Заявка на посещение и экскурсию - 8 (7182) 61-81-59

ЖАРАС СӘРСЕК

КЕРЕКУ ЖАҚТАН КЕЛЕМІН...

ҚР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ МЕН ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ – «ӘДЕБИ ӨЛКЕТАНУДЫ ДАМЫТУ» АТТЫ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ

Жарас Сәрсек Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, осы өңірдің өткен-кеткен тарихына қатысты деректер мен мәліметтерге қанық болды. Музей қызметкерлерінің көмегімен тарихи деректермен жазбаша қалпында танысуға мүмкіндік алды.

Өңірдің рухани дамуына ерекше үлес қосқан шығармашылық тұлғалардың ғұмырбаяндық мәліметтері жинақталған Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейіне де ат басын бұрып, көпшілік біле бермейтін деректермен танысты. Осы музейде ақын Арман Қани бастаған Павлодар қаласының оқыған азаматтарымен келелі жиын болып, ол жиында ел аузында жүрген аңыз-әңгімелер төңірегінде, оны хатқа түсіру жұмыстары жөнінде ой бөлісті. Әдеби шығармаға айналуға тиісті қайсыбір тақырыптар төңірегінде пікір алмасулар болды.

Баянауыл өңіріне сапарында Жарас Сәрсек Сұлтанмахмұт Торайғыровтың зиратына тәу етті. «Баянтау» газетінің редакциясында болып, ұжым журналистерімен кездесті. Олардың қаламына ілікпеген тың тақырыптар жөнінде пікірлесті. Осының алдында Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің, «Найзатас» әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси журналының рекдакциясында болған әңгіменің жалғасын аудандық газеттің редакциясында да талқылады. Жорналшылар мен авторлардың өңір тарихынан мағлұмат беретін зерттеу мақалалары жарық көрген төл басылымдары тігінділерімен де мұқият танысты.

Кешегі кеңестік кезеңнің салқыны тиген, ұлттық болмыстан ажырауға шақ қалған Кереку өңірінде ұлтымыздың төл өнері ретінде дәріптелген Айтыстың бүгінгі ахуалы қандай? Айтыскерлерден кімдер бар?Олардың деңгейі қандай? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі облыстық жас ақындар айтысында қазылар құрамында болып, өз ойларын айтыс соңында ортаға салды.

Жалпы, жоспарланған сапар аясында сол өңірден шыққан тарихи тұлғалар – Бұқар жырау, Малайсары батыр, Қазанғап би және киелі өлкелер мен аңыз-әңгімелерге арқау болар циклді өлеңдердің жалпы жоба-жоспары осындай.

Келемін...

Ойымды ойға бөктеріп,

Ойсыз бір кезді жек көріп,

Келмеске кеткен кешегі

Кердең бір кезді жек көріп,

Кереку жақтан келемін.

Батырлар жортқан ізбенен,

Ақындар жортқан ізбенен,

Қайрап ап қаламсабымды,

Өзімде жоқты іздегем...

Бұқарға тұрақ болған жер,

Мәшһүрге шырақ болған жер,

Аттыдан жаяу кек алған

Мұсаға бұлақ болған жер!

Естайлар әнін салған жер,

Естілер естен танған жер,

Басынан кешкен-де-рі көп,

Ежелгі жауға арман жер –

Кереку жақтан келемін!

Тау-тасын,

Өзен,

Бұлағын,

Таусылмас әсте жыр-әнін,

Сиғызып сидам бойыма

сынардай әзер шыдадым!

Секілді маған бұл мекен –

Жер бетіндегі Жұмағым!

Зау көктен төмен қарасам,

Көзжетпесімдей адасам...

Төменге түссем – байтақсың,

Боз жусаныңмын қаласаң...

Бұқарға тұрақ болған жер,

Мәшһүрге шырақ болған жер!

Аттыдан жаяу кек алған,

Мұсаға бұлақ болған жер!

Сіздерге тұрақ болған жер –

Біздерге тұрақ болған жер!

Сіздерге шырақ болған жер –

Біздерге шырақ болған жер!

Сіздерге бұлақ болған жер –

Біздерге құрақ болған жер!

Көккөзі құлап өкіріп,

Көп көзі жылап болған жер!..

Тұрағым тұрсын дін аман,

Шырағым тұрсын дін аман.

Бұлағым тұрсын суалмай,

Ертіске қарай құлаған!

Көзіме сыймас көлемің,

Көлемің – сыйлас өлеңім!

Сыйласқа шертіп сырымды,

Кереку жақтан келемін!..

30 қазан. 2018 жыл

Ертіс

Сен – көнеден келе жатқан нәрімсің,

Дәрменімсің,

Дәнегімсің,

Әлімсің.

Құнарымсың,

Құндағымсың – құрғасам,

Жан сусаса – кәусарымсың, әнімсің!

Тереңіңде жатыр қанша нала, мұң,

Нала,

Мұңнан дей алмаспын адамын.

Сенің мұңың – жылжып ағу арнаңда,

Менің мұңым – қағазым мен қаламым.

Қағазыма қалам салған таңбадан,

Қалқа бала нәр алса деп қамданам.

