен Мерғалым атты сынықшының алдына бардым.

Бір ғажабы-емшінің ауылына жақындағанда аяғымның ауырғаны басылып, мәшинеден өз аяғыммен түсіп бардым. Сәтін салғанда Мерғалым ағаүйінде екен, үйдің сыртқы есігін аша бергенімде алдымнан қарсы шығып амандасты. Сосын: «Мына балалар шөлдеп келген шығар, сусын бер! – деді жұбайына. Кіреберісте осы сөзді тосып тұрғандай, ерекше бір жедел қимылмен Бәтес жеңгей үлкен шараны толтырып, қатық қосылып жасалған күріш көже ұсынды.

Мерғалым Мұхтариханұлын алғаш көруім еді, мейірімге толы ойлы жанары менің жадымда мәңгі сақталып қалды.

Ағай көп сөйлемейді екен, қолына сабын жағып алды да, аяғымды сылап көргеннен кейін бір ай бойы тұздалмаған қазыға бөлеп, күніне үй ішінде екі сағат жүру керектігін айтты. Мен емшінің айтқан шартын мүлтіксіз орындадым. Ерекше қасиетті дарын иесі, сынықшы Мерғалым Мұхтариханұлының сипағаны ем болып, бір айдан соң ешбір ақаусыз жүгіріп кеттім.

Мерғалым ата дерттің дауасын тапқан, қасиет қонған емші ғана емес, елдің қамын ойлаған, адамға жанашыр қамқор жан еді.

Мерғалымның өзі дүниеден өткенмен ел есінде мәңгі сақталар ғибратты ісі қалды, емшілігін жалғастырған Қаршығадай ізі қалды.

Халыққа жасаған жақсылығы, емінің шипалы шапағаты ешқашан ұмытылмайды.

Малыбай көлі жайлы аңызға қосымша

 

Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын ұзын аққан Ертіс өзені – қазақ жерінің күретамыры. Ұлықбек Есдәулет ақынның басын Қытайдан алатын қара Ертісті көрші алпауыт мемлекет тасадан бұрып алу қаупі тұрған құсалы «Қара Ертіс» атты өлеңі бар.

Қара Ертіс, менің қақпамсың,

құтпан боп құйып жатқансың.

Қара Ертіс, маған ай-күнсің,

қарқара толқын айбынсың,

қазаққа қызыр айдынсың,

қай күні бізден айнырсың,

қай күні теріс ағар деп,

қан жұтқан менің қайғымсың?!.

Қара Ертіс – қара қайғымсың!..

Тәуелсіздік алғалы біздің қазақ шежірешіл болып алды десек әсте артық айтпаймыз. Бұл расында теріс құбылыс емес – оң құбылыс, қазақтың қанында бар ұлтты сақтап қалатын ұлы қасиеті.

Этнограф-жазушы, қазақ менталитеті мен мәдениетінің шырақшысы Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты эпикалық кітабынан соң, бұл құбылыс барған сайын етек жая беретіні көңілімізді қуантады. Осындай шежіреден Павлодар өңірі де кенде еместігін, осы аймақта болғанда шынайы көз жеткіздік.

Жаңа шығып, жұрт қолына тиген Ғарифолла Есімнің «Ақ өлең – аққулы мекен» атты роман-эссесі – де шежірелік баян. Қазақтың Уақ руының 90 үйін аң аулап асыраған сонау эпостық қара қасқа атты Қамбар батырдан бастап, Мағжан ақын, автордың немерелес атасы, уақ елінің бас көтерер мырзасы, он екі мың жылқы біткен Темірғалы байға шейін деректі тұлғалар кездеседі.Бұл қазыналы еңбекте. Ата-баба рухына тағзым. Текті іздеу – оны жоғалтпауға жасалған қам. Ал, қазіргі тегін ұмытудың аз алдында ұлтсызданып бар жатқан жарты қазақтың бейқамдығы – қоғам үшін де келешек үшін де қауіпті.

Топонимдер айқын. Бұлдағы шежірелік жанрдың басты ерекшелігі. «Ертістің бойында ерте заманда Қимақ деген мемлекет және оның оннан астам қаласы болған. Өзеннің белі бүгілген жеріндегі қала – Қиық».

Романда Павлодар атанған Ертіс өңіріндегі Малыбай көлінің тарихы бар. Оның жағасына орыстар қалай келіп қоныстанғанын, біртіндеп аққулы мекеннің байырғы этнонимін өзгертіп, «Лебяжье» атағанын автор кіжінусіз, нақты деректермен айқын әңгімелейді. Көл мұнда – жерұйық символы. Асанқайғы іздеген жерұйық әр қазақтың туған жері деген ойды автор астарлайды. Көлдің аңыз-әфсана арқылы суреттелуі ұтымды шыққан.

