«Қиындықты жеңу» көрмесі
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында қаншама қиын кезеңдермен, зұлмат уақыттарды басыннан өткерді. Осындай қилы кезеңдерде ел тарихына, халық жадына өшпес із қалдырған жантүршігерлік қайғылы оқиғалар өте көп. Солардың ішіндегі ең үрейлісі – ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы жаппай қуғын-сүргін. Нақақтан-нақақ ұлтымыздың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары «ұлтым» деймін деп – «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деймін деп – «халық жауы» деген жала жабылып атылып кетткен болатын. Елбасының бастамасымен 1997 жылдан бастап «31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып ресми бекітілген болатын. Содан бері бұл күн жылдар сайын жалғасын тауып, өткен күндердің қиындығын еске түсіріп, сол жылдардың құрбандары туралы өскелең ұрпаққа тәлім беретін күнге айналды.
Осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 2017 жылдың 29 мамыр күні Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қиындықты жеңу» атты көрменің ашылу салтанаты өткен болатын. Көрмеге Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің экспонаттары, фотоқұжат материалдары, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың мұрағаттық құжаттары, музейдің ғылыми кітапханасы қорындағы кітаптар, діни қызметшілердің жеке қорындағы экспонаттар қойылды.
Көрменің ерекшелігі - қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдері, молдалар, имамдарға қатысты болуында.
Солардың бірі - Ғабдулатип Сұлтанғазин. Мұрағаттық құжат деректері бойынша Ғ. Сұлтанғазин үш жылдық мұсылмандық курсты бітірген. Кеңес үкіметі орнағанға дейін мектеп-медреседе мұғалім-молла, кейін Маралды болысының Басқұдық мектебінде мұғалім болып қызмет атқарады. Ғ. Сұлтанғазин 1931 жылы тұтқындалып, оған 1916-1917 жж. қозғалысқа қатысты, «Алаш» партиясы мүшесі және дінді таратушы деген айыптар тағылады.
Сонымен қатар көрмеде өлкеміздің бетке ұстар мақтаныштары Е. Бекмаханов, С. Аймағамбетов, Н.Бакин, Ә. Қабжан, Б. Өскенбаев және т.б. тұлғалардың фото-құжаттары көрмеге қойылды. Көрменің ашылу салтанатына Ақ мешіт мешітінің имамы Асхат Қажымұратұлы, Благовещен кафедралді соборы діни қызметшісі Артемий Жданов, тарихшы-өлкетанушы Б.М. Хазыров, еврей қауымы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Х.М. Лобченко, мұрағатшылар В.Д. Болтина, Л.В. Шевелева, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары: А. Ә. Сұлтанғазина, А.С. Аймағамбетов, С.Х. Смағұлов және т.б. қатысты.
Түйіндей келе, осы сұрапыл жылдары ел басына түскен қасірет және оның зардабы ешқашан ұмытылмайды. Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі тарих беттерінен ешқашан өшпек емес. Осы орайда олар туралы нақақтан-нақақ қуғындалып, ақталған, бірақ әлі күнге дейін тиісті бағаланбай жүрген азаматтардың есімдерін анықтау, олар жайлы ғылыми еңбектер жазу, насихаттау алдағы уақыттың еншісінде.
Өлке-тарихы бөлімі маманы Байбуранов Д.Б.