Сенің тынып аққаныңдай сан ғасыр,

Мен де тұнып жатпағым бар сан ғасыр,

О, әйтпесе кімдерден бөз қалмаған...

Бір сөз үшін мұңға айналам мен байғұс,

Бір сөз үшін мұзғаайналам мен байғұс.

Арасында мұң мен мұздың дір қағып,

Құлап өлер құзға айналам мен байғұс.

Кезіп жердің тау мен тасын, қиясын,

Сен мұхитқа құясың ғой, құясың.

Қағазымнан қасиет қашқан шақта бұл,

Қаламымның қайда құям сиясын?!.

Сөз сыя ма сөйлеушінің бәріне,

Сен мұхитқа сыясың!..

Лағыл тілім жерде жатса лайлы,

Лағнетіме жуытқам жоқ Құдайды.

Өзім – қазақ,

Сөзім – мазақ,

Ал, сенің

су тілінде сөйлейтінің ұнайды...

31 қазан, 2018 жыл.

Сабындыкөл

Бір қапталың байқасам – тау болатын,

Бір қапталың байқасам – бау болатын.

Бұлдыратпай көрсетер бұ дүниені,

Біздегі көз ол кезде сау болатын.

Одан бері ай аунап,

Жыл жылжыған,

Жастық өтті...

Қазіргім – бірсыдырғы ән.

Сенің жеңіл көбігің секілденіп,

Ырқыменен мезгілдің бір сырғығам.

Жұмсақ шашын жел қағып желбіреген,

Бір жас ақын жағаңда елжіреген.

Не сиқырың бар еді, Сабындыкөл,

Мөлт еткізер көздерді мөлдіреген?!.

Бір ай ару бірер жыл көлемінде

Жүзік сыйлап мәз қылған өлеңіме.

Күмістелген сол жүзік қолдан сусып,

Бойлап кеткен болатын тереңіңе.

Сезімімді ешкімге бұрылмаған,

Су түбіне кетті деп ырымдағам.

Соны ойласам әлі күн су түбіне

бойлап кеткен жүзік боп діріл қағам.

Асылымды өпкендей біреу тартып,

Ғашығымды кеткендей біреу қарпып,

Қайтқам солай жағаңнан жатағыма,

Жүзік таққан саусағым жүдеу тартып.

Сабындыкөл,

Көлімсің жүзік жүзген,

Иесінен күдерін үзіп жүзген.

«Жүзікжүзген» – бір атың бұдан былай,

Бір сақина қарызсың, «Жүзікжүзген»!..

1 қараша. 2018 жыл.

«Кемпіртас»

Баянтауда түсімде жүр екенмін,

Жоқ іздеген біреудің бірі екенмін.

Бір бөктерде тас болып қата қалған,

Кемпір таспен тілдесіп тұр екенмін.

-       Есенсіз бе?

-       Есенбіз... Өзің бала?

-       Жоқ іздеген жоқшымын...

-       Сөзін қара.

Есі барлар елсізден жоқ іздей ме?

Көңілің соқыр немесе көзің, бала...

-       Жоқ дегенің тең емес, меңдей болар,

-       Мең іздеген бейбағың мендей болар.

Табылмайтын «жоқ» бар ма?

-       Құдай білер.

-       Іздегенім – Өзіммін.

-       Нендей хабар?

-       Кім біледі іздермін өле-өлгенше...

-       Мынау дүние дейсің ғой көнергенше.

-       Кеудем дәнге толғанша дамылдау жоқ.

-       Дұрыс, балам,

сүрме өмір өлерменше.

-       Көп бөгеліп қалдым ба?..

-       Жүрсең мейлің...

Күн іздеген адамға Күн сөнбейді.

-       Тасқа айналған тағдырдың тасасында,

Қандай жайдың жатқанын білсем деймін.

-       Е-е-е, қарғам-ай,

Еске сап қайдағымды...

-       Мен де айттым ғой қайдағы-жайдағымды.

-       Біреу үшін қырағы тас қанамын,

Тұрған мынау күзетіп аймағымды.

-       Әңгімем көп дейсіз ғой?

-       Жоқ, қарағым.

Мен де өзіңдей тынбадым, жоқ қарадым.

Барым – ғайып,

Ғайыбым кеп қалар деп,

Ғапыл жандай

Өртенем,

от боламын.

-       Жазмышына Жазғанның амал бар ма,

Жаралғаннан жалғанда жаман бар ма?

-       Адамды адам қасқырша қамап жеген,

ғұмыр кештім қанқұмар замандарда –

Іңгәлаған нәресте жатыр жарып,

Жарақ ұстап туатын замандарда.

Іргедегі шыққан кез жаттан «қылық»,

Алысқанын алатын аттан жұлып,

«Кетсең – түгел боп кел» – деп үш ұлымды

осы тұстан жібергем аттандырып.

-       Келеді, апа, келеді түгел болып.

-       Оралса екен оралса бір Ел болып.

Оралса екен Отан мен Ошағыма

үшеуі де үш жақтан тіреу болып!..

-       Әумин!

P.S. Қар жауып тұр таулардың тасы аларып,

Тал-теректің қалыпты басы ағарып.