Ақеділ ақынның бейнесі арқылы романда жазушы туған ел мен жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті уағыздайды. Ақеділ – романтик ақын. Ол іштен шыққан шұбар жыландай жексұрын Дайыр, Дойыр десе артығы жоқ, атып алған құстардың арасынан су құсын іздейді. Былайғы ел оған «жарымес» деп күледі. Өйткені, Ақеділ үшін аққу құс қана емес, табиғат иесі, жер құтын қорушы ұлы күш, сұлу жар, мейірімді ана. Бұл таным – мифтік санаға негізделген. Баба түкті шашты Әзиз әулиенің анасы пері қызы аққуға айналып ұшып кетеді. Көркем метафора арқылы қазақ халқының тотемдік көзқарастарын автор қайта жаңғыртады.

Аққу – су құсы. Құс төресі – аққудың киесін Сәкен мен Мұқағали сүйіп жырлады. «Аққу атқан қазақтан кие, құт қашады» деген ойды Ғарифолла Есім совет өкіметі орнағанда жендетке айналған жауыз Дайырдың қанды әрекеті және қылмыс бар жерде қосақтала жүретін жаза арқылы ишаралайды.

Ақеділдің образын Ғарифолла Есім діни ұғыммен де байланыстыратын тәрізденеді. «Сапа өлеңші, әнші дегендерге сене бермейтін. Оларды жын қуалаған дегенге көбірек иланатын. Ақеділдің сөз тігісі де өте жатық, үні де, мақамы да нағыз жыршы еді марқұм». Бұл қасиетті Құрандағы айтылатын ақындар туралы ойға жетелейді. Жұрт жын иектеп, құлағына өлең сыбырлап тұрады деп сенетін ақынмен Пайғамбарды шатастыратын аят бар. «Марқұм Ақеділ көкелерің «Су құсы» деген жыр шығарып, көлден құс атқызбайтын, жарықтық, – деді Сапа».

Шоқан Уәлиханов Арқадан шығып, Балхаш, Жетісу бойын саяхаттағанда суреттейтін фауна мен флора керемет бай болатын. Аң мен құс осыдан 150 жыл бұрын қазақ жерінде жыртылып-айрылатын. Қазір соның жұқанасы қалған. Араб шейхтары ұлы даланың азат сұңқарларына құмар болғандықтан құс қоймай барады дегенді де естіп, түк қайрат қылмақ түгілі, қымбатырақ саудаласып отыра беретін қазіргі қазақтармыз ғой.

Бізде патриоттық, елсүйгіш жершілдік сезімдер Ақеділ ақынның кесек ойлайтын, ғаламмен астасқан санасының қасында сондай жұпыны, сорлы көрінеді. Өйткені, қазіргілер тек пайда туралы көбірек ойлайды. Тұтынушының тоғышар надан қалыбынан аса алмай, дүниедегінің бәрін доллармен есептеуге, рационалдық дүниетанымға құл болуға мейлінше көндігіп барады. Ал, рационалдық ұғым – адамның жүрегінен көркемдікті аластайды.

Малыбай көлі – атамекенге аққулардың кері оралуы қайта жаңғыруға нышан. Аштық-ашаршылық жылдарында Ресей бетке қарай, шетке ауған Сапаның түсіне көл, су құстары мен Ақеділ ақын кіреді, бұл аққулы мекен. Қоштасу аян түс, көлді қайта көрмейтінін ол түсінді. Бірақ, ұрпағына туған жеріне оралуын аманаттайды. Сапа Сексенбайұлы – бұл кісі жазушының туған атасы.

«Ақ өлең – аққулы мекен» – Ғарифолла Есімнің жан толғаныстары. «Ақ өлең» – Тәуелсіздік, еркін құйылатын ақ өлеңмен қатар қоғам өзгергендегі сана дағдарысы.

«Адамзаттың әлсіздігі де, шексіз қуаты да оның жасының қас-қағымдай қысқалығында емес пе?» – деп толғайды автор. «Дүниенің толуы – өркениет. Өркениет толыса келе өзі дертті болмақ». Бұл қоғам дамыған сайын адамзаттың тіршілігін улай берері айқын. Соның бір белгісі ретінде қазір жер бетін бағзы коммунизм елесіндей кезіп жүрген мәңгі өмір сүру идеясын атауға болады. Философ Ғарифолла Есім бұл ойды былай сабақтайды: «Адамзат мың жасайтын заманда жаңа дерт пайда болмақ. Ол – жалығу». Дана Абайдың 20-шы ғақлиясы: «Пендеде бір іс бар, жалығу деген» деп басталады. Ал, мәңгі өмір сүру идеясының абсурд екенін ұлы сатирик жазушы Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаты» атты әйгілі романында мазақ қылады.

Жаратушы Ие бір Аллатағала адамды өмір-өлім қағидасы арқылы мінсіз логикамен жаратқан. Адам жаны өлмейді, жан мәңгілік дегенді місе тұтуға болады ғой. Шебер Аллатағаланың мұнан артық мейірін, нұрын қалай елестетуге болар?!.

