Заявка на посещение и экскурсию - 8 (7182) 61-81-59

Қазақ халқы ежелден мал өсіріп, көшпелі өмір сүрген халық. Көшпелілер ұғымында ыдыс – аяқ түрлері материалдық игіліктің бірі ретінде молшылық – тоқшылық, ырыс – берекенің көзі деп есептеген. «Шешесін көріп – қызын ал, ыдысын көріп асын іш» - деген қазақ мақалының мән мағынасына назар аударсақ мұндағы пәлсапалық, әлеуметтік терең ой жатқанын аңғарамыз. Демек ұлт тұрмысында ас сақталатын ыдыс – аяқ мәселесін шет қалдырмаған.

Көшпенді өмір салтына байланысты қазақтардың тұрмыстық заттары көшіп қоңуға ыңғайланған. Сол себепті де ыдыс – аяқтар алғашқыда арнайы өңдеуден өткен төрт түліктің терілерінен және ағаш материалдарын кеңінен қолданған. Яғни, азық салуға, ас дайындауға сынбайтын ыдыс қажетсінген. Оларға көнек, саба, торсық, бұлқыншақ, мес, сүйретпе, шелек, табақ, ожау т.б.сынды ыдыс – аяқтары жатады. Міне сол ыдыс – аяқтар тізіміне енетін торсық жайлы сөз етпекпіз.

Шоқан Уәлихановтың «ХVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде жорық жағдайы үшін арнайы әзірленген ас туралы мынадай жолдар келтіреді: «Ресейден қашқан торғауыттардың ізіне түскен қазақ қолы дамыл жасап, жорық қазандарында сүрленген жылқы етін пісіріп, су құйылған торсықтарда құрт жібеткен. Бір сөзбен айтқанда, осылайша күндік асын талғажау етіп, күш жинайды». Осыдан келе бір түйіндейтініміз торсық – тағамды сақтап, сапарға алып жүру үшін қолайлы ыдыс.

Торсықты Орталық Азиядағы түркі халықтарының қымыз, шұбат, іркіт құюға арналған ежелгі ыдысы. Мұны әсіресе, қырғыз, қазақ, түрікмен, қарақалпақ халықтары пайдаланған. Жалпы торсықтың түрлері көп. Олар шимайторсық, өркешторсық, мүйізторсық т.б. Торсық тігілетін терінің шел майы мен көк етін тазартып, түгін тықырлап қырады. Иленген теріні белгілі пішінге келтіріп пішеді де, шуда жіппен жөрмеп тігеді. Торсықтың бүйірі дөңгелек, мойны жіңішке әрі ұзын болып келеді. Оның аузына ағаш тығын тығады. Тығыны жоғалып қалмау үшін қайыстан бау өткізіп, оның бір ұшын торсықтың мойнына бекітіп қояды.

Әдетте дәстүрлі қазақ қоғамы торсықты түйенің, бұғының, өгіздің мойын терісінен жасаған. Жүні жидітілген теріні қалыпқа салып пішеді де таспамен тігеді. Торсықты саба сияқты қарағайдың бүрімен немесе арша, тобылғымен ыстайды. Қазақ қауымы торсықты тарамыспен тіккен. Ал тарамыс жылқының сіңірінен есіп жасалатын жіп. Ол өте берік және төзімді жіп. Тарамыс тігілгеннен кейін ісініп тесіктерді бітеп тастайды.

Андрон мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан геометриялық, зооморфтық, көгеріс өрнек пен қиял – ғажайып ою – өрнектері малгершілікте, саяхатшылықта, әдет – ғұрыпта, үй іші жабдықтарында, тұрмыстық заттарында мен сән – салтанат бұйымдарында, батырлық қару – құралдарында әсемдік тұрғыда қолданылған. Тартымды жасалып, биязы көркемделген өнердің көне мұралары. Ою – өрнектерді ата – бабаларымыз мән мағынасына орай тұрмыстық заттартарға, киім – кешектеріне, қару – жарақтарына және т.б. өрнектеген. Айталық, ою – өрнек түрінің бірі шетою. Бұл ою – өрнегі шексіздікке ұластыратын ою түрі. Яғни, атауы атап айтқандай берілген өрнектің бір элементі шексіз қайталана беруі. Мұндай «шетою» ою – өрнек түрін ыдыс – аяқтың жиегіне салынады.

Мінекей сондай ою – өрнектері торсық ыдыс аяқтарында бейнеленген. Торсықтың ішіндегі ең сәндісі бұл шимайторсық пен мүйізторсық. Бұл торсықтарды ірі қараның қалың терісінен тігеді. Шимайторсықтың бетіне өрнек салады. Шимайторсықтың бүйірі табақ сияқты дөп – дөңгелек пішіндес болады. Мүйіз торсықтың да беті шимайторсық сияқты шауып өрнектеледі, күміс шытыралармен әшекейленеді. Мүйізторсықтың түп жағы дөңгелек болғанымен, екі иіні «қошқармүйіз» ою секілді сәндеп шығарады.

Сол себептіде мұндай торсықтың мүйізторсық деп атауы бар. Өркешторсық атауы атап айтқандай төрт түлік малының бірі түйе өркеш терісінен тігіледі. Терінің жалпақ жағын торсықтың түбіне, жіңішке жағын аузына сәйкес келеді. Пішініне келетін болсақ өркештің пішіні секілді сопақша болып келеді. Өркешторсық түр сипатына орай сәнді болғандықтан әдетте қазақ қоғамы айран, іркіт құйған.

Торсықтың тағы бір қарапайым түріне тоқталсақ. Бұл әрине жан торсық түрі. Оның сыртында ою – өрнек болмайды. Бұл тікілей малшылар мен жолаушылар сусын құйып қанжығасына байлап жүруге арналған ыдыс – аяқтардың бір түрі. Сондай – ақ мұндай торсыққа сүт тағамдарымен қатар сусын көже құюға да болады. Жан торсықты шимайторсық пен мүйізторсық сынды қымыз құйып, қанжығаға байлаған. Мұндай торсық түрін көшіп – қонғанда пайдаланды. Торсықтың шимайторсық пен мүйізторсық екі түрі жай ыдыс қана емес, үйдің жиһазының бірі есебінде саналады.

         Тоқсан ауыздың сөздің тобықтай түйіні, торсық бұл өнер, кәсіп, салт – дәстүріміз, мәдениетіміз, асыл мұрамыз, қазынамыз. Торсық бұл әлем халықтарының тамашалайтын көрмесі, қазақ халқының философиясы.

 

торсык 5торсык 6торсык зад