Қара жолға қарайлап тұр-ау әлі,

Кемпіртастың тағы да шашы ағарып...

2 қараша. 2018 жыл.

Малайсары тархан зираты...

Бізде батыр көп емес,

Аз да емесін білемін.

Ерлігі бар, ізі жоқ,

Сыздар содан жүрегім.

Керек дерек берердей

не ұлы жоқ, қызы жоқ,

Жады қайда, жазған-ау,

Жаны қайда бұл елдің?!

Бір кез біз де бір жердің

қуысына енеміз,

Өмір барда – бар өлім,

Сіз сенесіз, сенеміз.

«Жатқан жері бар еді,

Бір жағы оның жар еді...»

Болжамқұмар ел едік,

Әлі болжап келеміз.

Өзімізді – өзіміз,

Осылайша тілдейміз,

Бет қаратпай қоямыз

бұлттан шыққан күндей біз.

Ізгіліктің мекенін

іздер кезде түндейміз,

Өнген жерін білгенмен,

Өлген жерін білмейміз!..

Өз басымды таба алмай,

Өз қасыма қамалдым.

Қас-жауымның өзі емес,

Тантығына таландым.

Табар жолын кім айтар,

Табылмаған амалдың?

Тасы қайда бабамның?

Басы қайда бабамның?

P.S. Бір кез біз де бір жердің

қуысына енеміз.

Өмір барда – бар өлім,

Сіз сенесіз, сенеміз.

«Жатқан жері бар еді,

Бір жағы оның жар еді...»

Болжамқұмар ел едік,

Әлі болжап келеміз...

7 қараша. 2018 жыл.

Ол

Кереку-ай, сейілді ме сайраның,

Кеңкелестер салғанда айқай-сүреңді?!

Кеше ғана үні үзілген Майраның

үйін бұзып,

Көрін іздеп жүр енді!..

Арман Қани

Тәттілігін өмірдің

қаттысынан кем көрген,

Өзге еңсесін тіктесе,

Өз басына ем көрген,

Ел басына күн туса,

Еңку-еңку жер шалған,

Етігімен су кешіп,

Ертісіне дем берген,

Ақының да сол шығар?!

Қараулыққа қаны қас,

Қарымында ызғары,

Құлжа сақа секілді

шиырылар мұздағы,

Оққа сүйеп тұрар ол,

Отқа қақтап болмысын,

Арқардайын аяулы –

Құлап өлер құздағы.

Батырың да сол шығар?!

Бір қолында қағазы,

Бір қолында қаламы,

Тәрк етеді екеуін

таусылғанда амалы.

Құдайға емес қу жаны

Құдайсызға назалы,

Жүрегінде лүпіл бар

Ол да егіле алады...

Жақының да сол шығар?!

Ой түбіне үңіліп,

Термегенді тересің,

Көл түбіне үңіліп,

Көрмегенді көресің.

Ізгіліктің ізі жоқ,

Ізгі арманның бірі жоқ,

Сөйтіп жүріп ұяттан

өлмегенге өлесің...

Ақырың да сол шығар?!.

8 қараша. 2018 жыл.

Шекара

Тағдыр шығар,

Маңайдың

бәрі сызық ойласаң,

Сол сызықтар есіңе

түсер қамсыз тойласаң.

Сызығыңды «бұзығың»

бұзып кеткен кез қанша,

Күдік-күмән көп әлі,

Сыммен нықтап қоймасаң.

Шығыс жақта бір сызық,

Батыс жақта бір сызық,

Оңтүстік пен Солтүстік –

Олар да тұр сызылып.

Дөңгелене қаусырған

сол сызықтар ішінде

ғұмыр кешіп келеміз

бір суынып, бір қызып.

Сырт жағында сызықтың,

Жылмыңы бар,

Мықты бар,

Ұйықтап кетсең болғаны,

Улы инесін сұққылар.

Өзің – кәрі,

Ұлың – жас,

Бірің – мақау,

Бірің – мас,

Ал, соларды кімің бар,

Ұран салып ықтырар.

Құрышпын деп жүргенің

құрып кетсе – қайтесің?

Қылышпын деп жүргенің

сынып кетсе – қайтесің?

Көзге ілмесең көп болып,

Көздегені көк болып,

Көкжал болып кенеттен

ұлып кетсе – қайтесің?

Не болмақшы содан соң,

Нөл болмай ма көлемің,

Құрып болып дейсің бе,

Тұрып қайта келемін?

Қайта келіп ғайыптан

қайрат бере қоя ма,

Өзіңменен бірге өлген

өнерің мен өлеңің?!

Дөңгеленген дүниенің

дөң-айбат көп ісінде,

Сені есіркей қоймайды,

Түсін, мейлі түсінбе.

Мақсат,

Мұрат,

Арман боп,

Желбіресең желбіре

дөңгелене сызылған

көп сызықтың ішінде.

Біреу,

Екеу,

Үшеуге қызық та көп қиырда,

Шамам бар деп шалқайсаң,

Ал, қиырға шиырла...

Саған байлық, бақ берген,

Қазақшалап ат берген,

Алмағайып күндерде –

Елің тұрсын миыңда,

Жерің тұрсын миыңда.