Бұл кітап оқырманды ойландырады. Ал, риторикалық сауал түрінде келетін «Ертіс ағып жатыр ма?» атты романның екінші бөлімінде детективті роман жанрының элементтері бар. Баяғы қанқұйлы Дайыр ақыры қарғысқа ұшырап қайыршылықта өледі. Ол талай адамның түбіне жеткен, өзіне туыс адамдарды аямаған. Бірақ, автор өлер алдындағы Дайырдан бір адамшылық сәулесін таниды. «Адамға аяушылық сезімі, жақсылық жасау неткен рахат» деп мойындайды ол. Бұл да философиялық сана. Арылу. Катарсис. Толстой мен Достоевскийдің кейіпкерлері арылу арқылы христиандық күнә мен жаза идеясын ақтап тұратыны сияқты.

Сөз этимологиясымен, мағынасымен алғанда Ақеділ ақынның есімінде де ұлы су, Еділ өзені жатқан жоқ па! Ал ежелгі түркі бабаларымыз ұлы көштерінде табиғи қорған болатын Еділ-Волга өзені бойына тұма күйінде қоныс тепкен. Еділден айрылуды Дешті Қыпшақтың асқан жыраулары кейінгі Махамбетке дейін зар жылап жырға қосатыны сондықтан болатын…

Ертіс пен Іленің суын олар бұрып алып жатса, ол қазақ жерінің нағыз қайғысы болады. Бірақ, бұл фәнидің барлық жұмбағы бір Алла Тағаланың иелігінде. Құдай сақтаса – сақтайды, Құдайсыз қурай да сынбайды. Нағыз қазаққа тән менталитет осы.

Аты аңызға айналған - Ақбалық Хазіретке қосымша

Ақбалық Хазірет атанған Әбділдә Бытыұлы

Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман ауылдық округінде ел арасында Ақбалық Хазірет атанған Әбділдә Бытыұлының кесенесі бой көтеріпті. Ол 1830 жылдары Ислам дінін уағыздаушы, танымал ұстаз ретінде танылған. Хазірет атағы Мекке мен Мәдинада білім алғаннан кейін берілген.

Әбділдә Бытыұлы «Біті» немесе «Бітә» болуы да мүмкін, халық аузында, тіпті кейбір жазылған мәліметтерде «Ақ балық» деген атаумен таралып кеткен. Жергілікті Қойшыбай Жұмашев ата «Ақ балық хазірет» емес, «Ақпалы хазірет» деген ой айтады.

Жарықтық қазіреттің аузын ашқаннан-ақ төгілетін сөз бен сөйлемі үзілмей, бүкіл жұртты үйірген екен. Әрі әр шыққан лебіз, мейлі ол діни сипатты болсын, мейлі халықтық қолданыстардағы қанатты сөздер болсын, тек қана ақиқатты айтуға жұмсалған

Ел аузындағы әңгімелер Ақпалы қазіреттің үй болу, бала тәрбиелеу, ұрпақ өсірудегі қызметі жайлы жеке жинақ шығаруға болатын сыңайлы. Ал оның хакім Абаймен сөз қағысқаны шешендік ділмарлық қасиетін ашды. Кереку өңіріндегі діни бағыттағы еңбегі әлі де болса, өлкетанушы ғалымдар тараппынан тірнектеп дерек жинауды керектігін қажет ететін сияқты.

Слай десек те, хазіретке қатысты сең қозғалды.

Сүлеймен Баязитов өзінің «Ақбалық Хазірет» поэмасында

Әбділдәнің Ақбалық атануы жайында былайша сөз етеді:

-Ғұламалар сынына келіп пе ең сен?

Әбділдәмен отырған сұрасып жөн.

Жігіт оны тіркеді тізімге енді,

Әбділдә Бытыұлы ең соңы сен

Сегіз болмай келгейсің осы жерге,

Тек, бауырым, кешігіп қала көрме,-

Деген еді.

Осылайша Әбділдә есіктен кірген тұста: «Кел, Әбділдә» деп төрге шығарып,

-Құранды кім түсірді? Қорғайтын кім?- деген сауалдар қойып, онысына тыңғылықты жауаптар алады.

Бір ғұлама: -Бахара, Тәуба, Мәриям, Юныс,Қиямет сүрелерін жатқа айтыңыз. Сонан соң мазмұндаңыз,- дегеніннен де сүрінбей өтеді.

Білесіз бе Шығыстың шәйірлерін? деген сауалға да Омар Хайям, Науаи, Сағди, Фзулиді ауызға алып, олардың біраз жырын жатқа айтып береді. Сонда бас ғұлама бұның білім теңізінде Ақ балықтай жүзген жан екен депті-міс.

Осы поэмада Абай мен Ақбалық деген соңғы бөлігінде:

...Абайға сәлем берді тоқтап танып.

-Уақыт тар сізге қояр сауалым бар?-

Деді Абай.

-Сұраңыз ал.

-Қазақта екіқабат әйелдерді

Албасты басад деген әпсана бар.

Маған соның мәнісін ұғындырсаң.

-Апырай ұстамайтын жерден ұстап,

Қайтейін, Абай мені тұрсың қыстап.

-Бұл жерде босанатын әйел мен де,

Ал басатын албасты... сізге ұқсап.

Ду күлкі соттың алдын кетті кернеп,

Сөз қуған қазақ үшін бұл бір ермек

Құшағын ашып Абай Ақбалыққа

-Кел, кел, бауырым,

Тауып кеттің тар жерде тың бір өрнек,-

Дегенде ел аузында аңыз қалған...деген тамаша түйіндеу бар.