Сызығына екі елдің

баған қорған бола ма,

Баған басын күзеткен

балам қорған болады, ә?!

Сол бағанның түбіне

бабаң сенің жерленген.

Ертең мен де...

Ешкімді жолатпаңдар молама.

9 қараша. 2018 жыл.  

Күңгірт бұрыш

(Музейдегі жәдігерлер)

  1. 1.Көзді сауыт

Жау мергенін сынаудың

басқа жолы бар шығар,

Батырға тән білмеймін,

Намыс па әлде ар шығар –

Сауытының бір тұсын

Көздің кө-ле-мін-дей қып

ойып қойған оғланға

бір Жаратқан жар шығар.

Шәйіт кетті қаншама ер,

Дәл қадалып «көзіне» оқ,

Ерге тағар не мін бар

тілеп алса өзіне оқ.

Ажалымен ойнаған,

Өлмеймін деп ойлаған,

О, шіркіндер, шіркіндер,

Көздері де – от,

Өзі де – от!

Өткен шақпен ойласаң,

Өткір екен бұл халық,

Тәңірінің өзі кеп,

Өпкір екен бұл халық!

Қайда кетіп барамыз,

Қалтыраймыз,

Тоңамыз,

Қарашаның желінен.

Қайта-қайта қымтанып?..

P.S. Аңызда бар – елде жоқ,

Елде жоғым – менде жоқ...

  1. 2.Шолпы

Қай сұлудың сыңғырлап

бұрымында үн қаттың,

Қай еркектің ұлына

сол сыңғырды тыңдаттың?

Санамызда сан сауал,

Жауап жалғыз өзіңде,

Ар жағынан әйнектің

Жалт-жұлт еткен қымбаттым.

Үкілі үміт ойында,

От қарыған алқымын,

Қай шебердің қолында,

Қашан,

Қалай балқыдың?

Апта ізденген болар ол,

Ай ізденген болар ол,

Арманына айналған

есіне алып алтынын?!

Ертегідей өмірдің

өзімісің, Сен – Шолпы,

Ескірмейтін көңілдің

көзімісің, Сен – Шолпы?

Іңір сайын жүдетіп,

Іңкәрлігін үдетіп,

Айтуға әттең батпаған

сөзімісің, Сен – Шолпы?!

Қай бұрымның шашбауын

күмбір күйге бөледің,

Бәрі соның таң маған,

Бар іздеген жоқ едім.

Шолпан болып түнді ұрлап,

Шолпыдайын сыңғырлап,

Қай бұрымда жүр екен,

Қайран менің өлеңім?!.

13 қараша. 2018 жыл.

  1. 3.Айна

Сонау – ықылым заманда

айна болды дегенге,

Айна алдында айналып,

Сенбейін бе, сенем бе?

Бөз дейтіндей бөзі жоқ,

«Бөз» сөзінің өзі жоқ,

Тыржалаңаш қоғамда

айна бопты адамда.

Сан мың ғалым топтасып,

Сан мың пікір топшылар,

Жер астынан іздеп жүр,

Шындығымды жоқшылар.

Бірақ, «Көркім қандай?» – деп,

Біз білмейтін көне жұрт,

Көне айнаның алдында

шаш тараған жоқ шығар?..

Тығырықтан жол табар

қызығы көп айланың,

Қызға тәнін ойласаң,

Түсер еске қайдағың...

Ұстаған қол ұқсар-ау,

Ұқсамайтын көп кезі

біз қараған айна мен

қыз қараған айнаның.

Қыз қараса айнаға –

Сол баяғы той қамы,

Біздің қарас басқалау –

өткеніңнен ой бағу.

Сонау – ықылым заманның

айнасында жоқ ісім,

Өзім үшін өз айнам –

Ойлану...

13 қараша. 2018 жыл.

Жалбарыну

Қайранда қазақ даласы,

Кеңдігің – сірә, кемдігің,

Ендігі жерде езге тән,

Есеппен қылған ерлігің.

Жан-жағың толы аларман,

Аларман көзі аларған,

Не болмақ ертең елдігің,

Не болмақ – сұрақ, ендігің?

Кешегі кеңес кезінде

басыңнан бұлтың аунаған,

Бабаңнан қалған дәулетті

басқалар келіп даулаған.

Құшақтап құты келгендер

ішіңе түсіп жаулаған,

Өксікке толы өмірің,

өзегің өрт боп лаулаған.

Есіл мен Ертіс арасын

екіге бөліп сұғынған,

Іргеде жатқан көршінің

пиғылы жаман бұрыннан.

Бізден де басқа көршілер

көңілі қалған көршіден,

Айырылып жатыр азынан,

Айырылып жатыр Қырымнан...

Көбімнен мен де көз жазғам,

Көзімнен сорам сорғалап,

Қалсақ деп сақтап қалғанын,

Жол қарап жүрміз, жол қарап.

Ойымды онға бөледі,

Санамды санға бөледі,

Кетердей бір күн әлдекім

Жер-бесігімді олжалап...

Тілімнен,

Діннен,

Ділімнен,

Біртіндеп бір кез жұтағам,

Тірескенімді кескілеп,

Күрескенімді бұтаған.