Сары бәйбіше

Сары бәйбішенің тікелей ұрпағы Бауыржан Тәшімовтің сөзіне сүйенсек, Сары бәйбіше ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген бақсы, көріпкел, емші, жауырыншы әрі тылсым күштермен тілдесетін қасиетті адам болған екен. Сары бәйбішенің есімі ел арасына тек көріпкел, емшілік қасиетімен ғана тарап қойған жоқ. Ол кісі өз заманында ерлермен бірге ел басқарған, аталы сөзге тоқтай білетін ел анасы болған. Жауырын арқылы Уақ руы Жансары тармағының Есберді, Дәуім аталары ұрпақтарын арбамен Ертіс өзені бойымен Бейімбет алаңындағы «Құлатай» ашығына бастап келген екен.

Әрбір адамның табан тірер туған жері болады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік адамды алға жетелеп отырады. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» - деп бекер айтпаған ғой.

Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Әйгілі Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды искеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.

Қазіргі таңда Сары бәйбіше ұрпақтары Ресей мен Шарбақты ауданы Шалдай елді мекенінде тұрып жатыр, - дейді ұрпағы. Сонымен қатар Сары бәйбіше елін Жоңғар шапқыншылығынан аман алып қалған батыр ана ретінде де мәлім. Қаруланған жоңғар әскеріне жалғыз өзі қойдың жауырынымен ғана қарсы шығып, жаудың бетін шешендігімен қайтара білген. Соңғы уақытта бұл мазарға бас-көз болып жүрген Бауыржан Тәшімов ертеректе оған Шақа ауылдық округіне қарасты Шоқтал ауылының тұрғыны марқұм Жаркен Айтмұхамбетов есімді адамның қарап, күткенін айтады. Бірнеше жыл бұрын аталастары Сары бәйбішеге арнап ас беріп, басына белгі тас орнатқан. Аққулы ауылында атқарылған тағы да бір ауқымды іс - Шоғман қажы Алдамжарұлының кесенесі бой көтеріп, туған жерінен арнайы әкелінген белгі тас орнатылып, 8 метр тереңдікте қазылған құдыққа зәмзәм суы құйылды. - Біздің атамыз өз заманында көпке аты мәлім емші болған адам. Әсіресе, ХІХ ғасырда, медицинаның дамымаған кезінде адамдарды соқыр ішектен отасыз, қойдың аш ішегімен емдеген екен. Сондай-ақ, жын шығаратын, бала көтере алмаған әйел адамдарды да емдейтін қасиеті болған. Қазіргі уақытта атамыздың басына зиярат етіп келушілердің саны артып келеді. Енді «Сары бәйбіше мен Шоғман қожа туралы әңгімелер» атты зиярат ету сипатындағы туристік маршруты арқылы қасиетті жерлерді кеңінен насихаттай аламыз, - дейді Шоғман қажының ұрпағы Жансары Шайманов.

Бауыржан Момышұлы: «Опасызда - Отан жоқ» деген екен. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да кездеседі. Біздің ортамызға от тастап, бірлігіміздің шырқын бұзуға тырысатын сырт күштер бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ дінге, тілге бөлінбеу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» деген шеттен келген басқыншылардың тәсілі. «Біріңді қазақ бірің дос,көрмесең істің бәрі бос»,- деп айтқан хакім Абайдың даналығын бүкіл қазақ ту етіп ұстағаны абзал.Керекудегі орыстілді орта тынысын тарылтпай, өз тарихын құрметтеген жергілікті тұрғындардың өз тарихына деген құрметін, дара тұлғаларына деген қастерлеуін көріп, бір жасап қалғанымыз жасырын емес.

ТУҒАН ЖЕР

Көз ұшында мұнарланған,
Тауларым-ай, ұлар қонған.
Қиясынан қыран көрсем,
Қиял ұшып, құмар қанған.
Топырағы тұмар болған,
Туған Жер!

Бұлақтары өлкеміздің
Бұрымындай ерке қыздың,
Жапырағын шашбау қылған,
Күрең-сары келте күздің.
Толқуын-ай шер-теңіздің...
Туған Жер!

Қара бұлттар – арғымағым,
Таудан асып қарғығаны!...
Тыраулаған тырналардан
Тыңдап тұрмын тағдыр әнін.
Көңілімдей – көл-құрағың,
Туған Жер!

Бүрген,
Бұта,
Қарағаның...
Жолын тауып, араладым...
Жұпарланып сана-бағым,
Аңқылдаған әр адамың,
Туған Жер!..


ЖАСЫБАЙ

Жасыбай көл – сағыныштан жаралған,
Көз жасындай
жәудіреген көп қыздың!
Тулап-тулап алатұғын әр алуан,
Тұла бойдан толқыныңды өткіздім.

Мінезің бар, жар соғатын жасқанбай,
Желпінесің жел-есерге де ілесе.
Кейде – бұлтты,
Кейде ашық Аспандай
Мөлдірейсін.
Түнересің біресе!