Келмеске кетсін сол заман,

Өлмеске жетсін бұл заман,

Сөндірме, Тәңір, отымды,

Ал, сөнсе – қалай тұтанам?

Өткеннен алған сабағым –

Ілгері басқан ісім бол,

Тартылмай қалған садағым –

Ақылға қашқан күшім бол!

Төбемде бұлтым бар болсын,

Төменде жұртым нар болсын,

Жақсының бәрі – өңім бол,

Жаманның бәрі – түсім бол!

14 қараша. 2018 жыл

Леп

Ол жақта менде туыс жоқ,

Бөтенсің дейтін жоқ бірі.

Аттанам сосын туыс боп,

Көңілімнің мұзы, жоқ кірі.

Ол жақта менде жоқ дос та,

Дос болып қайтам бәрімен.

Апталап жатып қол боста,

Қоштаспай кетем тағы мен.

Ол жоқта менде үй бар ма,

Отырған орным төр ғана.

Сенбесең – ілес, қиналма,

Көзіңмен өзің көр бала.

Дауыл ма,

Жауын,

Ақ қар ма?

Ырғаққа толы өмірім!

Асығам солар жақтарға

аңсаған шақта көңілін.

Қасымда қалмай бір досым,

Қажығам бір кез мұң қажап.

Рахмет саған, мың досым,

Рахмет саған, Бір Қазақ!

14 қараша. 2018 жыл

Сұлтанмахмұт

(монолог)

Алысып,

Битпен,

Бүргемен,

Жаным мен тәнім кірлеген.

Өшіп бір жанған өмірді

өзегім өрт боп үрлегем.

Кезім жоқ тіптен жасыған,

Тартқанмын алға асыға.

Басқалар жүрген жолдарды

бастағам таудың басына.

Бір жылап алып, бір күлдім,

Бір құлап алып, бір тұрдым.

Қолсозым ғана жерде еді,

Құлпырған гүлі бір қырдың...

Құлпырған күйі қалдырдым,

Құшып та сүйіп жандырғым

келмеді...

Келте ғұмырға,

Ол емес,

Өзім тағдырмын.

Отыздан озып кетпедім,

Ой болды ойға еккенім.

Қағазым – қамбам болғанда,

Қаламым еді кетпенім.

Барым сол еді қолдағы,

Арманым көп-тін, болмады.

«Алаштың барша баласын

артыңда қалған тұяқ» – де,

Болғаны!..

15 қараша. 2018 жыл.    

***

Бір Бұқар бізге керек деп,

Айтамыз кейде сөз ептеп.

Табамыз,

Сосын танамыз,

Біз күткен Бұқар бөлек деп.

Оны іздеп сіз де жүрсеңіз,

Ымдап бір қойшы білсеңіз.

Біз тапқан Бұқар тым жылтыр,

Немесе онда жыр семіз.

Түпнұсқа Бұқар қайда бар?

Көкте бар,

Анау айда бар.

Көшір-ме-лер-ден қаптаған

Әйтпесе қандай пайда бар?

Шаршатты бізді Ол да бір...

Тағы бір «Бұқар» жолда жүр.

Кеңессек дейміз, келмейді,

Түсерсің түбі қолға бір...

«Бұқар жоқ,

Жоқ-жоқ», – деп кеттік,

«Табылса,

Соқ-соқ», – деп кеттік.

Жан-жақтан атын шулатып,

Бәріміз «Бұқар» боп кеттік.

Абылай қайда?..

15 қараша. 2018 жыл.

***

Тыңдаған сайын «Қорланды»,

Қорланған Естай елестеп,

Қолымда қоңыр домбырам

сөйлейді «қосыл, теңес» – деп.

Шау тартқан шабыт шақырар,

Әлдебір жанды шалғайдан,

Мен болсам Естай емеспін,

Ол болса Қорлан емес тек.

Шырқаған сайын «Қорланды»,

Қорланам мен де біртүрлі,

Қолымда қоңыр домбырам

боздайды билеп ырқымды.

Сыңғыр да сыңғыр назды үнді,

Күмбір де күмбір күй шарпып,

Іңірде қалған күлкімді

іздетіп бұзар шырқымды.

Жападан-жалғыз жарбиып,

Жалындап барып басылам,

Жанартау болып жарылып,

Жалаң тау болып ашынам.

Жанымда жүрген жақсының

жанары сондай тұп-тұнық,

Айналып қана кетейін,

Алдында оның тасыман.

Баянтау жаққа бір самғап,

Баяулап барып жай табам,

Емеспін Естай десем де,

Егіліп кейде айтам ән.

Шіркін-ай, шіркін сағыныш,

Шырқатар шыңға, шығанға,

Қомданған қанат басылып,

Қонамын жерге қайтадан.

16 қараша. 2018 жыл.

***

«Күреңбай сыншы болмаса,

Құлагеріммен бір ем ғой!..»

Депті-мыс Ақан қайғылым,

Қайғырсаң-дағы ірі ең ғой.

Жүйрікті жүйрік тап басып

таныған жанда жазық жоқ.