Қалықтаған күз әуені – маңайың.
Ұғар кім бар, тылсымыңды түсініп?!
Беу, Жалған-ай,
Бозарыпты самайың,
Қазан соңы құстарыңды ұшырып.

Күрең-қызыл, жасыл түспен көмкерген,
Ай таранар таң ғажайып айнадай,
Жасыбайым,
Жұпар жұттым өлкеңнен,
Өткінші мұң өкінішін ойламай.

Төңірегің – қызқарағай сыланған.
Құбылады қайыңдар да ақ балтыр.
Бусанады таудан түскен тұманнан,
Мұңдас болған, сырлас болған мақпал қыр!

Қиялымды Құз басынан асырған,
Тұңғиғың-ғажабың ғой, Жасыбай!
Қозыкөш жер ұзағанда қасыңнан,
Көңіл көзіне келе берді жас ұдай.

НАЙЗАТАС

Бұлттарды дүлей жосылған,
Найзатас ұшы түйреген.
Айналдым әзиз басыңнан,
Құлжалар ғана билеген.

Сай-салаң жұрттың жыр-әні,
Бұлағың күйдей шертілген.
Қыраның алғыр, қырағы,
Желтаудан ұшып желпінген.

Әсемдеп Тәңір қалаған,
Сыры бар Сендік тастың да.
Төсінде жортқан абадан,
Тағдыры табан астында.

Осындай ғажап өлкенің,
Сұлуы таймас ғұрпынан.
Үр қызы сүйер еркегін,
Қар қызы ғашық сыртынан.

Шабытты шыңнан шақыртып,
Өлең отына шарпылғам.
Шөгетін атан, ат үркіп,
Найзатас-сенің нарқыңнан!

АЙМАН БҰЛАҚ

Айнадай Айман бұлақ,
Жағасы – жайлау-құрақ.
Ағады ағыл-тегіл,
Ақмаңдай сайдан құлап.

Сыңғыры керім еді,
Бұрымдай өріледі.
Асыққан алысқа тым,
Армандай көрінеді.

Бұлттар да қасқа құздан
Айманға жас тамызған.
Құлжалар суытады
Тұяғын, тасқа қызған.

Елік те еміреніп,
Айман да тебіреніп,
Үйлескен екеуіне,
Ақбеттің желі жерік.

Айнадай Айманым-ай!
Сүйеді Ай да құлай.
Ғаламат тылсымыңмен
Ғашық қып қойғаның-ай!..

ҚЫЗАҒАШ

Қызағаш... қырау сырғалы...
Қолында – күміс білезік.
Мыстан-жел осып тырнағы,
Жаныңды тұр ма мұң езіп?!

Шашбауың – сары алтыннан,
Бойыңнан тапқан жарасым.
Айнымай осы қалпыңнан,
Ақылды арбап аласың.

Қайтқан құс қош деп шырқаса,
Билейсің неге ырғалып?
Бөлмейді көңіл жұрт аса,
Отырмын ойға шырмалып.

Күн сүйген маңдай, төбеңнен,
Бұлттар да көшті жосылып.
Тамырың соғар тереңнен,
Жүрекпен бірге қосылып.

Ал, Жаным - Күзде мұздағыш,
Көктемге әлден зарығам.
Қараша-күзгі қызғаныш
Аязбен тәнді қарыған.

АБАДАН

Тәңір-Ійем – Тау.
Ақпан...
Нұр бусанта, таң атқан.
Сирағымда – жау-қақпан.


Айға қарай із салған
абадан ем, аулақтан.
Арлы Түзін Арқаның
Ақылыма артамын.

Тор-қамақта торығып,
Ой ішінде жортамын.

Апаным-ай, киелім,
Енді, саған ійе кім?!

Көп иттердің,
Ұлып-ақ,,
Сырқыратқам сүйегін.


Жол үстінде азығым,
Алты қарыс азуым.
Маңдайыма мөрлеген
Тағдырымның жазуын!



***

Жаз дәурен шарбы бұлттай ыдыраған,
Күндер-ай, аққан судай зымыраған.
Құстұмсық қайран шақтар кәусарынан,
татуға жеткізер ме ғұмыр аман?!

Беймәлім бәрі-бәрі, қыс алдағы...
Жорыған жақсылыққа түс алдады.
Қосылып қайтқан қазға елігіп ем,
Құскөңіл жербауырлап ұша алмады.

Жан мұздап, тоңазыды су сүйегі,
Қырдағы гүл де дір-дір бүрсүйеді.
Жәудіреп қимай кеткен Жаз көзінен,
Мендегі жүрек шіркін мұң сүйеді.

Бағынбас, бұрылмас та тағдыр, бақыт...
Көшеді жазбен бірге мөлдір уақыт.
Ойнатып жай оттарын жан-дүнием,
Тұр міне, сағынышын жаңбырлатып.

Сүмбіл шаш теректер 
ақүрпек
мамығын маусымға ұшырар.
Жапырақ мінезін сәл үркек,
кеудемде ұғатын кісі бар.

Санамнан ұшырған әр күні,
құсқа да айналар өз-ойым,
Көбелек қанаты арқылы,
жадыма көшірдім жаз айын.

Ақ нөсер – тәтті күй, ғажабым,
сіңірді мөлдір мұң қаныма.
Аралар гүлдердің тозаңын,
жинайды ақыл-ес бағыма!

Ызыңы мұңдылау көк шыбын
Көңілдің қылына қонады. 
Жанымның жұбатып өксігін,
жұлдызды үмітім жанады!

Кербез Ай көркінен толқыдым.
Көкейде қауызын гүл ашты.
Кешегі құралай салқыным
қып-қызыл аптапқа ұласты...

* * * 
Өзің жоқта құс қайтқан қарашаны
Сыздап ойлар жанымның жарасы әлі.
Үйірілген ымыртқа, 
Қам көңілге,
Солғын сәуле шашады қала шамы.

Қабағыма жабырқау қарамастан,
Нөсер-жауын, 
Есер жел, 
Дала, 
Аспан!..
Желігімді жеткізер бұлтқа дейін,
Бұрынғыдай сезім жоқ ала қашқан.

Жәудіркөзді қарындас, кешір мені,
Шер түйіні іштегі шешілмеді.
Ойша ғана жолығар оңашада,
Естеліксің енді жәй, есімдегі.

Бәрі...бәрі айналды құр сағымға.
Тәтті шақтар – жадымның құрсауында.
Қызыларай-шуаққа алданумен,
Күн өтеді әйтеуір бір сарында.

Бұл әлемнен мен енді оңашамын,
Шырылымен бозторғай бал ашамын.
Көз жасыммен сөндірем сол мезетте,
Үмітім мен үкікөз қала шамын!

Жандүниемде ауысады мезгілдер,
Жабықсам- Қыс, жадырасам-Жаздаймын !
Сен жымисаң жауқазыным тез гүлдер,
Шарбы бұлттай ыдырайды аз қайғым.

Қабағымнан қар жауғыздым өткенде,
Күншуақты мінезіңмен еріттің.
Бір-ақ сәтте айналдырып Көктемге,
Көңіл ішін гүл жайнаттың көріктім.

Сейіл құрсақ түнемейтін баққа мұң,
Өткінші Күз жапырағын сан бастық.
Алыстасақ ақ сезімнің xаттарын,
Кеудемізден құс ұшырып алмастық.

Жарқылдатсам жанарымның жай отын,
Нөсерлейді жүректегі ән-сезім!
Жазқұшақты жапырағын жаятын,
Жалғандағы- жалғызымсың,
жансөзім!

* * *
Өзеннен сәл ғана тысқары,
Там үй тұр, аңғарда.
Маңайы – пейіштің құстары.
Өріп жүр аңдар да.

Бұлбұлдар шырқаған сылқым ән
тәтті сыр шертеді.
Там үйде бір қыз бар!...
Сыртынан,
күй кештім ертегі!

Бір кезде,
Иесі аулаға,
Шықты да, шіренді!
Күн суып кеткендей заматта.
Аспан да түнерді!

Сәлден соң, сұлу қыз шықты үйден!..
Күн шайдай ашылды!
Бүлдірген ерінін шық сүйген!
Жанары жасынды!

Сұқтандым.
Оянып құмарым.
Көңіл де гүлдеді.
Өмірдің маздатты шырағын
жымия күлгені!

Там үйге, таяуға батылым
жетпеді неліктен?!
Адасып қалды ма ақылым?..
Жүрек пе желіккен?!..

Ақыры шыдамым таусылды,
Өңім бе, түсім бе?!
Жүрегім қозғалды тау сынды,
кеудемнің ішінде!

Терезе тұсынан таң күліп,
Күн сүйді көктемше.
Түс көріп жатсам ғой мәңгілік,
өмірім өткенше...

 

ТЕРЕЗЕМ

Тереземді бір ашамын, бір жауып.
Қарамақпал түн келді.
Көңілдегі пәк ойларым бүр жарып,
жұлдызданып үлгерді.

Жыр-бөлмемнің сәл азайтсам жарығын,
сығалайды Ай кезбе.
Темірқазық, сені бірден таныдым.
Пайда болдың қай кезде?!

Қозғалады қоңыр салқын ағыстан,
қара шашым...
Терезем...
Тулатады жүрегімді алыстан,
Ертіс деген өр өзен!

Маңдайымнан алма-кезек өбеді,
мейірленіп әр ағаш.
Көшкен бұлттар тәтті мұңға бөледі.
Сезім кештім шала мас.

Оралдың-ау, тамылжыған таныс үн...
Ұзап кеткен өткен күз...
Жүрегімнің жиілетіп қағысын,
қол бұлғайды Көктем-Қыз !

Түн сейілді, талай мұңды ұрлаған.
Күн – Жанымның ұшында.
Бүкіл әлем сырын айтып тұр маған,
тереземнің тұсында.

АрҚар!

Таудан аққан бұлақтар,
Теңіздерге су аралас мұң құйып,
Бұлттан сұрап, нөсерін,
Телміреді көк аспанға тұңғиық.
Әкесі – құз ақсақал,
Ең жұпарлы ауа жұтқан арқардың,
Тастан төлін өргізген,
Шешелері шыт байлаған шың биік!