Құланы қиған-қызғаныш,

Қызғаныш – лаң, сүрең ғой!

Жүйрікті тану – қасиет,

Жүгіртпей қою – қасырет,

Қасиетке туыс болғанмен,

Қасырет – қызға ғашық ек...

Құрығы ұзын, Құдайым,

Құлың боп тағы сұрайын:

«Қасыретіңнен қашық ет,

Қасиет жағын басым ет».

Бірімен-бірі тістесіп,

Тіресіп әлі келеді,

Қызғаныш дейтін қызыл ит,

Өз-өзін құдай көреді.

Қашанғы мынау далада

қара көзіме жас бүркіп,

Құлагер құлай береді,

Ақандар жылай береді?!.

19 қараша. 2018 жыл.

***

«Аймауытов Жүсіпбектен қалған сөз,

Жетті бізге тым кешігіп, кешігіп.

Өз алдына мектебі жоқ өршіл ек,

Оңды-солды жаздық-сыздық есіліп.

Өзімізше қалыптадық, қайтерсің,

Ақ қағазға көк сияның таңбасын.

Қазіргі қал болар еді-ау өзгерек,

Солар салған соқпақ тапса жалғасын!..»

Бір қаламгер бірде осылай деп еді,

Ілгеріде күз көңілі күркіреп.

Күркіреді,

Күрсінуі жөн еді,

Тыста жауын тұрған еді сіркіреп...

Жұрт алдында келмесе де өзгергің,

Өз ішіңде өзің ылғи өзгергін.

Естіп жүрген сөзің ескі көрінсе,

Кешіккені болар басқа сөздердің...

19 қараша. 2018 жыл.

Ертең-ақ...

«Павлодар» қонақ үйінің

оныншы қабатындамыз,

Ертіс ағады төменде,

Біз болсақ қиял қанатындамыз.

Жанымда Дархан інім бар,

Ол да үнсіз сосын мен үнсіз.

Ертіске қарап отырмыз

егілген жандай тең үнсіз.

Үнсіздік сондай үрейлі

Сезілді маған сол бір шақ.

Ертіске сүңги алмаймыз,

Қоңыр күз еді ол бір шақ.

Қызығын біздің іргеде

қыздырып жатыр өзгелер,

Бірінен-бірі құрметті,

Біріне-бірі сөз берер...

Қалқиды жұп боп бір әнмен,

Қазақтікі емес, әрине.

Атауы «Павло...» болғасын

ие боп алған бәрі «үйге».

Сорпамыз сол күйі ортаймай,

Сопиып әлі отырмыз,

Сұп-суық сол бір мекеннің

үрлеп жаға алмай отын біз.

Жүдеуміз жомарт далада,

Десек те «құрсын, дүние – боқ»,

Бәріне соның біз бейбақ

жүреміз қашан ие боп?

Қайтайық, інім қамықпай,

Киесі елдің кеми ме?

Ертең-ақ қайта келерміз

«Кереку» дейтен кең үйге!..

24 қараша. 2018 жыл.  

***

Бұл өңірде қанша тарих

жатыр екен көміліп,

Анда-санда қалатыны

болмаса тек көрініп.

Аршып алар азаматын

заман желі илейді,

Ал ақыны өлең жазар

қара кеште егіліп.

Тарихымды жауым жазған

заман өткен десем де,

«Нақақ көзден тамшылаған

жас тұнады кесемде».  

Еркін елдің езуінде

еркін сөзге тыйым көп,

Қалтылдаған қайығым бар,

Ескегім жоқ есерге.

Бұл өңірде мен тәу етер,

Сен тәу етер мекен көп,

Мекенімді менмендер мен

жеңгендер жүр мекендеп.

Далам жазған дастанымды

тым құрыса өз балам,

Өз тілінде айтса деумен

келем әлі тепеңдеп.

Бұл өңірде қалалар көп –

Жер астынан тіл қатар,

Әлі бізге кез келер сол

қалалармен бір жатар.

Сонда бізді кім іздемек,

Біз кімдерді іздеп ек,

Соны ойласаң кеуде астында

жердей ауыр зіл жатар.

Таусыларға шақ қалғанда

Тәңір – Ием қолдады,

Басымызға армандаған

Жаңа заман орнады.

Неге ендеше жанарымда

жарқ-жұрқ еткен жарқыл жоқ,

Жарқын жүзді жатым ғана,

Болмады ғой... болмады...

Алалайтын ештеңе жоқ,

Басқалармен бірдеймін,

Баяғыдай шаттығым жоқ,

Ойнамаймын, күлмеймін.

Білетінім – бір-ақ тоғыз,

Тоқсан тоғыз бұлдыр бар,

Ту астында желбіреген

Жер кімдікі?!.

Білмеймін...

26 қараша. 2018 жыл

Баянды

Өзім өскен жердің айтсам дерегін,

Сүмбе дейтін сұлу төрдің ері едім.

Тау құшақтап ұйықтатады ол маңды,

Ал күзетшім – тал, қарағай, терегім.

Жазығымда мал жататын жамырап,

Жусанымның өзі боз да, тамыры ақ.

Сонау бір көз ағылғанда қалаға ел,

Біздің ауыл қалған емес қаңырап.

Алматыңнан үш сағаттық жол ғана,

Кім көшпесе сол ауылдан сол – дана.

Қимай-қимай кеткем мен де солқылдап,

Арман дейтін асықтырған «олжама».

Бас-аяғы осындай-ақ ұл едім,

Бірде күлдім,

Бірде тоңдым,

Жүдедім.

Мен әйтеуір тұрған жерде тіп-тікпін,

Мен әйтеуір туған елге құл едім!

Аққайыңның мойныма артып білегін,

Алматымда мұңаямын, күлемін.

Ауылыма ұқсас ауылдардың бәрінен,

Мен әйтеуір өзімді іздеп жүремін.

Баянаула, сен де соның бірі едің!

Баянтауға тұрсың сен де сүйеніп,

Баяндым-ау, баяғыша сүйемін.

Топырағыңнан өніп шыққан кіл дүлдүл,

Өне бермек,

Өніп жатыр, киелім.

Маңдайымды өзіңе әкеп тіредім,

Таулар менен баулар менің тірегім.

Бірде соғып,

Үнсіз бірде қалатын,

Қарап көрші,

Қағып тұр ма жүрегім?!.

27 қараша. 2018 жыл

Балбал тастар басында

(Олжас Сүлейменовке)

Мынау дала –өзі болған еңсемнің,

Еңсем болып қалар ма екен, белгісіз.

Балбал тастар,

Сен – өзімсің,

Мен – сенмін,

Ғайып бола көрмеңізші енді сіз.

Ес боп маған сенен жеткен жел еді,

Ессіз және елтімеппін сезімге.

Ескі күнім есіркеймін деп еді,

Жаңа күнім жарылқайтын кезінде.

Жылы ұшырай бердің неге көзге бұл?!

Жәдігерім, соны маған түсіндір.

Орамды ойды олжа көрген кезде бұл,

Оқтын-оқтын шықырлайды тісім кіл.

Балбал тастар,

Бал жаламай іштім мұң,

Дауын айтып Дала дейтін қартымның.

Заман маған тілін берді күштінің,

Анам маған ділін берсе халқымның.

Жолығуды мақсат етпей наданға,

Мұхит асып жол үстінде кештім күн.

Бауырымды іздеп бардым бүткіл ғаламға,

Бұл ойыммен шатағы жоқ ешкімнің.

Бір басында арманы хәм азап көп,

Бұл халыққа қажет пе осы ойлы адам.

Мен қашанғы өмір сүрем қазақ боп,

Мен қашанғы ақын болып ойланам?!

Көкжиекті көлегейлеп көп елес,

Тұрған сәтте ойға осылай батқамын.

Менің халқым сөйтсем арам шөп емес,

Арасына біткен аппақ мақтаның.

«Қазақ...қазақ», одан өткен таза ат жоқ,

Таза есімді бізге тегін қоймаған.

Мен қайтадан өмір сүрем қазақ боп,

Мен қайтадан ақын болып ойланам.

Он саусақ

Әлдебір ақсақалмен ауылда өткен бір жиында әңгімелесіп қалдым:

-         Мен хат танымаймын, қарағым. Алайда, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл жырларын жатқа айтамын. Төле, Қазыбек, Әйтекелер жайлыаңыздарға қанықпын. Үш би – үш шынар. Абылайым – Алатау, Кенесарым – Қаратау. Аз қазақтың алыптары осылар, – деді ол.

-         Алыптарымызды тым азайтып жібердіңіз ғой, ақсақал, – дедім мен.

-         Көп болса айтпайсыңдар ма дұрыстап? Мен үшін қазақтың нағыз алыптары да жаңағылар, – деп қара шал басбармағының бірін бүгіп, тоғыз саусағын көрсетті.

Қандай жауап қатсам екен Сізге мен.

Бұл анық шал.

Бір алып бар бізде ерен.

Сенің Асанқайғың еді ол ақсақал,

Жерұйқты жер астынан іздеген.

Мынау байтақ боз даламның шекпенін,

Шешіп тастап қолына алды ол кетпенін.

Ат үстінен көрінбейтін алтынды,

Аз халқына алып берді ол теп-тегін.

Жүрегіне жүзі мұңлы жұртының

суретін сап,

таппап еді ол бір тыным.

Қаршыға ұлын қанша ғасыр күтті екен,

Тапталған жер – табанында жылқының.

Ғұмыр кешсін дегендей бір сәтті елің,

Ғұмыр кешсін дегендей бір сәтті ерің.

Қаршыға ұлға ғашық болған қара жер,

Ұсынған ба дейсің жұмбақ дәптерін.

Қаршыға ұлдай бар ма сенде өр сенім,

Қаршадай ұл қаршыға бол, келсе ебің.

Ақ уызын...

Алғашқы боп сол емген,

Ұлы қыпшақ даласының емшегін.

Алтай,

Арқа,

Атырау мен Сыр да сол,

Желіңді жер – Жетісу мен жылға, сор,

Аунап түсіп қабырғасын санатқан,

Шалқасынан жатқан дала ұлға сол.