Киелім-ай құздағы,
Бұғанасы бірге қатқан шерімен,
Қайда кеттің, тектім ау?!
Былтыр ғана Өкпетіден көріп ем,
Ей, адамзат жерінем,
Құлжаларым неге безді жерінен,
Арқарлардың көз жасы,
Қардың суы- етектегі еріген!

Маңдайларын Тәңірге,
Тұяқтарын қара тасқа сүйдірген,
Ақ сүйекті жануар;
Ауқаттары адам баспас шүйгіннен
Ойнақтаңдар, кетпеңдер,
«Ары Қардай» тазаларым сендерге,
Ақындардың атынан,
Алатау мен Алтайымды қидым мен!

Құлжаларды еңселі,
Уақыт желі, мерген көзі кемітіп,
Серкештерде сергелден,
Сезетіндей тұрғандығын не күтіп?
Аумаңдаршы арқарлар,
Туған өлке біздің байтақ даладан,
Жылатпаңдар тауларды,
Қара тастың қабырғасын сөгітіп.

Енесінің желінімен,
Қозылардың қос бауырын сыздатып,
Ей, пенделер көзі шер,
Қанішерден таба алмаймыз біз бақыт,
Аяңдаршы өтінем,
Бізге түкте батпаса да қайғысы,
Кәрі таулар жоқтайды,
Күңіреніп, кірпігіне мұз қатып.

Адам ғана кінәлі,
Құстар кетіп, аңдар ауған әр көшке,
Соның бәрін қайтарып,
Бірақ тілек, белуардан ар кешсе,
Абайлаңдар аңкөстер,
Ашкөзіңді қадай бермей Тектіге,
Арқарлардың зауалы,
Тау басынан тас домалап, қар көшсе!

БҰРМАСАЙ

Бұрмасай толы – гүл, бүрген.
Құбылған қына – жиегі.
Еңкейсең болды , 
Бүлдірген
ерніңнен еппен сүйеді.

Бұрмасай толы – қарақат.
Қиылып жиі қарайды.
Мендегі сезім – алапат,
Таңшолпантектес, арайлы.

Бұрмасай толы – долана.
Итмұрын жұпар аңқыған.
Осындай тылсым Далада
Көңілім ерен шалқыған.

Атыңнан түспей көр енді,
Дәтіңді мойыл арбаса.
Өмір деп салдым өлеңді.
Өкінген сәтім – далбаса.

О, ғажап бері құлдилап,
Келеді баяу, қыз бала.
Жанаса шықтым ылдилап,
Қара тоғайдан қызғана.

Шолпысы – шолпан-жұлдыздан.
Жүзігі - Күннен , сырғасы - Ай,
Ал , енді мені бұл қыздан
Адастыра көрме, Бұрмасай!

 · 

* * *
Мұздай сөзі бұлақтардың
Тас құйқасын шымырлатты.
Мұңдасқанға сыр ақтардым.
Мұндай сәтте – ғұмыр тәтті.

Мінезім-ай аңқылдаған!..
Сенбейсің-ау!.. жаз да бітті.
Қаздар ма бұл – қаңқылдаған?
Қайран көңіл сазға күпті!..

Өңменімнен жел өткіздім,
Солдырдым-ау көкшіл гүлді.
Жаңбыр жырды селдеткіздім,
Әрең бастым өкісігімді.

Талдың шашы күреңденген,
Тоңдырған соң тау ызғары.
Жанға жасыл ірең берген,
Қайда кетті тамыз бағы?!

Күз келгенін аңғармаппын.
Қанық едім қыр-сырына.
Еһ, Дүние, арбалмақпын,
Енді қандай тылсымыңа?!.

ЖАННЫҢ ТҮНГІ ТЫЛСЫМЫ

Айға лақтырып шылбыр ұшын,
Айдалада түн қаттым.
... үкідауыс үңгір ішін
Үр қызына тыңдаттым!

Ол сұлудың төсенішін
Салдым балғын аршадан.
Сезім шоғын көсеу үшін,
Ертекті ерен аңсағам!..

Ойымдағы оттың күшін
Санадан тыс лаулаттым!..
Көңіл үшін – 
Шегірте үнін
Алақаныма аунаттым!

Майын да ішіп тасбұлақтың,
Марту қызын құшып ем!..
Қара жоннан қасқыр аттым,
Қара сөздің күшімен!

Жындар ғашық бәлкім маған?..
Жырдан асқан бар ма дін?.. 
Жапалақ көзімен жарқылдаған,
Жылан дәтін арбадым!

Соңына ердім шұбар лақтың!..
Ат жалынан шоқ үрлеп!..
Бұлт ішінде бұлан бақтым!
Құлан көзі – шегіркөк!..

Құздармен де қауқылдастым. 
Елірдім жел есерге!
Жұлдыздармен аңқылдастым,
Өзге әлемге көшерге!..

Адастырды бір мұң сары!..
Қайда болдым?!..
Аң-таңмын!..
Құланиек құлқұнсәрі...
Қиялымды қаңтардым!