Не қыл дейсіз,

Не қыл дейсіз енді Сіз,

Аңызды өңдеп отырғам жоқ белгісіз.

Ауызы аңқиған ақсақал-ай,

бүгілген

бармағыңа ұл сол еді бергісіз.

Әңгіме айттым әліме сай астарлап,

Жүрегімнің жанарынан жас парлап.

Қаныш болып аталсыншы, шартым сол –

Бұдан былай сол оныншы – басбармақ.

Менің дертті көңілімнің демегі,

Жалғыз ғана бұл емес-тін.

Себебі –

Он-ақ саусақ берген үшін Тәңірге,

Өкпемді айтып арыз жазғым келеді...

Қазанғап би

Ұл тумас Қазанғаптай ата ұлынан,

Тұқымы дегдар шыққан жатынынан.

Біржан сал

Көшкен сеңдей көтеріліп, басылып,

Келімсектер келген кез ол ашығып.

Өз жерінде өзін бөтен сезінген,

Өз қандасың тұрған кез ол ашынып.

Заман еді ол бара жатқан ауырлап,

Заман еді ол жат – жақын да бауыр – жат.

Заман еді ол қамсыз жатқан қазаққа,

Қара басты жылан жеткен бауырлап.

Еркінде еді,

Шақты – келсе шаққысы,

Еркінде еді,

Атты – келсе атқысы.

Жанарында ел билеген ерлердің,

Тұрды үрей боп заң сөйлеткен жат кісі.

Дала заңы қай заңыңнан кем еді,

Ол заңыңның жоқ оларға керегі.

Болыс,

Сұлтан,

Дуанбасы дегендер,

Сол ордалы сұр жыланның шені еді.

Қазанғапты сұлтандыққа таңдаған,

Кер заманның кескініне таңғалам.

Дуалы ауыз би еді ғой Қазанғап,

Ақиқатты әр дыбыстан аңдаған.

Бір құйынды ілестіріп бір құйын,

Ер тағдыры кезге келген кіл қиын.

Өзі – сұлтан,

Өзі – биге бүгінде

баға беру – қиын-қиын, тым қиын...

Бір деректі көмескілеп бір дерек,

Осылайша дөңгелейді жыр кенет.

Ақ пен қара араласқан тірлікте,

Күйдің жөні,

Бидің жөні бір бөлек!..

3 желтоқсан. 2018 жыл

Қалам

І

Кереку әуежайында

Қалам сыйлады қазақтың азаматтары.

Байқаймын олар

сол елдің бүгінгі қазанаттары.

Кереку әуежайында

Өлең сыйлады қазақтың келешектері.

Байқаймын солар

сол елдің ертеңгі ересектері.

Кереку әуежайында

өзім сыйлаған мәрт жігіттер болды!

Сезім сыйлаған

өзім қимаған өрт жігіттер болды!

Алматы әуежайынан

келеміз түсіп,

Мен және қалам екеуміз,

Өлең бар әлі жазбаған,

Қағазда кенім қазбаған.

Әуежайларға мың алғыс,

Уақыт бер енді аздаған.

ІІ

Қаламым сол бір жазады келіп,

Қағаз бетінде қаптаған әріп.

Таласқан мезет бірімен-бірі,

Табандарында тапталам қалып.

Бәрі де жақсы сөз болсам дейді,

Бірі – көз,

Бірі – бөз болсам дейді, –

Жақтаған халық,

Мақтаған халық.

Сендермен менде сапарлас едім,

Әріптерім-ау, алаңдамаңдар,

Сендердің де әлі туады шағың,

Біріңді-бірің жамандамаңдар.

Бәрің де бәрің бас әріпсіңдер,

Жас әріпсіңдер әзірше,

Төзімді ерте тәмамдамаңдар.

Шуламай сәл-пәл тұра тұрыңдар,

Шығамын қайсың жағыңа.

Келеді кезі бағыңа бірің,

Қонатын бірің тағыңа.

Сендерден бұрын сөз боп көргендер,

Әне, отыр үнсіз іргеңде

Сөз болу деген оп-оңай дүние,

Сөз болу – қиын тағы да...

ІІІ

Бұл қалам жаңа,

Тағы жазады

сиясы бітпей тұрғанда,

Басталды жаңа бағы – базары,

Жазады он жыр құрғанда.

Білмеймін кімдер сүйінер екен,

Күйінер екен ал кімдер,

Ақ қағаз бенен автоқаламды

заманның желі ұрғанда?!.

Бұл қалам әлі жорғалар болар

Жол салып қағаз бетімен,

Жолына қарсы тұра көрмеңдер,

Қаламдастарым, өтінем.

Жарыққа құмар жазылғаныңды,

Қаламмен үңгіп қазылғаныңды,

қолыңмен өзің көмгенсің,

Мен болсам соған өкінем.

Қаламым – бар да жоғым екенсің,

Қаламым – аш та тоғымсың,

Қаламым – қалқан, оғым екенсің,

Қаламым – оң да солымсың.

Қаламым – қара көзім екенсің,

Қаламым – қара сөзімсің.

Он екі мүшем өзің екенсің,

Сынбаған, сынған қолымсың...

24 қараша. 2018 жыл