Көңілім-ай әр неге шалқымалы, 
Тебірентер қаздың да қаңқыл-әні!
Мына қайран өмірдің шын болмысын, 
Кім біледі, көргем жоқ бәлкім әлі?!.

Талға қарап, жапырақтары тыраулаған, 
Дөңбекшіген жүрегім мұң аулаған.
Көпке түгіл, кәдімгі шөпке де осы
Жетпей жүрген сияқты ұнау маған?!

Пендемін ғой мен де бір, мұңы қалың.
Өз ойымнан суына, жылынамын. 
Сүйгендегі сезімім періште ме?
Қашан соны, шіркін-ай, ұғынамын!

Бұла қыз.

Қайран тағдыр!..
Қазбауыр 
Бұлттар көшті кіл абыз.
Жанарымда - жазғы ауыл. 
Жан-дүниемде - бұла қыз!.. 
Қошы да ерен түсімнің! 
Көңілімде гүл бүрлеп!.. 
Сүйгеніме ұшырдым 
Сөз құстарын бір-бірлеп. 
Жұлдыздарды самсаған, 
Ой-санама түнеттім. 
Айлы мұңды аңсаған
Адасқақтау жүрекпін. 
Арманшылмын.
Ал, енді... 
Жаңбыр әні жадымда. 
Аспан сүйіп төбемді, 
Дәт те жудым сағымға. 
Мен солайша аңғардым, 
Келе жатыр күнә-күз. 
Ғашық болып нем бар-ды,
Жындандырды-ау бұла қыз!..

Әй, апыр-ай мына Қыс,
Көкейге үрей үрлеген.
Көктем неге тым алыс?!,
Көңіл ғана бүрлеген.

Кеудемізден Күзде ұшқан
құс па әлде, елес пе?!
Мұңның бәрі, біз құшқан,
Бақ сағымы емес пе?!

Ертіс беті тоң әлі,
Мұңнан тағы дір еттім.
Жауқазыны тоңады
Мен деп соққан жүректің.

Келгісі жоқ гүл-Көктем...
Кеткісі жоқ мына Қыс!..
Ақылымды жынды еткен
қобызымен бір Абыз?!

Әлегі мол әр күнім
қабағыма қарамас.
Менің шіркін-Тағдырым,
Қар-жаңбыры аралас!

Сөз соңы

Біз үшін алаштың кең байтақ даласының әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Шындығында халық қартаймайды, қара жер қартаймайды. Халқымыз қашанда «Ел іші – алтын бесік» деп сүйініш білдірген. Ол үшін ұлттық мұратқа сай биік іс қылу керек. Арғы ата-бабаларының аруағын сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиетті, киелі деп санайды.

Міне, біз осындай туған топыраққа деген адалдықтың қас белгісін ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен "Әдеби өлкетануды дамыту" атты ауқымды жобасы аясында Павлодар облысында болған іс сапарымызда аңғара алдық. Нәтижесінде ел көріп, жер танып, рухани көкжиегіміз бір кеңіп қалды. Қолға қалам алғызып, алған әсерді, көрген дүниені, естіген есті әңгімені қағазға түсіртіп отырған жайым бар.


Мазмұны

Арқаның алтын алқасы. 1

Киелі жерге тағзым – ұрпаққа ұлағат. 3

Қожалардың Арқаға келуі3

Исабек Ишан хазірет кесенесі (1792-1871)7

Жынданған орысты емдеген Исабек ишан Мұратұлы.. 12

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі13

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы кесенесі20

Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі20

Таймас әулие кесенесі28

Естай Беркімбаев зираты.. 30

Баянауыл аңыздары.. 35

Қоңыр әуиле тарихи орыны. 36

Сарыарқаның тағдыры шешілген жер немесе Қалмаққырылған тауы.. 39

Жасыбай батыр ескерткіші41

Малайсары батыр. 45

Күреңбай сыншы Бекқұлыұлы.. 47

Ақкөл-Жайылма қалашығы.. 49

Әулиекөл археологиялық кешені54

Аты аңызға айналған - Ақбалық Хазірет. 56

Қасиетті Мерғалым ата. 57

Майлыбай аңызға қосымша......................................................................................................73

Туған жер....................................................................................................................................78

Жасыбай......................................................................................................................................79

Найзатас......................................................................................................................................80

Айманбұлақ................................................................................................................................81

Қызағаш......................................................................................................................................82

Абадан.........................................................................................................................................83

Жаз дәурен..................................................................................................................................84

Сүмбіл терек...............................................................................................................................85

Өзің жоқта..................................................................................................................................86

Жандүнием.................................................................................................................................87

Там үй..........................................................................................................................................88

Терезем........................................................................................................................................89

Арқар...........................................................................................................................................90

Бұрмасай.....................................................................................................................................91

Мұздай сөзі бұлақтардың..........................................................................................................92

Жанның түңгі тылсымы............................................................................................................93

Көңілім-ай...................................................................................................................................94

Бұлақыз.......................................................................................................................................95

Қыс..............................................................................................................................................96

Сөз соңы......................................................................................................................................97